Тікелей эфир

1897-2018. Қазақ халқының саны қалай өзгерді?

Иллюстрацияны жасаған informburo.kz
Иллюстрацияны жасаған informburo.kz
2019 жылы Қазақстанда кезекті халық санағы өтеді. XIX -XX ғасырдағы Қазақстан аумағындағы халық саны, ұлттық құрамы, қазақ халқы санының өзгерісіне шолу.

Қазақстан халқының саны бойынша биыл 246 елдің ішінде 63 орынға тұрақтады. Ресей – 9, Түркия – 19, Ауғанстан – 38, Өзбекстан 43 орында.

Әлемде 17,13 млн-нан астам қазақ бар (2018 жылғы соңғы деректер негізінде жинақталған):

Қазақстанда – 12,5 млн;
Қытайда – 1,8 млн;
Өзбекстанда – 1,5 млн;
Ресейде – 0,8 млн;
Моңғолияда – 150 мың;
Қырғызстанда – 80 мың;
Басқаларда – 300 мыңға жуық.

Енді тарихи деректер негізінде Қазақстандағы қазақтардың санының қалай өзгергенін қарайық.

1897 жыл


1897 жылғы Ресей империясының санақ қағазы

1897 жыл. Ресей империясының санақ парақшасы / Сурет pikabu.ru сайтынан алынды


1897 жылғы санақ бойынша қазіргі Қазақстан жерінде 4 млн 333 мың адам тұрған. Есепке 60 ұлт өкілі алынған. Олардың ішінде:

  • Қазақтар – 3 392,7 мың адам немесе 81,7%;
  • Орыстар – 454,4 мың (10,9%);
  • Украиндер – 79,5 мың (1,9%);
  • Татарлар – 55,9 мың (1,34%);
  • Ұйғырлар – 55,8 мың (1,34%);
  • Өзбектер – 29,5 мың (0,75%) т.т.

Қазақтардың облыстардағы үлес салмағы: Семейде – 90,6%, Торғайда– 88,3%, Оралда –71,3%, Ақмолада – 62,6%, Сырдария – 60,4%, Жетісуда – 52,1%. Орыстар Ақмола (25,5%) мен Орал (25%) облыстарында көбірек болды.

Оқи отырыңыз: Қазақстандағы халық саны мен ел демографиясы туралы қызықты деректер

Ауылда – 3 882 350 адам, немесе жалпы қазақтың 93,6%-ы тұрды.

Қалада – қазақтардың 6%-ы ғана. Оралда – 36,4 мың, Верныйда (қазіргі Алматы) – 22,7 мың, Семейде – 20,2 мың, Петропавловскіде – 19,7 мың, Әулие-Атада (қазіргі Тараз) – 11,7 мың, Шымкентте – 11,2 мың, Ақмолада – 9,7 мың, Гурьевте (қазіргі Атырау) – 9,3 мың, Павлодарда – 7,7 мың, Перовскіде (қазіргі Қызылорда) – 5,0 мың, Ақтөбеде – 2,8 мың.

Қалада тұратын қазақтың үлесі – 15,4%. Мөлшермен 40 мың адам.

1917 жыл

Халық саны – 6 218 300 адам. Соның ішінде қазақтар – 3 615 000 (58%).


КСРО құрамындағы республикалардағы негізгі халықтардың әйелдерінің орташа бала туу көрсеткіші

Қазақтардың бала туу көрсеткіші / Сурет informburo.kz


1987-1917 жылдардағы өзгерістер.

Осы аралықта қазақ жерінде халық саны 50,2%-ға өсті – алты аймақта табиғи өсім 1 301,4 мың адамды құрады. Алайда 20 жылда қазақтың саны небәрі 6,5%-ға артқан. Үлесі 1897 жылғы 81,7%-дан 58%-ға түскен.

Орыстар 2,4 есе, украиндар 8,2 есе артып, сәйкесінше жалпы санның 17,5% және 10,4%-н құрады.

