Арыстағы әскери аймаққа жақын "Атамұра" көшесін аралап келеміз. Үйлердің барлығының дерлік шатыры қираған, тіпті кейбірі түгел өртеніп кеткен. Ыс басқан қабырғалары қап–қара, қалқиып тұр. Оралған тұрғындар үйлерін қирандыдан тазалауға кірісіп кетіпті.
"Сіздерде су бар ма?"
Үшінші үйдің қақпасынан кішкентай бала жүгіріп шықты да "Апай, сіздерде су бар ма? Шөлдеп отырмыз" деп айқайлады.
Жалт қарадық.
– Есімің кім? Үйде үлкендер бар ма?
– Атым – Ринат, анам мен бауырларым бар.
– Жүр, бізді үйге бастап кіре ғой.
Шымкенттен ала шыққан 5 литрлік суымызды көтере кірдік. Теледидар қарап отырған үш бала тұра ұмтылды.
– Мама, су әкелді, су құйып берші.
"Әл-дәрменім құрығанда, күйеуім арқалай қашты"
Бұл үйді Рахымжан мен Айгүл өз қолдарымен тұрғызған. Бір айлыққа қарап отырған олар 5 баласының ауызынан жырымдап, әлі күнге дейін кем-кетігін жөндеп келеді. Басында ескі терезе орнатқан екен. Әйнектің әр жерінен жел уілдеп тұрған соң, "қыста балалар жаурамасын" деп, жинаған ақшасына пластикалық терезе сатып әкеліп орнатқандарына көп бола қоймаған екен. Кешегі жойқын жарылыста көше жақтағы барлық терезенің әйнегі шағылып, үйдің шатыры сынды.
– Сол күні күйеуім кезекшілік жұмыстан таңертең келіп, алаңсыз шай ішіп отырғанбыз. Басында жер сілкінді деп ойладық. Артынша қатты жарылыстың дауысы шықты, – деп еске алады Айгүл. – Күйеуім "Тез-тез құжаттарды ал, қаланы тастап шықпасақ болмайды, миналар бір жарылса, жалғасып жарыла береді" деді. Бес баланы алып, көшеге қарай жүгірдік. Арыстың барлық адамдары қашып барады. Бірі сайға, бірі қырға, бірі Шымкентке қарай. Ебіл-дебіліміз шығып жылап, жолай кездескен көліктерге қол көтереміз. Ешкім тоқтайтын емес. Арыс өзенінің бойына дейін жаяу бардық. Ол күнгі жағдайды есіме алғым келмейді. Айналаның бәрі қуаты күшті жарылыстар. Көз алдымызда үйлерге снаряд түсіп, жанып жатты. Шыңғырған, жылаған дауыстан құлақ тұнады. Қол-аяғым дірілдеп, сөйлей алмай, әлім құри бастады. Аяғымды баса алмай қалдым. Күйеуіме "Мені тастап, балаларды алып кете берші" деп жыладым. Күйеуім арқасын тосты. Біресе балаларды көтеріп, біресе мені арқалап біраз жер жүгірді. Осылайша жанымызды шүберекке түйіп, шаршап-шалдығып келе жатқанымызда ауыр жүк көлігі тоқтады. Жүк тиейтін жеріне біраз адамды отырғызып алған екен. Сонымен Шымкентте жеттік. Мұндай ауыр күнді ешкімнің басына салмасын, – дейді ол.
Рахымжан ешкі асырайды. Жарылыс болған күннің ертеңіне рұқсатпен кіріп, әр үйдің бөшкесінде қалған суды тасып, ешкілеріне су беріп кетіпті. Бес-алты қаздың өлгені болмаса, ешкісі аман. Есік алдындағы қорада отыз шақтысын қамап ұстап отыр. Үйдің сыртына "Ешкі сүті" деген хабарландыру іліп қойған. Литрі – 300 теңге. Бірақ қалада ешкі сүтін алатындар аз.
