"Дәмді әрі құнарлы ас". Қазақ халқы неге талқан былғап жеген?
Талқан – дақылдан жасалатын қазақтың ұлттық тағамы. Қуырылған бидайдан, арпадан, сұлыдан, тарыдан ұнтақтап дайындалады. Ерте кезде талқан дайындаудың екі тәсілі болған: бірі – қол диірменге тарту, екіншісі – келіге түю. Талқан тартқанда не түйгенде майдаланбай қалып қоятын түйіршіктерін "талқанның сағы" деп атаған. Оны табаққа салып екшеп, ұнтағынан бөліп алған. Талқанды кебегі көп тазартылмаған бидай ұнынан әзірлеуге де болады.
Талқан – аса дәмді әрі адамға күш-қуат беретін құнарлы тамақ. Оны майға, кілегейге, қаймаққа араластырып жеуге де, шайға салуға да болады. Талқан салған шай қою болады әрі тез суиды. Оны жентке қосады. Қойдың құйрық майына немесе жылқының майына араластырып, баяу жанған отқа қойып қуырылған талқанды "сарыталқан" дейді. Талқанды қант салып дастарханға құрғақ күйінде қоюға да болады. Талқанды сүтке, айранға не жай ғана суға былғап, яғни араластырып жесе де тойымды. Жент те осы талқаннан жасалады.
Талқанды бұрын киіз басуға, кілем, алаша, ши тоқуға, үй көтерісуге көмекке келген адамдарға еттен бұрын жеңіл, жеңсік ас ретінде сорпаға шылап берген. Ұзақ жолға шыққанда да таптырмас тағам болған.
Құнарлы тағам әсіресе, балаларға, жүкті әйелдерге, қарттарға пайдалы. Талқан құрамындағы С дәрумені және В тобының дәрумендері иммунитетті күшейтеді және жүйке жүйесінің жақсаруына әсер етеді. Ферум (темір), кальций, магний, мырыш, фосфор, селен секілді микроэлементтер қан аздығына, сүйек, шаш, тырнақ саулығына пайдалы. Ана сүтінің құнарын арттырады. Талқанның құрамындағы холин асқазан-ішек жолдарының дұрыс жұмыс істеуіне және бауырдың улы заттарды ағзадан шығаруына әсер етеді.
Қазақтың салт-дәстүрлеріне қатысты материалдарды оқи отырыңыз:
- Қазақ халқы не үшін шашу шашқан? Көне дәстүр бүккен сыр
- Құрақ көрпе. Қазақ халқы мата қиындыларын қалай кәдеге жаратқан?
- Ел көгертетін ерекше дәстүр. Батаның қандай түрлерін білесіз?
- Қазақ халқы баланы бесікке бөлеген. Бесіктің жасау-жабдықтарын білесіз бе?
- Бәсіре, тілашар, айдар мен танабау тағу. Қазақтың бала тәрбиесіне қатысты 10 салт-дәстүрі
- Қазақтың қандай салт-дәстүрлері сақталмай қалған?
- Тұсаукесер: Баланың аяғына неге ала жіп байлайды?
- Жеті ата – шежіре бастауы. Оның ұрпақ саулығы үшін маңызы қандай?
- Көрімдік. Оны қазақ халқы қандай жағдайда сұраған?
- Иткөйлек. Нәрестеге киімін неге "теріс" кигізген?
- "Жаңа түскен келінге көрімдігін беріңіз". Беташардың мәні неде?