Славян этникалық топтардың үлесі Оралда – 44,4%, Торғайда – 37,6%, Орталық және Шығыс Қазақстанда – 21,7%. Жетісу өңірінде 2,8 есеге артып, жалпы халықтың 20,9%-ын құрады. Ал Сырдария өңірінде өзге ұлт өкілдері 6% болды.

1926 жыл


КСРО 1926 жылы халық санағы кезіндегі үгіт парағы

КСРО 1926 жылы халық санағының үгіт парағы / Сурет Wikipedia-дан алынды


Қазақстанда 6 198 467 адам тіркелген. Оның ішінде қазақтар – 3 627 612. 1897 жылғымен салыстырғанда небәрі 11 мыңға ғана өсіп, үлесі 58,5%-ға дейін төмендеді.

Ұлт саны – 86 болды. Орыстардың саны 2,8 есе өсіп, халықтың 20,6%-ын, украиндар – 13,9%, немістер – 0,8%, өзбектер – 2,1%-ын құрады.

1920-1921 жылдардағы ашаршылықтан қырылып, қуғын мен тонаудан 2 миллион 300 мыңнан астам адам жапа шекті.

1917-1920 жылдар аралығында халық саны 6 218 300 адамнан 4 679 795 адамға, ал 1923 жылы 3 786 910 адамға дейін кеміді. Осылайша, алты жылда 2 431 390 адамға азайды.

Қоныс аударушылардың әсері. 1922-1925 жылдары Ресей мен Украинадан келген шаруалар, Шығыс Түркістаннан келген босқындардың 80%-дан астамы ауылдық жерлерге қоныстанды (15%-ы Қостанай, 40%-ы Ақмола және Ақтөбе, 24%-ы Семей облысына).

Қала халқы 539 249 адам болып, халықтың 8,4%-ын құрады. Республикада 50 қала және қала типті ауыл пайда болды.

Орта және шағын тиіпті 33 қалада 125 200 адам өмір сүрді. 52,8%-ы – орыстар, 5,9%-ы – украиндар. Қазақтар – 14,4%.

Қазақтардың қаладағы үлесі Қостанайда – 1,6%, Адай уезінде (қазіргі Маңғыстау) – 70,1%, Ақмола облысында – 12,8%, Ақтөбеде – 13,7%, Семейде - 21,6%, Сырдария – 21,9%, Орал – 18,8%, Жетісуда – 6,9% болды.

Халықтың 91,6%-ы ауылда тұрды.

1939 жыл


1936 жылғы халық санағы парағы

1937 жылғы халық санағының парағы / Сурет Уикипедия ашық энциклопедиясынан алынды


КСРО-ның 1937 жылы жүргізген халық санағы аяқсыз қалды. Қайта жүргізілген 1939 жылғы санақ бойынша Қазақстанда 6 530 528 адам тіркелді.

1939 жылғы ұлттардың саны мен үлесі:

Қазақтар – 2 327 625 адам (37,84%);
Орыстар – 2 458 687 адам (40%);
Өзбектер – 120 655 адам (1,96%);
Татарлар – 108 127 адам;
Ұйғырлар – 35 409 адам (0,58%);
Әзербайжандар – 12 966 адам (0,21%);
Чуваштар – 6 590 адам (0,11%);
Қырғыздар – 5 033 адам (0,08%).

1926-1939 жылдар аралығындағы өзгеріс. Қазақ саны 1 299 987 адамға, яғни 1,6 есеге азайған. Үлесі 37,8% дейін кеміді. Ал орыстар 2 есеге көбейіп, үлесі 40%-ға жетті. Ұйғыр, украин, өзбек секілді ұлттардың барлығының жд саны өсіп, халықтың 3,2%-ын құрады.

Халықтың саны қалай кеміді?

