Қордай ауданындағы оқиғаның шығу себептері мен салдарын талқыға салған зерттеушілердің басым бөлігі "30 жыл ішінде Қазақстанның этносаясаты қалыптаса алмады" деген пікір білдірді.
Саясаттанушы Мұхтар Сеңгірбайдың айтуынша, Қазақстанда әлі күнге дейін азаматтық ұлт құрылған жоқ:
"Қордайда болған оқиға біздің қазақ халқының мәдени орталығын құрғымыз келетінін, ал қалған этнос өкілдері осыған бейімделуі керек екенін көрсетті. Бұл жерде этникалық символизм (тіл, нәсіл) айқын көрініп тұр. Сондай-ақ, қазақтардың "қайтадан бодан боламыз, тіліміз жойылады" деген қорқынышы да байқалады. Менің ойымша, қазір қазақстандықтар "азаматтық ұлтты құру үшін тек қазақстандық паспорт керек" деген пікірде жүргендей. Алайда, азаматтық ұлтты құру үшін ол жеткіліксіз. Ол үшін ұлтты эмоционалды түрде қабылдау қажет. Сондықтан, әзірге біз қазақстандық ұлтты құрдық деп айта алмаймыз. Қазір елімізде қазақылану процесі жүріп жатқанына орай, орыс тілділерде "өз тілімді, мәдениетімді ұмытып қаламын" деген қорқыныш бар. Олар өздерін әлі де қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезіне алмай отыр".
Оқи отырыңыз: Ұлт дегеніміз не? Оның ұлыс пен этностан айырмашылығы
Азаматтық ұлтты "титулды ұлт" ығыстырды
Әлеуметтанушы Жандос Иманбай "Қазақстанда болған этносаралық жанжалдарға қарасақ, аз қамтылған этнос өкілдері өздерін толыққанды Қазақстан азаматы ретінде сезіне алмайтынын байқауға болады" дейді. Ол осы сөзіне дәлел ретінде стратегиялық қоғамдық қорының зерттеу нәтижесін ұсынды.
"Біз зерттеуімізде "ең алдымен өзіңізді кім деп санайсыз?" деп сұрақ қойғанбыз. "Өзімді Қазақстан азаматы ретінде санаймын" деп жауап бергендердің саны 2014 жылы 54 пайыз болcа, 2018 жылы бұл көрсеткіш 52 пайызды көрсетті. Бұл жерде өзге этнос өкілдері "жауап беруге қиналамын" деген нұсқаны жиі таңдайды. Мақсатымыз – азаматтық ұлт қалыптастыру болғанымен, бұл көрсеткіш өсудің орнына жылдан-жылға төмендеп бара жатыр", – дейді әлеуметтанушы.
Оқи отырыңыз: Отбасы құндылығын жоғалту ұлтты құртады
Жандос Иманбайдың айтуынша, тәуелсіздік алған жылдары Қазақстан азаматтық ұлт қалыптастыруды мақсат еткенімен, кейінірек бұл бағытынан тайып кеткен:
"Кейінірек бізде "титулды ұлт" деген ұғым пайда болды. Бұл алдыңғы мақсатымызға кереғар әрекеттер туғызған сияқты. Ал дәл қазір "мен ең алдымен өз облысымның, қаланың не ауылдың азаматымын" деген локалды бірегейлік алға шығып келеді. Қазақстанда тұрып жатқан аз қамтылған этнос өкілдерінің көпшілігі мүлдем басқа өмір сүру стратегиясын ұстанады. Мысалы, жергілікті қазақтардың өмірлік ұстанымына қарасақ, олар балаларын үлкен қалаларда оқытады және оқуды бітірген соң, сол жерде қалғанын қалайды. Ал, аз қамтылған этнос өкілдері балаларын алысқа жібермейді. Олар көбіне мал шаруашылығы, егін шаруашылығы сияқты 3-4 кәсіп түрімен айналысады. Жергілікті органдарда жұмыс істейтіндері аз. Яғни, оларда толыққанды интеграция жоқ".
