Концерт, қойылым және жәрмеңке. Бүгін "Музей түнінде" қандай іс-шаралар өтеді?
"Музей түні" акциясы жыл сайын дәстүрлі түрде өтеді.Жыл сайын 18 мамырда Халықаралық музей күніне орай "Музей түні" акциясы өтеді. Бұл күні мәдениет орындарында тақырыптық көрмелер, экскурсиялар, дәрістер және тағы басқа іс-шаралар ұйымдастырылады. "Музей түнінде" музейлердің есігі баршаға ашық, яғни кез келген адам тегін кіре алады.
Осы орайда Информбюро порталы Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан және Семей қалаларында "Музей түні" аясында болатын іс-шараларды тізіп шықты.
Астана
Астанадағы ұлттық музейде акция сағат 18.00-де басталады. Еліміздің ең үлкен музейде басылымдар мен "Алматы-кітап" баспасы кітаптарының көрмесі, "Тарихи тұлғалар: қуыршақ бейнесінде" авторлық қуыршақтар көрмесі, театрландырылған экскурсиялар, қолөнершілер жәрмеңкесі, ғылыми дәрістер, концерттік және ойын-сауық бағдарламалары өтеді. "Жұлдызды гид" жобасы аясында көрнекті тарихшылар, блогерлер және басқа да танымал тұлғалар келушілерді экспонаттарымен таныстырады.
Бағдарлама:
18.00-21.00 – Концерттік бағдарлама:
- Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының "Қорқыт" этно-фольклорлық ансамблі мен Үрмелі аспаптар оркестрі;
- Ұлттық нақышта киінген ағашаяқтар;
- Астана қаласының "ContraSSt" би театрының қойылымы;
- Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың құттықтауы. Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай музей мамандарын марапаттауы;
- Төрт дүркін әлем рекордшысы, Гиннесс рекордтар кітабына енген және Қазақстанның алты дүркін рекордшысы С. Цырульниковтың өнері;
- Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымының концерттік бағдарламасы.
18.00-00.00 – Музей залдары:
- Ұлттық музей басылымдарынан және "Алматыкітап" баспасының кітап көрмесі;
- Қолөнершілер жәрмеңкесі;
- "Тарихи тұлғалар: қуыршақ бейнесінде" авторлық қуыршақтар көрмесі;
- "Көненің көзін ашу" көрмесі;
- Қалиолла Ахметжанның "Қазақ батырларының қару-жарағы" көрмесі;
- Алпысбай Қазғұловтың "Көктемгі самғау" көрмесі.
18.00-23.00 – "Қазына картасы" ойын-квесті;
19.30-00.00 – Ғылыми дәрістер;
19.30-21.30 – "Жұлдызды гид" жобасы;
20.00-20.45 – "Жәдігерлер сөйлейді" театрландырылған экскурсиясы;
20.00-21.00 – Contemporary би тобының перфомансы;
21.00-23.30 – "Диджей сет";
23.45-00.00 – Crossfire Show қойылымы.
Алматыда бірнеше музейде көптеген іс-шара өтеді. Мәселен, құрамына 8 музей кіретін "Алматы қаласы музейлер бірлестіктігі" (Алматы музейі, Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейі, Д.А.Қонаев музейі, Н. Тілендиевтің мемориалды музейі, С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің әдеби-мемориалды музей кешені, А. Байтұрсынұлының музей-үйі, Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы) 18.00-ден 00.00-ге дейін "Тарих. Тұлға. Музей" тақырыбында ауқымды мәдени-көңіл көтеру шарасын өткізуді жоспарлар отыр.
Алматы музейінде "Тірі Музей" театрландырылған қойылымы ұйымдастырылады. Келушілердің назарына қола дәуіріндегі әйел, қазақ батырлары, сондай-ақ басқа да белгілі, тарихи тұлғалар туралы қойылым ұсынылады. Сондай-ақ, белгілі әртістер Ғазизхан Шекербек, Кенжебек Жанәбілов, Ерлан Байназаров және Tengri ethno music band қатысатын концерт өтеді.
Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде және Мультимедиялық дәстурлі музыка орталығында ҚР дәстүрлі әншілері Мұрат Әбуғазы, Нұржан Жанпейісов, Рамазан Стамғазиев, Steppe Sons модерн этно-джаз тобының. қатысуымен концерттік бағдарлама өтеді. Музейдің экспозициялық залдарында келушілерді Қоркыт, Құрманғазы, Ақан сері секілді кейіпкерлер күтеді.
Д.А. Қонаев музейінде, А. Байтурсынұлы музей-үйінде, Н. Тілендиевтің мемориалды музейінде, С. Мұқанов пен F. Мүсіреповтің әдеби-мемориалды музей кешенінде концерттік бағдарлама, деректі фильмдер көрсетілімі өтеді.
Қала музейлерінде такырыптық экскурсиялар, интеллектуалдық квест-ойындар, шеберлік сағаттары ұйымдастырылады.
Оқи отырыңыз: Гүлмира Райылқызы: Орталық Азияда музей туралы заңы жоқ ел – Қазақстан ғана
Орталық мемлекеттік музейі
ҚР мемлекеттік орталық музейінде 18.00-ден 00.00-ге дейін "Музей түні" акциясы өтеді. "Ер жігіттің бес қаруы бойында" атты қару-жарақ көрмесі, белгілі отандық суретшілердің қатысуымен "Ұлттық мұра – ұрпаққа аманат" атты арт-пленэрі өтеді. Сондай-ақ, "Музей түнінде" Тамара Волкованың "Көне артефактілердің өмірі мен символикасы" жеке көрмесі, "ХХІ ғасырдағы көшбасшылар мен танымал тұлғалар. Бірлескен шығармашылық" атты көрмесі ашылады. Көрмелер мен экскурсиялардан бөлек, жанданған экпозициялар, шеберлік сабақтар, сән көрсетілімі, концерттер өтеді.
Қастеев музейі
Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде "Музей түніне" орай бірнеше іс-шара өтеді. Пантомима қойылымын, "Lumiere" шоуын, сән дефилесін, театрлық этюдтерді, экскурсияларды тамашалап, кветтер мен шеберлік сағаттарына қатысуға, тамашалауға болады. Музей есіктері 18 мамырда сағат 14.00-ден 00.00-ге дейін ашық.
Бағдарлама:
14.00-00.00 – Шеберлер жәрмеңкесі;
14.00-15.30 – Марат Мусиннің өнер туралы деректі фильмдерінің көрсетілімі;
16.00-00.00 – Фото аймақта Kiizo киіз және тоқыма студиясының коллекциясы;
16.00 – "Музей түні" мерекесінің ашылу салтанаты;
16.00 – Алматы қаласы әкімінің концерттік оркестрі квартетінің өнер көрсетуі;
16.45 – "Айбын" балаларды дамыту орталығының музыкалық бағдарламасы;
17.00 – "Емдеу өнері" атты Қастеев музейінің қоры ұйымдастырған көрменің ашылу салтанаты;
17.30 – Танымдық және интерактивті квест ойыны;
18.00-20.00 – Қазақ және орыс тілдерінде "Емдеу өнері" көрмесі, "100 Жауһар" экспозициясы; Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнері атты тақырыптық экскурсиялар:
17.30-20.00 – Шеберлік сағаттар:
- Өрнектеп киіз басу – 2500 теңге;
- Мүсіндік фигуралар жасау – 2500 теңге;
- Сазбалшықтан бұйым жасау – 2500 теңге.
18.00 – "Инклюзивті ЭкоАрт-манифест" шеберлік сағаты:
- Пластикалық пакеттерден туынды жасау;
- Тактильді арт-терапия: көзді байлап, ермексазбен мүсіндеу;
- Reuse practice: пластикалық пакеттерден аксессуарлар жасау.
