Түркия еліне бару үшін төлқұжатыңыз болса, жетіп жатыр. Балалар үшін де жеке төлқұжат талап етеді. Виза керек емес.


Нұр-Сұлтаннан Стамбұлға жолға шықтық / Сурет informburo.kz

Ең қолайлы көліктің түрі – ұшақ. Кейбіреулер Иран арқылы көлікпен немесе Каспий теңізін басып Әзербайжан арқылы барады. Бірақ жол ұзақ және шегаралар көп болғандықтан уақыттан ұтыласыз.

Саяхатқа дайындық

Алдымен, "Қазақстан Республикасы шегінен шығуы уақытша шектелген тұлғалардың тізімі" және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми сайтында "Атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер тізілімі" деректер базасын тексеру керек.

Ұшақ билетін алдын ала алсаңыз, арзанға түседі. Бір адам үшін барып-келу билетінің құны 200 мың теңгеден басталып 1,5 млн-ға дейін жетеді. Сонымен бірге интернет арқылы мұсылманша немесе балаларға арнап тамаққа тапсырыс бере аласыз.

Біз Мәскеу арқылы ұштық

Ресей әуежай тасымалының бағасы арзандау түсті. Алайда қайтар жолда қатар жіберген екі жүктің бірі 2 күнге кешігіп жетті. Былайша айтқанда, қызмет көрсету сапасының жоғары еместігін ескеру керек. Бұл әуежайда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан да болуы мүмкін. Ең дұрысы – Стамбұлға тіке барып-келу.


Жолда Мәскеудің Шереметьево әуежайында 3 сағат болып, ұшақ алмастырдық / Сурет informburo.kz

Билетті онлайн түрде әуе компаниясының бас сайты арқылы алсаңыз, жасырын комиссия болмайтындықтан ақша үнемдейсіз.


Шереметьево әуежайының халықаралық жолаушылар терминалдарында ине шаншар жер жоқ / Сурет informburo.kz

Мәскеу әуежайында көп уақытқа қалатын жолаушылар үшін жылы киінгені абзал. 7 жастан аспаған балалары бар ата-аналарға немесе жүкті аналар үшін түнде "Балалар мен аналар демалу орны" істейді.


Шереметьево әуежайында ұшақ күтіп отырмыз / Сурет informburo.kz

Стамбұл қаласына түнде келіп жеттік.


Стамбұл қаласының ұшақтан түсірілген түнгі көрінісі / Сурет informburo.kz

Стамбұл (Ыстанбұл) – Еуропа құрылығындағы ең үлкен қала.Алғашында (330 – 1453) Рим императоры Константиннің құрметіне Константинополь деп аталды. 395 – 1453 жылы Византия мемлекетінің, 1453 – 1918 жылы Осман сұлтандығының, 1918 – 1923 жылы Түркияның астанасы болды.


Стамбұлға қош келдіңіз! / Сурет informburo.kz

Стамбұл жаңа әуежайы әлемдегі ең үлкен болып есептеледі. Әуежай жұмысын бастағалы екі жылға жақындаса да терминалдар құрылысы әлі жүріп жатыр. Қала шетінен 40 шақырымға жуық қашықтықта.


Стамбұл әуежайына кірдік / Сурет informburo.kz

Әуежайдан қалаға такси немесе жолаушылар автобусы арқылы жетуге болады.


Стамбұл әуежайының ішкі көрінісі / Сурет informburo.kz

Стамбұлдың жаңа әуежайында жүк арбалары да ақылы. Оны пайдалану 5 лирадан (350 теңге мөлшерінде) басталады. Электро таксилер де бар.


Әуежай ішінде осындай таксилер бар / Сурет informburo.kz


Әуежай алдында салынып жатқан мешіт құрылысы / Сурет informburo.kz


Стамбұл қаласының әуежайда тұрған картасы / Сурет informburo.kz

Түркияда такси қызметі қымбат

Түркияда жанармай Қазақстанға қарағанда 2,5 есеге қымбат әрі қызмет көрсету құны да жоғары. Сол себепті қалтасы таяз жолаушыларға қала орталығына автобуспен жеткен абзал. Метро, трамвай және автобуспен кез келген жерге жетесіз.

Әуежайдың көлік тоқтайтын алаңы 4 қабаттан тұрады.

