2017 жылдан бері Қазақстанда оқушылардың оқу үлгерімі критериалды бағалау жүйесімен бағаланады. Мұғалім оқушының күнделікті сабаққа қатысуын, үй тапсырмасын 10 балдық жүйемен бағалайды. Ал тоқсандық және жылдық баға бұрынғыдай бес балдық шкаламен есептеледі. Осы орайда, ата-аналарға баласының оқу үлгерімі қалай бағаланатынын және қорытынды бағасы қалай есептелетінін түсіндіреміз. 

Формативті бағалау

Оқу жетістігін бағалаудың екі нысаны бар: формативті және жиынтық бағалау.

Формативті бағалау – сыныпта күнделікті жұмыс барысында жүргізілетін бағалау түрі, яғни оқушылардың үлгерімінің ағымдағы көрсеткіші. Оқыту барысында оқушылар мен мұғалім арасындағы жедел өзара байланысты қамтамасыз етеді және оқушының үлгерімін жақсартуға, білім беру процесін жетілдіруге мүмкіндік береді. Формативті бағалауда 10 балдық жүйе қолданылады.

Қазақстанда мектеп сыныптары критериалды бағалау жүйесіне кезең-кезеңімен көшті:

  • 2017-2018 оқу жылы – 1, 2, 5 және 7 сыныптар;
  • 2018-2019 оқу жылы – 1, 2, 3, 5, 6, 7 және 8 сыныптар;
  • 2019-2020 оқу жылы – 11 сыныптан басқалар;
  • 2020-2021 оқу жылы – сыныптардың бәрі.

1 сыныпта оқушылардың оқу жетістіктері бағаланбайды.


Оқи отырыңыз: БЖБ және ТЖБ: Мектеп оқушыларының білімі қалай бағаланатынын түсіндіреміз


Формативті бағалау, оның ішінде үй жұмысын бағалау оқушылардың оқу мақсаттарына қол жеткізуіне мониторинг жүргізу мақсатында мұғалімнің ұсыныстары арқылы жазбаша немесе ауызша жүзеге асырылады. Формативті бағалау нәтижелері электронды журналдарға балл түрінде қойылады. Қажет болған жағдайда мұғалім түсініктеме береді.

Оқушының күнделікті сабаққа қатысуы 1-ден 10 балға дейін бағаланады:

  • 1 балл – оқу тапсырмаларын 0%-дан 10%-ға дейін орындады, қателер жіберді, сабақта пассив, мұғаліммен кері байланыс нәтижелері бойынша қорытынды жасамайды, тапсырмаларды орындау кезінде дербестік танытпайды, өткен материалды білмейді;
  • 2 балл – оқу тапсырмаларын 20%-ға дейін орындады, қателер жіберді, сабақта пассив, мұғаліммен кері байланыс нәтижелері бойынша әрдайым тиісті қорытынды жасай бермейді, тапсырмаларды орындау кезінде дербестік танытпайды;
  • 3 балл – оқу тапсырмаларының 30%-ына дейін орындады, жіберген қателерін түзетуге тырысады, сабақта кейде белсенділік танытады, оқу тапсырмаларын орындау кезінде мұғалімнің/ата-ананың/құрдастарының қолдауына мұқтаж;
  • 4 балл – оқу тапсырмаларының 40%-ына дейін орындады, қателер жіберді, қателерді түзету кезінде көмекке мұқтаж, әрдайым белсенді бола бермейді, кейде тапсырмаларды орындау кезінде дербестік танытады;
  • 5 балл –  50%-ға дейін оқу тапсырмаларын орындады, ең көп дегенде бес қате жіберді, мұғалімнің көмегіне мұқтаж, сабақта әрдайым белсенді бола бермейді, кейде мүмкін болатын тапсырмаларды орындау кезінде дербестік танытады;
  • 6 балл – оқу тапсырмаларының 60%-ына дейін орындады, ең көп дегенде төрт қате жіберді, мұғалімнің көмегіне мұқтаж, сабақта ынталы, орташа күрделі тапсырмаларды өз бетінше орындай алады;
  • 7 балл – оқу тапсырмаларының 70%-ына дейін орындады, үш қате жіберді, қателерді уақытылы жойды, сабақта белсенді, тапсырмаларды орындау кезінде дербестік танытады;
  • 8 балл – оқу тапсырмаларының 80%-ына дейін орындады, 1-2 елеусіз қате жіберді, мұғалімнің пікірлері негізінде өз қателерін түзетеді, белсенді, тәуелсіз;
  • 9 балл – оқу тапсырмаларының 90%-ына дейін орындады, тапсырмаларды орындау кезінде шамалы дәлсіздіктерге жол берді, қатемен жұмыс істейді, белсенді, дербес;
  • 10 балл – оқу тапсырмаларын 100% орындады, қате жібермеді, белсенді, тәуелсіз, түсіндіре алады, жауаптарын негіздейді.

