Түркия еліне бару үшін төлқұжатыңыз болса, жетіп жатыр. Балалар үшін де жеке төлқұжат талап етеді. Виза керек емес.
Ең қолайлы көліктің түрі – ұшақ. Кейбіреулер Иран арқылы көлікпен немесе Каспий теңізін басып Әзербайжан арқылы барады. Бірақ жол ұзақ және шегаралар көп болғандықтан уақыттан ұтыласыз.
Саяхатқа дайындық
Алдымен, "Қазақстан Республикасы шегінен шығуы уақытша шектелген тұлғалардың тізімі" және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми сайтында "Атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер тізілімі" деректер базасын тексеру керек.
Ұшақ билетін алдын ала алсаңыз, арзанға түседі. Бір адам үшін барып-келу билетінің құны 200 мың теңгеден басталып 1,5 млн-ға дейін жетеді. Сонымен бірге интернет арқылы мұсылманша немесе балаларға арнап тамаққа тапсырыс бере аласыз.
Біз Мәскеу арқылы ұштық
Ресей әуежай тасымалының бағасы арзандау түсті. Алайда қайтар жолда қатар жіберген екі жүктің бірі 2 күнге кешігіп жетті. Былайша айтқанда, қызмет көрсету сапасының жоғары еместігін ескеру керек. Бұл әуежайда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан да болуы мүмкін. Ең дұрысы – Стамбұлға тіке барып-келу.
Билетті онлайн түрде әуе компаниясының бас сайты арқылы алсаңыз, жасырын комиссия болмайтындықтан ақша үнемдейсіз.
Мәскеу әуежайында көп уақытқа қалатын жолаушылар үшін жылы киінгені абзал. 7 жастан аспаған балалары бар ата-аналарға немесе жүкті аналар үшін түнде "Балалар мен аналар демалу орны" істейді.
Стамбұл қаласына түнде келіп жеттік.
Стамбұл (Ыстанбұл) – Еуропа құрылығындағы ең үлкен қала.Алғашында (330 – 1453) Рим императоры Константиннің құрметіне Константинополь деп аталды. 395 – 1453 жылы Византия мемлекетінің, 1453 – 1918 жылы Осман сұлтандығының, 1918 – 1923 жылы Түркияның астанасы болды.
Стамбұл жаңа әуежайы әлемдегі ең үлкен болып есептеледі. Әуежай жұмысын бастағалы екі жылға жақындаса да терминалдар құрылысы әлі жүріп жатыр. Қала шетінен 40 шақырымға жуық қашықтықта.
Әуежайдан қалаға такси немесе жолаушылар автобусы арқылы жетуге болады.
Стамбұлдың жаңа әуежайында жүк арбалары да ақылы. Оны пайдалану 5 лирадан (350 теңге мөлшерінде) басталады. Электро таксилер де бар.
Түркияда такси қызметі қымбат
Түркияда жанармай Қазақстанға қарағанда 2,5 есеге қымбат әрі қызмет көрсету құны да жоғары. Сол себепті қалтасы таяз жолаушыларға қала орталығына автобуспен жеткен абзал. Метро, трамвай және автобуспен кез келген жерге жетесіз.
Әуежайдың көлік тоқтайтын алаңы 4 қабаттан тұрады.
Жол және тіл білмейтіндерді алдап кететіндер де жетеді. Сол себепті, 2gis, Istanbul map, Istanbul mobile, yandex taxi қосымшаларын көшіріп алып, сол арқылы такси шақыруға, бағасы мен жүретін жолыңның маршрутын біліп тұруға болады.
Ұялы байланыс SIM-картасын ұзақ уақыт пайдалану үшін салық төлейсіз
Түрлі қосымшаларды орнатып, WhatsApp арқылы туыс, дос-жарандарыңызға хабарласу үшін түркияның SIM-картасын амалсыз аласыз.
Ұялы байланыс операторларының құны Қазақстанға қарағанда қымбат. Мәселен Түрксел (turkcell) операторынан SIM-картаны 6 Гигабайт интернет, басқа операторларға шексіз байланыс мүмкіндігі тарифы бойынша сатып алғанда 120 түрік лирасы (1 лира = 69-70 теңге) болды.
