Тікелей эфир

Ерлан Қарин: Қаңтар оқиғаларына біржақты "террорлық шабуыл" деген баға берілуі керек

Мемлекеттік хатшы Маңғыстаудағы бейбіт жиындар қақтығысқа ұласпағанын, ал Алматыда шабуылды террористік топтар ұйымдастырғанын айтты.

Мемлекеттік хатшы Ерлан Қариннің елдегі соңғы оқиғаларға қатысты 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасына берген сұхбатының мәтінін ұсынамыз. 

– Сіз "лаңкестердің ойына келгенін істеуі – мемлекетке жасалған гибридті терроризм шабуылы" деген баға беріп едіңіз. Кей сарапшылар соңғы оқиғаларды түрлі-түсті революциямен, 2016 жылғы Түркиядағы әскери төңкеріспен, тіпті 2005 жылғы Өзбекстандағы Әндіжан оқиғасымен салыстырып жатыр. Сіздің ойыңызша, елдегі жағдаяттарды сипатына, әрекеттеріне қарап қайсына жақын деп айтуға келеді?

– Әрине, сарапшылар бұл оқиғаларды зерттеу барысында өздерінше жеке бір баға беріп, түрлі елдердегі осы секілді басқа оқиғалармен теңеуі түсінікті. Себебі әдетте біз де белгілі бір оқиғамен, құбылыспен кезіккенде белгілі бір салыстыру жасап, теңеу іздеп жатамыз. Бірақ, біздің жағдайда соңғы болған оқиғаларды түрлі-түсі революция, өзге елдерде орын алған саяси мемлекеттік немесе әскери төңкеріс сияқты оқиғалармен салыстыра алмаймыз.

Өкінішке қарай, біздің елде орын алған оқиғалар қарулы қақтығыс формасына ие болып, соның барысында қарулы террористік топтар қолданылған болатын. Сондықтан біз шын мәнісінде терроризм фактісіне ұшырадық. Сондықтан да бұл оқиғаларды кейбір ақпарат құралдарында немесе сарапшылар айтып жүргендей бүлік немесе жаппай тәртіпсіздік немесе түрлі-түсті революцияның сценарийлері емес, бұған біржақты "террористік актілер" деген баға берілуі керек.

Фото: Информбюро

– Жаңаөзенде басталып, Ақтауда жалғасқан бейбіт митинг Алматыда қалай жаппай бүлікке айналып кетті? Сіз өзіңіз Маңғыстауда болдыңыз. Маңғыстаудағы көңіл-күй мен алматылықтардың талап-мақсаттарында айырмашылықтар болды ма?

– Екі оқиғаны ажыратып отырғаныңыз дұрыс. Шын мәнісінде, Маңғыстаудағы бейбіт жиындар қалай басталды – солай аяқталды, яғни қақтығыстарға ұласпады. Себебі, ең алдымен сол жиынға қатысушылардың өздері сондай тәртіпсіздіктерге жол бермегеннен кейін құқық қорғау органдарымен қандай да бір қақтығыстар болмады. Мемлекеттік билік органдарының ғимараттары немесе полиция, басқа да күштік құрылымдар ғимараттарына қарулы шабуыл жасалып немесе бейбіт адамдардың өміріне қауіп төндірілген жағдайда осы өңірлердегі оқиғалар қалай өрбитінін елестетудің өзі қиын. Дегенмен де бейбіт жиынға қатысқан азаматтардың саналы іс-әрекеттері мен қоғам белсенділерінің жұмысының арқасында, жергілікті биліктің де осы азаматтармен конструктивті диалог орнатуға білдірген әрекетінің нәтижесінде Маңғыстаудағы бейбіт жиын қандай да бір қақтығыссыз өтіп, ұйымдастырушылардың мәлімдемесіне сәйкес тараған болатын.

Ал басқа өңірлердегі осы секілді жиындар әу бастан белгілі бір деструктивті күштердің ықпалымен арандатушылық сипатта ұйымдастырылып, бірден жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Осы сәтті белгілі бір террористік топтар пайдаланып, елде жаппай тұрақсыздық орнатуға әрекет жасады. Сондықтан осы оқиғалардың ара-жігін айыра білу керек.

