Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингі барысында Алматы қаласы Білім басқармасының жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Ақмарал Айтуарова 2021 жылы не өзгеретінін айтты.
"Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үшін түлектердің өтініштерін қабылдау ҰТО http://app.testcenter.kz сайтында on-line тіркеу арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, ол бітірушіге Республика бойынша ҰБТ тапсыратын орынды өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді", – деді Ақмарал Айтуарова.
Наурыз айында басталған ҰБТ тапсыру мерзімі маусымға дейін жалғасады. Енді сұрақтары бар қағаздар болмайды, оларды дербес компьютер алмастырады, әрбір түлек сол арқылы тест тапсырады. Тағы бір қолайлылығы, енді ҰБТ нақты датаға байланысты, ол үш айға созылады.
Оқи отырыңыз:
- Білім беру грантын тағайындаудағы өзгерістер. Талапкер білуі тиіс негізгі 10 сұраққа жауап
- "Алтын белгі" иегерлері неге мұғалім болғысы келмейді? Министр түсіндірмесі
- 132 мың үміткер – 54 мың грант. Биылғы түлектер ҰБТ-дан сүрінбей өтуі үшін нені білуі тиіс?
"10 наурыз бен 26 сәуір аралығында өткізілген ҰБТ қалауы бойынша ЖОО-ның ақылы бөліміне түсем деушілер үшін өткізілді. 6 мамыр мен 30 маусым аралығында білім беру грантын тағайындау үшін ҰБТ өтеді. Биыл алғаш рет түлектер ҰБТ-ны екі рет (мамыр, маусым айларында) тапсыра алады. Әрі қарай, ҰБТ-ның ең жоғары нәтижесімен білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу құқығын иеленеді", – деп түсіндірді Білім басқармасының спикері.
ҰБТ-ның жалпы ұзақтығы аппеляцияны есепке алғанда 4 сағат 30 минут (270 минут). Тестілеу уақыты – 240 минут.
60 минуттық тестілеуден кейін көзге арналған жаттығулар үшін және дене шынықтыру үшін 2 минут үзіліс беріледі. 120 минут тестілеу аяқталғаннан кейін 15 минуттық үзіліс беріледі. 180 минут тестілеуден кейін көзге арналған жаттығулар мен дене шынықтыру жаттығулары үшін 3 минут көлемінде үзіліс беріледі.
ҰБТ нәтижесін бұрынғыдай жұмыс күнінің соңында емес, тестілеу рәсімі аяқталған соң бірден білуге болады. Егер тест тапсырушы ҰБТ нәтижесімен келіспесе, тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут аралығында апелляцияға өтініш бере алады.
Тестілеу 120 тест тапсырмасынан 5 пәннен тұрады:
- Қазақстан тарихы – 15 тест тапсырмасы;
- мтематикалық сауаттылық – 15 тест тапсырмасы;
- оқу сауаттылығы – 20 тест тапсырмасы;
- таңдау бойынша 2 бейінді пән – 35 тест тапсырмасы.
Ең жоғарғы балл – 140.