SIM-карта төлқұжатыңыз арқылы уақытша тіркеледі. Тек 120 күн ашық тұарды. Сосын телефоныңыз IMEI сериялық нөмірі бойынша бұғатталады.
Егер нөмірді ұзақ уақыт пайдаланғыңыз келсе, 1500 лира салық төлеп, телефоныңызды тіркетуіңіз керек. Ондағы басты себеп – Түркияда телефон секілді технологиялық құрылғылардың бағасы едәуір қымбат. Оның үстіне инфляция да жиі мазалайды. Сол себепті шетелден бірнеше телефон әкеліп пайдалануды шектеу үшін осындай салық саясатын енгізген.
Алдымен салық төленгені туралы түбіртекті алуыңыз керек. Сол кезде телефоныңыздың IMEI сериясы сіздің сатып алған нөміріңізге бекітіледі. Бір нөмір тек бір телефонға сәйкес болуы тиісті.
"Стамбұл карт" – жол жүру картасы. Мереке күндері тегін болуы мүмкін
Әрине, тіл білген жақсы. Түркиялықтардың көбі ағылшын тілінде сөйлей алады. Әуежай терминалында немесе сауда орындарында кейбіреулері орыс тілінде де сайрап тұр.
Стамбұлда метро, трамвай, автобус және кеме қатынасы жақсы дамыған. Онда бір тұтас "Стамбұл карт" қолданылады. Ол әлеуметтік төлемдерге де жарамды. Картаны сатып алуға 20 лира (1400 теңге шамасы) жұмсайсыз. Сосын арнайы терминалдар арқылы ақша құясыз.
Жолақы едәуір қымбат. 1,8-5,6 лираға дейін (1 лира = 69-70 теңге) төлейсіз. Жолдың ұзын-қысқалығына қарай есептеледі. Мәселен, метроға Зейтінбұрын бекетінен мінгенде 5,6 лира алады. Егер 2-3 бекеттен кейін түсіп қалсаңыз, сол жерде тұрған терминалдарға "Cтамбұл карт"-ыңызды тигізу арқылы төлеген ақшаңыздың бір бөлегін кері қайтара аласыз.
Бір "Стамбұл карт" арқылы бір ретте бірнеше адамға төлеуге болады. Алайда қысқа аралыққа жүрсеңіз, бір адамға ғана ақша қайтарылады. Сол үшін адамдарға жеке-жеке карта алып жүргені тиімді.
Стамбұлда мұғалімдер мен әлеуметтік топтарға жол жүру құны арзан.
Стамбұл картымен әлеуметтік дәретханаларға 1 лира (70 теңге) төлеп кіруге болады.
Стамбұлда мереке күндері кейбір қоғамдық көлік тегін қызмет көрсетеді. Мысалы, біз Құрбан айттың бірінші күні айт намаздан кейін кемеге мініп, көрші аралға тегін барып қайттық.
Кеме қатынасы арзан әрі қолайлы
Стамбұлдың еуропалық пен азиялық жағы өзара көбіне кеме арқылы қатынасады. Оған көрші аралдарға қатынайтын шағын кемелерді де қосуға болады.
Стамбұлда көне ескерткіштер өте көп. Олар үш дәуірдің сәулет ескерткіштерінен тұрады.
Теңіз жиегіне ешқандай қауіпсіздік қоршаулары орнатылмаған. Тіптен, тұрғын үйлеріне де.
Кеме тасымалы басқа тасмалдарға қарағанда арзан есептеледі.
Кеме айналасында балықтар топырлап, жолаушылар лақтырған нанды жейді екен.
Кемелер сәнді әрі таза.
Аталарымыз жазып кеткендей "Стамбұл кемесіндей бұраңдаған" деп осыдан айтылса керек. Таулы немесе сайын далада өскен біздер үшін теңіз де, кеме де ғажайып түс секілді.
Бұдан тыс электромопед, велесипедпен жүретін адам да көп.
Полиция аз, жолдың кез келген жерінен өте бересіз
Көше тар болғанымен, мұнда машина шырғалаңы (оқиғасы немесе апаты) аз болады. Тіптен, көшелерде орнатылған бақылау камералары да жоқтың қасы.
