2022 жылы әлеуметтік төлем алатын азаматтар үшін цифрлы "әлеуметтік әмиян" қолданысқа енеді. Бұл қандай әмиян және кімге арналған? Цифрлы әмиянның қандай артықшылықтары бар? Осы және өзге де сұрақтарға Informburo.kz жауап береді.
№1. "Әлеуметтік әмиян" идеясы қайдан шықты?
2020 жылдың 1 қыркүйегінде Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына жолдауында зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау процестерін барынша цифрландыруды, соған қоса әр азаматтың "әлеуметтік әмиянын" енгізуді тапсырды.
№2. Әлеуметтік әмиян деген не?
Әлеуметтік әмиян – банктік шоттың баламасы. Әлеуметтік әмияны бар азаматтарға банкке барудың, есепшот ашудың қажеті жоқ. Атаулы әлеуметтік төлемдер тікелей әлеуметтік әмиянға аударылады. Ол арқылы бюджеттен әлеуметтік бағытта бөлінген ақшаның қалай жұмсалып жатқанына бақылау жүргізуге болады.
Бүгінде барлық әлеуметтік төлем екінші деңгейлі банктер арқылы алушылардың шоттарына аударылады. Әлеуметтік әмиянның артықшылығы – азаматтар банктерге жүгінбейді. Қазіргідей кезек күтіп, банктен шот ашпайды. Цифрлық әмиян ақшаны қолға ұстап жүруді қажет етпейді.
№3. Әмиянды қалай ашады?
Қазіргі таңда әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде міндетті түрде IBAN карталық шоты болуы керек. Ал әлеуметтік әмиян үшін банктен есепшот ашудың қажеті жоқ. Ұлттық банк жүйесінде әр адамға ЖСН нөмірі арқылы автоматты түрде шот ашылып, цифрлы әмиян ашылады.
Оқи отырыңыз: 2021 жылдан бастап зейнетақы, жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер қаншаға өсті? Түсіндірме
№4. Цифрлы әмиянға қанша әлеуметтік төлем аударылады?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шоттарға 44 әлеуметтік төлемді проактивті түрде аударуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, зейнетақыны да цифрлы әмиянға аударуды көзделген.
№5. Әлеуметтік әмияндағы ақша қалай қорғалады?
Қауіпсіздікті сақтау үшін Ұлттық банктің электронды ақшасын пайдалану ұсынылып отыр. Бұл тәсіл банктер банкротқа ұшыраған жағдайда халықтың қаражатын сақтап қалады. Жеке әлеуметтік әмиянда ақша сақталады, өйткені, олар банкке байланбайды
№6. Әмиянда жатқан ақшаға басқа тарап қол жеткізе ала ма?
Әмиянға аударылған әлеуметтік төлемдер – банктердің, салық органдарының немесе коллекторлық ұйымдар мен басқа да тараптардың өндіріп алуынан қорғалады. Сондай-ақ, төлемді әлеуметтік әмиянға аудару банктің банкрот болуы, құлдырауы сынды қатерінен қорғау әрі сот орындаушылары мен борышты қайтару қызметімен айналысатын басқа да қаржылық ұйымдардың тәркілеуінен сақтау үшін керек.
№7. Әмияндағы ақшаны қалай басқаруға болады?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі цифрлы әмиянның өзіндік мобильді қосымшасы болатынын мәлімдеді. Төлем әмиянға кедергісіз аударылады. Азаматтар мобильді қосымша арқылы жеке кабинетіне кіріп, қаржысын басқара алады. Осы қосымшада қанша ақша барын көруге, төлем жасауға, QR код арқылы тауар мен қызметті комиссиясыз сатып алуға, ақша аударуға және картаны толтыруға болады.
Оқи отырыңыз: Зейнетақы жинағын алуға өтінім қабылдайтын сайт іске қосылды. Азаматтар нені білуі қажет?
№8. Әмияндағы ақшаға тауар сатып алуға бола ма?
Әлеуметтік әмиянды қолданушылардың тауар сатып алуға немесе банк картасы сияқты қызметтер алуға толық мүмкіндігі бар. Әлеуметтік әмияннан төлем картасына да ақша аударып, қолма-қол ақшаны шешуге болады. Ешқандай шектеу жоқ.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, цифрлы әмиян әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті сатып алуға, бизнес іске асыратын жұмыс пен қызметке ақы төлеуге арналған. Тіпті кейбір азық-түлікті 45%-ға дейін жеңілдікпен алуға болады. Осылайша әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасына мониторинг жүргізіп, қымбатшылықтың алдын алады.