Әлқисса, әңгімені Ішкі істер министрлігінің соңғы мәлімдемесінен бастайық. Армения мен Қырғызстанның көліктерін сенімхат арқылы тізгіндеп жүрген қазақстандықтар алдында енді үш жол ғана бар:
- Көліктерін заңды түрде тіркеуге қою;
- Тіркеуді қымбатсынса, көлігін ел аумағынан шығару;
- Тіпті болмаса, көлікті қосалқы бөлшекке сату (бұл, әрине, басқа мүмкіндік қалмаған жағдайдағы шешім).
Бұған дейін санаулы күн ішінде Қазақстанның бірнеше қаласында топтасып, өз мұңдарын шағып үлгерген көлік жүргізушілері үкімет әлдеқандай жеңілдік жасар деп дәмеленген болатын. Алайда Ішкі істер министрлігі 21 қаңтарда өз ұстанымынан тайқымайтын сыңай байқатты.
Көлік дауы неге қайталана береді?
Жалпы, бұған кім кінәлі? Айыптыны анықтамас бұрын бұл – соңғы он жылдағы үшінші шу екенін айта кетейік. Алғаш қырғыз номерлі көліктердің дауы (2011-2012 жылдар) болса, кейін Ресейден көлік тасығанда (2014-2015 жылдар) тағы бір дүрліктік. Енді бұл тізімге Армения қосылды.
Биылғы 1 қаңтарда Армения мен Қырғызстан үшін Еуразиялық экономикалық одаққа кірудің өтпелі кезеңі аяқталды. Осы уақытқа дейін Қазақстан жүргізушілері үшін Армениядан арзан көлік сатып алуға мүмкіндік болған.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда ұрланған көлікті тіркеу енді оңайға түспейді. Себебі, көліктерге электронды құжат беріледі
Арменияда неге көлік арзан? Оның себебі – бұл елдің 2014 жылы ЕЭО құрамына кіруімен байланысты. Тиісінше, осы жылға дейін Арменияға өзге елдерден әкелініп үлгерген көліктер одақтың тауары санала бастады. Ал бұл мерзімнен кейін әкелінген көліктерден одақ тауары саналуы үшін "кедендік тазарудан" өтіп, тиісті салықтарды төлеу талап етілді. Армения мен Қырғызстан ЕЭО-ға бір уақытта кіргенін ескерсек, мұндай талап екі елге де ортақ екенін түсіну қиын емес. Ішкі істер министрлігінің "шектеудің Беларусь пен Ресейге еш қатысы жоқ" деп қайта-қайта мәлімдеуінің сыры осында жатыр.
Көпшілікке дұрыс және уақытылы түсіндіру жұмыстары жүргізілмегені болмаса, шындығында қазақстандық жүргізушілерге Армения не Қырғызстаннан арзан көлік тасуға еш жеңілдік болмаған еді. Рас, бұл елдерде көлік арзан. Бірақ оларды Қазақстанға әкеп тіркеу үшін кедендік баж және өзге де төлемдерді жасау керек. Бұған 10 күн ғана уақыт беріледі. Талапты орындамағандарға – 10 АЕК көлеміндегі айыппұл салынады. Оған қоса, көлік айыппұл тұрағына жөнелтіледі. ІІМ енді ғана жүргізушілерді көліктерін тіркеуге қоюға үндей жасағаны болмаса, бұл талап бұрын да болды, қазір де бар.
Қазақстандықтар Армениядан көлік тасудың қандай жеңіл жолын тапты?
Ендеше, қазақстандық жүргізушілер неге сеніп Армениядан жаппай көлік таси бастады? ІІМ мәліметінше, Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресейден 200 мыңға жуық көлік Қазақстанға тасылған. Әрине, бұл сан нақты мәлімет емес, оған қоса оның ішінде заңды түрде тіркелгені де, уақытша жұмыспен келген шетелдіктер тізгіндегендері де бар.