"Снаряд түсіп, 8 отбасының үйі толық өртеніп кетті"
Рахымжан мен Айгүлге амандық тілеп, қош айтысып, жарылыстан көбірек зардап шеккен көшеге түстік. Арыстықтар "Спортивная" атап кеткен көшеде әскери аймақта қызмет еткендерге берілген төрт үй бар. Әр үйде 8 отбасыдан 32 отбасы тұрады. Әскери аймақтан 50 метр жерде орналасқан бір үйдің бұрышына снаряд түскен. Үй толық өртеніп, 8 отбасы далада қалды.
Жаңагүл Баймұқанова осы үйде 1996 жылдан бері тұрып келеді. Жасы 70-те. Жарылыс болған сәтте үйде үш адам болған.
– Шалым ұзақ жылдар бойы әскери аймақта жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан. Мүгедек. Жүре алмайды. Бір көзі көрмейді. Жарылыс болған кезде 11-сыныпқа өткен немерем екеуміз екі жағынан сүйреп, әрең қашып үлгердік. Құдай сақтаған екен, сәл кешіккенімізде төбеден снаряд түсіп, үйімізбен бірге өртеніп кетер ме едік? Бұл үйде сегіз отбасы тұрады. Басымыз ғана аман, қалғаны жанып кетті. Дүрбелеңнен кейін шалымның екінші көзі де көрмей қалды. Қазір туыстарымыздың үйінде. Өзім үйдің жағдайын көруге келдім. Жүрек ауырады. Бұл 4 үйде 32 отбасы тұрады. Бірінің әйелі, бірінің күйеуі әскери аймақта жұмыс істеген. Шалым зейнеткерлікке шыққанда осы үй берілді. Әскери аймақтың ішінен сыртына көшіп келдік. Қуықтай ғана екі бөлме. Оның өзі құлайын деп тұрған. Мұңымызды ешкімге айтпай осы үйдің берілгеніне қуанып тұра бердік. Бірақ жекешелендіріп ала алмадық, сол үшін талай табалдырық тоздырдық. Енді үйсіз-күйсіз далада қалдық, –дейді Жаңагүл апа.
"Сау тамтығы қалмаған мына үйде қалай тыныш ұйықтаймын?"
Жаңагүл апайдың көршісі Галина Вербицкая да 1989 жылдан бері осы үйде өмір сүріп келеді. 25 жыл әскери аймақта жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан. Өртте барынан айырылған көршілері Галина апайдың үйіне жиналып тамақтанып, осында қонып қалған екен. Қабырғасы тұр дегені болмаса, бұл үй де жарамсыз. Сау тамтығы жоқ.
"Шымкенттен Арысқа қайтыңыздар, үйлеріңізге оралыңыздар" деген соң елмен бірге келгенбіз. Енді мына үйде қалай тұрамыз? Үңірейген бөлмеде қалай ұйықтаймыз. Әскери аймақ жанымызда болған соң, күйген иіс әлі мүңкіп тұр. Басты ауыртып, жүректі айнытады. Қанша жарылыс болса да, Арысты қимаймыз. Жақсы көреміз. Бізге тек әскери аймақтан алысырақ жерге үй салып берсе екен. Осында өмір сүре береміз. Құшағын ашқан, көмектескен Шымкент пен өзге өңірлердің тұрғындарына, еріктілерге алғыс айтамыз, – дейді.
Атыраудан жүрегімді қолыма ұстап, әрең жеттім
Зәмзәгүл Аралбаева Арыстағы жарылыс туралы әлеуметтік желіден көрген. Қарт ата-анасымен байланыса алмаған соң, дереу ұшаққа билет алып, Атыраудан Шымкентке ұшқан. Жан-жақтан сұрастырып жүріп, кешкісін ата-анасы мен бауырларын Шымкенттен тапты.
– Арыста әр жарылыс болған сайын жүрегімізді қолымызға ұстап, алып ұшып жетеміз. Әкем Нұрғали Пашаев 1982 жылдан бері зейнеткерлікке шыққанша, осы әскери аймақта жұмыс істеген.