Қазақстан Халық шаруашылығы есебі басқармасының мәліметтерін зерттеген тарихшы Клара Саркенованың келтірген деректері бойынша (әр жылдың 1 маусымына сәйкес):

1928 жылғы Қазақстан халқының саны – 6 507 077 адам болса:

  • 1930 жылы – 5 873 000;
  • 1931 жылы – 5 114 000;
  • 1932 жылы – 3 227 000;
  • 1933 жылы – 2 493 500;
  • 1934 жылы – 2 681 500;
  • 1935 жылы – 2 926 000;
  • 1936 жылы – 3 287 900.

Демек, 1928-1936 жылдарда адам саны 3 219 177-ға кеміген.

Қалаға ағылған қазақ. 1939 жылғы санақ бойынша қала тұрғындары – 1 710 027 адам, 1926 жылғымен салыстырғанда 27,8%-дан 47,5%-ға өскен. Алматы, Қарағанды, Семейде жалпы 100 мыңнан астам адам тұрды.

1939 жылы қаладағы қазақтың үлесі – 16,1%. 1926 жылғы санақтан (14,4%) жоғары.

Мысалы, Қарағанды облысында қазақтардың 33,3%-ы, Семейде – 29,7%-ы, Гурьевте – 26,5% -ы, Қызылордада – 18,2%-ы, Алматыда –16,9%-ы, Ақтөбеде – 14%-ы, Жамбылда –13,6%-ы, Оңтүстікте – 13%-ы, Павлодарда – 12,4%-ы, Солтүстік Қазақстанда – 11,4%-ы, Шығыс Қазақстанда – 10,8%-ы, Қостанайда – 6,4%-ы, Батыс Қазақстанда – 4%-ы қалада немесе қала типті кенттерде тұрды.

1959 жыл


КСРО 1959 жылы халық санағы кезінде шығарылған пошта маркасы

КСРО 1959 жылғы халық санағы. Пошта маркасы / Сурет Wikipedia-дан алынды


Халық саны – 9 309 847 адам.

Қазақтар – 2 794 966, халықтың 29,85%-ы. Орыстар – 3 974 229 (42,68%).

1939 жылдан 1959 жыл аралығында қазақтарға 467 343 адам қосылғанымен, үлесі 37,84%-дан 29,85%-ға дейін кеміді. Орыстарға 1 515 542 адам қосылып, үлесі 40%-дан 42,68%-ға дейін өсті.

Екінші дүние жүзілік соғыстан қанша қазақ оралмады?

Ресми мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда соғыс жылдарында 12 атқыштар, 4 кавалериялық дивизия, 7 атқыштар бригадасы және 50-ге тарта полк пен батальон жасақталған. Ал майданға 1 млн 400 мыңдай адам аттанған. 600 мыңға жуығы оралмады. Олардың 125 мыңнан астамы хабар-ошарсыз кеткен. Ресейдің әскери деректеріне сенсек, 126 мыңға жауық қазақ жауынгері қаза тапқан.

Қазақстанға қанша адам жер аударылды?

  • 1940 жылғы мәлімет. 50 667 адам қоныстандырылды.
  • 1941-1948 жылдар аралығында 774 мың 730 адам жер аударылған.

Анайы қоныстанушылардың орналасуы (1952 жылғы 1 шілдедегі мәлімет):

  • Ақмола – 117 183 адам.
  • Ақтөбе – 31 618 адам.
  • Алматы – 55 587 адам.
  • Шығыс Қазақстан – 45 055 адам.
  • Жамбыл – 65 581 адам.
  • Батыс Қазақстан – 1335 адам.
  • Қарағанды – 133 017 адам.
  • Қызылорда – 25 225 адам.
  • Көкшетау – 98 128 адам.
  • Қостанай – 81 091 адам.
  • Павлодар – 66 680 адам.
  • Солтүстік Қазастан – 47 343 адам.
  • Семей – 25 517 адам.
  • Атырау – 8128 адам.
  • Талдықорған – 38 115 адам.

