Телефонға қауіпсіздік сертификатын орнату қауіпті ме? Ұлттық қауіпсіздік комитеті не дейді? Жаңалықтарға шолу
Пойызда жолаушыны зорлаған жолсеріктер сотталды
Қостанай қаласының №2 соты "Тұлпар-Тальго" пойызында қыз зорлаған жолсеріктер Жетес Үмбеталиев пен Қолқанат Құрманиязовты ҚР Қылмыстық кодексінің 120 бабы, 1 бөлімі бойынша айыпты деп танып, әрқайсысын 2 жыл 6 айдан бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Олар жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздік деңгейі орташа мекемесінде өтейді. Сотталғандарды сот залынан қамауға алды.
Браконьерлер қолынан қаза тапқан қорықшының ордені отбасына табысталды
Жезқазған қаласында "Охотзоопром" кәсіпорнының инспекторы Қ.Нұртазиновты соңғы сапарға шығарып салды. Президенттің жарлығымен Қ.Нұртазиновке берілген І дәрежелі "Айбын" орденін марқұмның жұбайына Қарағанды облысының әкімі Е.Қошанов пен Экология министрі М.Мырзағалиев табыстады. Облыс әкімі Президент тапсырмасымен Ұлытау ауданындағы көшелердің біріне қорықшының есімі берілетінін мәлімдеді.
Арыстағы апат жайында фильм түсірілді
"Арыс 24.06" деп аталатын фильмде Арыс қаласындағы әскери қоймаларда болған жарылыста халықтың бастан өткерген қиын сәттері көрсетілген. Бейнематериалда апат аумағына бірінші боп жеткен өрт сөндірушілер тілсіз жауды қалай ауыздықтағаны туралы айтса, олардың туған-туыстары да төтенше оқиға күнгі көңіл-күйлерінен сыр шертеді.
Машина жасаушылар одағы Шүкеевтің мәлімдемесіне жауап берді
Түркістан облысының әкімі Ө.Шүкеев Бәйдібек ауданына жұмыс сапары барысында отандық ауылшаруашылығы техникаларын өндірушілерді алаяқтарға теңеген. Машина жасаушылар одағы облыс әкімінің мұндай мәлімдемесі отандық өндірушілердің абыройына нұқсан келтіріп қоймай, мемлекеттің индустрияландыру саясатына деген сенімді жоғалтады деген пікір білдірді.
Өтініш авторлары өткен жылы "АгромашХолдинг" АҚ-на келгенде Ауылшаруашылығы министрлігінің басшылары керісінше салаға жоғары баға бергенін айтып, таңқалып отыр. Машина жасаушы кәсіпорындардың биылғы жылдың бірінші тоқсанында 553 млрд теңгенің өнімін өндіргені аталды. Одақтағылар Шүкеевтің айтқан субсидияның ауылшаруашылығы машиналарын жасаушыларға тіпті берілмегенін айтып қалды.
Қауіпсіздік сертификатын орнату қауіпті ме?
ҰҚК мемлекеттік техникалық қызмет директорының орынбасары Зекен Исмайыловтың айтуынша, сертификат тек қана шифрланған трафиктің мағынасын ашу үшін, сондай-ақ деструктивті контенттер мен парақшаларды бұғаттау үшін қолданылады. Қауіпсіздік комитетінің өкілі сертификат арқылы ешкімнің әлеуметтік желідегі пароліне, парақшасына, хат-хабарламаларына қол сұғылмайтынын мәлім етті.
Осы орайда қауіпсіздік сертификатының техникалық тұрғыда VPN-ды бұғаттай алатынын айтып қалды. Сөзіне сенсек, қауіпсіздік сертификатының көмегімен VPN-ды бұғаттау үшін соттың шешімі немесе құзіретті мемлекеттік органның нұсқауы қажет.
– Баспасөзді оқығанда Facebook, Twitter желілерінде проблемалар барын жиі байқаймыз. Қазақстанда жиі болмаса да, бәрібір болады. Байланыс операторларымен тұрақты байланыстамыз. Туындаған мәселенің барлығымен жұмыс істейміз. Сондықтан олардың жауапкершілігіне қатысты мәселе болса байланыс операторының call-орталығына жүгінуіңізді сұраймыз. Өздері шешеді. Егер қауіпсіздік сертификатына қатысты болса және сертификатты орнатпағандарға қолжетімділік бұғатталса, онда бұл мәселені біз отырып шешетін боламыз. Кез келген техникалық шешімде қандай да бір қателік болады. Қазір апробациялау процесі жүріп жатыр, – деді ҰҚК өкілі.
1 млн адам медициналық сақтандыру жүйесіне қосылмаған
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сәйкес, олардың бәрі де – өзін өзі жұмыспен қамтығандар. Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов не мемлекет, не жұмыс орыны сақтандырмаған мұндай азаматтарға тегін медициналық қызметті алу үшін өздігінен төлеу пакеті қарастырылғанын мәлімдеді. Айтуынша, олар айына 2,5 мың теңге төлеп сақтандырыла алады. Министрлік 2020 жылдың сәуір айына дейін елдегі азаматтардың бәрі медсақтандырудан өтетінін хабарлады.
Зообақтағы жануарлардың өлімінен кейін директордың орынбасары қызметінен қуылды
Алматы зообағындағы 6 жануардың өлімінен кейін ветеринарлық комиссия тергеу жұмыстарын жүргізді. "Комиссияның қорытындысы бойынша жануарлар біреудің қастандығынан немесе ветеринарлардың біліктілігінің төмендігінен өлген деп кесіп айту қиын"деп мәлімдеді комиссия төрағасы, БҰҰ даму бағдарламасының биоалуандық бойынша сарапшысы, зоолог Константин Плахов. Бұған қарамастан комиссия зообақтың ветеринарлық қызметінде бірқатар заңбұзудың болғанын хабарлады.
Зообақ басшысы Вячеслав Банщиков орынбасары Айбол Күдериннің жұмыстан кеткенін хабарлады. Ал, ветеринарлық бөлім басшысының міндетін атқарушы Азамат Дүйсенов қызметінен шеттетілгені белгілі болды. Мекеме директоры бірнеше кадрдың қызметінен шеттетіліп, кейбірінің жұмыстан қуылғанына байланысты босаған орынға, зообаққа мықты мамандарды іздестіріп жатқанын мәлім етті.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Inform.kz: Жарты жылда 54 адам пойыз астына түскен. Көлік полициясы департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл 6 айда теміржолды белгіленбеген жерден кесіп өткені үшін 14 198 азамат әкімшілік жауапқа тартылған. Өткен жылы адамдардың салғырттығынан пойыз тізгіншілері 337 рет шұғыл тоқтауға мәжбүр болған. Теміржол бойында малды қараусыз жіберу де белең алып отыр. Соның салдарынан пойыздар 520 рет шұғыл тоқтаған. Рельске қасақана бөгде зат төсеген 4 оқиға тіркеліпті. Полиция қызметкерлері теміржол бойында қауіпсіздік ережелерін сақтап, арнайы бөлінген орындардан ғана өту керектігін, балаларды қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді.
24.kz: Қазақстанға үш айда өзге мемлекеттерден 500-ге жуық адам көшіп келген. Басым көпшілігі көршілес Қытайдан қоныс аударған. Олардың саны – 166. Бұдан кейінгі тізімде Моңғолиядан оралғандар тұр. Ұзын ырғасы 73 азамат. Сондай-ақ, Германиядан Қазақстанға 49 адам көшіпті. 239 азамат Алматы қаласы мен Алматы облысына тұрақтаған. Өзгелері елордада тұруды жөн көрген. Аталған үш айда отанымыздан 910 азамат кеткен. Оның 561-і Германияға көшсе, өзгелері Қытай мен АҚШ-ты таңдаған. Көшу көрсеткіші бойынша алғашқы үштікте Қарағанды облысы көш бастап тұр. Бұл өлкеден шетелге 149 азамат кетсе, Қостанайдан 109, Алматыдан 106 адам басқа мемлекеттерге қоныс аударған. Бұлар – негізінен білім алу мақсатында және жұмыс іздеп кеткендер.