Өнертанушы Мариника Бабаназарованың "Қайта оралған есімдер" монографиясын ұсынамыз. Мариника Өзбекстан Республикасы және Францияның әдебиет және өнер саласындағы жоғары атақтары мен ордендердің иегері.


Өнерді қадірлеушілер мен халықаралық арт қауымдас­тық үшін Қарақалпақстан Республикасының Нөкіс қаласында орналасқан И.В. Савицкий атындағы өнер мұражайы соңғы онжылдықтар ішінде өзіндік Меккеге айналды. Нөкіс мұражайы беделді бұқаралық ақпарат құралдарының әлемдік рейтингтерінде аса тартымды туристік бағыттардың арасында алғашқы орында. Бұл мұражайды "Шөлдегі Лувр" деп те атайды. Тек жинағының сипаты мен ауқымына байланысты ғана емес, танымалдығына байланысты да осылай айтады. Сарапшылар Қарақалпақстандағы мұражайды Орталық Азияның ең үлкен көркем коллекциясы деп санайды, ал ХХ ғасыр басындағы авангардтық өнер коллекциясының танымалдығы жаһандық ауқымда ерекше қызығушылық тудырады. Осы мұражайдың арқасында Нөкіс қаласы сұрау статистикасына сәйкес Өзбекстандағы туристік бағыттар ішінде төртінші орында (Бұқара, Самарқан және Хиуадан кейін).

Әлемге әйгілі көрнекті ғалым, профессор, алғашқы болып ашқан С. П. Толстов "Орта Азияның Мысыры" деп атаған Ежелгі Хорезмнің антикалық және ортағасырлық өнері түріндегі археологиялық байлық коллекциясының да айрықша назар аудартатынын атап айтқан жөн. 1966 жылы мұражай ашылғанда оның негізі болған қарақалпақ ұлттық қолданбалы өнерінің ірі коллекциясы әлемге ХХ ғасырдың ең жылдам экологиялық апаты ретінде әйгілі Арал маңында тұрған, бұрын жартылай көшпелі кіші халықтың мәдени генофонды болып саналады.

Нөкіс мұражайының атағы жер жарып тұрған кездерде келушілер негізінен 1920–30 жылдардың бейнелеу өнеріне қатты қызыққан екен. Дәл осы коллекцияға өнерді бағалайтындар ерекше қызықты. Бұл елдің көркем өміріне деген ешқандай сүзгіден өтпеген объективті көзқарас, бұл ресми өнер қабылдамаған немесе көп жыл бойы ұмытылып, оның ой өрісінен шығып кеткен есімдер еді. И.В. Савицкий атындағы мұражайдың 1998 жылы Францияда өткен көрмесінің атауы Les Survivants des Sables Rouges болғаны кездейсоқ емес, ол атау екі мағынаны білдіреді: "Қызылқұмнан тірі шыққандар" немесе "Қызыл құмда тірі қалғандар".

Соңғы 30 жылда репрессия жайлы көп айтылып, жазылды. Сол қаралы жылдары ең қатты зауалды зиялы қауым, олардың жақындары көрді. Шығармашылық адамдарының қара басы ғана емес, олардың туындылары да репрессияға ұшырағаны туралы біліп жатырмыз. Десе де әлі күнге дейін ХХ ғасыр басындағы, яғни 1920 жылдары өркендей бастаған және 1930 жылдардағы өзбекстандық бейнелеу өнері мектебіне ресми баға берілген жоқ. Өзбек КСР Халық Комиссариаты Кеңесі 1933 жылы қабылдаған Өзбекстан бейнелеу өнерін дамыту шаралары туралы қаулысы жан-жақты талқыланып, объективті сараланған жоқ. Ол қаулының социалистік реализм тұрғысынан өнердің мәнері, стилі және тақырыбын біріздендіруде рөлі маңызды болды, ал ол өнердегі сол кезде мүмкін болған жалғыз көркем бағытқа айналды.

