Респираторлық аурулар тудыратын вирустар қысқы маусымдарда, яғни суық және құрғақ ауада тез таралады. Тұмау ЖРВИ тобына жатқанымен мұны жай ғана суық тиюмен шатастырмау керек, өйткені өкпе, жүрек, ми қабынуының асқынуына әкеп соқтыруы ықтимал. Бүгін біз "маусымдық" тұмаудан қорғану жолдары мен не үшін вакцина алу қажет екені жайында айтамыз. 

№1. Тұмау белгілері қандай?

  • дене қызуының көтерілуі;
  • жалпы әлсіздік;
  • жөтел;
  • бас ауыруы;
  • бұлшықет пен буын ауыруы;
  • мұрыннан су ағу;
  • тамақ ауруы және басқа да симптомдар.

№2. Тұмау не үшін қауіпті?

Тұмау ауыр жағдайға, тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Әсіресе, егде адамдар, кішкентай балалар мен жүкті әйелдер, диабет, жүрек ауруы немесе өкпенің созылмалы обструктивті ауруы секілді созылмалы аурулары бар науқастар үшін қауіпті. Жыл сайын 65 жастан асқан шамамен 60 мың адам тұмаудан қайтыс болады. Көп елде вакцинамен қамту төмен деңгейде, сол себепті жыл сайын қысқы маусымда, өкінішке қарай, қатер тобындағылар тұмаудан көз жұмады.

№3. Тұмауратқанда не істеу керек?

Үйден шықпай, көбірек демалып, жылы сұйықтық (су, шай, компот, морс, сорпа және т.б.) ішу керек. Дене қызуы көтерілсе, денеңіз қақсап, басыңыз ауырса, парацетомол немесе ибупрофен ішсеңіз болады. Көрсетілген мөлшерлемені сақтаңыз. Дәрі ішсеңіз де дене қызуы ұзаққа дейін түспей қойса, дәрігерге жүгінген жөн.

Есіңізде болсын: тұмауратқанда антибиотиктер әсер етпейді. 

№4. Қай кезде дәрігерге жүгіну керек?

  • тыныс алу қиындап, ентіге бастағанда;
  • кеуде тұс, іш ауырып, қысылса;
  • бас айналса;
  • ес шатасқанда;
  • қатты құсқанда;

Егер баланың:

  • тыныс алуы жиілеп немесе қиындаса;
  • терісінің реңкі көгеріп немесе қызылкүреңге өзгерсе;
  • бала жеткілікті сұйықтық мөлшерін ішуден бас тартса;
  • бала ұйқыдан тұрмаса немесе сізге жауап қайтармаса;
  • бала қолға көнбей, жұлынып, долданып жылай берсе;
  • бала ауырғанда тез сауығып келе жатқанында қызуы көтеріліп, жөтелі күшейіп, жағдайы күрт нашарлап кетсе;
  • баланың қызуы көтерілгенде денесіне бөртпе шықса, оны дәрігерге көрсету керек.

Оқи отыырңыз: Бүгін тұмауға қарсы екпе алу науқаны басталды. Оны коронавирусқа қарсы вакцинамен қатар алуға бола ма? 


№5. Тұмаудан қорғану үшін не істеу қажет?

  • қолды үнемі сабындап мұқият жууыңыз;
  • ауырып тұрғаныңызды сезсеңіз үйден шықпаңыз және маска тағыңыз;
  • қоғамдық орындарда әлеуметтік арақашықтықты сақтаңыз;
  • жыл сайын тұмауға қарсы екпе салдырыңыз.

№6. Тұмауға қарсы екпені кімдер салдыруы керек?

Тұмауға қарсы екпе иммунитетке тұмау вирустарынан қорғануға көмектеседі және тұмаудың ауыр ағымымы, одан өліп кетуден қорғайды. Вакицнаның тиімділігі әр жылы әрқалай, бұл – вирус түріне және олардың вакцина компоненттерімен сәйкестілігіне, оны алған адамның денсаулығы мен жасына байланысты. Вакцина 18-64 жас аралығындағы сау адамдардың шамамен 60%-ының тұмау жұқтыруының алдын алады.