Жол және тіл білмейтіндерді алдап кететіндер де жетеді. Сол себепті, 2gis, Istanbul map, Istanbul mobile, yandex taxi қосымшаларын көшіріп алып, сол арқылы такси шақыруға, бағасы мен жүретін жолыңның маршрутын біліп тұруға болады.


Әуежайдағы таксилер / Сурет informburo.kz

Ұялы байланыс SIM-картасын ұзақ уақыт пайдалану үшін салық төлейсіз

Түрлі қосымшаларды орнатып, WhatsApp арқылы туыс, дос-жарандарыңызға хабарласу үшін түркияның SIM-картасын амалсыз аласыз.


Түркияда негізінен үш ұялы байланыс операторы қызмет көрсетеді / Сурет informburo.kz

Ұялы байланыс операторларының құны Қазақстанға қарағанда қымбат. Мәселен Түрксел (turkcell) операторынан SIM-картаны 6 Гигабайт интернет, басқа операторларға шексіз байланыс мүмкіндігі тарифы бойынша сатып алғанда 120 түрік лирасы (1 лира = 69-70 теңге) болды.

SIM-карта төлқұжатыңыз арқылы уақытша тіркеледі. Тек 120 күн ашық тұарды. Сосын телефоныңыз IMEI сериялық нөмірі бойынша бұғатталады.

Егер нөмірді ұзақ уақыт пайдаланғыңыз келсе, 1500 лира салық төлеп, телефоныңызды тіркетуіңіз керек. Ондағы басты себеп – Түркияда телефон секілді технологиялық құрылғылардың бағасы едәуір қымбат. Оның үстіне инфляция да жиі мазалайды. Сол себепті шетелден бірнеше телефон әкеліп пайдалануды шектеу үшін осындай салық саясатын енгізген.

Алдымен салық төленгені туралы түбіртекті алуыңыз керек. Сол кезде телефоныңыздың IMEI сериясы сіздің сатып алған нөміріңізге бекітіледі. Бір нөмір тек бір телефонға сәйкес болуы тиісті.


SIM-карта төлқұжат арқылы тіркеледі/ Сурет informburo.kz

"Стамбұл карт" – жол жүру картасы. Мереке күндері тегін болуы мүмкін

Әрине, тіл білген жақсы. Түркиялықтардың көбі ағылшын тілінде сөйлей алады. Әуежай терминалында немесе сауда орындарында кейбіреулері орыс тілінде де сайрап тұр.

Стамбұлда метро, трамвай, автобус және кеме қатынасы жақсы дамыған. Онда бір тұтас "Стамбұл карт" қолданылады. Ол әлеуметтік төлемдерге де жарамды. Картаны сатып алуға 20 лира (1400 теңге шамасы) жұмсайсыз. Сосын арнайы терминалдар арқылы ақша құясыз.


"Стамбұл карт" сатып алуға және оған ақша құюға көмектесіп тұрған қызметкер / Сурет informburo.kz

Жолақы едәуір қымбат. 1,8-5,6 лираға дейін (1 лира = 69-70 теңге) төлейсіз. Жолдың ұзын-қысқалығына қарай есептеледі. Мәселен, метроға Зейтінбұрын бекетінен мінгенде 5,6 лира алады. Егер 2-3 бекеттен кейін түсіп қалсаңыз, сол жерде тұрған терминалдарға "Cтамбұл карт"-ыңызды тигізу арқылы төлеген ақшаңыздың бір бөлегін кері қайтара аласыз.

Бір "Стамбұл карт" арқылы бір ретте бірнеше адамға төлеуге болады. Алайда қысқа аралыққа жүрсеңіз, бір адамға ғана ақша қайтарылады. Сол үшін адамдарға жеке-жеке карта алып жүргені тиімді.


Мұғалімдер мен әлеуметтік топтарға жол жүру құны жеңілдетілген / Сурет informburo.kz

Стамбұлда мұғалімдер мен әлеуметтік топтарға жол жүру құны арзан.


Метродағы Түркия Президентінің жарнамасы / Сурет informburo.kz

Стамбұл картымен әлеуметтік дәретханаларға 1 лира (70 теңге) төлеп кіруге болады.


Метро ішінде ән тыңдап отырған жолаушылар / Сурет informburo.kz

Стамбұлда мереке күндері кейбір қоғамдық көлік тегін қызмет көрсетеді. Мысалы, біз Құрбан айттың бірінші күні айт намаздан кейін кемеге мініп, көрші аралға тегін барып қайттық.

