Мәдениеттанушы, "Open Mind" жобасының негізін қалаушы Александра Цайдың "Ұмыту мен есте сақтаудың арасында" монографиясын ұсынамыз. Александра Ұлыбританиядағы Уорвик университетін бітірген, Новая школа және Джордж Вашингтон университеттерінде ғылыми тағылымдамадан өткен.
Сеулге бірінші рет барғанымда достарым жергілікті көрнекі жерлерді тамашалауға апарды. Олардың арасында дәстүрлі корей ауылы болды, футуристік зеңгір үйлері бар мегаполистің ортасында сақталып қалыпты. Кейін білгенімдей, ол ауыл сақталып қалған емес екен, оны жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысында жаңадан салыпты. Жапонның оккупациясынан арылғаннан кейін, Кореяның Солтүстік және Оңтүстік болып бөлінуінен кейін салыныпты. Біз аласа ағаш қақпадан өтіп, шағын аулаға кірдік. Аяғыңды астыңа қарай бүгіп отыру керек болғандықтан, аласа үстелдер қойылған, кішігірім тумбочкалары мен ауласында үлкен пеші бар шағын үйлер. Сол ауылда серуендеп жүргенде өзімді біртүрлі сезіне бастадым. Өң мен түстің арасында болатын сезімге ұқсас бір сезім, әлі оянған жоқсың, түсің өңің сияқты, ал жадыңда тек бұлыңғыр естелік қалады. Туристер үшін жасалған корей ауылының үйлері, ішкі ауласының құрылысы, әсіресе үлкен қазаны бар пеш балалық шағымдағы естеліктерді есіме түсірді. Әжемнің үйінде тура осындай шойын қазаны мен балшық пеші бар еді. Ол үй Сеулдің ортасындағы корей ауылындағы үйлерге бір жағынан ұқсас сияқты болды, бірақ ұқсамайтын да сияқты.
"Бір үйіңді жоғалтқан кезде, оны басқа жерден қайтадан салғың келеді, ал құрылыс материалы ретінде естеліктеріңді қолданасың" деген ой келді. Таныс белгілерді іздеп, сол ауылдың көшелерінде ұзақ серуендедім.
Кеңес корейлері Кеңес Одағындағы этникалық белгісіне орай жаппай жер аударуға ұшыраған алғашқы елдердің қатарында болды. Корейлерден кейін депортацияға Еділдің немістері, поляктар, Қырым татарлары, күрдтер, шешендер ұшырады. 1937 жылы күзде, КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің және БК(б)П Орталық Комитетінің 1937 жылы 21 тамыздағы В. Молотов және И. Сталин қол қойған «Корей халқын Қиыр Шығыстың шекара ауданынан жер аудару туралы» қаулысынан кейін 172 мыңнан астам адам Өзбекстан мен Қазақстанға күшпен көшірілді, олардың 98 мыңы Қазақстанға жіберілді. Қаулыда депортацияның мақсаты Жапонияға тыңшылықтың алдын алу шарасы екені айтылады. Депортация қысқа мерзімде өтті, 1938 жылдың қысына таман корейлердің барлығы Қиыр Шығыстан көшірілуі керек болды. Жиналуға бірнеше күн ғана берілді, көшіру себебін ешкім айтқан жоқ, қайда баратындарын да ешкім білмеді. Олардың тауар вагондарындағы «саяхаты» көп айға созылды, пойыздар станцияларда ұзақ тұратын.
"1937 жылдың күзі, шамамен қыркүйек айының 10-ы болатын. Күн жарқырап тұрған. Күштеп көшіретіні жария болысымен әкем әне-міне келетінін айтты да, ата-анасына кетті. Ол кезде әпкем болатын, оның жасы 16-да еді, мен тоғыздамын, тағы екі бауырым мен анам болды. Затымыз, неге екенін білмеймін, көп болды, бір мәшине толды. Әкемнің әріптестері келіп, заттарды жинауға көмектесті. Жиналуға көп уақыт берген жоқ, бар болғаны 24 сағат уақыт берілді. Анам тауықтарды байлап үлгерді, ала алғанын – алды, қалғаны қала берді. Әкемнің әріптестері өте мейірімді еді, бізге кепкен нан берді. Бізді станцияға әкелді, отырғызу басталды, ал әкем әлі жоқ. Отырдық, анам не істерін білмеді. Барлығы эшелонға ұмтылды, тауар таситын вагонда ине шаншитын жер болмады.