Барлығы 974 469 адам ( арнайы есепте тұрған 17 жастан асқандардың ғана саны алынған).

1979-1989 жылдар


КСРО 1989 жылы халық санағы кезіндегі үгіт парағы

1989 жылы халық санағы. Үгіт парағы / Сурет Wikipedia-дан алынды


Халық саны: 1979 жылы – 14 684 283; 1989 жылы – 16 464 464 адам.

Қазақтың саны: 1979 жылы – 5 289 349 (халықтың 36,02%-ы); 1989 жылы – 6 534 616 адам (39,69%-ы). Орыстар сәйкесінше 1979 жылы – 5 991 205 (40,80%), 1989 жылы – 6 227 549 (37,82%) адам болды.

Тың игеру кезiнде (1954-1956) және өнеркәсiп нысандарын қарқынды салу жылдары (1959-1965) көшіп келушілер көбейдi.


КСРО халқының ұлттық құрамының өзгерісі (1939-1989)

КСРО халқы ұлттық құрамының өзгеруі (1939-1989) / Сурет informburo.kz


Атажұртқа оралған қазақтар саны (1954-1963)

"Зерттеулер бойынша, 1954-1963 жылдары Қытайдан 268 371 репатриант қайта оралды: 1954 жылы 2461 адам Қытайдан ұйымдасқан түрде келді. Келесі 1955 жылы мен 1963 жылдары аралығында барлығы 199 269 адам ұйымдасқан түрде, ал 1962 жылы сәуір айында 66 841 адам өз бетімен Қазақстанға оралды. Барлығын қоссақ, 268 371 адам болып шығады" – деп жазған т.ғ.д., зерттеуші А.И. Құдайбергенова.

1990-2018 жылдар


Қазақстанның 2009 жылғы халық санағының белгісі

2009 жылғы халық санағының белгісі / Сурет stat.gov.kz сайтынан алынды


2009 жылы Тәуелсіз Қазақстанда алғашқы халық санағы өтті.

Халық саны – 16 009 597 адам.

  • Қазақтар – 10 096 763 адам болып 63,1%;
  • Орыстар – 3 793 764 адам болып, 23,7%;
  • Украиндер – 2,1%;
  • Ұйғұрлар – 1,4%;
  • Татарлар – 1,3%;
  • Немістер – 1,1%;
  • Басқалары – 4,5%-ын құрады.

1999-2009 жылдар аралығында қазақтар 26%-ға (яғни 2,1 млн-ға), өзбектер 23%-ға (87 мың), ұйғырлар 6%-ға (13 мың) өсті.


articlekz.com сайтынан алынған мәлімет негізінде жасалды


Ал немістер 50%-ға (175 адам), украиндер 39%-ға (214 мың), татарлар 18%-ға (46 мың), орыстар 15%-ға (683 мың) кеміген.


Кестені informburo.kz жасады


kz.expert-тің есебінше, 1990 жылдан 2017 жылға дейін 3 882 782 адам көшіп кетсе, 1 709 792 адам көшіп келген. Айырмашылық – 2 172 990 адам.

ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінде 1991 жылдан 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін Қазақстанға 957 772 қазақ оралған.

  • 61,6% - Өзбекстаннан;
  • 4,2% - Қытайдан;
  • 9,2% - Моңғолиядан;
  • 6,8% - Түрікменстаннан;
  • 4,6% - Ресейден;
  • 3,6% - өзге елдерден.

Сурет informburo.kz жасады


Қазақстан халқы 2018 жылдың соңына дейін 18 608 079 адам болып көбейеді, 249 393 адамға табиғи өсім болады. Бір жылда 411 929 бала туып, өлім-жітім саны – 162 536 ге жетеді деген болжам шықты.


Қазақстан халқыны саны

Қазақстан халқының 2018 жылы 29 қазандағы саны / Сурет stat.gov.kz мәліметі бойынша жасалды


Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары