Тікелей эфир

Армениядан келген автомобильдерге екі рет салық салынбайды

Қазақстан және Армения қосарланған салық салуды болдырмау мақсатында көлік құралдарына салық салу бойынша уағдаласты.

2020 жылдың 1 ақпанына дейін Армениядан көлік әкелген және Қазақстанда есепке қойған қазақстандықтар көлік салығын төлейді. Бұл туралы Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

"2006 жылы 6 қарашадағы табыс пен мүлiкке салынатын салыққа қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияның ережелеріне сәйкес Қазақстан және Армения қаржы министрліктері қосарланған салық салуды болдырмау мақсатында көлік құралдарына салық салу бойынша өзара уағдаластыққа келді", – деп хабарлады ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі.


Оқи отырыңыз: 


Қазақстандықтар ел аумағына әкелген автомобильдер бүгінгі күнге дейін Арменияның уәкілетті органдарында тіркеу есебінен шығарылмағандықтан, екі мемлекет те осындай көлік құралдарына салық салуға үміткер бола алады.

Келіссөздер нәтижесінде Армениядан 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әкелінген, меншік құқығы бойынша Қазақстан азаматтарына тиесілі автомобильдерге Конвенцияның 21-бабы 4-тармағының ережелеріне сәйкес ҚР Ішкі істер органдарында тіркеу есебіне қойылған сәттен бастап ұлттық заңнамаға сәйкес Қазақстан аумағында ғана салық салынуға жатады деген уағдаластыққа қол жеткізілді. Екі мемлекеттің салық органдары Қазақстанда тіркелген күнін көрсете отырып, тіркелген көлік құралдары бойынша мәліметтер алмасуды жүргізетін болады. Мұндай көлік құралдарына қатысты қосарланған салық салу туындамайды. 

Салық кодексінің нормаларына сәйкес, Қазақстанның мемлекеттік органдарында көлік құралын есепке қойған кезден бастап көлік салығын төлеу міндеттеледі. Мысалы, көлік құралы 2020 жылғы 1 қарашада тіркеу есебіне қойылса, 2021 жылғы 1 сәуірден кешіктірмей 2020 жылғы қараша мен желтоқсан үшін бюджетке көлік салығын төлеу қажет. Олай болмаған жағдайда әрбір мерзімі өткен күн үшін өсімпұл есептеледі.

Серіктестер жаңалықтары