Кешке қарай әкем келді. Әкесімен, яғни менің атаммен, анасымен және інісімен бірге келді. Атамыз өте білімді адам еді, оның мүлкін екі рет тәркіледі. Ұжымдастыру кезінде Посьетте тұрды, ауылдағы ең сауатты адамдардың бірі, көпес болды, анам солай айтатын. Ауылда бәрінің үйінің шатыры сабанмен жабылған кезде атамның ғана үйінің шатыры қаңылтырмен жабылған болатын. Бар мүлкін тәркілеп, атамды Тигровкаға жібереді. Тигровкада бірнеше рет ұжымшарға тартқысы келеді, бірақ ол ұжымшарға кірмеді, қыстақта қалды, бау-бақшамен айналысты, тауық пен шошқа ұстады. Шаруашылығы үлкен болатын. Міне, екінші рет барлығын қалдыруға тура келді. Құжаттары мен отбасын ғана алды, шаруашылық қала берді. Компенсация болады деп айтқан, бірақ ол болған жоқ.
Көп эшелонды айдалада қалдырып кетеді екен деген әңгіме болды. Бірақ, біздің эшелонды ұйымшылдықпен қарсы алды. Далаға шығармай, станцияға әкелді, қарсы алды. Біз үйме-жүйме болып келдік, есесіне жылы болды. Бізді Қарағандының "Сортировка" станциясына, көмірлі аймаққа алып келді. Қыркүйекте шыққаннан 7 қарашаға дейін, тауар вагонында 2 айға жуық уақыт жүрдік. "Сортировка" станциясында тарату пункті бар екен, бізді Свердлов ұжымшарына әкелді. Ол 8-10 шақырым қашықта еді, сол жерге мәшинемен жеткізді. Үлкен, іші адам тола клуб болды, сол жерден бір апта ішінде корейлерді әртүрлі ұжымшарға шанамен әкетіп жүрді. Қараша айы болғандықтан, қар жатты. Әкем әрі-бері жүріп, ақыры осы ұжымшарда бас бухгалтер болып қалды. Бізге сол клубтың екінші жағынан шағын бөлме берді. 11 адамға – бір бөлме. Осылайша біз Қазақстанға келдік".
Оқи отырыңыз: Қарағанды концлагерінің құпиясы. Сіз білмеген деректер
Қарағандылық фотограф Валерий Калиев Қазақстанға бала кезінде жер аударылған үш адамның естелігін жазып алды. Ол естеліктерде де, өзім естіген немесе оқыған басқа естеліктерде де айыптау аз. Бірақ, олардың бәрінде дерлік қиындық, жоқшылық, айырылу, адамды естен тандыратын белгісіздік бар. Адамдарды себебін айтпастан көшірді, баспанасынан және үйренген жерінен айырды, кейін депортация туралы айтуға, әділдікті немесе ресми түсіндіруді талап етуге тыйым салды. Этникалық топтың мұндай жазаға ұшырауының себебін түсінбеу, оларды тыңшы деп күдіктену, "сатқындар" деген таңба бұл адамдардың жағдайын одан сайын қиындатты. Күшпен көшіру, баспанасынан айыру, тауар вагонымен азапты жол жүру және ешқандай айып тағылмаса да, қатаң жаза тағайындалып қойған сатқын мен қылмыскер сезіну – бастан кешіп жатқан жоқшылық пен ауыр жағдайға жан күйзелісін қосқан. Жаза қатал болды. Санасын сансыз сұрақ пен белгісіздік алдындағы үрей құрсап, жаны ауырғаны өз алдына, өздері тар, лас, қараңғы тауар вагондарының жабық кеңістігіне қамалды. Шидің үстінде ұйықтады; бір-бірінен бөлектену үшін әр отбасы пердеден шымылдық жасайтын. "Тамақ аз болды, кепкен нан мен тяй жедік, оны нанға май сияқты жағып жедік", – дейді Михаил Гвак. Депортация кезінде оның жасы 17-де болатын. Көбі жолда ауыра бастады, кішкене балалар мен қарттарға жол ауыр тиді. Жүк эшелондарында ұзаққа созылған жол кезінде қаза тапқандардың дәл саны белгісіз, зерттеушілер бірнеше мыңнан 25 мың адамға дейінгі цифрды айтады. Қайтыс болғандарды көбіне темір жолдың бойында жерледі. Халықтың үдере көшуінің куәгерлері атаусыз төмпешік болып жол бойында қала берді...
"Корей халқын Қиыр Шығыстың шекара аудандарынан жер аудару туралы" КСРО ХКК мен БК(б)П ОК-нің №1428-326сс қаулысы 21.08.1937 Корей халқын Қиыр Шығыстың шекара аудандарынан жер аудару туралы КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі және БК(б)П Орталық Комитеті ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: Жапон тыңшылығы Қиыр Шығыс өлкесіне таралуының алдын алу үшін келесі шаралар жүзеге ассын: 1.БК(б)П Қиыр Шығыс өлке комитетіне, өлкелік атқару комитетіне және Қиыр Шығыс өлкесінің НКВД басқармасына Қиыр Шығыс өлкесінің шекаралық аудандарынан бүкіл корей тұрғындарын жер аудару ұсынылсын: Посьет, Молотов, Гродеков, Ханкай, Хорол, Чернигов, Спасск, Шмаков, Постышев, Бикин, Вязем, Хабаров, Суй-фун, Киров, Калинин, Лазо, Свободненский, Благовещенск, Тамбов, Михайлов, Архарин, Сталин және Блюхерово аудандарынан Оңтүстік Қазақстан облысына, Арал теңізі мен Балқашқа және Өзбек КСР-інің аудандарына көшірілсін. Көшіру Посьет ауданы мен Гродековқа іргелес аудандардан басталсын. 2.Көшіру дереу басталып, 1938 жылы 1 қаңтарда аяқталсын. 3.Көшуге тиіс корейлерге көшу кезінде мүліктері, шаруашылық құралдары мен малын алуға рұқсат етілсін. 4.Көшірілгендердің қалдырған жылжымалы және жылжымайтын мүлкі мен егінінің құны өтелсін. 5.Көшірілетін корейлердің, өздері қаласа, шетелге шығуына кедергі келтірілмесін, шекараны өтудің оңайлатылған тәртібіне рұқсат етілсін. 6.КСРО Ішкі істер халық комиссариаты корейлер арасында көшіруге байланысты тууы мүмкін бұзақылық пен тәртіпсіздіктердің алдын алу шарасын қолға алсын. 7.Қазақ КСР мен Өзбек КСР Халық комиссариаты кеңестеріне орналастыру аудандары мен пункттерін дереу анықтау және көшірілгендердің жаңа жердегі шаруашылық жағдайын қамтамасыз ететін шараларды қабылдау, оларға қажетті көмек көрсету міндеттелсін. 8.НКПС (Қатынас жолдары халық комиссариатына) Қиыр Шығыс атқару комитетінің сұранымы бойынша көшірілетін корейлер мен олардың мүлкін Қиыр Шығыс өлкесінен Қазақ КСР мен Өзбек КСР-іне тасымалдауға арналған вагондарды уақытымен беруді қамтамасыз ету міндеттелсін. 9.БК(б)П Далькрайкомға және Далькрайисполкомға үш күндік мерзім ішінде көшірілуге тиіс адам мен шаруашылықтар санын хабарлау міндеттелсін. 10.Корейлер көшетін аудандары шекарасының күзетін күшейту үшін шекара әскерлерінің саны 3 мың адамға көбейтілсін. 11.КСРО Ішкі істер халық комиссариатын шекарашыларды корейлердің босатылған үй-жайларына орналастырсын. БК(б)П Орталық комитетінің хатшысы И. Сталин КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В. Молотов ГАРФ. Ф. Р-5446. Оп. 1в. Д. 497. Л. 27–28.
Келгеннен кейін корейлерді Қазақстанның оңтүстік өңірінің ауылдық жерлеріне орналастырды, корей отбасыларының көбін оңтүстіктің үш аймағына жіберді – Шиелі өзенінің аңғарына 1937 жылғы қарашаға таман 2,5 мың шаруашылық орналасты, Шіркейлі өзенінің аңғары немесе Қызылорда ауданы және Жосалы массиві.
Қазақстандағы корейлердің алғашқы қыстауы болып саналатын қоныстардың бірі Үштөбеден жеті шақырым жерде орналасқан. Қиыр Шығыстан жер аударылғандардың отбасы қыстаған жеркепелердің ізі әлі күнге дейін көрінетін шөлді жер. Қазіргі кезде Бастөбе тауында сол қысты еске алуға арналған ескерткіш тұр және зират бар. Мен Үштөбеге қазан айында, күн жылы кезде бардым. Алғашқы қоныстың орнына дейін көлікпен 15 минут жүру керек еді. Ол сол кездегі темір жол станциясынан, ал қазіргі қаладан шеткері орналасқан. Аласа тау не төбенің айналасы күздің күнінде ерекше әдемі, шеті-шегі жоқ дала. Бірақ бұл дала қоңыр күз бен ерте қыста депортацияланғандар үшін қаншалықты қорқынышты болғанын елестету қиын емес. Қазақстандағы алғашқы бірнеше жыл переселендер үшін қиынға соқты. Жергілікті билік көп адамды орналастыруға дайын болған жоқ, оларды жаңа құрылған корей ұжымшарларына орналастырды. Алғашқы қыста жеркепелерде тұрып, кейін үйлер сала бастады. Тамақ пен киім тапшы болды. "Баласынан айырылмаған отбасы болған жоқ, – дейді Үштөбе тұрғыны сол уақытты еске алып. – Ата-анамыз кейде Қазақстандағы алғашқы жылдар туралы айтатын, сонда көздерінде жас тұратын. Еске алу олардың жанын жаралайтын".
Переселен-корейлердің КСРО ХКК-нің төрағасы В. М. Молотовқа жаңа орындағы адам төзбес жағдай туралы хаты Қармақшы ауданы, 1938 ж. 25 ақпан Біз, колхозшы корей-переселендері соңғы кезге дейін ондаған жыл бойы Қиыр Шығыс өлкесінде тұрдық, көшкенде ешқандай қарсылық көрсетпей, ширақ қимылдап, Қазақстанға көшіп келдік. Өйткені бұл шараны өзіміздің кеңес өкіметі жүргізгенін түсіндік. Партия басшылары мен Қиыр Шығыс Уссури облысы Киров ауданының кеңес органдарының айтуынша, біздің көшірілуіміз КСРО-ның шығыстағы қорғаныс қабілетінің маңыздылығымен және ұлттық мәдениет пен тұрмысты жақсартумен, Қиыр Шығыс тұрғындарының бытыраңқы орналасуының қиындығымен байланысты екенін түсіндік. Сондықтан біз Қазақстанға жеткенде тұрмыстық жағдайымыз дұрыс болып, жұмыспен қамтамасыз етілетінімізге сендік. Бірақ бүгінгі таңда жағдайымыз басқаша, сол жөнінде сізге хабарлағымыз келеді. Қиыр Шығыстан келгенімізге жарты жыл болды, қазір Қазақ КСР Қызылорда облысы Қармақшы ауданындамыз. Мұнда үлкен күріш плантациясын жасау жоспарланған. Біздің "Красный Октябрь" ұжымшарында 10 шаруашылық және 800 адам бар, Қиыр Шығыстан кеткен кезде біз мемлекетке құны 2500 центнер [алдын ала есеп бойынша] нан өнімін, 79 бас жылқы, үш автокөлік және т. б. жалпы құны нан үшін 102500 рубль, түрлі мүлік үшін 105200 рубль өнім бердік, оны кеңес органдарының партия басшылығы міндеттеріне сәйкес біз жеткен кезде бұйымдай алу керек болатынбыз, бірақ әлі күнге дейін жағдайымыз мүшкіл. Қармақшы ауданында бес айдан бері қамыс басқан далада тұрып жатырмыз, әлі де ешқандай күш көлігін алған жоқпыз: мал да жоқ, мәшине де жоқ, сондықтан отын тасу сияқты қиын жұмысты және мектепке отын тасу жұмысын колхозшылар қолымен жасауға тура келіп тұр, біз әлі күнге дейін ешқандай материалдық жәрдем алған жоқпыз: ақша да жоқ, нан да жоқ, қаражатсыз өмір сүріп жатырмыз және жағдайымыз өте қиын. Қармақшы аудандық басшылығының үш центнер ұн мөлшеріндегі азық-түлік қарызы мен колхозшылардың шаруашылық құралдарына жұмсалатын 300 рубль қарызын береміз деген уәдесіне қарамастан, осындай жағдайдамыз. Әсіресе, 25 ақпан болғанымен, әлі күнге учаскелеріміз белгіленбегені адам төзбес жағдай болып отыр, соның кесірінен көктемгі егіс науқанына ешқандай дайындығымыз жоқ, колхозшылардың кейбіреуі алаңдай бастады. РИК төрағасы мен Қармақшы ауданының БК(б)П РК хатшысына жүгінсек, "біз білмейміз, оны орналастыру пунктінің бастығы