Біздің балалық шағымыз 50 метр жердегі анау қорғанның арғы бетінде №7-ші үйде өтті. Кейін әкем зейнеткерлікке шыққан соң, осы үй берілді. 5 жыл бұрын ата-анам мен бауырларым осында көшті. Берілген кезде-ақ жағдайы нашар, ескі, құлағалы тұрған еді. Үлкен кісілер қанағатшыл келеді емес пе? "Үйренген Арысымыз, ешқайда көшпейміз. Осы үйдің берілгеніне де тәубә" десті. Көршілер де сөйтті. Кеңес Одағы кезінен "Спортивная көшесі" деп аталады.
Бұл көшеде ешқандай тізімде жоқ, жекешелендіруге өтпеген 4 үй бар. Әр үйде 8 отбасы тұрады. Әскери аймақтың түбінде тұрған соң, ол кісілердің жылдар бойы әр күні, әр сағаты үреймен, қорқынышпен өтті. Бұл жолы снаряд үйдің дәл бұрышына түскен. Әлі сынықтары жатыр. Содан өрт басталған.
– Былтыр ғана ата-анама тоңазытқыш, теледидар, кір жуатын машина, көрпе-төсек, кілем, жиһаздардың бәрін жаңадан сатып әперіп кеткен едім. Түксіз қалдық. От жағатын болған соң, анам жан-жақтан отын жинап, бір сарайды толтырып қойған еді. Ол да түгел жанып кетті, – дейді Зәмзәгүл.
Дәрменбеков Қуат: Құлағын жауып, түнімен жылап шығады
– Шай ішіп бола бергеніміз сол еді, әскери аймақта дабыл соғылды. Әдеттегідей комиссия келген шығар деп аса алаңдай қоймадым. Қыздарым даладан "көке, әскери аймақ өртеніп жатыр" деп жүгіріп келді. Қолымызға ілінген киім мен құжатты алып, көшеге қаштық. Ауладан шыға бергеніміз сол еді, жақын маңға снаряд құлады. Айнала көрінбей кетті. Жарты жолға жеткенде бажамның қызы күн сайын үйінде жалғыз қалатыны есіме түсті.
Үйіміздің арасы таяқ тастам жер еді. Келіншегім мен бала-шағама "Алысырақ кете беріңдер" дедім де, кері қайттым. Бар ойым, қызды тауып әскери аймақтан мейлінше алыс кету болатын. Снарядтар жан-жаққа ұшып, қыр-сайдың бәрі өртеніп жатқан соң, саяжайдағы қышхананың ішіне жасырындық. Күн төбемізден тесіп барады. Өрт сөндіру көлігі адамдарды ары-бері тасып жүр екен. Тоқтатып, су сұрап іштік. Жарылыс сәл басылған соң, Шымкентте қарай кеттік. Бажамның қызы әлі күнге дейін түнімен шошып оянып, құлағын жауып, жылап шығады. Өзім 12 жыл осы әскери аймақта жұмыс істедім. 60 мың теңгемен отбасымды, төрт баламды асырау қиын болған соң, былтыр жұмыстан шығып кеткенмін. Қазір табылған жұмысты істеймін. Елмен бірге біз де Арысқа оралдық. Алты адам тұратын аядай екі бөлмеміздің қабырғасы құлапты.
"Дәрілерімді топырақтың астынан әрең таптым"
Осы көшенің тағы бір тұрғыны Эльмира Ермекбаева сол түні кафеде ыдыс-аяқ жуып, үйіне кеш оралған. Таңертең ұйықтап қалыпты. 9.15-те шыр еткен телефонның қоңырау дауысы оятқан. Әскери аймақтың ішінде тұратын туған әпшесі екен. "Қашыңдар" деген бір ауыз сөзі Эльмираның ұйқысын шайдай ашып жіберген. Ұлы мен қызын ертіп, көшеге қарай жүгіре береді.