Көпшілікке жол тартқан материалдардан біз сөз етіп отырған мәселеге ресми бағалауды кездестірмейміз. Көркем өнерге қатысты ЖОО-лар мен колледждер әлі күнге дейін 1950-80 жылдары жазылған оқулықтар мен ғылыми-көпшілік басылымдардың санаулы мақаласын пайдаланады. Мүмкін өнертанушы студенттер оқытушыларының семинарлары мен дәрістерінен керек білімін алатын шығар, алайда көпшілікке арналған іргелі, заманауи басылым жоқ.


Оқи отырыңыз: Қазақстандағы корейлердің алғашқы қыстауы. Жер аударылған жандардың естелігі


1980 жылдардың соңы – 1990 жылдардың басында, яғни қайта құру кезеңінде кеңестік Өзбекстан өнері тарихы пәнінен дәріс беретін оқытушыларымыз әдістемелік құралдар мен концепциялар, ЖОО үшін бекітілген арнайы бағдарламалардан ауытқып, өздері көрген, білген, куә болған, елдің 1920-30 жылдардағы әлеуметтік-саяси, мәдени өмірі туралы "біртүрлі" әңгімелер айта бастады. Түйсігі ояу студенттер ол дәрістерді мұқият конспектілеп жазып алды, өйткені ол туралы өздері оқып жүрген оқулықтарда ешқандай ақпарат жоқ еді. Отыз жыл бұрын бұл жағдайға түсіністікпен қарауға болатын, бірақ бүгінгі таңда өнердің ресми тарихының жаңаша түсіндірмесі жоқ болуын қалыпты жағдай дей алмаймыз. Әрине, тарихты қайта жазу керек демейміз, тек оны объективті тұрғыдан қайта қарастыру қажет. Бұған қолбайлау боп тұрған жайттар да аз емес: революциядан кейінгі кеңес өкіметін орнатудың алғашқы жиырма жылдығына қатысты мұрағаттарға жол жоқ, бұл кезең – кеңес өкіметі орнап, қанды жорық – репрессия жасаған, күштеп ұжымдастыру мен тәркілеу кезеңі. Мұның бәрі мәдениет саласына да салқынын тигізді.

БК(б)П ОК-нің 23.04.1932 жылғы "Әдеби-көркем ұйымдарды қайта құру туралы" қаулысы шыққаннан кейін елдің мәдени өмірі партия мен үкіметтің қатал да қырағы назарында болды. Соның негізінде 1933 жылы маусымда Өзбек КСР ХКК-нің Өзбекстанда бейнелеу өнерін дамыту шаралары туралы қаулысы қабылданды. 1934 жылы Мәскеу мен Филадельфияда (АҚШ) өткен көрме бастапқы кезде елдің бейнелеу өнері тарихындағы сәтті шара, тіпті салтанатты шағы деп бағаланды, сыншы В. Надеждин "көп жағдайда, соның ішінде мәскеулік суретшілер үшін де "үлгі аларлық" десе, кейіннен ол сипат теріске шығып, жағдай қиындай түсті.

1935 жылдан бастап "халық пен қарапайым өмірден алыстап", социалистік өзгерістерді "бұрыс" көрсеткен немесе партиялық саясатқа мүлде назар аудармаған суретшілерге сын қаһары күшейе түсті. Оларға "декаденттік" және "буржуазия өкілдеріндей бұзылу", "өтірік өнер" мен "басқаша ойлау" деген айып тағылды. Оларға моральдық тұрғыда қысым көрсетіп, көпшілік алдына шығып көрме өткізуге тыйым салды. Кейіннен қылмыстық іс қозғап, жала жабу мен түрлі шағым арқылы олардың жолын кесті. Соцреализмнің желбіреген алқызыл жалауы оларға тозақтай болды, еркін шығармашылықтың жолы кесіліп, өнердің өрісі тарылды. Осы себепті жаңа мәдени саясатты шын жүрекпен қабылдап, социалистік өзгерістерді шынайы өрнектегендер мен оны шарасыз жасағандар деп екіге бөлу пайда болды. А. Волков, В. Уфимцев, А. Николаев, М. Курзин, Н. Қарахан, Н. Кашина, О. Таңсықбаевтар екінші топтың өкілі болып саналды. Тіпті саяси тұрғыдан дұрыс тақырыптар мен сюжеттерді суреттеу тәсілі мен стилі де талқылаулар мен ресми айыптауға сылтау болды. Өзгеше көзқарас, өзіндік қолтаңба дегендер шығармашылық адамының өзіне сор болған соң, суретшілер де, сыншылар да саясаттың қолайына жағатын жолды таңдап, оған "солшылдық" ауруын және формалдық эсперименттерді жеңу" деп ат қойды.

Осылайша, репрессия бәріне, тіпті ашық түрде айыпталып, қудаланбағандарға да әсер етті. Идеология үстемдігі кеңес бюрократиясына жақпайтындармен бас араздығын шешу құралы болды. Кемталанттар шын таланттарға түрлі ат қойып, айдар тағып, қызғаныштан қудалап, көзін жойып жатты. 1930 жылдардың ортасына қарай көрмелерді талқылайтын жиын атмосферасы өте ауыр болды. Газет-журналдардағы авторлық және аноним рецензиялардың екпіні адам төзгісіз еді. Мәселен, 22.03.1936 жылы партияның "Правда Востока" орталық газетінде жарық көрген "Көркем сурет өнеріндегі айла-шарғыға қарсымыз" атты мақалада автор жай ғана "Суретші" деп көрсетілген және бұлай жазу сол кезде әдетке айналды. Онда А. Волковты және оның әріптестері В. Маркова, Н. Кашина және тағы басқаларды "қылжақбас" деп айыптады.

Кейбір өнер адамдары мұндай қысымға шыдамай, туын­­­дыларының көзін жойды. Шығармашылықты сынау саяси көзқарас негізінде жүргізілді. М. Курзин, В. Лысенко, А. Николаев, М. Гайдукевич, В. Кайдалов, В. Гуляев, Ф. Кравченко, В. Конобеев және т. б. өнер иелері саяси баптармен сотталды. Кейбіреулер: "Жас болдық, қателестік, формалистік және буржуазиялық батыс ағымдарының әсерінде болдық. Шынайы өнер – социалистік реализм екенін енді түсіндік" деп, "мойындады". Жаңа ойынның ережелерін қабылдап, кейін жылымық кезеңінде өздерінің шығармашылық жастық шақтарын сағынып, аңсады.


Оқи отырыңыз: Қарағанды концлагерінің құпиясы. Сіз білмеген деректер


Осылайша 1930 жылдары өнердің аяғына тұсау түсіп, өсіп-өркендей алмады.

Енді әңгімемізді біз сөз етіп отырған кезеңде өмір сүрген суретшілердің шығармашылық биографиясына қарай бұрайық. Біз Нөкіс мұражайының жинағы мен мұрағатының деректері негізінде әңгіме қозғаймыз.

Жоғарыда айтқанымыздай, бұл жинақ Өзбекстан көркем өнер мектебінің қалыптасуының объективті бағасын береді. Бір қарағанда бұл мектеп саясатта шаруасы жоқ, іргесін алыс салғандай кейіп танытады, бірақ ол кейде жанама түрде кейде тікелей елдің, Орталық Азияның әлеуметтік-саяси жағдайын суреттейді.

Жаңа әлем құру жағдайы, революциялық романтика, ежелгі мәдениеттің қайнар бұлағының қасында болу, оны терең зерттеу және шығыстық эстетиканы тамашалау – Өзбекстан суретшілерінің мәдени тәжірибесі мен біліміне кеп қосылды. 1920-1930 жылдардың бастапқы кезеңі жаймашуақ басталып, сан-салалы дамыды және өмірдің ғылым мен көне ескерткіштерін консервациясынан үгіт-насихат және білім беру жобаларына дейінгі түрлі саласына бұқараға арналған "расм мактаб"-тар (дәстүрлі мектептер) қатысып отырды.

Мұражайдың бейнелеу өнері бөлімінің жинағындағы суретшілердің жеке істер мұрағатын қарау зерттеушіні қайшылықты ойға қалдырады. Бұл ой "кез келген кемеңгер суретшінің тағдыры – трагедия" деген сөздің рас екенін дәлелдей түскендей болады.

Бұл мұрағаттың ерекшелігі – суретшілердің көбінің жарияланымдары жоқ және олардың шығармашылығы мен өмірінің ресми объективті бағасы жоқ жағдайда жиналғаны. Мұражай елдің көркем әлемі өкілдерінің шығармашылық белсенділігінің барлық куәлігін азаптанып жинаған. Хат жазысу, естеліктер, түрлі ведомствоның анықтамасы, каталогтар, фотосуреттер, Савицкий және оның қызметкерлерінің, суретшілердің туысқандары мен достары, туынды иелерінің жеке жазбалары, күнделіктер – дәуірдің жанды естелігі. Бұл құжаттар кейде еріксіз таңғалдырады! Дайындықсыз зерттеушіні әрі-сәрі күйге түсіреді. Кейбір фактілерді жарияланымдар мен деректі фильмдерімізде көрсеткенбіз . Олар үлкен мұражайға, оның тарихына деген айрықша назар аудартып, қызығушылық тудырды, және, таңғаларлығы мұражайдың атын әйгіледі, соның арқасында туристер үздіксіз келетін болды.

"Нөкіс мұражайы" деген бренд тарихында репрессивті өнер жинағы басты рөл атқарады. Алайда мұражай да, оның негізін қалаушы И. В. Савицкий де 1920–30 жылдардың саяси репрессиялар тақырыбын ешқашан ең маңызды міндет етіп қойған емес. Мұражайдың негізін қалаушы ХХ ғасырдың алғашқы отыз жылындағы зерттеушілер мен өнерді қадірлеушілердің назарынан тыс қалған, жойылып және ұмытылып бара жатқан өнерді сақтап қалуды ғана борыш санады. Ол мәдениеттің қаймақтарын жойған сталинизм мен жеке басқа табынуды айыптаудан кейін де, жылымық кезеңінде де елде шынайы заманауи өнерді қабылдамау бар екеніне қатты алаңдады. Сондықтан Савицкий тек коллекция жинауға құмартып қана қоймай, дарынды адамды өз заманында бағалап, сақтап қалу мақсатында кейінірек пайда болған диссиденттердің де, 1960-70 жылдардағы мәскеулік андеграунд өкілдерінің де жұмыстарын сатып алудың амалын жасады. Нөкістегі картотекада "б. с." (белгісіз суретші дегенді білдіретін мұражайтану термині) деп тіркелген М. Шемякиннің, С. Рубашкиннің (оның "бульдозерлік көрме" туралы "Гуляние в парке" атты суретін мұражай 1974 жылы сатып алған), К. Суряевтің, А. Слепышевтің, М. Недбайлоның және басқа да суретшілердің туындылары сақталып тұр. Халық жауының отбасы мүшесі ретінде репрессияға ұшыраған Н. Бороваяның Мордовиядағы әйелдер колониясында салған лагерь суреттерін ол фашистік концлагерлер тұтқынының жанрлық суреттері ретінде 1983 жылы сатып алған екен.

Игорь Савицкий

Василий Александрович ЛЫСЕНКО (1899–1970 жж.)

Михаил Иванович КУРЗИН (1888–1957)

Александр Васильевич НИКОЛАЕВ (Усто Мумин) (1897–1957)

 


"Жадыңнан өшпес" жинағы "Сорос-Қазақстан" қорының қолдауымен Open Mind жобасы аясында орыс тілінде жарық көріп, кейін қазақ тіліне аударылды. Монография редакторлары: Жұлдызбек Әбілғожин, Михаил Акулов, Александра Цай, қазақ тіліне аударғандар: Әнуар Дүйсенбинов және Жұлдыз Әбділда. Сондай-ақ, жоба аясында қуғын-сүргін тақырыбы бойынша әзірленген виртуалды көрмемен осы сілтеме арқылы өтіп танысуға болады.