Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу форматы өзгермесе де, қағидаларына жаңашылдық енгізілді. Енді тестілеуде тыйым салынған зат қолданған талапкердің ҰБТ нәтижесімен қоса білім беру гранты да жойылады.
Informburo.kz биыл өткізілетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты басты сауалдарға жауап берді.
№1. ҰБТ қашан өтеді және қанша адам тапсырады?
Тестілеуге мектеп түлектерінен 111 109 өтініш түскен. Мектепті биылға дейін бітіргендерден түскен өтініштерді қосқанда барлығы 131 755 адам ҰБТ тапсырады. Елде ҰБТ 20 маусым мен 5 шілде аралығында 161 тестілеу пунктінде өтеді.
№2. ҰБТ рұқсатнамалары қашан дайын болады?
№3. ҰБТ форматы өзгерді ме?
Жоқ, өзгермеді. Түлектер үш міндетті және екі бейінді пән бойынша қағаз арқылы тест тапсырады. Тест тапсырмаларының саны бұрынғыдай – 120, ең жоғары балл – 140.
Оқи отырыңыз: Соңғы қоңырау салтанаты 3-4 маусымда, ҰБТ өз уақытында өтеді
№4. Биыл ҰБТ-ға қандай жаңашылдық енгізілді?
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов биыл ҰБТ қағидаларына бірнеше жаңашылдық енгізілгенін айтты:
- тестілеуге кіретін қатысушыға алғаш рет бет-әлпетін тану – Face ID көмегімен тұлғаны сәйкестендіру тәсілі қолданылады;
- 2020 жылы ҰБТ сертификаты электрон нұсқада беріледі;
- білім беру грантын тағайындауда да электрон куәлік енгізілген;
- академиялық кезең аяқталғанға дейін ҰБТ-да шекті балын жинай алмағандар жыл бойы тестілеуден өте алады.
№5. Шекті балл қалай өзгерді?
Педагогика мамандықтарына түсушілерге талап күшейді. Осы мамандыққа тапсыратындардың шекті балы 60-тан 70-ке дейін көбейді. Қалған мамандықтар бойынша өзгеріс жоқ.
№6. Қолдануға тыйым салынған зат үшін қандай шара қолданылады?
Металл анықтағыштан өткен кезде "шпаргалка", құлаққап, смартфон секілді кез келген тыйым салынған зат табылса, тест тапсырушыға аудиторияға өтуге автоматты түрде рұқсат етілмейді. Ал талапкерлерден тестілеу кезінде қолдануға тыйым салынған заттар табылса немесе ҰБТ бейнежазбасын қарағанда мұндай көмекші заттар пайдаланғаны анықталса, ҰБТ нәтижесі мен білім беру гранты жойылады.
Оқи отырыңыз: ҰБТ тапсырушылар нені білуі керек?
№7. Тестілеу уақыты қандай?
Бұрын ҰБТ тапсыру уақыты 3 сағат 50 минут еді. Биыл тестілеуге 10 минут қосылып, 4 сағатқа дейін ұзартылды.
№8. ҰБТ-да санитарлық талаптар қалай сақталады?
Тестілеу кезінде санитария талаптары қатаң сақталады. Коронавирус таралуына байланысты сақтық шаралары:
- тестілеу пункттерінде қойылған баррикада ленталарында нүктелер белгіленіп, талапкерлер бір-бірінен 2 метр қашықтықты сақтап кіреді;
- тест тапсырушылар залалсыздандыру туннелінен өтеді;
- аяқкиім арнайы кілемшелермен, қол санитайзерімен залалсыздандырылады;
- тестілеуге кірерде әр талапкердің дене қызуы өлшеніп, медицина маскасы таратылады;
- тестіні 2 метр қашықтықта отырып тапсырады.
№9. Ата-анаға тестілеу пунктіне келуге рұқсат етіле ме?
Ата-анаға, балаларды алып жүруші тұлғаларға ҰБТ пункттерінде күтуге тыйым салынады. Ата-ана тестілеу барысын ҰБТ өтіп жатқан жерге келмей-ақ, үйінде отырып көруі үшін онлайн трансляция жасалады. Онлайн трансляцияға арналған сілтеме БАҚ, әлеуметтік желілер арқылы таратылып, көпшілікке жария етіледі. Кез келген адам сілтеме арқылы өтіп, ҰБТ-ның қалай өтіп жатқанын көре алады.
Оқи отырыңыз: Оқушыларға арналған гранттар. Qazbilim олимпиадасына қалай қатысуға болады?