Жиынтық бағалау

Жиынтық бағалау – тоқсан не оқу жылын, сондай-ақ оқу бағдарламасына сәйкес бөлімдерді оқып аяқтағаннан кейін өткізілетін бағалау түрі. Формативті бағалау, БЖБ және ТЖБ нәтижелері бойынша оқушыларға тоқсандық оқу жетістіктерін бағалау кезінде ескерілетін балдар қойылады. 

БЖБ үшін максималды балл – 1-4 сыныптарда кемінде 7-15 балл аралығында, 5-11 (12) сыныптарда кемінде 7-20 балл аралығында болуы керек.

Оқушылардың жиынтық бағалау нәтижелері балл түрінде журналға қойылады. Балды бағаға ауыстыру шкаласы бойынша тоқсандық және жылдық бағаға ауыстырылады.

Балдардың пайыздық мазмұнын бағаға ауыстыру шкаласы:

  • 0-39% – "2" (қанағаттанарлықсыз);
  • 40-64% – "3" (қанағаттанарлық);
  • 65-84% – "4" (жақсы);
  • 85-100% – "5" (өте жақсы).

Тоқсандық баға формативті бағалау, БЖБ және ТЖБ қорытындысының негізінде 50/50 пайыздық арақатынаста қойылады.

БЖБ бағалары мен формативті балдардың қосындысын БЖБ максималды сомасы мен 10 еселенген формативті балдардың санының қосындысына бөліп, шыққан соманы 50%-ға көбейтеміз. Одан кейін оқушы алған ТЖБ балын ТЖБ максималды балына бөліп, шыққан соманы 50%-ға көбейтіп, оған алдыңғы БЖБ мен формативді бағалардан шыққан соманы қосамыз. 

Мысалы, оқушы математикадан бір тоқсанда екі рет БЖБ тапсырды делік. Екеуінен – 15 және 14 балл, ал ТЖБ-дан 18 балл алды. Формативті бағалары – 8, 9, 8, 7, 9, 8, 10. БЖБ мен ТЖБ максималды балы – 20. Тоқсандық бағасын есептесек:

(15 + 14 + (8 + 9 + 8 + 7 + 9 + 8 + 10)) / (20 + 20 + (7 х 10)) х 50%) + ((18 / 20) х 50%) = (0,8 х 50%) + (0,9 х 50%) = 40% + 45% = 85%

85 пайызды бағаға ауыстырғанда "5" болады. Математикадан оқушының тоқсандық бағасы – 5.

Ал пәндер бойынша жылдық баға тоқсандық бағалар жиынтығының орташа арифметикалық мәні ретінде қойылады. Ол қорытынды баға болып есептеледі. Оқушы математикадан төрт тоқсанда да беске шықса, жылдық бағасы да бес болады. 

Kundelik жүйесінде қорытынды баға автоматты түрде шығады. Мұғалім қорытынды бағаны жүйе ұсынған бағаға сүйене отырып, журналда өз қолымен қояды. Қорытынды баға баллды бағаға ауыстыру шкаласына сәйкес келмесе, нақтылау үшін сынып жетекшіге не әкімшіге сұрау жіберіледі.

Жиынтық бағалау қорытындысы бойынша ақпарат оқушыларға және ата-аналарға немесе баланың заңды өкілдеріне қағаз түрінде немесе электронды нұсқада беріледі.

Kundelik-ке қалай кіруге болады?

"Күнделік" жүйесіне ата-ананы мектеп әкімшілігі не сыныптың мұғалімі тіркейді. Оқушыны тіркеген кезде ата-ананы да тіркеу керек, себебі оқушы, мұғалім, ата-ана тығыз байланысты болуы қажет. Ата-ана "Күнделік" жүйесінде баласының алып жатқан балын көріп, оқу үлгерімін қадағалай алады. 

Мұғалім сыныптағы оқушылардың дерегіне кіріп, "Туысқанды қосу" деген батырма арқылы ата-ананы жүйеге қоса алады. Алдымен сол мектептің базасынан ата-ананы іздейді. Жүйеге тіркелмесе "Жаңа пайдаланушы" батырмасын басып, ата-ананың деректерін енгізеді. Онда аты-жөні, туған күні, ЖСН, электронды поштасы мен телефон нөмірін енгізу керек. Содан кейін "Байланыстыру" батырмасын басып, ата-ананы тіркейді. Жүйе автоматты түрде логин мен құпиясөз береді. Мұғалім оларды ата-анаға хабарлама арқылы жібере алады немесе жүйенің ішінде шақыру жібереді.

Ата-ана жүйеге кіре алмаса мектеп әкімшілігіне хабарласқаны жөн. Құпиясөзді ұмытқан жағдайда өзі қалпына келтіре алады. Ол үшін тіркелген кезде электронды поштаны міндетті түрде көрсету қажет. 

Ата-ана баласының оқу үлгерімін "Балалар" – "Күнделік" бөліміне өтіп, "Күнделік" / "Пәндер бойынша" / "Тоқсандар бойынша" бағанынан көре алады. Ал оқушының атынан кірсе, "Мектеп" – "Күнделік" бөліміне өту қажет.