Тікелей эфир

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы

Сурет akorda.kz сайтынан алынды
Сурет akorda.kz сайтынан алынды
Президент Жолдауының басым бөлігі дағдарыстан кейінгі экономикалық және әлеуметтік мәселелерге арналған.

"Парламенттің кезекті сессиясының жұмысы өте күрделі кезеңде басталып отыр. Елімізде жер жаһанда зор қауіп төндірген пандемияға қарсы күрес әлі де жалғасуда. Біз азаматтардың өмірін және денсаулығын қорғау үшін бар күш-жігерімізді біріктірдік. Осындай сын сағатта ынтымағы жарасқан халқымыз жұдырықтай жұмылды. Індетпен күрес дана халқымызға тән асыл қасиеттердің арқасында жүзеге асты. Өзгеге қол ұшын созып, тілеулес болып, тосыннан келген кеселге қарсы тұру маңызды екені анық байқалды. Дәрігерлерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге, еріктілерге, кәсіпкерлерге және осындай жағдайда бей-жай қалмаған барлық азаматқа шын жүректен алғыс айтамын. Сіздер айрықша табандылықтың және зор жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсеттіңіздер", – деді мемлекет басшысы.

Бұл – Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің көрінісі.

Үкімет жіберілген қателіктерден сабақ алып, жұмысты жедел жолға қоя білді.

"Қазіргі күрделі жағдайда алдымызда тұрған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу. Дағдарысқа қарсы жедел шаралардың екі топтамасы қабылданды.

Уақытша табыссыз қалған 4,5 миллионнан астам азаматымыз 42 500 теңге мөлшерінде көмек алды. Бұған 450 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды.

Осындай жәрдем көршілес елдерде, басқа ірі мемлекеттерде берілген жоқ. Миллионннан астам азаматқа азық-түлік және тұрмыстық заттар қоржыны берілді. Елбасы, "Нұр Отан" партиясы төрағасының бастамасымен 550 мыңнан астам отбасы "Біргеміз" қорының қолдауымен бір реттік қаржылай көмекке ие болды", – деді мемлекет басшысы.

Президент пандемия барлық мемлекеттер үшін сынақ кезеңіне айналғанын баса айтты.

"Олар індетпен күрес жолында көп қиындықты бастан өткізіп жатыр. Бір жерде ахуал тұрақтанса, екіншісінде вирустың жаңа ошақтары пайда болуда. Үкімет жіберілген қателіктерден сабақ алып, жұмысты жедел жолға қоя білді. Ең бастысы азаматтардан еш нәрсені жасырмай, індеттен қайтыс болғандар туралы ақпараттың барлығын ашық жариялады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

"Қаншалықты ащы болса да, шындықты айтып отырдық. Бұл кейбір мемлекеттерге қарағанда Қазақстанның ұтымды тұсы. Алайда ахуалдың жақсаруы босаңсуға себеп болмауға тиіс. Күрес әлі де жалғасуда. ДДСҰ болжамы бойынша, пандемияны жеңу үшін кем дегенде 2 жыл қажет. Алдағы айларда күш-жігерімізді барынша жұмылдыра жұмыс істейтін боламыз. Осыған дайын болуымыз керек. Мәселе туындаған кезде ғана шұғыл қимылдамай, алдын ала шаралар қабылдап, барлығын жан-жақты ойластыруымыз керек. Барлық шешімдер мұқият тексерілген болжамдарға негізделген болуы тиіс", –деді мемлекет басшысы.

Үкімет нақты шектеулер мен бейімді карантин әдістерін енгізіп жатыр.

"Пандемиямен күрес жөнінде кешенді бағдарлама әзірленеді. Мемлекет тарапынан әлеуметтік салаға және экономиканы қолдауға бағытталған барлық міндеттемелер орындалатын болады. Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 1 трлн теңге бөлінуде. Әлеуметтік төлемдерді индаксациялау жұмысы жалғасын табады. Осы бағытта 2023 жылға дейін шамамен 1 трлн теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр", – деді президент.

Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігі құрылады

"Жұмысты мемлекеттік басқару ісі, кадр саясаты, шешім қабылдау және оны орындау жүйесіне деген көзқарасты өзгертуден бастаймыз. Мемлекеттік басқару саласы пандемия мен дағдарыс жағдайында бар мүмкіндігінше жұмыс істеп отыр. Жедел шешім қабылдау процесі көп уақыт пен ресурсты қажет етеді. Дегенмен, әрқашан алда болатын жағдайларды да бақылап, болжап отыруымыз керек. Сол себепті, Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігін құру туралы шешім қабылдадым", – деді президент.