Оқи отырыңыз: Қазақ өз тарихын тануды неге енді ғана қолға ала бастады?
"Қазақстан халқы ассамблеясы – этносаралық саясатты көрсетуге құрылған жасанды алаң"
Ал, этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының жетекшісі Айгүл Сәдуақасова әріптестерінің "қазірге дейін мемлекеттік этносаясат қалыптаспады" деген пікірімен келіспейді. Оның айтуынша, бүгінде мемлекеттік саясат нәтижесінде Қазақстан халқы ассамблеясы мен этномәдени орталықтар ашылып, билік бағытты гуманитарлық-позитивтік, мәдени арнаға қарай бұрған.
"Мен "30 жылда ештеңеге жете алмадық" деген сөзді абайлап айтқан болар едім. Қалай айтсақ та, Қазақстанның өз моделі бар. Тек ол қайта қарастыруды, өзгерістер енгізуді қажет ететін шығар. Бір кездері "Қазақстанның этносаясатын екі кеменің басын ұстады" деп айыптаған. Бір жағынан ол Қазақстанның бүтіндігін қолдаса, екінші жағынан этномәдени орталықтар мен Қазақстан халқы ассамблеясын құра отырып, қоғамға жік салады делінді. Менің ойымша, "араға жік салады" деген пікір дәлел-дәйексіз айтылған. Шын мәнінде бізді біріктіретін ортақ құндылықтар бар", – дейді әлеуметтанушы.
Оқи отырыңыз: Президент Жамбыл облысы әкімінің орынбасары мен Қордай ауданы әкімін қызметінен босатуды тапсырды
Саясаттанушы Мұхтар Сеңгірбай Қазақстан халқы ассамблеясы 90-жылдары президентке кеңес беретін орган болмаған кезде парламенттік вакуумды толтыру үшін құрылғанын айтады. Оның пікірінше, ассамблея қазірдің өзінде этносаралық саясатты көрсету үшін құрылған жасанды алаң болып отыр.
"Қазақстан халқы ассамблеясы атқарып жатқан істің бәрі бұрыс деп айта алмаймын. Алайда, ол жерде нақты істер аз болып тұр", – дейді саясаттанушы.
Өзіңізді елдің толыққанды азаматы ретінде сезінуіңізге қандай фактор әсер етеді?
Айгүл Сәдуақасова жетекшілік ететін орталық бірнеше жылдан бері қазақстандық бірегейліктің қалыптасуы туралы зерттеу жүргізіп келеді. Солардың бірінде Қазақстандағы 5 этнос өкіліне "сіз үшін белгілі бір әлеуметтік, этникалық топ қатарында болу қаншалықты маңызды?" деп сұрақ қойылған. Сауалнамаға 2 700 адам қатысқан.
Оқи отырыңыз: Ассамблеяның XXVII сессиясы. Нұрсұлтан Назарбаев шетелдік достар клубын құруды ұсынды (фоторепортаж)
"Респонденттердің жауабынан примордиализм теориясының парадигмасын байқадық. Біз адамды визуалды түрде қабылдаған кезде де оған примордиализммен қарайтынымыз білінеді. Яғни, ол адамға ең алдымен бір этникалық топтың өкілі ретінде қараймыз. Ал, "өзіңізді елдің толыққанды азаматы ретінде сезінуіңізге қандай фактор әсер етеді?" деген сұраққа респонденттердің көбісі "Қазақстан республикасының аумағында дүниеге келгенім" деп жауап берген. Одан кейінгі қатарда "азаматтық міндеттерді орындап, заңға бағынуым" және "Қазақстан азаматы екенімді дәлелдейтін төлқұжатымның болуы" деп жауап бергендер тұр", – дейді Айгүл Сәдуақасова.