19.00-20.00 – Станислав Хорликовтан экспресс-портрет;
18.00-20.00 – Концерттік бағдарлама:
- Шалтай Смағұлов атындағы дарынды балалар мектеп-интернатының "Мұрагер" домбырашылар ансамблі;
- Таланттар Академиясы-KZ" Ұлттық құндылықтарды қолдау орталығы;
- "Алматы-Қазақстан, Үнді Классикалық Биі мен Йога орталығының" би өнері;
- Жүсіпбек Елебеков атындағы Республикалық эстрадалық-цирк колледжі студенттері өнер көрсетеді;
- Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер колледжі студенттерінің театрлық этюды.
20.00-00.00 – Сергей Червяковтың пантомиялық театры;
20.00-00.00 – RED BULL ұсынған DJ тобы;
20.30 – "Ақ-Дариға" қобызшылар ансамблі;
21.00 – "От Винта" атты "Ирлен" шеберханасының сәнді бас киім дефилесі;
21.30 – Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы;
22.00 – Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрының солисі;
22.30 – Венера Уразбекованың "Әлем музыкасы" атты жеке бағдарламасы;
23.00 – Пианист Лаззат Әлмұхамбетова өнер көрсетеді;
23.30 – LUMIERE Show.
Әуезов театры
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры музейіне биыл – 55 жыл. "Музей түнінде" театрда еңбек еткен тұлғаларының майлы бояумен салынған портреттері, әртүрлі қойылымда киген ірі тұлғалардың тері сіңген сахналық киімдері, марапаттары, медальдары мен алғыс хаттары, қолданған бұйымдары, әр спектакльден түсірілген суреттер, баспасөз басылымдарына шыққан мақалалар, зерттеулер, эсселер мен очерктер қойылады.
Сағат 20.30-да театр музей қорынан сұрыпталып алынған 55 жылдыққа орай 55 тұлғаның портреті ілінген көрменің ашылу салтанаты өтеді. Осы кеште белгілі өнер иелерінің қатысуымен театрландырылған қойылымдардан үзінділер қойылып, ғасырға жуық сақталған сахналық киімдердің шеруі өтіп, танымал әншілердің орындауында әндер шырқалып, театр тарихынан сыр шертетін деректі фильмдер көрсетіледі.
Оқи отырыңыз: Театр сыншысы: Ұлттық классика – сахнаға міндетті түрде ұлттық киіммен шығу емес
Шымкент
Түркістан облыстық бейнелеу өнері музейінде 23.00-ге дейін ашық есік күні өтеді. Оқушыларға экскурсия, белгілі қылқалам шеберімен кездесу, фотосессия өтеді.
Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінде экскурсиялар, ұлттық ойындар, танымдық викториналар, дизайн суретшілердің шеберлік сабағы, концерт өтеді және анимациялық және деректі фильмдер көрсетіледі.
Түркістан
"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы Түркістан тарихы музейінде "Сыйға берілген жәдігерлер", "Өрнекті өмір" тақырыбында тақырыптық көрме ұйымдастырады. Көрме экспозициясына 60-тан астам жәдігер қойылады.
Этноауыл кешенінде қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі өтеді. Ал кешкі сағат 20.00-де Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде "Музей түні" шарасы басталады. "Абылай ханның Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зияраты" тақырыбында театрланған қойылымы мен "Қару-жарақ" көрмесі өтеді.
Шараға қатысушылар викторинаға қатысып, мағыналы экскурсия тыңдай алады. Жиын соңында көпшілікке Әмір Темір дәуірінен бастау алған қасиетті ас – Әлім ботқасы мен күлше наны үлестіріледі.
Көрермендер Қожа Ахмет Ясауи, Абылай хан, Қаз дауысты Қазыбек би, Бөгенбай батыр секілді кемеңгер тұлғалар бейнесін сомдаушы кейіпкерлермен фотоға түсе алады.
"Ұлы дала елі" орталығында "Музей түні" аясында 23.00-ге дейін концерт, квест ойындары, "Мың бауырсақ тарту" акциясы өтеді.