Тікелей эфир

Қаржы министрлігі салық төлеуден жалтарғандардың тізімін жариялай бастады

Ірі көлемде салықтық қарызы бар танымал 100 тұлғаның тізімі дайындалып жатыр. Салық қарызын төлемеген жағдайда қандай шаралар қолданылады?

"ҚР "Салық кодексінің" 127 бабына салыққа берешегі барлардың тізімін жариялаймыз. Борышы жарты миллионнан асып кеткендер бар", – деп жазылған ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Жұртшылықпен байланыс басқармасының басшысы Олжас Отар жіберген хабарламада.


Олжас Отар

Олжас Отар / Сурет informburo.kz


Оқи отырыңыз: 2020 жылдан бастап жеке кәсіпкерлерге қатысты салық тәртібі өзгереді

"Салық төлегісі келмегендер түрілі қитұрқылық жасайды. Аты-жөнін жариялауға мәжбүрміз"

– Салық төлемеу – өте үлкен ұят. Салық төлеу мәдениетін қалыптастыру керек. Мемлекет сол түскен қаржыға мектеп, аурухана салып, жол жасайтыны белгілі. Әсіресе, жергілікті әкімшілік қаржы жетіспеушілігінен зардап шегіп отыр, – деді Олжас Отар.

Олжас Отардың айтуынша, кей байлар банктік есеп-шоты бұғатталғанмен басқа бір туысының не досының атында есеп-шот ашып жұмысын жүргізе береді. Былайша айтқанда қаржы көбейген сайын салық төлегісі келмейтіндерге айта-айта шаршаған салықшылар енді олардың аты-жөндерін ақпарат құралдарында жариялауға мәжбүр.

Оқи отырыңыз: Енді қарапайым салық төлеушінің қарызы сотсыз өндіріледі

"Салық кодексіне сәйкес салықтық қарыз – құпияға жатпайды"

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Жұртшылықпен байланыс басқармасының басшысы Олжас Отар редакциямыздың "Жеке тұлғалардың аты-жөнін ашық тарату заңға қайшы емес пе?" деген сұрағымызға осылай жауап берді.

Мәселен, Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті салықтық берешегін төлемегеніне төрт айдан асқан азаматтардың тізімін жариялады. Оны борышы 559 мың теңге Г. есімді Тараз қаласының тұрғыны бастайды. Толықтай мына сілтемеден таныса аласыз.

Оқи отырыңыз: Ипотека төлеушілер үшін салық жеңілдігі қандай?

"Салықтық берешегі бар елге белгілі 100 тұлғаның тізімі дайындалып жатыр"

– Мұндай салық қарызы бар елге танымал, белгілі тұлғалардың алдыңғы жүздігінің Республика бойынша жасалып жатыр. Алда жарияланады, – деді Олжас Отар.

Мемлекеттік кірістер комитеті барлық тұрғындарға өтіп жатқан салықтық рақымшылығын пайдаланып, өздерінің салықтар бойынша берешектерін төлеуге шақырады.

"Айта кету керек, еліміздің барлық аймақтарындағы салықтық берешегі бар азаматтар тізімі алдағы уақытта жарияланатын болады" деп атап өтті Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.

Оқи отырыңыз: 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық төлеушілерге қойылатын талап өзгереді

"Салық төлеуге мәжбүрлейміз"

Салықтарды уағында және толық төлемеген азаматтардың мекенжайларына алдын ала хабарлама жіберіледі. Егер салық міндеттемелерін орындамаған жағдайда, мәжбүрлі түрде өтету үшін қажетті шаралары қолданылады.

ҚР Салық кодексінің 128-бабына сәйкес, салықтық қарызын мәжбүрлеп төлету тәсілдерінің бірі – ескерту іретіндегі салық бұйрықтарын шығару. Онда белгіленген жеке тұлғаға салық міндеттемелерін орындау үшін арнайы мерзім белгіленеді.

Жеке тұлға салықтық бұйрығын алған күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірмей салық берешегін жаба алады. Өтемеген жағдайда, салықтық бұйрық сот орындаушыларға жолданады.

Ал сот орындаушылар тыйым салу шараларын қолдануға құқылы. Атап айтқанда Қазақстан Республикасының аумағынан сырттағы елдерге кетуге тыйым салу, банктік шоттарды жабу және басқа да ҚР заңдылығымен көрсетілген іс-шараларды қолданады.

Оқи отырыңыз: 2019 жылдың наурыз айынан бастап салық амнистиясы басталады. Оған кім ілігеді?

Салыққа қатысты жалған ақпарат тарап жатыр

– Соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы өткен салықтық кезеңдер үшін берешегі бар азаматтар борышын а.ж. 1 қазанына дейін өтемеген жағдайда 8 АЕК (20000 теңге шамасында) көлеміндегі айыппұл есептелетіні туралы хабарлама таратылуда. ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ресми түрде хабарлайды, – дейді Олжас Отар.

Оның айтуынша, жеке тұлғалар өткен жыл үшін жер және мүлік салықтарын биыл 1 қазанға дейін төлеуі тиіс. Биылғы көлік салығы 31 желтоқсанға дейін өтеледі.

Қолданыстағы ҚР Салық заңнамасында айыппұл есептеу шаралары көрсетілмеген. Тек салықты уақытылы төлемеген жағдайда әр күнге өсімпұл есептеледі.

Сондай-ақ, жылдың аяғына дейін жеке тұлғаларға арналған салықтық рақымшылық жалғасады. Оның ережелеріне сәйкес, берешектің негізгі сомасын өтелген жағдайда өсімпұл автоматты түрде есептен шығарылады.

Оқи отырыңыз: Салық кодексі биыл тағы өзгерді. Салықтан кім босатылады?

Олжас Отар мәлімдеуінше, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 26 маусымдағы "Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы" Жарлығына сәйкес, 5 қыркүйекке дейін 2,9 млрд. теңгеге жуық қарыздың негізгі сомасын төлеген 114 849 жеке тұлғалардың 688,3 миллион теңге көлемінде өсімпұлы есептен шығарылды.

Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегі бойынша, қазірге уақытта 1,4 миллионға жуық адам рақымшылыққа ілігіп, 13,9 миллиард теңге көлеміндегі қарыздың негізгі сомасын төлеген жағдайда, 6,3 миллиард теңге көлемінде өсімпұл есептен шығарылады.

Салық қарызы бар-жоқтығын қалай білуге болады?

Салық қарызын мемлекеттік кірістер комитетінің www.kgd.gov.kz ресми сайтында "Салық қарызының болуы/болмауы туралы ақпарат" бөлімінде тексеруге болады. Салық төлеуші өзінің ЖСН-н енгізсе болды, өзінің салықтық қарызы туралы мәліметтерді ала алады.

Мына сілтеме бойынша тексере алады: Есебі мемлекеттік кірістер органдарында жүргізілетін берешегiнiң жоқ (бар) екендiгi туралы мәлімет

Серіктестер жаңалықтары