Мемлекет басшысының сөзінше, мұндай орган Қазақстанда бұрын да болған және өз міндетін толыққанды атқарып отырған. Енді аталған агенттік қайтадан мемлекеттік жоспарлау жүйесінің орталығына айналмақ. Агенттік тікелей президентке бағынады

"Біз қазіргі қиындықты міндетті түрде еңсереміз. Дегенмен, еліміздің жаңа геосаяси ахуалдағы ұзақ мерзімді дамуын естен шығармауымыз керек. Қазір әлем соңғы 100 жыл ішінде болмаған дағдарысты бастан кешіруде. Сарапшылардың айтуынша, жаһандық экономиканы қайта қалпына келтіру үшін кемінде 5 жылға дейін уақыт қажет. Дей тұрғанмен, болашақта көш бастайтын мемлекеттердің бәсекеге қабілеті дәл осындай дағдарыстар мен күрделі өзгерістер кезінде шыңдалады. Қазақстан жаңа әлемде өзінің лайықты орнын алуға тиіс", – деді мемлекет басшысы.

"Әлемнің жаңа болмыс-бітімі қалыптасып жатқан шақта біз реформаларға тың серпін беруіміз керек. Бұл бағытта ұлт жоспарын және 5 институционалдық реформаны негізгі бағдар етіп алуымыз қажет. Біз азаматтарымыздың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға, олардың құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге міндеттіміз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Министрліктердің жауапты хатшылары институты таратылады

Қасым-Жомарт Тоқаев министрліктердегі жауапты хатшылар институтын таратуды тапсырды. Мемлекет басшысы бұл құрылым өзін ақтамады деп санайды.
"Бұл институтты енгізу кезінде олардың ауыспаушылығы министрлерді әкімшілік кадр жұмысынан босатады және аппараттың тұрақтылығын қамтамасыз етеді деп болжанған. Ал іс жүзінде бұлай болған жоқ. Сонымен қатар, министрлер мен жауапты хатшылар арасында өзара түсіністіктің болмауы жиі кездеседі. Нәтижесінде ортақ іс зардап шегеді. Сұрау тек бір адамнан – Президент тағайындайтын министрден болуы керек. Сондықтан жауапты хатшылар институтын жою керек", – деді президент.
Президент олардың міндеттерін министрліктер аппараттарының басшыларына жүктеу керектігін атап өтті. Бұл ұсыныстарды іске асыру үшін мемлекет басшысы жыл соңына дейін мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға түзетулер қабылдауды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев сонымен қатар мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқарту мерзімін жеделдетуді тапсырды. Оның айтуынша, биыл олардың санын 10 пайызға, келер жылы тағы 15 пайызға қысқарту керек.
"Осылайша, біз 2021 жылы шенеуніктерді 25 пайызға қысқарту мәселесін шешеміз. Нәтижелерге байланысты біз одан кейін де қысқарту туралы шешім қабылдаймыз. Үнемделген қаражат есебінен қалған қызметкерлердің жалақысы көтеріледі. Төмен ақылы мемлекеттік қызмет қоғамға тым қымбат түсіп отыр. Бұл мәселені дұрыс түсінбеу теріс іріктеуге, құзыреттіліктің, бастамашылықтың жоғалуына, ең бастысы сыбайлас жемқорлыққа әкеледі", – деп атап өтті мемлекет басшысы.
Президент, сондай-ақ, өз сөзінде 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда факторлық-балдық шкала енгізілуі керек, бұл мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігі мен уәждемесінің артуына әкеледі деді.
"Бізге жаңа көзқарастар мен бастамалармен жұмыс істейтін кәсіби кадрлар өте қажет. Мемлекеттік қызмет жабық ұйымға айналмауы керек. Сонымен қатар, кәсіби және этикалық талаптардың құлдырауына жол бермей, сабақтастық пен институционалдық жадыны қамтамасыз ету қажет", – деді президент.

БЖЗҚ-ның 700 мың салымшысы 2021 жылы өз жинақтарының бір бөлігін пайдалана алады

Президент Үкімет пен Ұлттық банкке жыл соңына дейін бұған қажетті дайындық реформасын жүргізуді тапсырды. БЖЗҚ-ның 700 мың салымшысы өз жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, емделуге немесе қаржы компанияларына басқаруға беру үшін пайдалана алады.

"Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты ең алдымен тұрғын үй мәселесімен тығыз байланысты. Нарықтық жағдайда азаматтар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігі табыстың болуына және осы мәселені өздігінен шешуге негізделген. Менің тапсырмам аясында халықтың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану мәселесі пысықталды. Бұл әсіресе қазір өзекті. Бірақ 2021 жылы БЖЗҚ-ның 700 мың салымшысы өз жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, емделуге немесе қаржы компанияларына басқаруға беру үшін пайдалана алады", – деді президент.

Оқи отырыңыз: Зейнетақы жинағын кімдер мерзімінен бұрын ала алады? Үкімет пен Ұлттық банк ұсыныстары қандай?

Медициналық инфрақұрылымды дамыту мәселесі

Үкімет бастапқы медициналық көмекті ұйымдастыру тәсілдерін қайта қарауы қажет. Ол барынша мобильді әрі халықтың барлық тобына, оның ішінде ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керек. Шалғай өңірлердегі көлік медицинасын жаңғырту жөнінде шаралар қабылдау қажет.


"Тағы бір мәселе – медициналық инфрақұрылымды дамыту. Жыл соңына дейін ел аумағында жаңа 13 жұқпалы аурулар ауруханасы салынады. Ал 2025 жылға қарай денсаулық сақтау саласына арналған 20 заманауи көпсалалы нысан пайдалануға беріледі. Бұл осы мақсатқа орай 1,5 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылады деген сөз", – деп атап өтті мемлекет басшысы. Оның айтуынша, Елбасының бастамасымен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында екі көпсалалы медициналық орталық салынады. "Бұл орталықтар еліміздің беткеұстар мекемелеріне айналып, инновациялық өсімге және қолданбалы медицинаның дамуына тың серпін береді", – деді Тоқаев.

"Отандық фармацевтика саласын аяғынан тік тұрғызу керек"

Барлық дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар Қазақстанда өндірілуі тиіс. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Келесі жылдан бастап осы бағытта нақты нәтиже күтемін.

"Пандемиядан туындаған дағдарыс бізге көп нәрсені үйретті. Мәселен, дәрігерлердің еңбегін бағалау қажеттігі. Ал бір кездері медициналық қызметкерлер мемлекет назарынан тыс қалған еді. Әрине, мамандықтың маңыздылығы материалдық қаражатпен бекуі тиіс. Ең жақын арадағы бюджетті нақтылауда медицина қызметкерлеріне екінші жарты жылдық үшін ынталандыру үстемеақысын төлеуге 150 млрд теңге бөлуді тапсырамын", – деді президент.

Сонымен бірге, ол мұны дағдарыс жағдайында ғана емес, жүйелі негізде жасау қажеттігін айтты.

Пандемиядан зардап шеккен бизнесті қолдау бағдарламасы 2021 жылдың соңына дейін ұзартылады

Экономиканың неғұрлым зардап шеккен салаларындағы шағын және орта бизнес 2020 жылдың соңына дейін бюджеттен тыс қорларға еңбекақы төлеу қоры аударымдардан босатылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың зардап шеккен секторларындағы шағын және орта бизнестің барлық жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарын 6%-ға дейін жылдық мөлшерлемемен мемлекеттік субсидиялауды қамтамасыз етуді тапсырды.

"Субсидиялау 16 наурызда төтенше жағдай режимі жарияланғаннан бастап 12 ай кезеңді қамтиды. Ұлттық банк ең көп зардап шеккен секторлардағы шағын және орта бизнес үшін айналым қаражатын толықтырудың арнайы бағдарламасын жүзеге асырады. Бұл жұмыс жыл соңына дейін аяқталады деп болжанған еді. Ағымдағы дағдарыс жағдайында осы бағдарламаны 2021 жылдың соңына дейін ұзартуды және қамтуды кеңейтуді тапсырамын", – деді президент.

Оның айтуынша, бұған қосымша 200 млрд теңге қарастырылған. Бағдарламаны қаржыландырудың жалпы көлемі 800 млрд теңгені құрайды.

Президент жыл соңына дейін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторға тиесілі жылжымайтын мүлік нысандары бойынша шағын және орта бизнес үшін жалдау ақысын есептеуді тоқтата тұруды тапсырды.