Кеме қатынасы арзан әрі қолайлы

Стамбұлдың еуропалық пен азиялық жағы өзара көбіне кеме арқылы қатынасады. Оған көрші аралдарға қатынайтын шағын кемелерді де қосуға болады.


Су жолы қатынас бекетінің қасында балық аулап отырған балықшылар / Сурет informburo.kz

Стамбұлда көне ескерткіштер өте көп. Олар үш дәуірдің сәулет ескерткіштерінен тұрады.

Теңіз жиегіне ешқандай қауіпсіздік қоршаулары орнатылмаған. Тіптен, тұрғын үйлеріне де.


Кеме тоқтайтын жағалау / Сурет informburo.kz

Кеме тасымалы басқа тасмалдарға қарағанда арзан есептеледі.


Кемеге мініп бара жатқан жолаушылар / Сурет informburo.kz

Кеме айналасында балықтар топырлап, жолаушылар лақтырған нанды жейді екен.


Нанға таласқан балықтар / Сурет informburo.kz

Кемелер сәнді әрі таза.


Кеме үстінен теңізге қарау да бір ғанимет / Сурет informburo.kz


Егер жауын жауса осында отырасыз / Сурет informburo.kz

Аталарымыз жазып кеткендей "Стамбұл кемесіндей бұраңдаған" деп осыдан айтылса керек. Таулы немесе сайын далада өскен біздер үшін теңіз де, кеме де ғажайып түс секілді.


Кеме ішінде шай ішіп, тамақтануға болады / Сурет informburo.kz


Кеме артынан еріп, лақтырған нанды жеген шағалаларды тамашалау / Сурет informburo.kz


Кеме бекетінде тұрған шағын кемелер / Сурет informburo.kz

Бұдан тыс электромопед, велесипедпен жүретін адам да көп.

Полиция аз, жолдың кез келген жерінен өте бересіз

Көше тар болғанымен, мұнда машина шырғалаңы (оқиғасы немесе апаты) аз болады. Тіптен, көшелерде орнатылған бақылау камералары да жоқтың қасы.


Көшенің тарлығынан көліктер қалаймақан қойыла береді / Сурет informburo.kz

Жол бойында иін тірескен көлік ішінен жол тауып кетіп бара жатқан адамдарды жиі көрдік. Бағдаршамның қызылы жанып тұрғанда да жан-жақтарына қарап қойып, жолды кесіп өте береді. Ол үшін ешкім жауапқа да тартылмайды. Көлік жүргізушілері де соған үйренген.

Жол апатына ұшырайтындардың көбісі – жергілікті жол ережесін түсінбейтін туристер. Сондықтан, абай болыңыздар!


Көшенің кез келген жерінен қызыл шыраққа да қарамай өтіп жатқан адамдарды жиі көресіз / Сурет informburo.kz


Трамвай келе жатқан жолмен басқа көлік те да жүре береді / Сурет informburo.kz

Мотоциклдер де көп.


Кафе алдында тұрған мотоциклдер / Сурет informburo.kz

Стамбұлдың әр көшесі – базар, әр бұрышы – дәмхана

Түркия халқының дәстүрлі сауда мәдениеті бар. Оның үсіне елде туристік, қызмет өтеу саласы маңызды кіріс көзі болғандықтан, жеңіл өнеркәсіп те дамыған. Атап айтқанда, мата, киім-кешек өндірісі жоғары деңгейде.


Мешіт алдындағы бұрышта сауда істеп отырған азаматтар / Сурет informburo.kz

Стамбұлдықтар есік алдындағы әр шаршы метр жерді де ұқыпты пайдаланады. Маусымдық сауда сөрелерін кез келген жерде ашып, жұмыс істей береді. Ол үшін қатты шектемелер жоқ.

Ал мемлекеттік мекемелер сырттай қадағалап отырады. Керек кезінде көмектеседі. Сондықтан саудагерлер де еш қорқынышсыз жұмыс істейді.


Көшеде жүгері секілді жеңсік астарды пісіріп, сатып тұрған арбаларды жиі көресіз / Сурет informburo.kz

Базарда немесе көшеде ең көп сатылатын тағам – смит (түрік наны). Бағасы 1,5-2 лира (100-140 теңге шамасы).


Көшеде смит (түрік наны) сатып жүргендер де көп. / Сурет informburo.kz

Көшеге тас кірпіш төсеу мыңдаған жылдардан бері жалғасып келеді.