Кейбір ақпарат құралдарында, әсіресе, шетелдік ақпарат құралдарында немесе өз арамыздағы кейбір сарапшылар "бейбіт жиын қатысушыларына қару қолданылды" деген сияқты қауесет әңгемелерді таратуға әрекет жасап отырғанын көріп жатырмыз. Бірақ, Маңғыстаудағы бейбіт жиын қалай бейбіт басталса, солай бейбіт формада аяқталды. Егер бейбіт жиынға қатысушылар тарапынан қандай да бір тәртіпсіздікке жол берілмесе, әрине, қандай да бір қақтығысқа да себеп туындамас еді. Ал Ақтауда алаңға басқа өңірлердегідей 2-3 мың адам емес, 15 мың адам жиналып, өз талаптарын қойды. Бұл талаптарға қатысты билік өз тарапынан шешімдерді жариялады. Олар біраз талқылауға түскеннен кейін бейбіт жиынға қатысушылар, оны ұйымдастырған азаматтар шешімін шығарып, ұйғарым келтіргеннен кейін бейбіт жиын тарады.

Тәртіпсіздік болмаған соң қандай да бір қақтығысқа ұласпады. Таза бейбіт жиын ешқандай қақтығыссыз өткенін осы оқиғалардың өзінен-ақ көруге болады. Ал арандатушылардың араласуының себебінен жаппай тәртіпсіздікке ұласып, оны ең соңында қарулы топтар мен қылмыстық топтар және түптің-түбінде террористік топтар пайдаланғанда нәтижесі қандай болғанын көріп отырмыз.


Оқи отырыңыз: Жаңаөзенде басталған бейбіт митинг Алматыда қалайша бүлікке айналып кетті?


– Сіз мамандығыңыз бойынша саяси ғылымдардың кандидаты және саясаттанушысыз. Осы тұрғыдан алған кезде дифференциация жасап айтып беріңізші. Алматы көшелерінде, алаңда кімдер болды?

– Алматы көшелерінде белгілі бір арандатушы күштердің ықпалымен бейбіт жиынға шақырылған азаматтар шыққаннан кейін ол жерде түрлі деструктивті күштердің әрекетінің арқасында қылмыстық топтар жиналып, ең соңында осы жағдайды қылмыстық қарулы топтар және террористік топтар өз мақсаттарына пайдаланғысы келді. Сондықтан Алматыдағы негізгі оқиғаларға қатысушы болған полиция департаментіне, ҰҚК департаментіне шабуыл, тағы да басқа шабуылдарды ұйымдастырғандар – террористік топтар.

Фото: Информбюро

– Бүлікшілердің полицейлер мен әскерилерді ұрып соққаны, өлтіргенінен бөлек, расын айту керек, жедел жәрдем көліктері мен қызметкерлеріне, өрт сөндірушілерге шабуыл жасағаны, олардың көліктерді өртегені халықты әбден қорқытып тастады. Болмаса қала көшелеріне бүлікшілер лап бергеннен бастап полицейлер мен әскерилер неге күш қолданған жоқ?

– Себебі6 біздің күштік құрылымдар, құқық қорғау органдары бейбіт жиынды өткізуге қатысты бір ұстанымда болды, яғни бейбіт жиынға қатысушыларға қандай да бір қару қолданбақ түгіл арнайы құралдар да қолданылмайды. "Бейбіт жиындар туралы" жаңа заңға сәйкес, кез келген бастамашы топ бұрынғыдай рұқсат алмай тек қана алдын ала хабарлама беру арқылы бейбіт жиын немесе акцияларды шерулерді ұйымдастыра алады. Бұрынғыдай қаланың шетінде емес, қала орталығында өткізуге болады. Бір жылдың ішінде жаңа заң негізінде 500-ге жуық бейбіт жиын өтті. Бұрын жылына көп дегенде 15 бейбіт жиын өтетін. Қабылданған жаңа заңның арқасында азаматтарға өздерінің саяси, қоғамдық, әлеуметтік тақырыптарға байланысты көзқарастарын жеткізуге мүмкіндік кеңейді. Соны азаматтар да кең пайдаланды.

Түрлі саяси топтар саяси реформалар, тағы да басқа үлкен өткір тақырыптар бойынша шерулер өткізіп жүр. Бір жарым жыл ішінде өткен бірде бір бейбіт жиында тәртіпті күзетіп жүрген полиция қызметкерлері қолында қару түгілі арнайы құралдар алмады. Құқық қорғау қызметкерлері бейбіт жиынға қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталып, оларға қарсы мүлдем қару қолданбау тәртібімен жүрді. Сондықтан Алматыда да бас кезінде көшеге шыққан азаматтарға қатысты бірден қандай да бір қару қолданбақ түгілі, құралдар да пайдаланбады.

