"Urker-2021" ұлттық бәйгесіне қатысу үшін өтінім қабылдау басталды
Өтінімдер 17 мамырдан 15 маусымға дейін қабылданады.Баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы үздіктерді анықтау үшін ұйымдастырылатын дәстүрлі "Үркер" ұлттық байқауына өтінім қабылдау басталды. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі хабарлады.
Байқауға Қазақстан аумағында медиаконтент өндіретін және тарататын республикалық және өңірлік радиостанциялар, баспа және интернет-басылымдар қатыса алады.
"Конкурстық жұмыстар 2020 жылдың 1 қарашасы мен 2021 жылдың 1 маусым аралығында жарияланып, басылымда, интернет-ресурста жариялануы не радиоэфирде шығуы тиіс. Әр үміткер бәйгенің тек екі номинациясына қатысуға құқылы", – делінген министрлік хабарламасында.
Оқи отырыңыз: Роттердамда Евровидение басталды. Шараға қатысушылар арасынан коронавирус анықталды
Өтінімдер urker-awards.kz ресми сайтында 11 номинация бойынша қабылданады:
- жылдың үздік фотосуреті;
- жылдың үздік репортажы;
- жылдың үздік аналитикалық материалы;
- жылдың үздік журналистік зерттеуі;
- жылдың үздік сұхбаты;
- жылдың үздік танымдық материалы;
- радиостанциядағы үздік жоба;
- жылдың үздік жаңалықтар порталы;
- жылдың үздік газеті;
- жылдың үздік журналы
- тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған үздік материал.
Биылғы жылы ұйымдастырушы комитет еліміздің Тәуелсіздік жылдары қалыптасуына арналған жұмыстарға арнайы номинацияны енгізді.
Тәуелсіз қазылар алқасының құрамына енген кәсіби журналистер, саланың еңбек сіңірген қайраткерлері және Әзірбайжан мен Германияның халықаралық медиа-сарапшылары жұмыстарды бағалайды.
Ұлттық бәйге жеңімпаздары "Үркер" естелік мүсіншесінің және 1 миллион теңге мөлшеріндегі қаржылай сыйлықтың иесі болады.
Оқи отырыңыз: Алматыда "Музей түні" 18 мамырда өтеді
"Үркер" – баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы үздік жетістіктер үшін беріледі. Аймақтардағы мультимедиялық журналистиканы дамытуға ықпал етуге, журналистика мәртебесін арттыруға, кәсіби стандарттар мен критерилерді бекітуге, азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған.
Ұлттық бәйге ұйымдастырушылары – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, "Медиа дамыту қоры" корпоративтік қоры және "Қазмедиа орталығы" басқарушы компаниясы.