Ашық НҚА порталында мектеп оқушыларының үлгерімін бағалау және қорытынды аттестаттауға арналған қағидалар жобасы қоғамдық талқылауға жарияланды. Жобада ішінара өзгерістер болғанымен, мектеп оқушыларының білімін бағалау тәртібінде аса өзгеріс жоқ. Осыған дейін БЖБ мен ТЖБ жайлы жазсақ, бұл материалда қорытынды аттестаттау тәртібін түсіндіреміз. 

№1. 9-сынып оқушылары қандай пәндерден емтихан тапсырады?

Негізгі орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген 9 (10) сынып оқушылары төрт пәннен емтихан тапсырады, оның біреуі таңдау пәнінен:

  • қазақ/орыс тілі және өзбек/ұйғыр/тәжік тілінде білім беретін мектептер ана тілінен (оқыту тілі) жазбаша емтихан (эссе), гуманитарлық цикл пәндерін тереңдетіп оқытатын мектеп оқушылары жазбаша жұмыс (мақала, әңгіме, эссе);
  • математикадан (алгебрадан) жазбаша емтихан;
  • орыс, өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқитын сыныптар қазақ тілі мен әдебиетінен жазбаша емтихан, қазақ тілінде оқытатын сыныптар орыс тілі мен әдебиетінен жазбаша емтихан;
  • таңдау пәндерінің бірі – физика, химия, биология, география, геометрия, Қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихы, әдебиет (оқыту тілінен), шет тілі (ағылшын/ француз/неміс), информатикадан жазбаша емтихан.

Емтихан материалдарын білім басқармалары дайындайды.

№2. 11-сынып оқушылары қай пәндерден емтихан тапсырады?

Жалпы орта білім берудің жалпы білім беру оқу бағдарламаларын меңгерген 11 (12) сынып оқушылары бес емтихан түрінде қорытынды аттестаттау тапсырады, олардың біреуі таңдау пәнінен:

  • алгебра және анализ бастамаларынан жазбаша емтихан;
  • қазақ/орыс тілінен және өзбек/ұйғыр/тәжік тілінде білім беретін мектептер/сыныптар үшін ана тілінен (оқыту тілі) жазбаша емтихан;
  • Қазақстан тарихынан ауызша емтихан;
  • орыс, өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын мектептерде/сыныптарда қазақ тілі мен әдебиетінен, қазақ тілінде оқытатын мектептерде/сыныптарда орыс тілі мен әдебиетінен жазбаша емтихан;
  • таңдау – физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзі тарихы, құқық негіздері, әдебиет (оқыту тілі), шетел тілі (ағылшын/ француз/неміс), информатика пәндерінің бірінен жазбаша емтихан.

Емтихан жұмыстарының материалдарын Назарбаев зияткерлік мектептері дайындайды.

№3. Музыкалық мектеп бітірушілерін қорытынды аттестаттау қалай өтеді?

Мамандандырылған музыкалық мектеп-интернаттардың 11-сынып оқушыларын қорытынды аттестаттау жазбаша емтихан нысанында өтеді:

  • қазақ тілі/орыс тілінен (оқыту тілі);
  • алгебра және анализ бастамаларынан.

12-сынып оқушылары:

  • Қазақстан тарихынан тестілеу;
  • орыс тілінде оқытатын мектептерде қазақ тілінен, қазақ тілінде оқытатын мектептерде орыс тілінен тестілеу;
  • таңдау пәндерінің бірінен – физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзі тарихы, құқық негіздері, әдебиет, шетел тілі (ағылшын, француз, неміс), информатикадан тестілеу.

Оқи отырыңыз: 2023-2024 оқу жылынан бастап 5-8, 10 сынып оқушылары "Қазақ тілінен" міндетті емтихан тапсырады


№4. Емтиханды нашар тапсырғандарға аттестат беріле ме?

Оқу жылына қосымша жиынтық бағалауда "екі" бағасын алған 9 (10) сынып оқушылары қорытынды аттестаттауға жіберілмейді, қайта оқу жылына қалдырылады. Ал 11 (12) сынып оқушылары қорытынды аттестаттауға жіберілмейді және білім алуды аяқтамаған адамдарға берілетін анықтама алады. Қорытынды бағалауда үш және одан көп пәннен "екі" алған оқушыларға да осылай жасалады.