Тас кірпіш төселген ескі көше / Сурет informburo.kz

Стамбұлдықтар үшін саудадан гөрі қызмет өтеушінің мінезі маңызды. Кез келгені көмектесуге, жол көрсетуге дайын тұрады. Алайда, ұры-қары да жоқ емес. Абайламасаңыз, сөмкеңізді қақшып кетулері мүмкін.


Дәмхана алдында тәттілерді ұсынып тұр. Бұл да клиент шақырудың бір тәсілі / Сурет informburo.kz


Сахафлар шаршыссы (базары) 1458 жылдан бері бар / Сурет informburo.kz


Стамбұлдағы Египет базарының іші / Сурет informburo.kz


Қол жетпес биікте тұрған сатылатын киімдер / Сурет informburo.kz

Түркияда ет қымбат, жеміс арзан

Мал етінің келісі 5-6 мың теңгеден басталады. Сол үшін тауық етін көп тұтынады. Тамақтың түрлері көп, дәмдері де әртүрлі. Әсіресе, өзгеше қызмет көрсету тәсілі жұртты баурайды.


Көше бойындағы ресторанда мәнті түйіп отырған аналарды көруге болады / Сурет informburo.kz


Мәнті түйіп отырған апа / Сурет informburo.kz


Балмұздақ сатудың өзі – бір өнер / Сурет informburo.kz


Көшедегі балмұздақ жеп, қызық көріп тұрған балалар / Сурет informburo.kz

Стамбұлда пәтер жалдау қиын

Мұнда қонақ үйлер Қазақстанға қарағанда әлдеқайда қымбат. Оның үстіне шілде және тамыз айларында келетін туристер көп болғандықтан, тіптен қымбаттайды. Ал пәтер жалдау үшін алдын ала кепіл ақша тастау керек. Оның мөлшері май ақыдан 2-3 есе қымбат. Тағы бір ескеретін жағдай – таныстарыңыз болмаса, пәтер жалдай алмайсыз. Ол үшін төлқұжат та қажет және арнайы үй жалдау компанияларымен келісім-шарт жасайсыз.

Пәтер тауып беретін делдал компаниялар да сол пәтердің бір айлық ақысына парапар ақша талап етеді.

Тағы бір ескерер жәйт – тәуліктік пәтерлер негізінен жоқ немесе табу қиын. Кемі бір жұма тұруыңыз керек.


Электр көлікке мініп бара жатқан әже / Сурет informburo.kz

Кез келген жерге кәуап қақтап, демалуға болады

Стамбұл көшелері тар. Тұрғын үйлердің аулаларында балалар ойнайтын алаң жоқтың қасы. Сол себепті кешке жақын саябақтарда балаларын ертіп, демалып жүргендерді жиі көресіздер. Тіптен, онда кәуап қақтап, тамақ пісіруге де болады. Сосын әркім өз орнын жинап-теріп, тазалап кетеді.


Саябақта демалып отырған қала тұрғындары / Сурет informburo.kz


Түн болса да аш қалмайсыз. Жол шетінде кәуап қақтап отырғандар да бар / Сурет informburo.kz


Мұсылманша киінген әйел, қыздар көп кездеседі / Сурет informburo.kz


Пластик қақпақты да жинайды. Бұл өркениет белгісі болса керек / Сурет informburo.kz

Қиындық кездессе, полицияға хабарласыңыз

Полиция қызметкерлері көбіне туристер көп жерлерде кездеседі. Егер адасып қалсаңыз, үйіңізді тауып жеткізіп тастайды. Ол үшін ешқандай ақы да дәметпейді. Былайша айтқанда халықтың көмекшісі.


Көше бойындағы мотоцикл мінген полиция қызметкерлері / Сурет informburo.kz


Көшедегі полиция көлігі / Сурет informburo.kz

Қара киімділерді суретке түсіруден абайлаңыз

Стамбұл көшелерінде қара паранжы жамылғандарды суретке байқап түсіру керек. Олар сотқа беруі мүмкін. Мұнда Сириядан келген 2 миллионнан астам босқын тұрады екен.


Хиджаб кигендер де жетерлік / Сурет informburo.kz

Түркияның туы – әр азаматтың мақтанышы

Түркияда мемлекет туы үйлерге де тігіледі. Ол үшін ешкім де жауапкершілікке тартылмайды.


Университетте ілулі тұрған мемлекет туы / Сурет informburo.kz


Қоқыс арбасына іліп қойған ту / Сурет informburo.kz


Ағаш арасында да ілініп тұр / Сурет informburo.kz