Ашық НҚА порталында мектеп оқушыларының үлгерімін бағалауға арналған қағидалар жобасы қоғамдық талқылауға жарияланды. Жобада ішінара өзгерістер болғанымен, мектеп оқушыларының білімін бағалау тәртібінде аса өзгеріс жоқ. Бұл материалда мектепте бөлім/ортақ тақырып бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) және тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) қалай өткізілетінін түсіндіреміз.
№1. Формативті бағалау
Формативті бағалау – оқушының сыныптағы күнделікті оқу үлгерімін, сабаққа қатысуы мен үй тапсырмасын орындауын бағалау көрсеткіші. Мұғалім оқушының үй жұмысын, сабаққа қатысуын жазбаша (дәптерлерде немесе күнделіктерде/электронды журналдарда) не ауызша бағалайды. Оның нәтижелерін қағазға шығару не ары қарай сақтау талап етілмейді. Формативті баға оқушының тоқсандық, жылдық бағасына әсер етпейді.
№2. Жиынтық бағалау
Жиынтық бағалау – тоқсанды, оқу жылын, сондай-ақ оқу бағдарламасына сәйкес бөлімдерді (ортақ тақырыптарды) оқып аяқтағаннан кейін өткізілетін бағалау түрі.
1-сыныпта жиынтық бағалау жүргізілмейді. Білім алушыларға балл қойылмайды, оқу үлгерімі формативті бағаланады.
Жиынтық бағалаудың екі түрі бар:
- БЖБ – бөлім/ортақ тақырып бойынша жиынтық бағалау;
- ТЖБ – тоқсандық жиынтық бағалау.
№3. БЖБ
Бір тоқсанда бірнеше бөлім бар. Әр бөлім бойынша оқушының білімі мен біліктілігін тексеру үшін БЖБ алынады. Ол бақылау, практикалық немесе шығармашылық жұмыс, жоба, эссе, диктант, мазмұндама, шығарма, тестілеу түрінде болуы мүмкін. БЖБ қандай форматта болатынын және тапсыру уақытын педагог өзі шешеді.
БЖБ үшін максималды балл:
- 1-4 сыныптарда: кемінде – 7 балл, ең көп дегенде – 15 балл;
- 5-11 (12) сыныптарда: кемінде – 7 балл, ең көп дегенде – 20 балл.
Оқу жүктемесі аптасына 1 сағат болса, БЖБ тоқсанына екі реттен артық болмайды. Ал қорытынды баға жартыжылдыққа қойылады.
Негізінен БЖБ бір тоқсанда үш реттен артық өткізілмейді. Бір тоқсанда төрт және одан да көп бөлімдер мен ортақ тақырыптар өтсе, олар біріктіріледі. Оны екі кезеңде өткізуге болады.
Оқи отырыңыз: 2023-2024 оқу жылынан бастап 5-8, 10 сынып оқушылары "Қазақ тілінен" міндетті емтихан тапсырады
№4. ТЖБ
ТЖБ әр тоқсан аяғында алынады, бірақ тоқсанның соңғы күні өткізілмейді. Оқу пәндерінің күрделілік деңгейін есепке ала отырып, бір күнде үштен артық ТЖБ өткізуге болмайды. Бір пәннен БЖБ мен ТЖБ бір күнде өткізілмейді.
№5. БЖБ мен ТЖБ өткізілмейтін пәндер
"Көркем еңбек", "Музыка", "Дене шынықтыру", "Кәсіпкерлік және бизнес негіздері", "Графика және жобалау", "Алғашқы әскери және технологиялық дайындық", "Зайырлылық және дінтану негіздері" және бастауыш мектепте "Цифрлық сауаттылық" пәндерінен БЖБ мен ТЖБ өткізілмейді. Оқушылардың бұл пәндерден оқу үлгеріміне тоқсан/жартыжылдық және оқу жылының қорытындысы бойынша "есептелінді" не "есептелінген жоқ" деген белгі жазылады.
Оқушылар қосымша білім беру ұйымдарында аптасына кемінде үш рет спортпен шұғылданса, ата-аналарының не заңды өкілдерінің жазбаша өтініші мен құжаттары арқылы дене шынықтыруға қатыспаса болады. Оларға "есептелінді" не "есептелінген жоқ" деген қойылады. Дене шынықтыру сабағынан босатылған оқушының өмірі мен қауіпсіздігіне ата-ана, қосымша білім беру ұйымы жауап береді.
№6. Вариативті компонент
10-11-сыныптарда "Кәсіпкерлік және бизнес негіздері", "Графика және жобалау" оқу пәндерінен басқа пәндерден жиынтық бағалау алынады. Вариативті компонент сағатының есебінен таңдалған 10-11-сыныптардың пәндерінен БЖБ мен ТЖБ өткізілмейді, оқу жылының соңында "есептелінді" не "есептелінген жоқ" деген белгі жазылады.
Вариативті компонент есебінен таңдалған 7-9-сыныптардағы оқу пәндері бойынша жиынтық бағалау өткізілмейді, оқу жылының соңында "есептелінді" не "есептелінген жоқ" деген белгі жазылады.
Оқи отырыңыз: Ауыр сөмке – бүкір арқа. Оқушы портфелінің салмағы қанша?
№7. Педагог міндеті қандай?
Педагог формативті және жиынтық бағалау тапсырмаларын оқушылар өткен материалдарды қамти отырып әзірлейді. Тілдік пәндерден жиынтық бағалау сөйлеу әрекетінің төрт түрі (тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым) бойынша жүргізіледі. ТЖБ өткізер алдында педагогтер тапсырмалардың оқу мақсаттарына сәйкестігін, тапсырмалар көлемін, тапсырмаларды орындауға арналған нұсқаулықтарды, орындалу уақытын талқылайды.
Оқушылардың оқу үлгерімін объективті бағалау үшін дау туындаған жағдайда педагогтер ТЖБ үшін баға қойылғанға дейін бір күннен кешіктірмей модерация жүргізеді. Білім алушылардың тоқсандағы жиынтық жұмыстары қайта тексеріліп, баллдары не ұлғаяды, не кемиді.
Үйде оқитын оқушыларды бағалау үшін мұғалім олардың оқу жүктемесі мен өткен оқу материалын ескере отырып, сараланған немесе жеке тапсырмаларды әзірлейді. Ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларды бағалау кезінде де мұғалім солай жасайды, сонымен бірге оқушының ерекшеліктерін ескере отырып бағалау өлшемшарттарына өзгерістер енгізеді.
№8. Қандай жағдайда БЖБ мен ТЖБ-ны кейін тапсыруға болады?
Оқушылар БЖБ не ТЖБ күні келесідей объективті себептерге байланысты қатыса алмаса жеке кесте бойынша тапсырады:
- денсаулық жағдайына байланысты;
- жақын туыстары қайтыс болса;
- қолайсыз ауа райына байланысты;
- жарыстарға, конференцияларға, олимпиадаларға және ғылыми жобалар конкурстарына қатысса.
№9. Тоқсандық, жылдық баға қалай қойылады?
Оқушы тоқсан не жартыжылдық аяқталғанға дейін БЖБ мен ТЖБ тапсырмаса, оларды тапсырғанға дейін электронды журналға "уақытша аттестатталмады" деген белгі қойылады. БЖБ және ТЖБ қорытындысы болмаса оқушы уақытша аттестаттаудан өтпеді деген сөз.
Тоқсандық баға формативті бағалау мен жиынтық бағалау қорытындысының 50/50 арақатынасында қойылады. Аптасына 1 сағат оқу жүктемесі кезінде жартыжылдыққа баға формативті бағалау және БЖБ нәтижесі бойынша қойылады.
2-11 (12) сынып оқушыларының пәндер бойынша жылдық бағалары жақын бүтіндікке дөңгелектеу арқылы тоқсандық бағалар жиынтығының орташа арифметикалық мәні ретінде қойылады.
Тоқсандық, жылдық және қорытынды бағаларды қайта қарауға рұқсат берілмейді.
Оқи отырыңыз: Оқушылар қандай жағдайда сыныпты келесі жылы қайта оқиды? Министрлік түсіндірмесі
№10. Қандай жағдайда оқушы орнында қалады?
Ата-ана өтініші болмаса, 1-сынып оқушылары қайта оқу жылына қалдырылмайды. 1-сыныпта баланы қайта оқытуды педагогикалық кеңес шешеді.
Жылдық бағасы үш немесе одан да көп пәннен "2" алған 2-8 (9) және 10 (11) сынып білім алушылары қайта оқуға орнында қалдырылады. "3", "4", "5" бағаларын алған оқушылар келесі сыныпқа көшіріледі.
Бір немесе екі оқу пәнінен қайта "2" алған оқушылар сол пәндерден қосымша жиынтық бағалау тапсырады. Қорытынды баға жылдық баға мен қосымша жиынтық бағаның орташа арифметикалық мәні арқылы қойылады. Қосымша жиынтық бағалау жаңа оқу жылының басына дейін өткізіледі. Қосымша жиынтық бағалаудан тағы да екі алған оқушы сол сыныпты келер оқу жылы қайта оқиды.
№11. Оқушы мектеп ауыстырса, жылдық баға қалай есептеледі?
Оқушы бір мектептен екінші мектепке ауысқанда оқу жылындағы жиынтық бағалау нәтижесі электронды (қағаз) журналдан жазба арқылы ресімделіп, директордың қолымен және мектеп мөрімен расталып, білім алушының жеке іс қағазымен беріледі.
Оқушы жаңа мектептегі пәндердің бірін бұрын оқымаса "тоқсан үшін баға" бағанына "оқытылмаған" деп жазылады. Бұл жағдайда оқушыға жылдық баға сол пәннен алған тоқсандық бағалар жиынтығының орташа арифметикалық мәні ретінде қойылады.
№12. Қазақ тілі мен әдебиетінен міндетті емтихан
2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап 5-8, 10-сынып оқушылары "Қазақ тілі" пәнінен емтихан тапсырады. Бұл оқушылардың бағдарламалар мазмұнын меңгеруін бағалау мақсатында өткізіледі. Қазақ тілінде оқытатын мектептерде – "Қазақ тілі" пәні бойынша, қазақ тілінен басқа тілде оқытатын мектептерде "Қазақ тілі мен әдебиеті" пәні бойынша емтихан өтеді.
Емтихан уақытын мектептердің өзі белгілейді. Ол жазбаша және ауызша өтіп, оқушының қазақ тілінде тыңдау, сөйлеу, оқу және жазу біліктілігін тексеруге мүмкіндік береді. Емтихан тапсырмаларын әзірлеуде педагогтар сәйкес сыныптың оқу бағдарламасын негізге алады.
Аталған пәндер бойынша жылдық бағасы оқушының жыл бойғы оқу үлгерімі мен емтихан нәтижесіне (30 да 70 пайыз) қарай қойылады.