Қорытынды аттестаттауда:

  • бір немесе екі пәннен қанағаттанарлықсыз баға алған 9 (10) және 11 (12) сынып оқушылары мектепте тиісті оқу пәндерінен емтихан нысанында қайта қорытынды аттестаттаудан өтуге жіберіледі;
  • үш және одан көп пәндерден қанағаттанарлықсыз баға алған 9 (10) сынып оқушылары қайта оқу жылына қалдырылады, ал 11 (12) сынып оқушылары білім алуды аяқтамады деген анықтама алады және олар келер оқу жылы аяқталғаннан кейін мектепте тиісті оқу пәндерінен қайта емтихан тапсырып, қорытынды аттестаттаудан өтеді;
  • қайта қорытынды аттестаттаудан өткен 9 (10) сынып оқушыларына негізгі орта білім туралы аттестат беріледі, ал қанағаттанарлықсыз баға алғандар қайта оқу жылына қалдырылады;
  • қайта қорытынды аттестаттаудан өткен 11 (12) сынып оқушыларына жалпы орта білім туралы аттестат беріледі, ал қанағаттанарлықсыз баға алғандар білім алуды аяқтамады деген анықтама алады.

№5. Кімдер қорытынды аттестаттаудан босатылады?

Оқушылар келесідей жағдай болса емтихандардан босатылады:

  • денсаулық жағдайына байланысты;
  • І немесе ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалар;
  • халықаралық олимпиадаларға (жарыстарға) қатысу үшін Қазақстан құрама командасына үміткер саналатын жазғы оқу-жаттығу жиындарына қатысушылар;
  • жақын туыстарының қайтыс болуы.

Қорытынды аттестаттаудан босату туралы бұйрықтар келесі құжаттар негізінде шығарылады:

  • № 026/е нысанына сәйкес дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы;
  • мектептің педагогикалық кеңесінің шешімінен көшірме және мектептің қолдау хаты;
  • оқушының оқу үлгерімі туралы табелінің телнұсқасы және көшірмесі;
  • жақын туыстарының қайтыс болуы туралы куәлік.

Қорытынды аттестаттаудан босатылған оқушылардың білімі сол оқу жылының жылдық бағаcы негізінде бағаланады. Ал ауырып қалған оқушылар сауыққаннан кейін өткізіп алған емтихандарды тапсырады.

№6. "Алтын белгі" мен үздік аттестат беру тәртібі қандай?

Бесінші сыныптан бастап барлық пәннен жылдық және қорытынды бағалары беске шыққан  9 (10)-сынып оқушыларға негізгі орта білім туралы үздік аттестат беріледі.

Жалпы орта білім туралы аттестатқа қосымшаға енгізілетін пәндерден беске шыққан және 10 (11) – 11 (12) сыныптарда барлық пәннен жылдық, қорытынды бағалары бес болған оқушыларға үздік аттестат беріледі.

Соңғы үш жылдағы жалпы білім беретін пәндерден халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына, негізгі орта білім туралы үздік аттестат алған, 10 (11) бастап 11 (12) сыныптарда оқу кезеңінде жалпы орта білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларына сәйкес барлық пәннен тоқсандық, жылдық және қорытынды бағалары "бес" болған және қорытынды аттестаттаудан босатылғандарға "Алтын белг"» жалпы орта білім туралы аттестаты және "Алтын белгі" белгісі беріледі. 


Оқи отырыңыз: Оқушылар қандай жағдайда сыныпты келесі жылы қайта оқиды? Министрлік түсіндірмесі 


№7. Кімдер қорытынды аттестаттаудан ерте өте алады?

Шетелге оқуға түскендер және қоныс аударғандар растайтын құжаттарын ұсынса оқу жылының аяқталуына 2 ай қалғанша қорытынды бітіру емтихандары немесе мемлекеттік бітіру емтихандарын тапсыра алады. Мерзімінен бұрын қорытынды аттестаттауды білім беру ұйымдары жүргізеді. "Алтын белгіге" үміткер мерзімінен бұрын аттестаттауды беске тапсырса білім беру ұйымдары жалпы орта білім туралы үздік аттестат береді. Емтихан материалдарын білім басқармалары әзірлейді.

