Тікелей эфир

2024 жыл соңына дейін қалай баспана алуға болады? Тұрғын үй бағдарламаларына шолу

Сурет: depositphotos.com
Сурет: depositphotos.com
Қазіргі кезде жұмыс істеп тұрған ипотекалардың ерекшеліктерін түсіндіреміз.

"7-20-25" бағдарламасы

Бұл бағдарлама 2018 жылдан бері бар. Оны Ұлттық банк қаржыландырады. 2023 жылдың басынан бастап "7-20-25" бағдарламасына қаржылық шектеу қойылды. Енді жыл сайын тек 100 миллиард теңге бөлінетін болды. Бұл шектеуден кейін бағдарламаның халыққа қолжетімдігі төмендеді.

Бағдарлама шарттары:

  • Пайыздық мөлшерлемесі – 7 %;
  • Бастапқы жарна 20 пайыздан басталады. Қаражат болмаған жағдайда тұрғын үй сертификатын қолдануға болады;
  • Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларына – 25 миллион теңге, Қарағанды мен Түркістанға – 20 миллион теңге, өңірлерге – 15 миллион теңгеге дейін несие беріледі;
  • Сатып алынғалы отырған үй кепілге қойылады;
  • Қарызды өтеу мерзімі – 25 жылға дейін;
  • Тек құрылыс салушылардан сатып алған жаңа үйлерден пәтер алуға болады. Ол үй қолдануға берілген болуы шарт. Объектілердің тізімі жоқ, сатып алушы пәтерді өз бетінше іздеуі қажет;
  • Өтініш берген азаматтың басында баспанасы болмауы тиіс (Ескерту: жатақханадағы бөлме, апат жағдайындағы тұрғын үйлер есепке алынбайды);
  • Несиені бір рет қана рәсімдеуге болады;
  • Өтініш берушінің басында басқа ипотекасы болмауы тиіс.

"7-20-25" бағдарламасымен 7 банкте несие рәсімдеуге болады. Олар: "Банк ЦентрКредит", Фридом, Halyk, РБК, Алтын, Форте және Еуразия банкі.

"Отау" және "Наурыз" бағдарламалары

2024 жылы екі ипотека іске қосылды. Біріншісі "Отау" – Отбасы банктің өнімі. Екіншісі – "Наурыз" бағдарламасы. "Наурыз" бағдарламасымен Отбасы банк арқылы несие алуға болады. Бірақ, субсидия мемлекеттен беріледі.

Бағдарламаға өтініш беру процесі автоматтандырылған. Оны Отбасы банк қадағалайды. Басты шарт — өтініш берушінің және оның отбасының (жолдасы, кәмелет жасқа толмаған балалары) атында соңғы бес жыл көлемінде баспананың болмауы.

"Отау" бағдарламасының шарттары:

  • Пайыздық мөлшерлемесі – 9 %;
  • Бастапқы жарна 20 пайыздан басталады;
  • Астана мен Алматы үшін берілетін несиенің ең көп мөлшері – 30 миллион теңге, басқа қалалар мен өңірлер үшін – 18 миллион теңге. Баспана бағасына шектеу қойылмаған;
  • Несиені өтеу мерзімі – 19 жылға дейін;
  • Астана, Алматы, Шымкент және облыс орталықтарында жаңа үй алуға ғана рұқсат беріледі. Үйлерді Отбасы банктің "Баспана маркет" бөлімінен таңдауға болады. Қалған аймақтарда кез келген үйді алуға болады.

    Өтініш берушілерге қойылатын талаптар:

    • Өтініш берушінің және оның отбасының (жолдасы, кәмелет жасқа толмаған балалары) атында соңғы бес жыл көлемінде баспананың болмауы;
    • Отбасы банкте кемі 18 ай бойы жиналған қаражатының болуы (ең аз дегенде 1 миллион теңге);

    Банк жыл сайын 7 мыңдай өтініш берушіге 150 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлуді жоспарлап отыр. Бағдарлама 7 жыл жұмыс істейді.


    Оқи отырыңыз: "9-20-25", "7-20-25", "Жас отбасы": 2024 жылы ипотекамен қалай пәтер алуға болады?


    "Наурыз" бағдарламасының шарттары:

    • Пайыздық мөлшерлемесі: әлеуметтік жағдайы төмен жандарға – 7 %. Басқа өтініш берушілерге – 9 %;
    • Бастапқы жарна 20 пайыздан басталады;
    • Астана, Алматы қалаларына берілетін несие көлемі – 36 миллион теңге, қалған қалалар мен өңірлерде – 30 миллион теңге. Баспана бағасына шектеу қойылмаған; 
    • Несиені өтеу мерзімі – 19 жылға дейін;
    • Астана, Алматы, Шымкент және облыс орталықтарында жаңа үй алуға ғана рұқсат беріледі. Үйлерді Отбасы банктің "Баспана маркет" бөлімінен таңдауға болады. Қалған аймақтарда кез келген үйді алуға болады.