"Дәл қазіргі жағдайда халықтың жұмыспен қамтылуы мен табысын сақтау басты басымдық болып отыр. Сондықтан ең көп зардап шеккен салалардағы шағын және орта бизнес үшін еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктемені азайту маңызды. Жыл соңына дейін бизнестің осы санатына бюджеттен тыс қорларға еңбекақы төлеуден аударымдарды алып тастауды тапсырамын", – деді мемлекет басшысы.

Ол бизнес-климатты анықтайтын реттеуші жүйенің әлі де қолайсыз, тіпті жазалаушы жүйе екенін атап өтті. Сол себепті реттеу саясатының базалық қағидаттары өзгертілуі тиіс.

"Мемлекеттік реттеу азаматтардың денсаулығы мен экологияны қорғаумен ғана ақталуы мүмкін. Заңды түрде және іс жүзінде нысанның формадан басым болуы, жалпы мағынасы мен мазмұны қатаң құқықтық нормалардан басым болуы мүмкін. Тексеруге үш жылдық мораторий мұндай реттеуді басынан бастауға мүмкіндік береді. Сәулет-құрылыс қызметі, санэпидқадағалау, ветеринария, сертификаттау сынды және басқа да сыбайлас жемқорлық көп салалардан бастау керек, – деді мемлекет басшысы.

Ол келер жылы шағын және орта бизнес қызметіне байланысты жаңа нормативтік-құқықтық база әзірлеуді тапсырды. Президент кәсіпкерлік қызметке мемлекеттік құрылымдардың кез келген заңсыз араласуы, бизнесмендердің жұмысына кедергі келтіруі мемлекетке қарсы ең ауыр қылмыс ретінде қабылдануы тиіс екенін атап өтті.

"Кәсіпкерлер өздеріне шенеуніктер заңсыз қысым жасаса, батыл түрде прокуратура органдарына жүгінуі тиіс. Кәсіпкерлікті қолдау нарықтық табыстың негізгі компоненттерін қамтитын орта бизнеске ерекше назар аударуды қамтиды. Мұндай компаниялар ішкі ғана емес, сыртқы нарықтарға да бағдарлануы тиіс. Оларды экспорттық қолдауды күшейту керек. Үкіметке идеядан нәтижеге дейін шикізатпен қолдауды қамтамасыз ету үшін орта шикізаттық емес кәсіпорындарға бағытталған экспорттық акселерация бағдарламаларын іске қосуды тапсырамын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының сөзінше, шағын және орта бизнесті дамыту бойынша жұмыстың басты нәтижесі 2025 жылға қарай оның жалпы ішкі өнімдегі үлесін 35%-ға дейін, ал жұмыспен қамтылғандар санын 4 млн адамға дейін жеткізу керек.

Білім саласындағы басты мәселенің бірі – ұстаздар жалақысының аздығы. Мен 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға көбейту жөнінде шешім қабылдадым.

Мемлекет басшысы жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта беретінін айтты.

"Бұл мақсатқа алдағы үш жылда 1,2 трлн теңге бөлінеді", – деді Тоқаев.

Оқи отырыңыз: Шағын және орта бизнес жағдайы және оны қалпына келтірудің 3 жолы. Әлеуметтік зерттеу

Президент "Бәйтерек" және "ҚазАгро" холдингтерін біріктіруді тапсырды

Компания портфелі мен қызметкерлер құрамы екі есе қысқарады.

Мемлекет басшысы квазимемлекеттік секторда әкімшілік жұмыспен айналысатын кадрларды, пайдасыз шығындар мен артық үлестік компанияларды қысқарту жөніндегі жұмыс жалғасуы тиіс екенін атап өтті.

"Бәйтерек "және"ҚазАгро" холдингтерінің рөліне жеке тоқталғым келеді. Бұл компаниялар индустрияландыру саласына және агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына елеулі үлес қосты және осы салалардағы институттардың жұмысын тәртіпке келтірді. Қазіргі жағдай басқаша. Институционалдық құрылымның өзгеруі – уақыт талабы. Сондықтан осы екі холдингті біріктірген жөн", – деді президент.

Ол осылайша қаржылық мүмкіндіктері кең жаңа даму институтын құруға болатынын атап өтті. Компания портфелі мен қызметкерлер құрамын екі есе қысқарту қажет.

Төтенше жағдайлар министрлігі қайта құрылады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда төтенше жағдайлар министрлігін қайта құру қажет деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Ішкі істер министрлігі құрылымын өзгерту ведомствоның тиімділігін арттырады. Президент ІІМ құрылымын қайта қарап, оны бейінді емес функциялардан босату керек деп атап өтті.