Жол бойында иін тірескен көлік ішінен жол тауып кетіп бара жатқан адамдарды жиі көрдік. Бағдаршамның қызылы жанып тұрғанда да жан-жақтарына қарап қойып, жолды кесіп өте береді. Ол үшін ешкім жауапқа да тартылмайды. Көлік жүргізушілері де соған үйренген.
Жол апатына ұшырайтындардың көбісі – жергілікті жол ережесін түсінбейтін туристер. Сондықтан, абай болыңыздар!
Мотоциклдер де көп.
Стамбұлдың әр көшесі – базар, әр бұрышы – дәмхана
Түркия халқының дәстүрлі сауда мәдениеті бар. Оның үсіне елде туристік, қызмет өтеу саласы маңызды кіріс көзі болғандықтан, жеңіл өнеркәсіп те дамыған. Атап айтқанда, мата, киім-кешек өндірісі жоғары деңгейде.
Стамбұлдықтар есік алдындағы әр шаршы метр жерді де ұқыпты пайдаланады. Маусымдық сауда сөрелерін кез келген жерде ашып, жұмыс істей береді. Ол үшін қатты шектемелер жоқ.
Ал мемлекеттік мекемелер сырттай қадағалап отырады. Керек кезінде көмектеседі. Сондықтан саудагерлер де еш қорқынышсыз жұмыс істейді.
Базарда немесе көшеде ең көп сатылатын тағам – смит (түрік наны). Бағасы 1,5-2 лира (100-140 теңге шамасы).
Көшеге тас кірпіш төсеу мыңдаған жылдардан бері жалғасып келеді.
Стамбұлдықтар үшін саудадан гөрі қызмет өтеушінің мінезі маңызды. Кез келгені көмектесуге, жол көрсетуге дайын тұрады. Алайда, ұры-қары да жоқ емес. Абайламасаңыз, сөмкеңізді қақшып кетулері мүмкін.
Түркияда ет қымбат, жеміс арзан
Мал етінің келісі 5-6 мың теңгеден басталады. Сол үшін тауық етін көп тұтынады. Тамақтың түрлері көп, дәмдері де әртүрлі. Әсіресе, өзгеше қызмет көрсету тәсілі жұртты баурайды.
Стамбұлда пәтер жалдау қиын
Мұнда қонақ үйлер Қазақстанға қарағанда әлдеқайда қымбат. Оның үстіне шілде және тамыз айларында келетін туристер көп болғандықтан, тіптен қымбаттайды. Ал пәтер жалдау үшін алдын ала кепіл ақша тастау керек. Оның мөлшері май ақыдан 2-3 есе қымбат. Тағы бір ескеретін жағдай – таныстарыңыз болмаса, пәтер жалдай алмайсыз. Ол үшін төлқұжат та қажет және арнайы үй жалдау компанияларымен келісім-шарт жасайсыз.
Пәтер тауып беретін делдал компаниялар да сол пәтердің бір айлық ақысына парапар ақша талап етеді.
Тағы бір ескерер жәйт – тәуліктік пәтерлер негізінен жоқ немесе табу қиын. Кемі бір жұма тұруыңыз керек.
Кез келген жерге кәуап қақтап, демалуға болады
Стамбұл көшелері тар. Тұрғын үйлердің аулаларында балалар ойнайтын алаң жоқтың қасы. Сол себепті кешке жақын саябақтарда балаларын ертіп, демалып жүргендерді жиі көресіздер. Тіптен, онда кәуап қақтап, тамақ пісіруге де болады. Сосын әркім өз орнын жинап-теріп, тазалап кетеді.
Қиындық кездессе, полицияға хабарласыңыз
Полиция қызметкерлері көбіне туристер көп жерлерде кездеседі. Егер адасып қалсаңыз, үйіңізді тауып жеткізіп тастайды. Ол үшін ешқандай ақы да дәметпейді. Былайша айтқанда халықтың көмекшісі.
Қара киімділерді суретке түсіруден абайлаңыз
Стамбұл көшелерінде қара паранжы жамылғандарды суретке байқап түсіру керек. Олар сотқа беруі мүмкін. Мұнда Сириядан келген 2 миллионнан астам босқын тұрады екен.
Түркияның туы – әр азаматтың мақтанышы
Түркияда мемлекет туы үйлерге де тігіледі. Ол үшін ешкім де жауапкершілікке тартылмайды.