Бірақ, қалай болғанда да, шетел номерімен Қазақстан жолдарын заңсыз тоздырып жүрген көліктер аз емес. Тіпті, оған қоймай, Қазақстанда тіркелмегендіктен, жол ережесін де елемейтіндердің басым үлесі – осылар. ІІМ мәліметінше, тіркелмеген көліктер 90 мыңнан астам мәрте жол ережесін бұзса, олар төлемеген (дәлірек айтқанда, төлемейтін) айыппұл көлемі 1,1 млрд теңгеге жеткен.
Оқи отырыңыз: 28 жылда Қазақстанда жол-көлік апатынан 80 мың адам көз жұмған
Армениядан авто әкелуге оралсақ, көлік тасушылар шетелдік көліктерді шекарадан өткізудің оңай жолын тапқан. ІІМ хабарлағандай, "Қырғызстан мен Арменияда 2014 жылдан 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін тіркелген көліктерді аталған елдердің азаматтары мен осы елдерде тұрақты тіркеудегі азаматтардың Қазақстанға кедендік баж төлемей уақытша кіргізуіне мүмкіндік болған".
Уақытша дегеніміз – бір жыл. Бұл мерзім өткенде көлікті не Қазақстанда тіркеу қажет, не елден шығару керек. Қайта кіру үшін арада кемі бір ай уақыт өтуі тиіс.
Қазақстандық көлік тасушылар бұл "жеңілдікті" пайдалану үшін қандай қадамға барды? Кейін анықталғандай, Армения "азаматы" бола салу қиын да, қымбат та шаруа емес екен. Соны пайдаланған адамдар Арменияға уақытша тіркеліп, көліктерді Қазақстанға оңай өткізіп отырған. Бақылау екі ел тарапынан да әлсіз болғаны енді белгілі болып жатыр.
Осыған орай, ІІМ басшысының орынбасары Марат Қожаев 21 қаңтарда кінәлілерді анықтау үшін әкімшілік полицияның арнайы тобы Арменияға аттанғанын да хабарлады:
"Әрбір көлік мәселесін жеке зерттейтін боламыз. Біз Арменияға әкімшілік полиция комитетінің арнайы тобын жібердік. Олар армениялық әріптестермен бірге екі ел азаматтарының іс-әрекетінің заңдылығын анықтайды. Бұл істе қандай механизм қолданылғанын да білетін боламыз", – деді Қожаев.
Ресми процедура болар, әйтпесе, youtube желісінде Армениядан көлік әкелудің егжей-тегжейлі нұсқаулығы толып тұр. Онда Қазақстанға екі елдің, сондай-ақ, одақ аясындағы заңнамаларды да айналып өтіп, көлік тасудың жолы өте жақсы баяндалған.
Көлік иелерінің ендігі жағдайы не болмақ?
Сонымен айыптыларды анықтауды ІІМ үлесіне қалдырайық. Ал Қазақстанға жаза басып (мүмкін, біле тұра) шетел көліктерін әкеліп қойған отандастарымыздың ендігі жағдайы не болмақ? Олардың алдында мақала басында сөз еткен үш жол ғана тұр. Көлікті қосалқы бөлшек түрінде ешкімнің сата қоймасы белгілі (бұл қадамға көлік иесі "тұлпары" техрегламентке сәйкес болмаған жағдайда амалсыздан баруы мүмкін). Ал көлікті оны сатып алған елге апарып қайта сату дұрыс шешімнің бірі. Дегенмен, өзі алған бағаға енді қайта сата алмасы тағы белгілі.
Оқи отырыңыз: 2019 жылдан бастап жол ережесіне қатысты не өзгереді?
Бірінші жол – көлікті тіркеу жайын тереңірек сөз етейік. Көлікті тіркеу үшін ең алдымен арнайы халыққа қызмет көрсету орталығы мен мемлекеттік кірістер органына жүгіну қажет. Олар біріншіден көлікті тіркеуге болатын-болмайтынын анықтаса, екіншіден бастапқы тіркеу және утилизациялық алым мөлшерін анықтап береді. Айта кету керек, барлық көлік тіркеуге жатпайды, оның өзіндік талаптары бар.
