Сыйға беруші сыйлығын қайтарып алам десе, не болады? Informburo.kz төмендегі материалда осы сұрақтарға жауап іздейді.

Әдетте сыйға тарту шарты адамға тартып ала алмайтындай толық меншік құқығын береді деп саналады. Ажырасу кезінде де сыйға тартылған мүлік бөліске түспейді делінеді. Шын мәнінде сыйға тарту шартының өзіндік нюанстары бар. Материалда сол нюанстарға назар аударып көрелік.

№1. Сыйға тарту шартының мұрадан айырмашылығы не?

Заң бойынша (ҚР Азаматтық кодексінің 506-бабы) адам қайтыс болған соң, оның мүлкі өзгелерге сыйға берілмейді. Яғни, егер пәтер (үй, көлік не басқа да жылжитын және жылжымайтын мүлік) адамға сыйлаушы тарап өмірден өткеннен кейін ғана толықтай беріледі деген талаппен сыйланса, ол «сыйлықтың» еш құны жоқ. Мұндай сыйлау әдісіне мұрагерлікке қатысты ережелер қолданылады.

Мұрагерлік пен сыйға тарту шартының айырмашылығы сол – мүлік сыйға тартқан тараптың тірі кезінде келесі тарапқа беріледі.

Сыйқұжат арқылы мүлік қайтарымсыз табысталады. Осы тұста ескеретін бір жайт, мүлікті басқа біреуге құжаттарға қол қоймай-ақ сыйлауға болады (кілтті не мүліктің құжаттарын табыстау арқылы). Ал егер сыйға тарту шартын жасасқан жағдайда онда қандай да бір шарт не міндеттер жазылған болса, бұл құжаттың құқықтық жағынан маңызын жояды. Десе де, заң бұл келісімшартты кейінге шегере отырып жасауға шектеу қоймайды.

Егер мүлікті сыйға тартушы тарап заңды тұлға болса, ал сыйлықтың құны 10 АЕК-тен асса, онда келісімшарт міндетті түрде жазбаша толтырылады. Сондай-ақ, келісімшарт мәтінін мүлікті болашақта сыйға тартатыны туралы уәде түрінде толтыруға болады (бір ай, бір жыл, он жылдан кейін).


Материалдың орыс тіліндегі нұсқасы: Что важно знать о договоре дарения на квартиру, дом или машину


№2. Сыйға тарту шартын қашан рәсімдеуге болады?

Қандай да бір құнды мүлікті (баспана, көлік, бағалы заттар) кез келген уақытта сыйлауға болады. Мысалы, сыйлаушы тарап пәтерді бір сағат бұрын ғана сатып алған болса да, оны заңды түрде басқа адамға сыйлай алады.

Ал мүлік ортақ меншік болса, онда бұл мүлікті меншіктің басқа да иелерінің келісімін алған соң ғана сыйлауға болады (мысалы, неке кезінде сатып алынған пәтер ерлі-зайыптылардың екеуінің келісімінсіз басқа біреуге сыйланбайды).

Заң бойынша, ипотекаға рәсімделген баспананы да сыйға тартуға болады (ҚР Азаматтық кодексінің 510-бабы). Бұл мәселе келісімшартта жазылған болса, банк қарсы болмаса, баспананы сыйлаушы тарап банк алдындағы борышты өз мойнына алады.

№3. Сыйға тарту шарты бойынша сыйланған мүлік үшін салық төлеу қажет емес

Ешкім (сыйлық беруші де, сыйлық алушы да) ешқандай салық төлемейді. Сыйға келген мүлік (баспана, көлік) жеке табыс салығынан босатылады. Ал, сыйланған пәтер меншік құқығында кемінде бір жыл тұрған жағдайда оны сатқан кезде салық төлеу қажет.


Оқи отырыңыз: Мүлік салығын қашан және қалай төлеу қажет? Түсіндіреміз


№4. Сыйға тарту шартымен қандай жағдайда келіспеуге болады

Заңға сәйкес, сыйға тарту шартымен мына жағдайларда келіспеуге болады: 

  • Мүлікті сыйға тартушы тарап келісімшарт жасаған кезде кәмелет жасқа толмаған болса;
  • Мүлікті сыйға тартқан адамның іс-әрекетке қабілетсіздігі анықталса.

