Бүгінгі Үкімет отырысы осы мәселеден басталды.
Кеше Түркістан облысының Арыс қаласы маңына орналасқан 44859- әскери бөлімі қорғап тұрған әскери оқ-дәрі қоймасында өрт шығып, жарылыс болды.
Осыған орай Арыс қаласынан халық толықтай көшірілді. Атап айтқанда 39 мыңға жуық адам өз күштерімен көшті. 2815 адам үкіметтің көмегімен көшірілген. Қазір 47 лагерьде 4 мыңнан астам адам орналастырылған.
15 адам жансақтау бөлімінде жатыр
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов:
– 165 адамға медициналық көмек крсетілді. 89 адам ауруханаға жатқызылған. Оның ішінде 15 адам жансақтау бөлімінде жатыр. Оның екеуі – бала. 22 медицина бригадасы жұмылдырылған. Қосымша тағы 16 бригада дайын. Сонымен бірге санитарлық авиацияның 2 тікұшағы дайын тұр, – деді.
Министрдің айтуынша, Арыс қаласына жақын орналасқан елді мекендердегі, қалалардағы және облыстардағы ауруханалардың барлығына қосымша дәрігерлер мен медицина қызметкерлері жіберілген.
Арыс қаласы босап, қауіпсіздік шаралары қолға алынды
Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеді. Онда 1200 адам көмекке тартылған.
- Көмекке тартылған адам саны – 1282;
- Техникалар – 115;
- Төтенше жағдайлар қызметкерлері – 357;
- Полиция қызметкерлері – 345;
- Әскери қызметкерлер – 580;
- Ұшақ – 1;
- Өрт өшіруші поезд – 3.
Министрдің айтуынша, қаза болған азаматтың бірі – әскери қызметкер. Екіншісі – қала тұрғыны.
– Қаланың өзінде 24 өрт сөндіруші топ жұмыс істеп жатыр. Олар 19 үйде және 9 шаруашылық нысанда болған өртті сөндірді. Бұдан бөлек 14 табиғи өрт шықты, – деді Тұрғымбаев үкімет отырысында.
Қалада ұрлық істегендер ұсталып жатыр
Бұл туралы Ерлан Тұрғымбаев хабарлады:
– Арыс қаласындағы 40 мыңнан астам тұрғын толық көшірілген. Қалада адам қалған жоқ. Үш жерден тексеру бекеті орнатылып, 75 сақшы күзетіп тұр. Олар ұрлық секілді заңсыздықтардың алдын алады, – деді министр.
Министрдің айтуынша, ІІМ-нің оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасының Шымкент бөлімі Қылмыстық кодекстің 462-бабының 1-бөлігі (қару, сондай-ақ басқаларға қауіп тудыратын заттар мен нәрселерді сақтау ережесін бұзу) бойынша 4 қылмыстық іс тіркеген.
Арыстағы адасқан балалар ата-аналарымен қауышты
Бұл туралы мәлімдеген Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин:
– 25 маусым күні түнде Түркістан облысы әкімінің орынбасарымен сөйлескен едім. ІІМ бөлімшелерімен және әкімшілікпен бірге адасып қалған балалардың суреттерін Түркістан облысы, Шымкент қаласы әкімдіктерінің сайттарында жарияладық. Сол арқылы 19 бала ата-анасымен қауышты, – деді Ильин.
Юрий мырза Арыстағы жағдайға байланысты Бөген су қоймасына қауіп төніп тұрмағанын жеткізді. Су қоймасы сенімді күзет бақылауында.
Арыстағы үйлерге де снарядтар түскен
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбектің айтуынша, жарылыс салдарынан қаладағы құрылыстарды да бүлдірген.
Жеңіс Қасымбеков:
– Алдын ала деректер бойынша Арыс қаласында өрттен 19 тұрғын үй мен 9 ғимарат бүлінген және электр желілері үзілген. Қаладағы 60-70% үйде жарылыстан терезе әйнектері быт-шыт сынған. Осыған орай комиссия құрылды. Барлық шығын есептеліп, зардап шеккендерге мемлекеттік қаржы есебінен құрылыс материалдары бөлінеді, – деді.
Министр Комиссияның Қорғаныс министрлігінің саперлық бөлімшелері жұмысы біткеннен кейін өз қызмтін кірісетінін айтты.
Оқ-дәрі қоймасы тұрғын үйлерден 3 шақырым болуы керек
Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-маиор Мұрат Бектанов:
– Аталған әскери бөлімдегі әскерилер негізінен келісім-шартпен қызмет өтеп жатқан. Оқ-дәрі қоймасы тұрғын үйлерден кемі 3 шақырым болу керек еді. Шын мәнінде 200 метрге де жетпейді. Тіптен темір жолдың өзі 800 метр жерде.