Ал одан кейін алаңға шыққан азаматтардың бірқатар арандатушы топтар тарапынан арнайы қарулар қолданғаннан кейін полиция қызметкерлері жауап ретінде дыбыс және арнайы жарық беретін гранаталар секілді зақым келтірілмейтін арнаулы құралдар пайдалана бастады. Қару қандай жағдайда қолданылды? Полиция ғимараттары және де мемлекеттік басқа да билік органдары, ҰҚК департаменті, аудандық ішкі істер департаментінің бөлімшелеріне де шабуыл жасалған болатын. Ол жерлерде де ғимараттағы қару-жарақтардың қолға түсуіне жол бермеу үшін қорғану мақсатында қару қолданылды. Сондықтан осыны азаматтарымыз айыра білуі керек. Билік бейбіт жиындарға қатысушыларға қатысты қару қолданбақ түгілі, арнаулы қарулардың өзін қолдануға жол бермей келді.


Оқи отырыңыз: Жаппай тәртіпсіздік кезінде халық алдына шықпаған әкімдер кімдер?


– Билік осыған дейін елдегі жағдайды ішкі күштер мен сыртқы деструктивті күштердің ықпалы болуы мүмкін екендігін айтқан еді. Олардың кім екені анықталды ма? 

– Қазір құқық қорғау органдары, күштік құрылымдар әлі де терроризмге қарсы күрес жұмыстарымен айналысып жатыр. Одан басқа тергеу жұмыстары басталды. Бас прокуратураның мәлімдемесіне сәйкес, тек қана терроризм бабы бойынша қазірдің өзінде 40-тан астам қылмыстық іс қозғалды. Бұл сан күн сайын өзгеріп жатыр, яғни фактілер өте көп деген сөз. Кезінде терроризм мәселелерін зерттеумен айналыстым. Кішкентай бір топтың тарихы туралы журналистік тергеу сияқты кітап жаздым. Топтың құрамында ары кетсе бес адам болды. Үшеуі – қазақстандық. Ол топтың жауапкершілігінде Атырау қаласында жүзеге аспай қалған бір ғана терракт болатын. Басқа бір іс-қимылдар жасап үлгермеді.

Бір жылдың ішінде ол топ әшкереленді. Бір сәтсіз терактінің өзінде сол топтың іс-әрекетіне байланысты қозғалған қылмыстық істің құрамында, қателеспесем, 20-30 том болатын. Қаншама куәгерлер, қаншама деректер. Оның ішінде шетелдік әріптестердің қатысуымен жиналған деректер бар. Тергеудің өзі 1,5-2 жылға созылды. Ал қазір 40 қылмыстық іс қозғалып отыр, яғни біздің құқық қорғау органдарының алдында ауқымды жұмыс күтіп тұрғанын осыдан-ақ байқауға болады.

Фото: Информбюро

– Президент осы лаңкестік оқиғаларға содырлар төрт жыл дайындалғанын айтып еді. Яғни елде бүліктің алдын алуға болар ма еді?

– Әрине, әрдайым кез келген оқиға өткеннен кейін "алдын алуға болар еді" деп айтуға ұмтыламыз. Мүмкін шынында да болар еді. Бірақ біздің жағдайда бұл оқиғалардың орын алуына және осындай ауқымда ие болуына себепкер белгілі бір сыртқы күштердің ықпалы ғана емес. Оған біз тойтарыс бере алар едік. Түрлі күштердің, соның ішінде халықаралық террористік топтардың Қазақстанға қарсы шабуыл жасау әрекеттері осыған дейін де болған. Оларға тиімді әрі нәтижелі тойтарыс беріліп келді.

Бірақ, соңғы жайдайда бұл оқиғаларға тойтарыс беруге, олардың алдын алуға мүмкіндік бермеген біздің кейбір күштік құрылымдардың, соның ішінде ҰҚК ішінде осы жағдайларға қатысты жіберген біліксіздік бар: қажет алдын алу шараларының қабылданбауы, осы орган басшылығындағы офицерлердің тарапынан, керісінше осы жағдайға жол беруге жасалған.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандастарымызға Қазақстанды бірге құруға шақырды. Сіз үшін "жаңа Қазақстан" қандай Қазақстан?