    Биыл "Наурыз" бағдарламасы бойынша 12 мыңдай өтініш берушіге 300 миллиард теңге бөлініп отыр. Алдағы жылдарда 200 миллиард теңгеге 8 мың адамға несие беру жоспарланған. Бағдарлама 8 жыл жұмыс істейді.

    Өтініш берушілерге қойылатын талаптар:

    • Өтініш берушінің және оның отбасының (жолдасы, кәмелет жасқа толмаған балалары) атында соңғы бес жыл көлемінде баспананың болмауы;
    • Отбасы банкте кем дегенде 1 миллион теңге көлемінде қаражаты болуы міндетті (депозиттің ашылған уақыты маңызды емес).

    "Наурыз" бағдарламасына маусым айының соңына дейін өтініш беруге болады.

     Отбасы банктің бағдарламалары

    Қазақстанның баспана нарығының 60 пайыздан астам бөлігі Отбасы банкіне тиесілі.  

    Банк үш түрлі займ ұсынады: 

    • Тұрғын үй – депозитте алатын үй бағасының 50 пайызын кем дегенде 3 жыл көлемінде жинау міндетті. Пайыздық мөлшерлемесі – 3,5 пайыз бен 5 пайыз аралығында.
    • Аралық займ 50/50 жүйесі бойынша жұмыс істейді. Пайыздық мөлшерлемесі – 6 пайыз бен 10 пайыз аралығында. Ерекшелігі – депозитке қаражат салғаннан кейін ипотеканы рәсімдегенше аз дегенде 6 ай уақыт өтуі тиіс.
    • Алдын ала займмен депозитте баспана бағасының 10-20 пайызы болған кезде үй алуға болады.

    Займ шарттары:

    • Берілетін несие мөлшері – 100 миллион теңгеге дейін;
    • Несие беру мерзімі – 25 жылға дейін;
    • Жаңа үйлерден, салынып жатқан үйлерден, сондай-ақ, қайталама нарықтан да баспана алуға болады. Одан бөлек, жер телімін алып, жер үй салуға, жөндеуге несие алуға болады.

    "30/70" бағдарламасы

    Отбасы банктің "30/70" бағдарламасы бойынша тек құрылыс салушылардан сатып алған жаңа үйлерден пәтер алуға болады. Бағдарламаның ерекшелігі сол, мұнда 50 пайыздық бастапқы жарнаның орнына баспана құнының 30 пайызын ғана салса жеткілікті. Баспананы тек банкпен арнайы келісімшарт жасаған құрылыс компанияларынан алуға болады. Пәтерлер туралы ақпаратты банктен сұрау қажет.

    "30/70" бағдарламасының шарттары:

    • Пайыздық мөлшерлемесі – 7 пайыздан басталып, кейін  4 пайызға дейін төмендейді;
    • Бастапқы жарна – 30 %;
    • Берілетін несие мөлшері – 100 миллион теңгеге дейін;
    • Несие беру мерзімі – 25 жылға дейін;
    • Баспананы тек құрылыс салушылардан сатып алған жаңа үйлерден не салынып жатқан үйлерден алуға болады. Салынып жатқан құрылыстан үй алған жағдайда қосымша мүлік кепілге қойылады;
    • Отбасы банкте депозиті болуы міндетті. Оны ипотека рәсімдеу барысында ашуға болады.

    Бұдан бөлек, Отбасы банкінде төмендегідей ипотекалар бар:

    • Жас отбасыларға арналған "Жас отбасы" бағдарламасы (пайыздық мөлшерлемесі – 6 пайыз);
    • Өңірлік ипотекалар (пайыздық мөлшерлемесі – 6 пайыз);
    • Әкімдіктің тізімінде тұрған жандарға арналған, жеңілдігі бар ипотекалар (пайыздық мөлшерлемесі – 2-5 пайыз аралығында).

    Коммерциялық банктердің ипотекасы

    Қазақстандағы 21 коммерциялық банктің арасында 10 банкте ипотекалық бағдарлама бар.

    Шарттары:

    • Пайыздық мөлшерлемесі – 17 пайыз бен 20 пайыз аралығында;
    • Бастапқы жарна – 20 пайыз бен 50 пайыз аралығында;
    • Берілетін несие мөлшері – 200 миллион теңгеге дейін;
    • Несие беру мерзімі – 5-20 жыл аралығында;
    • Баспананы жаңа үйлерден де, қайталама нарықтан да алуға болады;
    • Өтініш берушіге қойылатын негізгі талаптар: төлем қабілетінің болуы, өзі төлем уақыты аяқталғанда көп дегенде 60-63 жаста болуы міндетті;
    • Сатып алынатын баспанаға қойылатын талаптар бар. Әсіресе, қайталама нарықтан алынатын үйдің салынған уақыты маңызды.
    Серіктестер жаңалықтары