"Біз табиғи және техногендік апаттар дәуіріне кіргенімізді ескере отырып, төтенше жағдайлар министрлігін қайта құру қажет деп санаймын", – деді президент.

Учаскелік инспектордың мәртебесін заңнамалық тұрғыда көтеріп, оған нәтижелі жұмыс істеу үшін мүмкіндік беру керек. Ол азаматтарға таныс, қолжетімді және беделді болуы қажет.

Қазақстанда бәсекелестікті дамыту және қорғау жөніндегі агенттік құрылады

Мемлекет басшысы бәсекелестікті дамыту және қорғау жөніндегі агенттік құру туралы тапсырма берді.

"Күн санап бәсеке саясатының маңызы артып келеді. Сондықтан бәсеке алаңын түрлендіріп, базарларды монополияландыруды тоқтатып, барлық кәсіпкерге бірдей мүмкіндіктер жасауымыз қажет. Бүгінде нарыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын әдістер үстемдік құрып отырғаны өтірік емес. Кәсіпкерлер нарыққа кіре алмайды. Кірсе де, жеке монополистерге бағынуға мәжбүр. Бәсекелестікті өлтіретін әрекеттер қоғамның бар саласында көрініс тауып отыр. Мысалы, көмір нарығы, электр қуаты, мұнай өнімдері, байланыс, әуежай қызметі, логистика, фармацевтика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы. Айта берсең, бұл ұзақ тізім", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент аймақтық деңгейдегі кәсіпкерліктің негізгі жетістігі көп жағдайда әкімшілік ресурс екенін айтты. Оның пікірінше, монополия ойыншылары – мемлекеттік және жеке кәсіпкерлер мәселесімен айналысуы қажет. Ол үшін нақты ережелер ойластырылғаны маңызды.

Бізге қатаң қоғамдық бақылау жүйесі керек. Алдымен, биржа саудасы, мұнай өнімдері, электр қуаты және көмір нарығын ретке келтіру қажет. Ірі ойыншылардың жалған әрекеттеріне жол берілмейді. Сондықтан, бізге бәсекелестікті дамыту және қорғау жөніндегі мықты әрі тәуелсіз орган керек. Сол себепті, президентке тікелей бағынатын агенттік құруды тапсырамын.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, тең дәрежелі бәсекелестіктің дамуында экономиканы мемлекет иелігінен алу процесі айтарлықтай рөл ойнайды. Дегенмен, Қазақстандағы 7 мыңға жуық нысан әлі күнге дейін орталық мемлекеттік орган, әкімдік және холдингтердің меншігінде.

Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуі тиіс

"Келесі жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді пайдалану мәселесі бойынша Жер кодексінің кейбір нормаларына енгізілген мораторий күшін жояды. Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Бірақ, Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуі тиіс. Аграрлық секторға инвестиция тарту ауадай қажет. Кәсіби мамандардың тапшылығы, сонымен қатар аграрлық ғылымның ойдағыдай дамымауы – осы саладағы қордаланған мәселелер", – деді мемлекет басшысы.

Осы бағытта атқарушы билік тарапынан нақты шаралар қабылдануы керек.

"Технологиялық тұрғыдан ескірген суғару жүйесі үлкен кедергі келтіріп отыр. Судың 40 пайызы далаға кетіп жататын кездер болады. Онсыз да су тапшылығы зардабын тартып отырған еліміз бұған жол бере алмайды. Осы саланың нормативтік-құқық тұрғыдан реттелуін қамтамасыз етіп, заманауи технологиялар мен инновацияны енгізу үшін экономикалық ынталандыру шараларын әзірлеу қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оқи отырыңыз: Ауыл шаруашылығы техникаларының ескілігі Үкіметті алаңдатып отыр

