Алматыдағы кардиохирургиялық орталық директоры Алмат Қодасбаев қандай созылмалы ауруы бар адамдардың коронавирустық инфекцияны ауыр өткеретінін айтты. Осы орайда маман түрлі созылмалы ауруы бар азаматтарға екпе алуға кеңес берді.
Алматыдағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты 24 шілде күні қаладағы кардиохирургиялық орталық толықтай инфекциялық болып өзгертіліп, коронавирус жұқтырған науқастарды қабылдауды бастады. Осы орайда орталық директоры күніне 50-60 науқас қабылдап, олардың кейбіріне сәтті ота жасалғанын айтты.
"Инфекциялық науқастарды қабылдау үшін толық дайын 230 төсек, бұған қоса 30 реанимациялық төсек бар. (...). Ангиографиялық қондырғы орнатылған ота жасау блогымыз бен жүрекке ашық ота жасауға дайын кардиохирургиялық бөлімшеміз тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Соңғы үш күнде науқас саны азайып келеді. Өткен аптада орталықтағы төсектерде 100% науқастар жатса, қазір 80%-ға дейін төмендеді", – деді маман.
Әрі қарай Алмат Қодасбаев қандай созылмалы ауруы бар науқастардың коронавирустық инфекцияны ауыр өткеретінін айтты. Осы орайда ол созылмалы аурудың екпеге еш қарсы көрсеткіші жоғына тоқталды.
"Күнделікті тәжірибемізге сүйенетін болсақ, жүрек-қан тамырлары, қант диабеті, артериалды гипертензия сынды созылмалы ауруы бар науқастар коронавирустық инфекцияны ауыр өткереді. Сондай-ақ, басқа науқастарға қарағанда бұларда ем ұзағырақ жүреді. Мұндай диагноздар қойылған, диспансерлік есепте тұрған, жүрегіне стент қойылған науқастар үшін вакцина алуға қарсы көрсеткіш жоқ. Керісінше мұндай созылмалы ауруы бар науқастар бірінші кезекте вакцина алуы керек. Себебі, екпе алған науқастарда кейінгі кезде болатын жүрек аурулары мен инфекциялық аурулар жеңіл өтеді. Көпшілігінде ондай ауру белгісі білінбеуі мүмкін. Сондықтан созылмалы ауруға сүйеніп немесе соны бір себеп ретінде алып вакцинадан бас тартудың қажеті жоқ", – деп кеңес берді орталық директоры.