Жыл сайын жасы 6 айдан асқан адамның бәрі, әсіресе, қатер топтарындағы адамдар тұмауға қарсы екпе алуы керек. Екпені күн салқындамай тұрып салдырған жөн.

Тұмау вирусына қарсы иммунитет қалыптасуы үшін вакциналаудан кейін кем дегенде 2 апта уақыт қажет. 

№7. Екпені қашан салдырған жөн?

Вакцинаны тұмау маусымы басталмас бұрын алған жөн. Халықты тұмауға қарсы вакциналау науқаны Қазақстанда 15 қыркүйекте басталды. Вирустың маусымдық айналымы басталғанша, яғни 15 қарашаға дейін жалғасады. Дегенмен вакцинаны қай кезде алсаңыз да кеш емес, тіпті вирус айналымда болған кезде де салдыруға болады. Вакциналау тұмаумен ауырмау ықтималдылығын жоғарылатып, ауыр салдары қаупін азайтады.

№8. Қазақстанда тұмауға қарсы қандай екпелер бар?

Биыл бюджет қаржысына 2,5 миллион доза Гриппол плюс атты ресейлік вакцина сатып алынды. Бұл халықтың шамамен 13%-ын вакциналауға жетеді. Вакцина тегін. Ең бірінші кезекте жұмысына және денсаулығына байланысты екпе қажет адамдар, сондай-ақ иммунитеті әлсіз адамдармен үнемі қарым-қатынас жасайтындарға салынады. 

Гриппол плюстен бөлек кейбір жеке емханалардан Инфлювак тетра атты тұмауға қарсы вакцинаны ақылы түрде алуға болады.


Оқи отырыңыз: Тұмаудың алдын алудың тиімді жолы қандай? Маман кеңесі


№9. Тұмау мутацияланатын болса, екпе салдырудың не қажеті бар?

Иә, тұмау вирустары үнемі мутацияланады және жыл сайын әртүрлі штаммдар айналымда болады. Бұдан бөлек, вакцина алғанмен иммунитет уақыт өте келе әлсірей береді. Вирус түрлерінен қорғану үшін тұмауға қарсы маусымдық екпелердің құрамы жыл сайын жаңарып отырады.

Тұмауға қарсы тиімді екпе жасап шығару үшін дүниежүзіндегі ірі орталықтарда тұмаудың мутациялайтын түрлері туралы мәлімет жинап, бір жылға болжам жасайтын ғалымдар жұмыс істейді. Сондықтан вирус түрлерінен қорғану үшін жыл сайын тұмауға қарсы екпе салдыру керек. 

№10. Екпеден тұмау жұқтырып алу мүмкін бе?

Жоқ, бұл мүмкін емес. Екпеден кейін адам өзін сырқат сезінуі мүмкін. Бұл вакциналау кезінде тұмау немесе басқа вирусты жұқтырып алып, ал оны өзі білемегеннен болады.

№11. Аяғы ауыр әйелге не үшін екпе алу маңызды?

Әйел адам аяғы ауыр кезде тұмау ауыр сырқатқа жылдам ауысып, тыныс алуы қиындап, соңы ана мен бала өлімімен аяқталуы мүмкін. Сондықтан, әсіресе, жүктілік кезеңі тұмау аурулары маусымына тура келсе екпе салдыру қажет.

№12. Коронавирус пен тұмауға қарсы вакцинаны қатар алуға бола ма?

Иә, болады. Алайда бұған дәрігерлер рұқсат ете бермейді, өйткені екпелердің арасы бірнеше апта болуы керек деген түсінік бар. Бұл вакцина алғаннан кейін ағзаңызда реакция болса оның неден пайда болғанын анықтау үшін қажет.

№13. Тұмауға қарсы вакцинаны кімдер жоспарлы түрде алады?

  • медицина қызметкерлері;
  • медициналық ұйымдарда диспансерлік есепте тұрған балалар;
  • жасы 6 айдан асқан әрі жиі ауыратын балалар;
  • жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері;
  • қарттар мен мүгедектер үйін мекендеушілер;
  • жүктіліктің екінші не үшінші триместріндегі әйелдер;
  • жүрек-қан тамыр жүйесі мен тыныс алу органдарының созылмалы аурулары бар адамдар.