Ресей, Беларусь және Қазақстанға ортақ техникалық регламент Қырғызстанда тек 2018 жылғы 12 ақпаннан қолданыла бастаса, Арменияда 2020 жылғы 2 қаңтардан бастап қана күшіне енді. Әкелінген көліктердің техрегламентке сәйкес келетінін сараптамақ түгіл, бұл мәселе туралы әлі тіпті де мәселе қозғала қойған жоқ. Соған орай, мемлекет пен көлік иелері тіркеу жөнінде ортақ келісімге келген жағдайда да осы мәселе алдан шығары сөзсіз. Бірақ, бұл әзірге келер күннің еншісінде.
Бастапқы тіркеуге келейік. Тіркеуге қою үшін Армения мен Қазақстандағы кедендік айырманы төлеуге тура келеді.
"Шетелдік көліктерді Қазақстанда тіркеуге қою құны шамамен 500 мың теңге мен 4 миллион теңге аралығында болмақ. Бұл сома көліктің жылы мен қай елден әкелінгеніне байланысты" – деген болатын Алматы қалалық әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос Мұратәлиев Алматыда өткен баспасөз жиынында.
Ел азаматтары төмендегі нөмірлер бойынша хабарласып, әкімшілік полиция қызметкерлерінен кеңес алуына болады:
8 (7172) 71 58 21, 71 58 39, 71 58 04, 71 58 06, 71 58 62.
Утилизациялық алым да көлік тасушылардың қалтасына оңай соқпайды. Мұндай талап Қазақстанда 2016 жылдың қаңтарынан бастап енгізілді және бұл талап жергілікті автоөндірушілер, ресми импортерлер және шетелден көлік әкелетін өзге заңды, жеке тұлғалардың бәріне ортақ. Утилизациялық алым бастапқы тіркеуге қоюдан бұрын төленеді. Айлық есептік көрсеткішпен есептелетін бұл алым түрі көліктің қозғалтқышының көлеміне және базалық алым коэффициентіне тәуелді. Қазақстанға жиі әкелінетін жеңіл көліктерді сөз етсек, 2020 жылғы утилизациялық алым мөлшері төмендегіше:
- Қозғалтқыш көлемі 1000 текше см-ге дейін – 3*50 АЕК (397 650 теңге);
- Қозғалтқыш көлемі 1001-2000 текше см аралығы – 7*50 АЕК (927 850 теңге);
- Қозғалтқыш көлемі 2001-3000 текше см аралығы – 10*50 АЕК (1 325 500 теңге).
- Қозғалтқыш көлемі 3000 текше см-ден жоғары – 23*50 АЕК (3 048 650 теңге).
М1 санатына жататын жеңіл автокөліктерді (ескерту: электр қозғалтқышты көліктер емес) бастапқы тіркеу құны төмендегіше:
- Соңғы 2 жылда шығарылған көліктер (2019-2020 жылдар) – 662,75 теңге;
- 2-ден 3 жылға дейінгі аралықта шығарылған көліктер (2018 жыл) – 132 550 теңге;
- 3 жылдан ары уақытта шығарылған көліктер (2017 жыл және одан бұрын) – 1 325 500 теңге.
ІІМ бұған дейін ЕЭО елдерінен тасылып жатқан көліктердің басым бөлігі 2000-2010 жылдар аралығында шығарылған көліктер екенін мәлімдеген болатын. Тиісінше, олардың бәрі де бастапқы тіркеу үшін ғана 1 325 500 теңге төлеуге мәжбүр.
Оқи отырыңыз: Көлік салығын қалай төлеуге болады?
Көлік жүргізушілерінің көңілін күпті қып отырған мәселе де – осы, төлем сомасының көптігі. Басқаша айтқанда, Армения мен Қырғызстаннан көлік әкелген қазақстандықтар үшін көлікті Қазақстанда тіркеу оның құнынан да артық шығынды талап етеді.
