Батыс Қазақстан облыстық полиция қызметкерлері "Сайхин-Бисен" тас жолымен аса ірі көлемдегі киік мүйіздерін алып бара жатқан Бөкей ордасы ауданының 3 тұрғынын қолға түсірді. Олардың көліктерін тінту кезінде сегіз қапшыққа салынған 805 дана киік мүйізі табылды. Бұл мүйіздердің құны шамамен есептегенде 2 млрд теңгені құрайды. Бұл туралы polisia.kz хабарлады.
Оқи отырыңыз: Браконьерлер басқа шықты: киікті қорғаймын деп тағы бір қорықшы қаза тапты
Ұсталған адамдардың айтуынша, олар былтыр күзден бері осы уақытқа дейін өлген киіктердің мүйіздерін кесіп алып, болашақта өткізіп жіберу үшін сақтап келген екен. Қазір браконьерлер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Оларға қатысты Қылмыстық кодекстің 339-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бірқатар сараптамалар тағайындалды, оның ішінде биологиялық және трасологиялық сараптама түрі де бар.
Тергеу барысында ұсталған адамдардың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар екені анықталады. Қазіргі уақытта олардың сыбайластары мен мүйіздерді өткізетін орындары анықталуда.
"Бұл соңғы жылдары браконьерлерден тәркіленген киік мүйіздерінің ең ірі партиясы болып табылады. ҚР Қылмыстық кодексіне енгізілген түзетулер мен өзгерістерге байланысты киікті заңсыз аулағаны үшін және осы сирек кездесетін жануарлардың дериваттарымен заңсыз айналысқаны үшін де қылмыскер түрмеге қамалатын болады. Бұрын браконьерлер қылмыстық жауапкершіліктен оңай құтылып жүрген. Мәселен, "мүйізді тауып алдық, өлген киіктің мүйізін кесіп алдық" деп айтып жүрген. Мұндайда олардың браконьерлікпен айналысқанын дәлелдеу өте қиын болған. Сондықтан браконьер сот залынан кінәсіз болып шығады да, киіктерді қырумен қайтадан айналыса берген. Ал қазір олай емес, сирек кездесетін жануарға қиянат жасаған адам қатаң жазаланатын болады", – делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: Қазақстанның Қызыл кітабына жолбарыс, қабылан және керқұлан енгізілді
Киіктерді заңсыз атумен және оның дериваттарымен заңсыз айналысумен байланысты қылмыс Қылмыстық кодекстің 339-бабы 1-бөлігі бойынша бөлек қарастырылады. Осы бапқа сәйкес киіктерді, олардың дериваттарын, соның ішінде мүйіздерін заңсыз аулау, жою, заңсыз табылған киіктерді сатып алу, сақтау, өткізу, әкету, әкелу – бұл бойынша 3 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
2020 жылы киіктің дериваттарымен заңсыз айналысу бойынша 61 факті тіркеліп, оның ішінде 30 іс сотқа дейін жетті. Биыл 17 факті тіркелді, оның ішінде сегіз факті бойынша іс сотқа жолданып үлгерді, қалған фактілер бойынша тергеу жүргізілуде.