– Президент жуырда Парламент депутаттары алдында сөйлеген сөзінде жаңа маңызды бастамаларды көтерге болатын. Бұл бастамалар барлық саланы қамтиды. Оны өздеріңіз оқып тыңдадыңыздар, көрдіңіздер. Президент сөз соңында "Жаңа Қазақстанды бірге құрайық" деп айтып еді. Бұл жерде, меніңше, Президент қоғамға азаматтарға жаңа күн тәртібін ұсынып отыр. Бұл күн тәртібі – еліміздегі белсенді азаматтарды қордаланған түрлі мәселелерді конструктивті түрде бірге шешуге және де еліміздің одан әрі дамуына жаңа жүйелі ұсыныстарды дайындауға шақыру. Жаңа Қазақстан дегеніміз бұл кейбір сарапшылар айтып жүргендей, тек билік аппаратының ауысуы немесе бір шенеуніктің орнына екінші шенеуніктің келуі ғана емес. Жаңа Қазақстан дегеніміз бұл – түбегейлі өзгеріс, ең алдымен қоғамдық құндылықтардың өзгерісі.

Кеше болған оқиғаларды бір жағынан мемлекеттік билік органдарының тарапынан жіберілген қателіктердің себебінен деп түсіндіруге болады. Бір жағынан бұл оқиғалардың орын алуына себеп – қоғамдағы белгілі бір құндылықтардың дағдарысы. Арамызда жүрген азаматтар осындай заңсыздыққа баруы, қатыгездік танытуы, бір азаматтың екінші азаматқа қарсы қару қолдануы. 20-30 адамның қарусыз әскериді ұрып-соғып жатқанын немесе дүкендерді тонап, қиратып, бүлік салып, тіпті әуежайдағы азаматтарды ұрып-соққан кадрларды көріп жатырмыз. Менің естуімше, сіздердің арналарыңыз осындай шабуылдық әрекетке түсті.

Осының барлығы нені көрсетеді? Қоғамдағы құндылықтар жүйесін қайта қарауды талап етеді. Жастарды қиратып бұзуға емес, жаңа нәрсені құруға, елімізді одан әрі дамытуға, бір-бірімізге қол ұшын созуға, жасампаздыққа баулу қажет екенін көрсетеді. Мемлекет басшысы осы сөзі арқылы қоғамға, оның ішінде интеллектуалдық топтарға "осы бағытта ойланайық" деген ой қалдырды. Жай ғана сынап, мынау дұрыс емес, мынау кінәлі деген әңгімемен шектелсек ештеңе өзгермейді. Осы өзгерістерді әрқайсысымыз өзімізден бастауымыз керек.

Жаңа Қазақстан дегеніміз – ең алдымен жаңа қоғам. Ол дегеніміз – әрбір азаматтың белгілі бір өзгерісті өзінен бастауы. Мемлекет өз деңгейінде жүйелі реформаларды жүзеге асырумен айналысуы керек. Қоғам өз деңгейінде, зиялы қауым өз деңгейінде жұмыс істеуі керек. Президенттің бұл сөздері қоғамды жасампаздыққа шақыруы, бірігіп атсалысуға деген ұраны.


Оқи отырыңыз: Қаңғыған оқ пен кезеген оқ


– Елдегі ең қиын күндер артта қалды деп үміттенеміз. Президент Мәжіліске ккімет төрағасын ұсынған күні атқаруға тиіс нақты тапсырмалар қойды. Бұл реформалар қандай алгоритммен іске асуы керек немесе іске асады?

– Бұл реформалар жүйелі сипатқа ие, сондықтан да бұл белгілі бір шешімдер бойынша бірден ертең қаулы қабылдау дегенді білдірмейді. Біз қазір әр бағыт бойынша жүйел жұмыстарды ұйымдастыруымыз керек. Үкіметтің алдында тұрған осы мәселе. Президент өзінің кезекті қыркүйек айында жариялайтын үндеуінде саяси реформаларды жүзеге асыру бойынша үлкен бағдарламасын ұсынатынын айтты. Демек алдағы айларда осы және өзге де бағыттар бойынша жүзеге асатын реформалардың жоспарын дайындаймыз. Бұл жоспарлар кейін сарапшылардың, азаматтық белсенділердің талқылауынан өтуі керек. Міне, осы диалог барысында дайындалған реформалар кейін олар жарияланып әрі қарай жүзеге асырылады. Қадам-қадам бойынша біз осы жұмыстарды аяғына дейін жеткіземіз.

Фото: Информбюро

– Президент "қаза болған сарбаздарға, сақшыларға, қарапайым азаматтардың отбасыларына көмек көрсету борышымыз" деп атап өтті. Содырлардың қолынан балалар да мерт болды. Көлігімен көшеде кетіп бара жатып отбасымен оққа ұшқандар да бар. Оларға мемлекет қандай көмек көрсетеді?

– Әрине, мемлекет тарапынан оларға да тиісті көмек көрсетіледі. Осы оқиғаның салдарынан бірқатар бейбіт азаматтар да, өкінішке қарай, қаза тапты. Бұл бәрімізге ортақ қайғы. Сондықтан мемлекет шет қалмайды, әрбір отбасыға тиісті көмек көрсетіледі. Қазір жергілікті билік органдарына тапсырма берілді. Қазір барлығы анықталып жатыр. Қалай жұмыстар аяқталды, мемлекеттік және жергілікті билік органдары тарапынан осындай отбасыларға қажетті барлық көмек ұйымдастырылады.

– Президент Бас прокуратура мен тиісті мекемелерге шекарадағы кеден бекеттерін тәртіпке келтіруді қатаң тапсырды. Осы мәселенің егжей-тегжейіне кеңірек тоқталсаңыз. Бұл жұмыстар қалай жүргізіледі және қашан басталып, қашан аяқталады?

– Шекараны күзету мәселесін қатаңдату бірден басталды. Соның арқасында бір ғана фактіні айтсам, мысалы Алматы қаласында 4, 5, 6 қаңтарда болса, 7 қаңтарда Алматы қаласы төңірегінде мемлекеттік шекара бойында арнаулы құрылымдардың әрекеті нәтижесінде террористік топтың екі мүшесі ұсталынды. Бұл фактінің өзі құқық қорғау органдары тарапынан шекараны күзетуге қатысты шаралардың дереу қабылданғанын көрсетеді.

– Біздің қазақстандықтарды қатты қуантқан мәселенің бірі – утиль алымның қайта қаралуы. Өзіңіз білесіз, қолданылғанына он жыл өткен көліктердің саны елімізде 60 пайыздан асып кетіпті. Енді осы утиль алымы қаншалықты төмендейді? Сонымен бірге алғашқы тіркеу кезінде берілетін төлем де арзандайды деген мәселе де бар.

– Сәл тоса тұру керек. Үкімет өз жұмысын енді ғана бастады. Алғашқы осындай жиналыс өтті. Бұл күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі. Сондықтан жуырда үкіметтің осы бастамаға сәйкес әрі қарай жасалатын қадамдарынан белгілі болады. Бірақ, Президент әкімшілігі міндетті түрде бұл тапсырманың орындалуын қатаң бақылауға алады.

– Қазақстан халқына айтарыңыз бар ма?

– Енді қазір айтылатын сөз: ынтымағымызды сақтауымыз керек. Осыған дейін де кездесулерде, жиындарда бірлікке шақырып, бірліктің маңыздылығын айтып жүрдік. Осы уақытқа дейін айтып жүрген көп сөздің қадірін енді ғана шынайы ұғынғандаймыз. Осы сөздердің маңыздылығын басқаша, қайтадан жаңа мағында түсініп жатқандаймыз. Бұл болған оқиғалар біздің жүрегімізге сенім ұялатуы керек. Себебі кейбіреулер айтып жүргендей бұл еліміздің құлдырауы емес, біз бұл оқиғаларды, керісінше, еліміздің жаңаруы үшін дұрыс әрі қарай пайдалануымыз керек. Кемшіліктерден арылып, жіберілген олқылықтарды дұрыс сараптап, оның қайталанбауына жол беруіміз керек.

Ең бастысы, қай бағытта болмасын қандай іспен айнлыспасақ та, жаңаруға жаңғыруға ұмтылуымыз керек. Бірлігімізді сақтай алсақ бұның барлығы қолымыздан келеді. Осы уақытқа дейін бірлік туралы көп айтып келдік, мүмкін осы сөздерді "агитация", "пропаганда" нәтижесінде арзандатып алған болармыз. Дәл осы уақытта мемлекетімідің болашағы үшін барлығымыз бірлігімізді сақтауымыз керек, ынтымағымызды арттыруымыз керек. Сонда ғана осы қиын жағдайдан сәтті тиімді өтіп, дамудың жаңа кезеңіне өтеміз.

Серіктестер жаңалықтары