Көлік иелері аз күн ішінде Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтау, Жаңаөзен, Петропавл және өзге қалаларда топталып, өтініштерін жеткізді. Дегенмен, заң да, мемлекет те бұл жолы арзан "армян" көліктерін алған топқа қарсы жақта.
Қоғам белсенділері қандай шешім ұсынады?
Бұл дау әлеуметтік желі қолданушыларын да көзқарасы бойынша түрлі топқа бөлгені байқалып қалды.
Қоғам қайраткері Мұрат Әбенов бұл мәселе бойынша үкіметтік комиссия құру қажет деп санайды.
"Тыйым салынбағандардың бәрі рұқсат етіледі" принципі негізінде Қазақстан азаматтары Кеден одағына кіретін мемлекеттерден 170 мың автокөлікті амалын тауып заңды түрде біздің аумаққа алып кірген болса, оларды пайдалануға шектеу қойған дұрыс емес!" деп жазды ол өзінің facebook парақшасында.
Ал өзі де біраз уақыт шетелден көлік тасумен айналысқан қоғам белсендісі Нұраддин Садық informburo.kz порталына берген сұхбатында соңғы жылдары отандық авто нарығында болған өзгерістердің бәрі авто өнеркәсібі саласындағы бір топ жеке кәсіпкерлердің лоббиімен іске асып отырғаны туралы күдігін айтты. Оның сөзінше, отандық авто өнеркәсібін дамыту желеуімен қазақстандықтардың шетелден өз бетінше көлік тасымалдауына лобби арқылы заңды шектеулер қойылып жатыр екен.
"Еліміздегі отандық автоөндіріс саласы 2015-2016 жылдары мемлекеттен қомақты көлемде субсидия алғанын білеміз. Оның үстіне, Қазақстандағы автоөндіріс саласы – жеке топтардың бизнесі. Жасыратыны жоқ, қазір біз солардың мүддесіне жұмыс істеп отырмыз", – деді Нұраддин Садық.
Оқи отырыңыз: Көлік терезесі буланбас үшін не істеу керек?
Оның ойынша, халық арасындағы әлеуметтік наразылықты күшейтпес үшін мемлекет шетелден әкелінетін көліктер үшін төленетін утилизациялық алымды тоқтатуы қажет.
"Утилизациялық алым "Оператор РОП" ЖШС арқылы жиналады. Ол – бәсекелесі жоқ бірегей оператор. Компанияның қызметі, бюджеті туралы ашық ақпарат өте мардымсыз, халық қаржысы қайда кетіп жатқаны туралы өз сайттарында есеп те жарияламайды", – деді Нұраддин Садық.
Қоғам белсендісі автокөліктерге сәйкестік сертификатын берудегі олқылықтарды да сынға алды:
"Бұрын көліктің сәйкестік сертификатын бірнеше жеке компания беретін. Қазір олардың лицензиясы алынып қойылған, сертификат берумен тек бір монополиялық ұйым айналысады. Сертификат құны бұрынғыша 10-15 мың теңге емес, шамамен 250 мың теңгеге дейін көтеріліп, оны беру уақыты 3 аптаға дейін ұзарды. Бұл уақытта көлік кедендік сақтау аймағында тұрады, тиісінше, сертификат дайын болғанша аренда құнын төлеуге тура келеді".
Айта кетейік, сәйкестік сертификаты – көліктің Еуро-3, Еуро-4 не Еуро-5 стандартына сәйкестігін куәландыратын құжат. Нұраддиннің айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ құрамындағы Қазақстаннан өзге елдер қазір Еуро-4 стандартымен жұмыс істейді. Тек біздің еліміз ғана Еуро-5 стандартына өткен.
"Алайда, қазір біз мініп жүрген көліктердің сапасы сын көтермейді, стандартқа сәйкес келмейді. Соған қарамастан, Қазақстанның Еуро-5 стандартына өтуі отандық авто өнеркәсіп компанияларының мүддесін қорғау мақсатында жасалып отыр деп ойлаймын", – деді ол.