Ауыл әкімдері сайланады

Мемлекет басшысы ауылдарда бюджет қаражатын бөлуге қоғамдық бақылау жасаудың маңызын атап өтті. Әрі келесі жылы ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өткізілуі мүмкін екенін мәлімдеді.
"Қоғамдық пікір сауалнамалары халықтың ауыл әкімдерін сайлауға тікелей қызығушылығының артқанын көрсетті. Бұл маңызды қадамды жан-жақты және дәйекті түрде қарастырған жөн. Біз бұл жүйенің қалай жұмыс істеу керектігін нақты білуіміз керек. Алайда, бұл мәселенің шешімін кейінге қалдыруға болмайды. Келесі жылы округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болады деп ойлаймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол, сондай-ақ, ауылдарда бюджет қаражатын бөлуге қоғамдық қадағалаудың маңыздылығын атап өтті.
"Өңірлерде көбінесе ақша халықтың қажеттіліктеріне жұмсалмайды. Азаматтар имиджге және бір жолдың жыл сайынғы жөндеуіне кететін шығындарға наразы. Бұл орынды сын. Сондықтан инфрақұрылымға қаражаттың бөлінуіне қоғамдық сараптама жүргізу керек", – деді президент.
Мемлекет басшысы жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржылық мүмкіндіктерін күшейту қажет деп қосты. Ол үшін меншік құқығын кеңейту және ауылдық округтер бюджеттерінің кірістерін ұлғайту керек. Бұл қоғамдық қатысу бюджеттерін дамытудың келесі кезеңі болуы тиіс.
"1 желтоқсанға дейін Үкімет осы маңызды мәселені шешудің нормативтік базасы мен тетігін әзірлейді. Жергілікті ресурстардың оңтайлы жұмсалуын қадағалау үшін өкілетті органдар – мәслихаттар шақырылады. Бірақ олардың пікірлері көп жағдайда жиі ескерілмейді. Бұл – саяси анахронизм. Мәслихаттарға өңірді дамыту бойынша немесе ондаған жылдар бойы өз шешімін таппаған жергілікті проблемалар бойынша қол жинау және петиция жасау функциясын беру мүмкін деп санаймын", – деді президент.
Ол, сондай-ақ, мәслихаттардың тексеру комиссияларының рөлін күшейту қажеттігін атап өтті. Үкіметке және Есеп комитетіне заңнамаға тиісті түзетулер пакетін ұсыну тапсырылды.
"Мәслихаттар отырыстарының міндетті онлайн-трансляциясын енгізу қажет. Халық қалаулыларының пікірталастары, олардың қоғамдық-саяси келбеті қоғам үшін жеті мөрдің артында құпия болмауы керек. Жергілікті мемлекеттік басқару мен жергілікті өзін-өзі басқарудың өкілеттіктерін кезең-кезеңімен ажырату ұсынылады. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, олардың жиындарының, жиналыстарының мәртебесін арттыру қажет. Олардың жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерге қатысты пікірлерін аудандық мәслихаттар нақты шешімдер қабылдау үшін ескеруі тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жемқорлар шартты түрде мерзімінен бұрын босатылмайды

"Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасы қолданылмайды. Жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік қызметте және квазмемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойына тыйым салатын қағида қатаң сақталуы керек. Біз сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған адамдарды заң жүзінде қорғайтын жүйе қалыптастыруымыз қажет", – деді мемлекет басшысы.

Қылмыстық және қылмыстық-процесуалдық заңнаманың тұрақтылығын қамтамасыз ету маңызды. Оны жиі түзету мен өзгеріс енгізу құқықты қолдануға кері ықпал етеді және біркелкі тергеу және сот практикасын жасауға мүмкіндік бермейді.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы мемлекеттік қызметшінің немесе квазимемлекеттік мекеме басшысының қос азаматтығы анықталған жағдайда олар қызметінен босатылатынын айтты.
"Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, судьялардың, пара берушілердің және парақорлыққа делдал болғандардың сыбайлас жемқорлығы үшін жазаны қатайту тұрғысынан қылмыстық кодекске өзгерістер енгізу керек", – деді мемлекет басшысы.

Бірыңғай білім беру платформасы құрылады

Президент Қазақстанда білім беретін бірыңғай онлайн-платформа жоқ болғандықтан, мұғалімдер мен оқушылар күні-түні WhatsApp желісінде отыруға мәжбүр екенін айтты. Ол толыққанды оқу процесі үшін қажет барлық қызметпен жабдықталған бірыңғай онлайн-платформа құруды тапсырды.

"Коронавирус эпидемиясының кесірінен әлемдегі студенттер мен оқушылардың басым көпшілігі қашықтан оқуға көшті. Ал, бұл жаңалық жұмыс мазмұнын толықтай өзгертіп отыр. Біз Үкіметтің қашықтан оқу процесін ұйымдастыру кезінде жасаған қателіктерін жақсы білеміз. Атап айтқанда, бізде әлі күнге дейін қашықтан оқуға арналған нақты бір онлайн-платформа жоқ", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оқи отырыңыз: Интернеті жоқ ауылдар әлі де көп. Білім беру ресурcтары қашықтан оқуға қаншалықты дайын?