№10. Ұлты қазақ азаматтар тестілеуге қатысу үшін шекарадан өте ала ма?
Иә. Олар үшін шекара ашық болады. Шетелде білім алған, Қазақстан азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ азаматтар ҰБТ-ға қатысу үшін Ұлттық тестілеу орталығымен шекарадан кедергісіз өту бойынша жұмыстары жүргізіліп жатыр.
№11. 140 балл жинағандарға ноутбук берілетіні рас па?
Иә, рас. Тестілеуден өз күшімен, әділ жолмен 140 ұпай жинаған әрбір тест тапсырушыға заманауи, соңғы модельдегі ноутбук сыйға беріледі.
№12. ҰБТ-ны қалай бақылауға болады?
Биыл кез келген адам ҰБТ-ны Digital Agent қосымшасы арқылы бақылай алады. ҰБТ өткізу ережелерін бұзу фактісі анықталса, Digital Agent арқылы фото/бейне жазбаны тікелей жібере алады немесе 1414 және 1424 телефондарына хабарласа алады. Орталық әрі қарай шара қолданады. ҰБТ-ның өткізілуін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жанындағы арнайы мониторингтік топтың мүшелері қадағалайды.
Оқи отырыңыз: Алматыда оқушылар жазғы мектепте IV тоқсан сабақтарын оқи алады
№13. Калькулятор пайдалануға бола ма?
Иә, тестілеуге қатысушыларға қарапайым калькулятор беріледі. Қазіргі уақытта ҰБТ-да функционалдық сауаттылықты бағалайтын тапсырмалар саны 35%-дан аспайды. Министрлік тестілеуде калькуляторды қолдану бойынша бірқатар зерттеулер жүргізген. Формулаларды, пропорцияларды, аксиомаларды, математиканың теоремаларын, физика заңдарын қалай қолдану керектігін білмей, химиялық реакциялардың процестері мен жағдайларын түсінбей, тест тапсырмаларына жауап беру мүмкін емес. Халықаралық тәжірибеге талдау жүргізіп, көптеген емтихандарда (SAT, ACT, GRE) калькуляторды қолдануға рұқсат етілді. Осылайша, ҰБТ кезінде барлық тестіленушілер қарапайым арифметикаға арналған калькуляторлармен қамтамасыз етіледі. Алайда өзімен бірге калькуляторды алып келуге тыйым салынады.
№14. ҰБТ-да қандай заттар қолдануға тыйым салынады?
- фотоаппарат;
- пейджер;
- ұялы телефон;
- планшет;
- ноутбук;
- плеер;
- ақпарат беретін материалдар мен анықтамалар;
- "шпаргалка";
- шимай дәптер алып кіруге және қолдануға болмайды.
Химияны таңдау пәні ретінде таңдаған оқушылар Менделеев пен тұздың еру кестесін алып кіре алады. Оқушы өзімен бірге су, көк не қара түсті қалам, сызғыш, қарындаш кіргізуіне рұқсат.
№15. Тестілеу кезінде не істеуге болмайды?
- сөйлесуге;
- орнынан тұруға;
- жүруге;
- аудиториядан рұқсатсыз шығуға;
- орын ауыстыруға;
- кез келген материалмен алмасуға;
- кітапшаны ауыстыруға;
- көшіруге;
- алдын ала берілген тест жауаптарын пайдалануға болмайды.
Тәртіп бұзғандар аудиториядан шығарылып, олардың жауап парақтары қабылданбайды.
Жауап парағын бояу кезінде:
- түзетуге арналған сұйықтықты пайдалануға;
- көк немесе қара түсті қаламнан өзгесін қолдануға;
- қауырсынмен, гель қаламмен жазуға;
- қарындашпен бояуға;
- жауап парағын бүктеп, жыртуға тыйым салынады.
Оқи отырыңыз: Бүгін бала – ертең студент. Оның болашақта сапалы білім алуына қалай қаражат жинауға болады?
№16. 2020 жылы қанша білім беру гранты бөлінді?
Биыл жоғары білімі бар кадрларды (бакалавр) даярлауға бөлінген грант саны – 53 864. Гранттың басым бөлігі инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары – 14 681, педагогикалық ғылымдар – 8 243, жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика – 4 088, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – 3 815, денсаулық сақтау мамандықтарына – 2 700 бөлінген. Соның ішінде "Қала құрылысы, құрылыс жұмыстары және азаматтық құрылыс" мамандығына ең көп грант бөлінген – 2 500.