ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы тұмаудың алдын алу шараларын ұсынды. Биыл коронавирус пандемиясына байланысты сақтық шараларын қабылдау ерекше маңызды болып отыр.
Орталықтың жұқпалы аурулардың алдын алу департаментінің директоры Жұмабек Бекеновтың айтуынша, тұмаудан сақтанудың ең тиімді жолы – оған қарсы екпе салдыру. Қазақстанда тұмауға қарсы вакцинация науқаны 15 қыркүйекте басталды. Ол туралы келесі материалдан оқып білуге болады: 15 қыркүйекте тұмауға қарсы вакцинация науқаны басталады. Екпені кім тегін салдыра алады?
Тұмау белгілері: дене қызуының көтерілуі, қалтырау, бас пен бұлшық ет, тамақтың ауыруы, жөтелу және әлсіздік.
Тұмау тез өрбиді және бірнеше күннен 2 аптаға дейін созылуы мүмкін. Сырқат өкпе қабынуы және бронхит сияқты асқынуларға әкеледі. Сондай-ақ, бұрыннан бар жүрек пен өкпе ауруларын қайта қоздырады
Алдын алу шаралары:
- науқас адаммен байланыста болмауға тырысу;
- науқас адаммен байланыста болғанда бетперде тағу;
- инфекция таралмауы үшін қолды сабынмен немесе бактерияға қарсы құралдармен жуу;
- жөтелгенде және түшкіргенде мұрын мен ауызды бір реттік орамалмен жабу;
- көп адам жиналған жерде болмауға тырысу;
- бөлменің ауасын жиі тазарту.
Оқи отырыңыз: Жөтелді үй жағдайында қалай емдеуге болады?
Тұмауға қарсы екпе салдыру. Тұмау мерзімі басталғанға дейінгі ең тиімді әдіс – вакцина салдыру. Ол тұмауды жұқтыруды төмендетіп, оның адамдар арасында таралмауына көмектеседі. Вакцинация қауіпсіз. Екпе салдырғаннан кейін кейбір адамдарда екпе орнында қызару және ауырсыну, бастың және бұлшық еттің ауыруы, дене қызуының көтерілуі, әлсіздік және жүрек айнуы сияқты жанама әсерлері болуы мүмкін. Дегенмен, олар тез жойылады.
Жүкті әйелдің иммунитеті әлсірейтінін ескере отырып, тұмауға қарсы егілу тиімді. Қазіргі тұмау вакцинасы бала үшін қауіпсіз. Алайда, жүктілік мерзімі 14 аптаға жетпесе, екпе салдыруға болмайды.
Тұмауға шалдыққанда ауруды таратпау және емделу шаралары:
- үйде отбасының басқа мүшелерінен оқшаулану;
- аурудың алғашқы белгілері байқалғанда-ақ дәрігер шақыру;
- бір реттік орамал пайдалану;
- дәрумендерге бай сұйықтықтар ішу;
- дәрігердің нұсқауына сай ем қабылдау.
"Вирус ауа-тамшы жолы арқылы таралатындықтан, күнделікті гигиена сақтау, үй ішін уақытылы желдетіп, ауаны тазарту, сондай-ақ, салауатты өмір салтын ұстанып, пайдалы, құнарлы тамақтану қажет. Мұрын мен ауыз қуысын ұдайы тұзды ерітіндімен шайып, су не қант қосылмаған шырындар мен шайды көбірек ішкен пайдалы", – дейді Жұмабек Бекенов.
Оқи отырыңыз: Коронавируспен үй жағдайында қалай күресуге болады? Сізге арналған 8 кеңес