Алдағы үш жылда әлеуметтік саясат басым болады
Жалпы отырысты аша отырып Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин аталған Заңның азаматтардың өткір әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталғанын айтты. Спикердің айтуынша, енді орталық және жергілікті мемлекеттік органдар әлеуметтік мәселелерді шешуді басты назарда ұстауы керек. Осы орайда Нығматулин бөлінген бюджеттің тиімді пайдаланылғанын және нәтижелілігіне депутаттардың бақылауы күшті болатынын да ескерте келіп, Үкімет мүшелері мен депутаттардың өңірлерге шығып түсіндіру жұмыстарын бастайтынын мәлімдеді.
– Өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыруға бағытталған 2019 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау жобасы ұсынылып отыр. Заң жобасын дайындау барысында 2019 жылға арналған елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамының көрсеткіштері ескерілді. Республикалық бюджеттің негізгі параметрлері өзгеріссіз қалады. Президенттің тапсырмаларын іске асыру үшін қажетті қаражат тікелей инвестициялар қорын құруға жоспарланған қаражаттан алынады. Ал қорды құруға кететін шығын қайта қаралады, – деді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов.
Бас қаржыгердің сөзіне сүйенсек, биыл инвестиция тартуды күшейту үшін деп бөлінген қаражаттың бір бөлігі елдегі әлеуметтік проблемаларды шешуге жұмсалмақ.
Кредит, әлеуметтік төлем және Арыс
Смайыловтың айтуынша, биыл бюджеттің шығыс бөлігі қайта қаралып, мынадай өзгерістер енгізілді.
Бірінші, халықтың тұтынушылық кредиттері бойынша борыш жүктемесін азайту үшін тікелей және атаулы қаржылық көмек бөлінеді. Яғни, мемлекет 300 мың теңгеге дейінгі жалпы мөлшерде негізгі борышты және ол бойынша есептелген сыйақыны өтейді. Осы мақсаттарға жоба 89,2 млрд теңге сомасында шығыстарды қарастырып отыр.
Екінші бағыт – халықты жұмыспен қамту; аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен жастарды қолдау шараларын кеңейту және күшейту. Осы мақсаттағы жұмыстар үшін 138,6 млрд теңге бөлінбек.
Үшінші, Үкімет резервін 72,9 млрд теңгеге ұлғайту ұсынылады. Аталған қаражаттың бір бөлігі Арыс қаласындағы төтенше жағдайдың салдарларын жоюға жұмсалса, тағы 35,9 млрд теңге шұғыл шешуді қажет ететін кейбір міндеттемелерді қаржыландыруға жұмсалмақ.
Әлеуметтік көмекке Ұлттық қордан да ақша бөлінеді
Соңғы бірер айдағы әлеуметтік саладағы бірқатар өзгерістерге қарамастан, Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың жыл басында болжанған деңгейден төмендемегенін айтады.
– Елдің 2019 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының көрсеткіштері биылғы сәуірде түзетілген болжам деңгейіне сақталады, – деген министр бірқатар мәліметтермен бөлісті.
– 2019 жылы номиналды жалпы ішкі өнім 64,3 трлн теңге көлемінде деп болжанып отыр. Экспорт 54,4 млрд, импорт 32,9 млрд АҚШ доллары шамасында болады. 2019 жылға арналған республикалық бюджеттің негізгі параметрлері ағымдағы жылдың сәуір айында нақтыланған көлемде сақталған, – деді министр.
Дәленовтың айтуынша, 2019 жылға мұнайдың болжамды бағасы 55 АҚШ доллары деңгейінде сақталмақ. ҚР Ұлттық банкінің болжамдары бойынша жылдық инфляцияның нысаналы дәлізі 4-6 пайыз шегінде. Жыл басынан бері экономиканың даму серпіні ескеріле отырып, 2019 жылы ЖІӨ-нің өсуі бұрын бекітілген 3,8 пайыз деңгейінде болмақ.
Бюджетті нақтылау аясында Ұлттық қордан нысаналы трансферттерді қайта бөлу ұсынылады. 370 млрд теңгеден 300 млрд теңгені әлеуметтік шараларды күшейтуге, тұтынушылық несиелер бойынша халықтың борышын төмендетуге жұмсалады, сондай-ақ Үкіметтің резервін ұлғайту ұсынылады.
Қазақстан мен Украина қылмыскерлерді өзара экстрадициялайды
Сонымен қатар, Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар "Қазақстан мен Украина арасындағы экстрадициялау туралы шартты ратификациялау туралы" заң жобасын талқылады.
– Шартқа сәйкес тараптар бір-біріне өз аумағында жүрген іздеудегі адамдарды қылмыстары үшін қылмыстық қудалауды жүзеге асыруға немесе сот үкімін орындау үшін ұстап беруге міндеттеледі. Шартты ратификациялау екі елдің қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастығының тиімділігін арттырады. Комитет заң жобасын жұмысқа алуға және ол бойынша 2020 жылғы 27 мамырға дейінгі мерзімде қорытынды әзірлеуге дайын, – деді Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Бұдан бөлек, "ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстармен күрестегі ынтымақтастығы туралы келісімді ратификацияау туралы" заң жобасы, "2003 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заң жобасы да депутаттардың қарауына алынды.
Алтыншы шақырылымдағы төртінші сессия аяқталды
Жалпы отырыстың соңында палата төрағасы алтыншы шақырылымның төртінші сессиясын қорытындылады.
– Бүгін біз төртінші сессиядағы Мәжілістің соңғы жалпы отырысын өткізіп отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, бұл сессия Мәжіліс тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі болды. Осыған орай елімізге, халқымызға қажетті көптеген заңдар қабылданды, көптеген парламенттік шаралар өтті. Олардың барлығы ең алдымен Елбасының әлеуметтік-экономикалық стратегиялық міндеттерін орындауға арналды. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған тапсырмаларын жүзеге асыруға да бағытталды. Бұл депутаттық корпустың Үкіметпен, тиісті мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі деуге болады, – деді Н. Нығматулин.
Алтыншы шақырылымның төртінші сессиясында 41 жалпы отырыс өтіп, палата 110 заң жобасы қарады, оның 81-і мақұлданып, Сенатқа бағытталды.
– Сессия аяқталып жатыр, алайда бізде сайлаушылармен кездесу үшін өңірлерге сапар жоспарланған. Осы кездесулер барысында айтылған ұсыныстарды біздің жұмыста ескеру керек, – деді Нұрлан Нығматулин.