"Диплом таратумен айналысатын оқу орындарын жабу мәселесін шешу керек"

"Өткен жылы дипломды басып шығарумен айналысатын оқу орындарын жабуды тапсырдым. Табысты білім беру бизнесіне жұмылдырған ықпалды адамдардың қарсылығының салдарынан жұмыс қиын жүріп жатыр. Бірақ, проблеманы шешу керек. Премьер-министр осы мәселені ерекше бақылауға алуы тиіс", – деді президент.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы дәстүрлі форматтағы оқу процесі мен оқушылардың өз қатарластарымен бетпе-бет араласуының маңыздылығына тоқталып, мектептердің қайтадан бұрынғы оқу форматына көшуіне арналған ережелерді құрастыру қажеттігін айтты.

"Жас ғалым" жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1 мың грант бөлінеді

"Ғылым саласын дамыту туралы да айтқым келеді. Бұл мәселеде бізге тың көзқарас пен жаңа тәсілдер керек. Сондай-ақ халықаралық тәжірибеге арқа сүйеу қажет. Үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ, "Жас ғалым" жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1 мың грант бөлуді тапсырамын", – деді президент.

Айтуынша, ғылымды қаржыландырудың және қолдаудың маңызды көзі - ірі кәсіпорындардың, әсіресе шикізат саласындағы компаниялардың қаражаты.

"Тапқан табыстың 1 пайызын ғылым мен технологияны дамытуға беру туралы қолданыстағы норма талаптары сақталмай отыр. Көп жағдайда бұл қаражат компаниялардың ішінде бөлініске түсіп кетеді. Үкіметке осы қаражатты жинақтау ісін орталықтандыруды және оны бюджет арқылы жалпы ұлттық ғылыми басымдыққа сай бөлінуін қамтамасыз етуді тапсырамын", – деді президент.

"Бізге елімізді ғылыми-технологиялық тұрғыдан дамыту жөніндегі арнаулы бағдарламалық құжат қажет", – деді президент. – Оның басты міндеті – ұлттық деңгейдегі нақты мәселелерді шешу, ғылымның әлеуетін пайдалану болмақ.

"Ірі бизнес университеттерді қолдауға мән беруі керек. Олар өңірлік университеттердің ғылыми қызметін қамқорлыққа алса, нұр үстіне нұр болар еді", – деді Тоқаев.

Қазақстандықтар онлайн-петициялардың көмегімен ресми түрде реформаларға бастама жасай алады

Президент тиісті нормативтік база әзірлеуді тапсырды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтар реформалар мен ұсыныстарға бастама білдіруі үшін онлайн-петициялардың заңды институтын құруды тапсырды.

"Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасын әзірлейтін кез келді. Формализм мен жеделдіктің болмауы мемлекеттік органдардың жұмысында әлі де бар екенін мойындау керек. Азаматтар жергілікті мәселелерін шешуді орталық биліктен талап етуге мәжбүр. Жергілікті басшыларға көбірек өкілеттік пен жауапкершілік беретін уақыт келді. Әлеуметтік желілердің арқасында жергілікті жерлерде шешімін таппаған мәселелер бүкіл елге белгілі бола бастады. Азаматтар реформалар мен ұсыныстарға бастамашылық жасауы үшін бірыңғай заңды онлайн-петиция институтын құру қажет. Мұндай механизм айла-шарғылардан толық қорғалуы тиіс", – деді мемлекет басшысы халыққа Жолдауында.

Ол Үкімет азаматтық қоғаммен бірге нормативті-құқықтық базаны әзірлеп, осы жоба бойынша барлық техникалық мәселені шешетінін айтты.

Президент қоғамдық бақылау туралы заң қабылдауды тапсырды

Мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуге жол ашатын қоғамдық бақылау туралы заң қабылдау қажет.

"Сыбайлас жемқорлықпен күрес барынша жүйелі сипат алуы керек. Жемқорлықтың пайда болу себептеріне көбірек назар аударып, алдын алу үшін жұмыс жүргізілуде. Енді жемқорлыққа апаратын факторларды анықтау үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың нормативтік актілері мен жұмыс үдерісіне жемқорлыққа қарсы күрес тұрғысынан арнайы талдау өткізген жөн", – деді мемлекет басшысы.

Президенті сыбайлас жемқорлықпен күрес жауапқа тартылудан қорыққан шенеуніктерді дербестік бастамашалық және жедел әрекет ету қасиеттерінен айырмауға тиіс екенін айтты.