– Соңғы жылдары қол-аяғым ісініп, жұмысқа жарамай қалдым. Дәрігерлер полиартрит деген диагноз қойып, 2016 жылы ІІ топ мүгедегі ретінде зейнеткерлікке шығарды. Қазір 45 мың зейнетақы аламын. Бір ұл, бір қызым бар. Ұлым әскерден жақында оралды. Қызым 6-сыныпқа көшті. Екі жыл бұрын қызымның жүрегінде тесік бары анықталған. Жарылыс болған кезде қайта-қайта жүрегі қысыла берді. Созаққа әрең жеттік.
Бір зейнетақыға қарап отырған соң, ары тартып, бері тартып жеткізе алмаймын. Сол үшін кейде тойханаларға ыдыс-аяқ жууға шығамын. Бір күнге 1500 теңге аламын. Сол түні ыдыс-аяқ жуып шаршап келіп, таңертең ұйықтап қалыппын. Сағат 9.15-те әскери аймақтың ішінде тұратын әпшем қоңырау шалып "қашыңдар" деді. Шығамыз дегенше көрші үйге снаряд түсіп, бұрқ ете қалды. Ертеңіне қол-аяғым ісініп жүре алмай қалдым. Созақтан қайта Арысқа келдім. Әскери қызметкерлер жолдың бәрін жауып тастаған. Қаланың ішіне адам кіргізбейді. Жағдайымды түсіндіріп, жалынып, үйге баруға әрең рұқсат алдым. Келсем, үйдің іші қирап, быт-шыт боп жатыр. Дәрілерімді топырақтың астынан әрең аршып, тауып алдым, – дейді Эльмира.
Эльмира да 20 жыл бойы әскери аймақта қарапайым жұмысшы болып істеген. 20 жылдан бері осы үйдің бір бөлмесінде тұрып келеді.
"Бір айда қала қалпына келеді" дейді Арыстың әкімі Мұрат Қадірбек
Арыс қаласында 7700-ден астам үй бар. Олардың көбінің шатыры, есік-терезелері жарылыстан қираған. Үйлері өртеніп көшеде қалған адамдар Ережепбай Молдабаев атындағы орта мектепке орналастырылды. Мұнда сегіз жүз орын дайындалған.
– Біз бұл қиындықты ел болып, жұрт болып көтереміз. Мемлекет басшысы, үкімет, еліміздің барлық облыстары, бүкіл халық көмек қолын созып жатыр. Қазір үлкен де, кіші де Арысқа алаңдап отыр. Қиын жағдайдан ақырындап шығып келе жатырмыз. Арыстағы қару-жарақ қоймасы көшіріледі. Мұндағы үйлерді жөндеу үшін 17 сектор бөлінген. Әр сектордағы үйлерге Президенттің тапсырмасымен 17 облыстан құрылыс мамандары келді. 170 бригада жұмылдырды. 1500-ден астам адам палаткада жатып жұмыс істеп жатыр. Қала бір айда қалпына келтіріледі, – дейді Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадірбек.
2019 жылғы 3-ші шілдедегі жағдай бойынша Түркістан облысының Арыс қаласында 136 баспананы қалпына келтіру аяқталды. Тағы 571 тұрғын үйде осындай шаруалар жасалып жатыр. Бұл туралы Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады.
Арыстағы тұрғын үйлердің 85%-ы жөндеуді қажет етеді. Қалада жұмыс істеп жатқан құрылыс компанияларының саны 118-ге өсті. Қазіргі таңда тұрғын жайларды қалпына келтіруге 1546 құрылысшы мен 86 арнайы техника жұмылдырылған.
Қысқа нұсқа
Жалпы Арыста 7708 үй тізімге алынды. Шамамен бұл үйлердің 85 пайызы қираған.
21 үй толық өртеніп кеткен.
Бұдан бөлек 66 әлеуметтік нысан – аурухана, мектеп, балабақша, мәдениет үйі бар. Оларды "Самұрық-қазына" жөндейді.
Арыстың 44 781 тұрғынына 100 мың теңгеден берілмек.
4000 бала өзге облыстардағы лагерьлерде демалады.
Әскери қару-жарақ қоймасын 2 аптада көшіруді бастайды.
Қала бір айда толық жөндеуден өтеді.
Арыстық кәсіпкерлерге 1%-бен 5 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несие беріледі.
Қала 2 жылдың ішінде толық газдандырылады.
Бүгінге дейін қоймаға 510 тонна тұрмыстық заттар, азық-түлік, киім-кешек өзге де заттар жиналса, соның 400-ден астамы гуманитарлық көмек ретінде халыққа таратылды.
Арыс қаласындағы гуманитарлық көмек қоймаларына онлайн веб-камералар орнатылды. Қоймадан тікелей көрсетілімді мына жерден көруге болады.
Қала тұрғындарына 100 мың теңгеден беріледі
Бүгін Арыс қаласындағы төтенше жағдайдың салдарын жою бағытында атқарылған жұмыстардың барысы туралы брифинг өтті. Өңірлік және республикалық БАҚ өкілдері қатысқан жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев екі апта ішінде Арыс қаласының әрбір тұрғынына 100 мың теңге беріле бастайтынын мәлімдеді.
– Өздеріңіз білетіндей, Арыс қаласында ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин бастаған делегация келіп кетті. Арнайы мәжіліс өткізді. Осы жиында Арыс қаласының 44 781 тұрғынына 100 мың теңгеден беру жөнінде шешім қабылданды. Кішкентай сәбиден бастап зейнеткерлерге дейін аталған ақша беріледі. Бұл мақсатты орындау үшін 4 миллиард 478 млн 100 мың теңге қажет. Оның 1 миллиарды облыстық бюджеттен бөлінеді. Ол арнайы сессияда қаралады. 2 миллиарды республикалық бюджеттен, қалған қаражат "Түркістан" корпоративтік қорына түскен ақшадан жұмсалады.
Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының тапсырмасымен қорға түскен бір тиынға да тиіскен жоқпыз. Ол Арыс тұрғындарына жұмсалады. Қаладағы арнайы мәліметтер базасы арқылы 44 781 адамды анықтап, қаражатын аударамыз. Бұл жұмыстарды 2 аптада аяқтап үлгереміз деп ойлаймын. Ешқандай құжат жинаудың, әкімдікке келіп шу шығарудың, әбігерге түсудің қажеті жоқ. Әрбір тұрғын анықталып, тиісті қаражатты алады. Ал балаларының ақшасы келісім бойынша әкесінің немесе анасының есеп-шотына аударылатын болады, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Тұрар Құдайбергенов зейнетақы, атаулы әлеуметтік көмек және өзге де тиісті төлемдер тәртіпке сай уақтылы беріліп жатқанын мәлімдеді.
"Қаржыдан мәселе жоқ. Зейнеткерлеріміз, атаулы әлеуметтік көмек алатын тұрғындарымыз әдеттегідей, "Қазпочта" және "Халықбанк" арқылы ақшаларын алса болады. Сондай-ақ екі мыңдай зейнеткерімізді ардагерлер үйлеріне және мүмкіндігі шектеулі 140-тай тұрғынды оңалту орталығына жіберуді жоспарлап отырмыз" деп мәлімдеді Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі Фейсбуктегі парақшасында.
Хабарландыру
Мектеп жасындағы балаларыңызды лагерге жіберемін десеңіздер мына төмендегі телефондарға хабарласыңыздар!Арыс қаласының білім бөлімі: 8 (72540) 2-17-01;
Жанат: 8-701-405-30-73;
Ақмарал: 8-702-919-99-98;
Ғалия: 8-778-682-48-75;
Клара: 8-778-210-24-02.
Немесе осы телефондардағы ватсапқа ата-анасының аты-жөнін телефон нөмірлерін жазып жіберіңіздер.
Құрметпен, Түркістан қаласының білім бөлімі.