Осындай мәселелерге тап болмас үшін сыйға тарту шартын нотариус арқылы рәсімдеген жөн. Нотариустар келісімшартты рәсімдеген кезде мүлікті сыйлайтын адамның іс-әрекетке қабілеттілігін дәлелдейтін құжаттарды талап етеді. Ал кәмелет жасқа толмаған адаммен келісімшарт жасаудан бас тартады. Өйткені, заң бойынша мұндай акттарға тыйым салынады.

Мүлікті сыйға тартқан адамның туыстары сыйға тарту шартымен келіспесе, сотқа барып, мәміленің жалған екенін дәлелдей алады.

№5. Мүлікті сыйлаудан бас тарту

Салмақты бір себеп болмаса, сыйға тартылған мүлікті қайтарып алуға болмайды. Бірақ, қайтарып алуға негіз бар болса, сот арқылы сыйға тарту шартын жоққа шығарып, оны жарамсыз деп тану қажет.

Заңға сәйкес, мүлікті қайтарып алуға мына нәрселер негіз болуы мүмкін:  

  • Мүлікті сыйға алушы тарап сыйлаушы адамнан бұрын өмірден өтсе (бірақ бұл шарт міндетті түрде құжатта жазылуы тиіс. Себебі, ол жазылмаған жағдайда, мүлікті сыйға алатын адам өмірден өткенде мүлік сыйлаған адамға қайтарылмайды, өзінің мұрагерлеріне беріледі);
  • Егер мүлікті сыйға алған адам не оның жақындары мүлікті сыйға тартқан адамның өміріне қастандық жасаса, денесін жарақаттаса.

Сондай-ақ, сыйланған мүлікті қайтарымсыз жоғалту қаупі туған жағдайда мүлікті сыйлаушы тарап cот арқылы сыйға тарту шартының күшін жоюға құқығы бар.

Сыйға тарту шарты жоққа шығарылса, сыйды алған тарап мүлікті қайтаруға не оның құнын төлеп беруге міндеттеледі.

Келісімшартты жасасқаннан кейін мүлікті сыйлаушы адамның отбасылық, материалдық не денсаулық жағдайы күрт нашарлап, шартты орындай алмайтындай жағдайға түссе, ол болашақта мүлікті сыйлау туралы уәдесі жазылған келісімшарттан бас тарта алады.

Мүлікті сыйлаушы тараптың келісімшарттан бас тартуына негіз бар болса, онда сый алушы тарап мүлікке келтірілген зиянды өтеуді талап ете алмайды.


Оқи отырыңыз: 2024 жыл соңына дейін қалай баспана алуға болады? Тұрғын үй бағдарламаларына шолу


№6. Сыйға алынған мүлікті ажырасу кезінде бөліске салу

Сыйға алынған жылжитын не жылжымайтын бағалы зат ажырасу кезінде бөліске түспейді. Себебі, ол жеке меншік болып саналады. Бұл жерде мүліктің некеге дейін не некеге тұрған соң сыйланғаны ешқандай рөл ойнамайды.

Алайда, сыйға келген мүлік жұбайының ақшасына жөнделіп не салынып бітіп, оның нарықтағы бағасы өскен болса, сот жөндеуге не құрылысқа жұмсалған қаражат көлемінде өтемақы тағайындауы мүмкін.

№7. Сыйға берілетін мүліктен бас тарту

Мүлікті сыйға алушы тарап сыйланатын заттан кез келген уақытта бас тарта алады. Мұндайда сыйға тарту шарты бұзылды деп саналады.

Сыйға тарту шарты жазбаша түрде жасалған болса, онда сыйдан бас тарту процесі де қағазға түсірілуі тиіс. Ал, сыйға тарту шарты тіркелген жағдайда сыйлықты қабылдаудан бас тарту да мемлекеттік тіркеуге жатады.

Одан бөлек, заңда мынадай қызық түсініктеме бар: егер сыйға тарту шарты жазбаша түрде жасалған болса, онда мүлікті сыйға беруші тарап сыйға алушы тараптан сыйлықтан бас тартқаны үшін келтірілген зиянды өтеуін талап ете алады.