"Біз мемлекеттік бақылауға балама қоғамдық бақылау институтын қолдай отырып, тиісті құқықтық негіз қалыптастыруымыз керек. Мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуге жол ашатын қоғамдық бақылау туралы заңды әзірлеп, қабылдауды тапсырамын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

"Азаматтарымыз жаңа саяси мүмкіндіктерге байланысты екіжүзділіктің өсуіне жол бермейді деп үміттенемін"

Президенттің айтуынша, демократияның басты жауы – надандық пен популизм. Қоғамға саяси реформалар қажет, деп атап өтті президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

"Мемлекет басшысы ретінде мен Қазақстанда шын мәнінде көп партиялы жүйені дамытуға ниеттімін. Біз бір орында тұрған жоқпыз. Біз саяси жүйемізді біртіндеп жаңа шындыққа бейімдеп жатырмыз. Біздің қоғамға саяси реформалар қажет. Демократияның басты жауы – надандық пен популизм. Бұл факт ескерілуі керек. Азаматтарымыз реформаларды қолдайды деп сенемін және жаңа саяси мүмкіндіктердің арқасында қоғамда екіжүзділіктің өсуіне жол бермейді деп үміттенемін", – деді мемлекет басшысы.

2021 жылдан елімізде "Аңсаған сәби" арнаулы бағдарламасы іске қосылады

"Үкіметке 2021 жылдан бастап "Аңсаған сәби" арнауы бағдарламасын бағдарламасын іске қосуды тапырамын. "Эко" бағдарламасымен квотаны 7 мыңға дейін, яғни, 7 есе көбейту қажет", – деді президент.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, елімізде өкінішке орай әрбір алтыншы отбасы бала сүю бақытынан айырылған.

"Әлеуметтік сауал қазақстандықтардың шамамен 20 пайызы "бұл ажырасуға үлкен себеп" санайтындығын көрсетті", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Елімізде 7 ірі экожүйе қалыптастыруға болады

Мемлекет басшысының атап өтуінше, ауыл шаруашылығы саласында шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін арзан несиенің болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы орын алуда.

"Өнімділікті арттырып, шикізат өндірумен ғана шектелмеу үшін, сондай-ақ қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау керек. Елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыруға болады. Балық шаруашылығына да ерекше мән берілгені жөн. Қосымша құн қалыптастырудың өзегі саналатын ірі жобалар маңызды рөл атқаруға тиіс", – деді мемлекет басшысы,

Президенттің атап өтуінше, вертикалды кооперация аясында жеке қосалқы шаруашылықтың әлеуетін пайдаланған абзал.

"Жеке шаруашылығы миллиондаған ауыл тұрғынына табыс табуға мүмкіндік бере алады. Оларды өңірлік азық-түлік хабын құруға жұмылдыру керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

"Біз горизонталды кооперацияның да әлеуетін естен шығармауыз қажет. Онсыз агроөнеркәсіп кешенінде қарқынды даму болмайды. Басы бірікпеген жеке қосалқы шаруашылықтар шын мәнінде өлместің күнін көріп отыр. Бұл ретте сапалы әрі мол өнім өндіру, үздіксіз тауар жеткізу туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз", – деді мемлекет басшысы.

Президентінің атап өтуінше, бәсекеге қабілетсіздік пен импорттан арыла алмай отыруымыздың себебі де осында жатыр.

"Кооперация кезінде жер және басқа да мүлікке қатысты барлық құқықтар сақталады. Кооперация шаруашылықтарға шикізат сатып алу, өнім өндіру және оны сату барысында күш жұмылдыруға мүмкіндік береді, Ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағаланады. Бұл жасырын емес. Табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеліп жатады. Сондықтан субсидия және салық жеңілдіктерін беру бағдарламалары аясында ауылдық жердердегі кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірлеу қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын жариялайтын бүгінгі жиынға Мәжілістің 98 және Сенаттың 44 депутаты қатысты.

Палата отырысына депутаттық корпустан бөлек, премьер-министр Асқар Мамин бастаған Үкімет мүшелері толық құрамда қатысты.

Жиынға Конституциялық кеңес пен Жоғарғы сот төрағалары мен мүшелері, президентке тікелей есеп беретін және бағынатын орган басшылары, ұлттық компаниялар мен мемлекеттік ұйымдар басшылары да келген.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары