Қоян жылы – жыл санау бойынша Барыс жылынан кейін келетін төртінші жыл. 12 жылда бір рет қайталанып отырады. Қазақ дүниетанымында Қоян жылы өте ауыр жыл болып саналады. Себебі жұттың көбі қоян жылында болған. Осы ретте Informburo.kz тілшісі қоян жылдары туралы тарихи, танымдық деректерге шолу жасады. 

Жұт, полигон, Желтоқсан құрбандары

Тарихқа үңілсек, 1867-1868 жылдардағы "жалпақ қоян" жұты, 1879-1880 жылдардағы "үлкен қоян" жұты, 1891-1892 жылдардағы "кіші қоян" жұты, 1915-1916 жылдардағы "тақыр қоян" жұты болып, бүкіл қазақ даласында мал қырылып, ел аштыққа ұшыраған.

Осылардың ішінде ең ауыр соқ­қаны "Ұлы қоян жұты" болса керек. Онда Батыс Қазақстан, Орталық Қазақстан, Оң­түс­­тік Қазақстанды бұрын-соңды бол­маған жұт жайлап, Оралда – 80 пайыз, Ырғыз бен Торғайда – 59 пайыз, Сырда­рияда 56 пайыз мал қырылған. 

"Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама" оқиғасы болған 1723 жыл да қоян жылы болатын. 

Фото: informburo.kz

1951 жылы 18 қазанда Семей полигонында уран бомбасы сынақтан өткізілді. Ал 1963 жылдан бастап халықаралық келісім бойынша жарылыстар тек жер астында жүргізіле бастады.

1987 жылдың маусым айында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін Қайрат Рысқұлбеков ату жазасына кесілді. 

2011 жылы да қоян жылы болған еді. Бұл жылы Маңғыстауда жаппай тәртіпсіздік, Ақ­төбе, Атырау, Таразда, Алматы облысында лаңкестік оқиғалар болып, Оралда үш ауылды су басты.


Оқи отырыңыз: "714 мың құжат әлі құпия". Қуғын-сүргін мен ашаршылық тарихы қалай зерттеліп жатыр?


Үздік қала, Азия ойындары, Метро

1987 жылы қазақ жəне орыс тілдері туралы қаулылар шықты. 1989 жылы 22 қыркүйекте "Қазақ КСР-дегі тілдер туралы" заңды республиканың Жоғарғы кеңесі қабылдады. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі болып жарияланды. 

1999 жылы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін алғаш рет ұлттық халық санағы өтті. Ақпан-наурыз айларындағы науқан барысында халық санының 14 миллион 652,7 мың адамға жеткені анықталды. Оның ішінде қазақ ұлтының саны 53,4 процентке жеткені белгілі болды. Сол жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстары жалғасып, 19 144 жазықсыз жапа шеккен адамның есімі ардақталды.

Осы жылдың шілде айында Астана қаласы ЮНЕСКО-ның "Әлем қаласы" сыйлығымен марапатталды. 

Фото: informburo.kz

2011 жыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы жылы деп жарияланып, "Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы" ұранымен өтті.

Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында Алматы метросы пайдалануға берілді. 

Осы 30 наурызда Астана қаласы ТМД және ЕурАзЭҚ елдерiнiң "Үздiк қаласы" атанды. Сонымен қатар осы жыл Астананың "түркi әлемiнiң мәдени астанасы" атанған жылы болып тарихқа ендi.

Сонымен қатар Қазақстанда қысқы Азия ойындары өтті. Жетінші қысқы Азия ойындарына 17-ден астам ел қатысты. Спорттың 11 түрінен 59-дан астам медаль жиынтығы ойнатылды. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы 32 алтын, 21 күміс, 17 қола медаль жеңіп, рекорд жасады. 

Қазақстан осы жылы Ислам Конференциясы Ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесіне төрағалық етті.


Оқи отырыңыз: Алматы метросының барлық станцияларында Wi-Fi іске қосылды


Қоян жылы туған игі-жақсылар

Қазақ тарихындағы ең ұлы хандардың бірі Абылай хан қоян жылында (1711 жылы) дүниеге келген. Ол дәл қоян жылында (1771 жылы) Қазақ хандығының ханы болып сайланды. 

Сонымен қатар қоян жылы туғандардың қатарында Сартай батыр, Шохан Уәлихановтың әжесі Айғаным Сарғалдаққызы, батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлы, Ақан Сері, Ықылас Дүкенұлы, саяси қайраткер Мұхаметжан Тынышпайұлы, Ілияс Есенберлин, Асқар Тоқпанов, Ермұхан Бекмаханов, Мәлік Ғабдуллин, Жұмабек Тәшенов, Амангелді Айталы, Жақып Омаров, Рымкеш Омарханова, Әбіш Кекілбаев, Жақсылық Үшкемпіров, Тұрсын Жұртбай, Әлібек Дінішев, Асқар Алтай, Бауыржан Жақып, Дариға Назарбаева, Дәулет Тұрлыханов, Ермек Аманшаев, Айгүл Мүкей, Досымжан Таңатаров, Сәкен Майғазиев, Жанар Дұғалова, Рахат-Би Әбдісағин және тағы басқалар бар.


Оқи отырыңыз: Тоқаевтың баспасөз хатшысы Президенттің туған күнін неге тойламайтынын түсіндірді


Қоян жылы туған адамның мінезі қандай?

Астрологтар мен эзотериктер қоян жылы туған адамдарға жақсы сөйлей білетін, талантты, ұстамды, тыныш, талғамы биік адам ретінде мінздеме береді. Шешім қабылдауға келгенде асығып-аптықпайды. Сол себепті қоя жылы туғандардар бизнесмен, заңгер, дипломат мамандар көп шығады. Десе де бұл жылы туғандар актерлік шеберліктен де кенде емес. 


Оқи отырыңыз: "Баламның мінезі өзгеріп кетті". Жасөспірімдердің ата-анасына арналған 10 кеңес


Материалда "Егемен Қазақстан", "Алаш айнасы", "Астана ақшамы", "Адырна", "ҚазАқпарат" басылымдарында шыққан материалдар қолданылды.