Жетісай мен Қордайдағы қақтығыстардың сипаты ұқсас
Әлеуметтанушы Жандос Иманбай әріптестерімен бірге 2016 жылы Жетісайда қазақ-тәжік арасында болған қақтығысты да зерттеген. Нәтижесінде, 2016 жылы Жетісайда анықталған проблемалар, жанжалдың шығу себептері биыл Қордай ауданында да көрініс тапқанын байқаған.
"Атап айтқанда, құқық қорғау органдары мен жергілікті әкімдіктердің тиімсіз жұмыс істегенін анықтадық. Жалпы алғанда, Қазақстандағы этносаралық қатынастарды декоративті деуге болады. Яғни, этнос өкілдерінің мерекелері сахналық образда ғана өтіп жатады. Ал, шын мәнісінде жақын тұрған ауыл тұрғындарының өзі бір-бірімен тілдеспейді, араласпайды. Тек сауда-саттық жасаған кезде ғана байланысуы мүмкін", – дейді Жандос Иманбай.
Оқи отырыңыз: Елімізде қанша дін бар? Діни араздыққа жол бермеу үшін не істеу керек?
Ал, Мұхтар Сеңгірбай мұндай жанжалдың алдын алу үшін "ерте ескерту жүйесіне" (Early Warning System) мән беру қажет екенін айтады."Билік әлі күнге дейін жанжалдардан қорқады, жасырып қалуға тырысады. Сондай-ақ, бізде декларативті бірлік жоқ. Қордайдағы оқиғаның біздің күтіп жүрген консенсусқа әлі жетпегенімізді көрсетті. Ол этносаралық жанжалдарға ғылыми тұрғыдан қарауды, адами ресурсты талап етеді. Жалпы алғанда бізге тарихымызды және қоғамды демократияландыру қажет", – дейді саясаттанушы.
Конфликтіні ерте ескерту жүйесі (Early Warning System)
- Мемлекеттің әл-ауқаты (билік тармақтарының жұмысы; халықтың билікке сенімі; этностар арасындағы дұрыс диалогты қамтамасыз етуі; "халық үніне құлақ асатын мемлекет");
- Демократия (үкімет пен халық арасындағы дұрыс диалог, әділ сайлау, сөз бостандығы, адам құқықтарының сақталуы, үкіметтің есептілігі);
- Әлеуметтік жағдай (әлеуметтік теңсіздікке жол бермеу, халықтың әл-ауқаты, жұмыссыздық, инфляция, сапалы урбанизация, оқшаулануға жол бермеу);
- Құқық жүйесі (заң үстемдігі, жемқорлықтың болмауы, әділ сот, кәсіби полиция)
Оқи отырыңыз: Қордайдағы төтенше оқиғадан қайтыс болғандар саны 10-ға жетті
"Қордайдағы жанжалдан сабақ алуға тиіспіз"
Сарапшылар Қордай ауданында болған жанжал жан-жақты зерттеліп, оған объективті баға берілуі қажет екенін айтады. Әлеуметтанушы Айгүл Сәдуақасованың ойынша, негізгі кемшіліктер білім саласында болып отыр:
"Біз фундаменталды ғылымды дамытуға көңіл бөлмедік. Ең үлкен қателігіміз де осы болған сияқты. Сондықтан, қазір бізде дефиниция мәселесінде проблема туып отыр. Этнос деген не, диаспора деген не, Қазақстан азаматы деген кім – ешқайсысын толық білмейміз. Сондықтан ақпарат кеңістігінде қазіргі тілмен айтқанда "ақпараттық қоқыс" көп. Оған қоса, бүгінгі білім жүйесі оқушыларға сыни ойлауды үйрете алмай отыр. Негізі, кез келген этнос өкілдерінің интеграциялануына зор ықпал ететін сала – білім. Біз әлемнің 100 үздік университетінің қатарынан көрінгіміз келеді. Алайда, әлемдік білім беру саласында мәдениетаралық және коммуникативті байланысқа басымдық берілетініне мән бермейміз".