Халықаралық алмасу желісімен шетелге оқуға кеткен 11 (12) сынып оқушылары қорытынды аттестаттауды шетелде оқуды бітіргеннен кейін тапсырады. Қорытынды аттестаттаудан өткен оқушыға шетелде оқыған пәндерінің бағалары, Қазақстан мектептеріндегі алдыңғы сыныптарда алған жылдық және қорытынды бағалары ескеріле отырып жалпы орта білім туралы аттестат беріледі. Барлық пәннен жылдық, қорытынды бағалары бес болса үздік аттестат алады.

№8. Ерекше білім беруді қажет ететін оқушылардың білімі қалай бағаланады?

Ерекше білім беруді қажет ететін және жеке оқу бағдарламасы бойынша оқитын оқушыларды қорытынды аттесттау мәселесін олардың жеке ерекшеліктеріне сәйкес педагогикалық кеңес шешеді. 

9 (10) сыныпта жазбаша жұмыстарды орындауға – 2 сағат, математикаға (жазбаша) – 3 сағат (физика-математикалық бағыттағы мамандандырылған мектептерде – 4 сағат) бөлінеді.

11 (12) сыныпта қазақ тілі /орыс тілі және ұйғыр/ тәжік/ өзбек тілінде оқытатын мектептер үшін ана тілінен (оқыту тілі) жазбаша емтиханға 3 сағат, алгебра және анализ бастамаларына 5 сағат бөлінеді. Оларға қосымша уақыт беріледі.

№9. Жазбаша емтихандар қалай өтеді?

Оқушылар емтиханда бір-бірден жеке-дара отырады. Оларға мектептің мөртабасы басылған қағаз үлестіріледі. Қағазға жазып, емтихан біткен соң комиссияға өткізеді. Белгіленген уақыт ішінде аяқтай алмағандар сол қалпында тапсырады.

Оқушы диктанттан басқа жазбаша емтихан кезінде дәлелді себеппен сыныптан шығуына рұқсат, бірақ қағазын комиссия мүшесіне тапсыруы керек. Емтихан мен тестілеу аяқталғаннан кейін комиссия мүшелері мектеп ғимаратында оқушылардың жұмыстарын тексереді. Тексергенде қателердің астын сызады. Эсседегі қателердің саны жеке көрсетіледі.

Емтихан Астана уақытымен таңғы сағат 10.00-де басталады. Қорытынды аттестаттау нәтижелері балл түрінде журналға қойылады және емтихан бағасына ауыстырылады. Оқушы жазбаша өтініш жазып, мектептің комиссиясы мүшесінің қатысуымен жазба жұмысын тексеру нәтижелерімен танысады. фактілерге негізделген өтінішті екі жұмыс күні ішінде қарайды. 


Оқи отырыңыз: БЖБ және ТЖБ: Мектеп оқушыларының білімі қалай бағаланатынын түсіндіреміз


№10. Емтихан комиссиясының міндеті қандай?

Қорытынды аттестаттау жөніндегі мектеп жанындағы емтихан комиссиясы құрамына пән мұғалімдері және мектеп директорының орынбасарлары, қоғамдық ұйымдардың және ата-аналар комитетінің өкілдері кіреді. Комиссияны мектеп директоры басқарады. Комиссия міндеті:

  • оқушылар, педагогтер мен ата-аналар үшін қорытынды аттестаттау тәртібін түсіндіру;
  • емтихан тапсыратын 11 (12) сынып оқушыларының тізімін жасап, оқу жылында 1 наурызға дейінгі мерзімде Ұлттық тестілеу орталының филиалына жолдау;
  • қорытынды аттестаттау өткізу және оған оқушыларды даярлау жұмыстарын ұйымдастыру;
  • "Алтын белгі" үміткерлерінің жұмыстарынан басқа 9 (10) және 11 (12) сынып оқушыларының жазбаша емтихан жұмыстарын қарау;
  • естихан аяқталғаннан кейін хаттаманың электронды нұсқасын білім бөлімдеріне немесе басқармаларына жолдау;
  • тестілеу нәтижелерін беру және пайдалану;
  • "Алтын белгіге" үміткерлердің жазбаша емтихан жұмыстарын білім бөлімдері арқылы білім басқармасы жанындағы Комиссияның қарауына жіберу;
  • тестілеу нәтижелерінің балдарын бағаларға ауыстыру;
  • апелляцияға түскен ұсыныстарды қарап, шешім қабылдау.