Бірнеше рет қашықтықты 10 шақырымға ұзарту үшін құжаттар тапсырғанбыз. Алайда ол үшін адамдарды көшіру керек еді. Біз 2005 жылдан бері басқа аумақтарға оқ-дәрі тасымалдаумен айналысамыз. Қаржыландыру жеткіліксіз болғандықтан, біз бәрін тасымалдап үлгермедік, – деді Бектанов.
Қалаға шашылған снарядтарды тазарту жүріп жатыр
Бұл туралы Мұрат Бектанов хабарлады.
– Жарылыс болып жатқан жерде әскери қызметшілер өртпен күресіп жатыр. Шынжыр табанды техника мен танктер тұрған екінші және үшінші аумақтағы өртті сөндіріп үлгерді. Қазір 500 сапер мен техника кешеден бері апаттың салдарын жоюға қатысып жатыр. Алдымен Арыс елдімекеніндегі оқ-дәрілерден тазаланады, – деді Бектанов.
Вице-министрдің айтуынша, жағыдай қалыпқа түсе бастаған. Алайда қорқыныш әлі де сейілген жоқ.
Генарал қаза тапқан әскер туралы мәлімет берді
Бұл туралы сұраққа жауап берген Мұрат Бектанов жауынгердің жасы, мүмкін болса аты-жөнін айтуды талап еткен журналистерге: "Келісім-шарт бойынша қызмет өтеп жатқан әскер, өрт сөндіру кезінде қаза тапқан" дегеннен басқа ештеңені айтпады.
Қорғаныс министрлігі таратқан хабарламада қаза тапқан азаматтың келісім-шарт бойынша қызмет істеп жүрген әскери қызметші, аға сержант Б.М.Әлімбеков екені жазылған.
Әскери бөлімде қанша адам бар? Не сақталған?
Арыс қаласында оқ-дәрілерді сақтау базасы 1960 жылдары салынған. Ол үш техникалық аумақтан тұрады.
– Бұл – қарулы күштер оқ-дәрі қоймасы. Онда күзетшілерді, барлық техникалық қызметкерді қосқанда 400 жуық адам бар. Барлық атыс, артиллериялық оқ-дәрілер сақталған. Авиациялық оқ-дәрілер жоқ, – деді министрдің орынбасары.
Ол Арыс қаласындағы негізінен басшылық қызметтегі офицерлері, келісім-шарт бойынша қызмет етететін әскери қызметшілер болғанын, жедел қызмет сарбаздарының жоқьығын айтты.
"Арыс қаласының тұрғын үй қоры мен инфрақұрылымы қысқа мерзім ішінде қалпына келтіріледі"
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында осылай деді.
Вице-премьер Ж. Қасымбектің, денсаулық сақтау министрі Е. Біртановтың, ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаевтың Түркістан облысының Арыс қаласындағы төтенше жағдай орнында жүргізіліп жатқан жұмыстар және зардап шегушілерге медициналық көмек көрсету туралы баяндамалары тыңдалды.
Асқар Мамин:
– Барлық күш жұмылдырылды. Арыс қаласының тұрғындары көшірілді. Өкінішке қарай, екі адам қаза тапты. Жақындары мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын.
Үкімет басшысы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес тұрғын үйлерге, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарға келтірілген зардаптарды тексеріп, тез арада бір жақтылы етіп шешуді тапсырды.
Президенттің сайлау алдында берген уәдесін орындаймыз
Бұдан әрі Үкімет отырысы жалғасып, онда "Президенттің сайлауалды бағдарламасын" орындауды талқылады. Онда бірінші вице-премьер әрі Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың, ҚР Екбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың, Индустрия және инфрақұрлымдық даму министрі Роман Склярдың баяндамалары тыңдалды.
Онда, денсаулық сақтау сапасын көтеру, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, кәсіпкерлікті дамыту және осы заманғы даму үрдісінен қалыспау қатарлы маңызды мәселелерге арналған жоспарлар баяндалды.
– Бірінші кезекте халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және табысын арттыруға бағытталған. Іс-қимыл жоспарының іс-шаралары 2050 стратегиясының, 5 иниституционалдық реформаның, Қазақстанның үшінші жаңғыруының саяси бағытын толық қамтиды, – деді Әлихан Смайылов.
Үкімет отырысынан кейін Ұлттық экономика министрі , Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мен Индустрия және инфрақұрлымдық даму министрлерінің қатысқан баспасөз мәслихаты өтті.