шешеді" деп жауап берді, ал орналастыру пунктінің бастығы 20 күн бойы жұмысында жоқ. Сондықтан егін егілмей қалу қаупі төніп тұр, ал егін егу біз сияқты еңбекқор колхозшы корейлер үшін өмірімізді жақсартудың маңызды шарты. Біз, еңбекші корей колхозшылары, КСРО мен Қазақстан конституциясына сәйкес толық құқықты азаматтар болып есептелеміз, сондықтан Жұмысшы-шаруа өкіметі Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы ретінде аудан басшылығына бізге деген көзқарасын өзгертуді міндеттейсіз деп үміттенеміз, әсіресе көктемгі егіске дайындықты қамтамасыз етсін. Тез арада жауап күтеміз, біздің мекенжайымыз: Қармақшы ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысының Жалағаш станциясы, 19-ауыл, "Красный Октябрь" ұжымшарының басқармасы. Жалпы жиналыс тапсырысы бойынша қол қойғандар Басқарма мүшелері: Лян Сеюр, Цюй Кен-су, Пак Инбом, Огай Кенхо, Хегай Гиреен, Ли Снухи, Пак Сен-нер ҚР ОМА. Ф. 1987.Оп. 1. Д. 8. Л. 210-212. Қолжазба
Бұл хаттың да, онда көтерілген мәселелердің де жауапсыз қалғаны айтпаса да түсінікті. Кеңес өкіметі түсіндіруді ұнатпайтын, ол тек шешім қабылдап, үкімдерді жүзеге асыратын. Көп жыл бойы адамдардың түсіндіруді сұрауына рұқсат берілмеді. Ұзаққа созылған үнсіздік, зорлық-зомбылықтың себебін білудің мүмкін болмауы, әділдік талап етудің мүмкін еместігі де тоталитарлық режимнің құралдары еді. Мемлекет адамдардың қозғалысына, өмірін бақылауына мүмкіндік бермегені аздай, үйін тартып алу және үй беру құқығы мемлекеттік аппараттың қолында екенін көрсетті, ал аппарат адамдардың еркін басып-жаншып, олардан көнбіс кеңес азаматтарын тәрбиеледі.
Кеңес кезінде депортация, оның себептері мен заңдылығын талқылауға тыйым салынса, 1990 жылдары, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін кітаптар мен монографиялар пайда бола бастады, онда ғалымдар, зерттеушілер және диаспора өкілдері бұрын құпия болған фактілерді жариялау, сталиндік күшпен жер аудару, корей және басқа этникалық топтардың Орта Азияда пайда болу тақырыбын зерттеу мақсатында тарихи нарративті қайта құруға ұмтылды, мұрағат құжаттарымен жұмыс істей бастады. Тарихи нарративті қайта құру, тарихи оқиғаны сипаттау туралы ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік топ үшін бұл оқиға мен ұжымдық жарақаттың қандай мәні болғаны, тарихи жарақат беріштеніп бітті ме, әлде оның салдары әлі де қоғам өмірінде бар ма деген сұрақтарға жауап беріп көру де маңызды.
Жер аударылған переселендердің бастан кешкен ұжымдық жарақат тәжірибесі бірнеше қабаттан тұрады. Біріншіден, корейлер мемлекеттік аппарат тарапынан қыспаққа алынды, жер аударылды, баспанасыз қалды және бүкіл мүлкінен айырылды. Адамдарды айдалуға жібергендей бейтаныс жерге, Қазақстан мен Өзбекстанның ешқандай жағдай жасалмаған жерлеріне көшіріп жіберді. Бірнеше жыл бойы бөліп орналастырған ұжымшарларынан кету құқығы болған жоқ, арыбері қозғалыс құқығы мен тұратын мекенін таңдау құқығы да болған жоқ. Олар әупірімдеп тірі қалып, отбасы мүшелерінің амандығын ғана ойлайтындай жағдайда болды. Асығыста салған жеркепелер мен барақтарда қыстың қақаған суығына төзу өз алдына, азық-түлік тапшылығы, бейтаныс жер мен жаңа климат та оңайға соққан жоқ. Тәннің қиындығына ұжымдық психологиялық жарақат қосылды. Адамдар ешқандай кінәсіз мемлекеттік аппараттың жазасына ұшырады. Қауесетке сенсе, өкімет оларды сатқын болуы мүмкін деп санайды, сондықтан осындай шара қолданған. Сонымен қатар режим оларға еңбек арқылы, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптік құрылыста еңбек ресурсын керек қылған әлеуметтік утопияны құру арқылы "ақталуды" ұсынды. "Күмәнді өткеннен" социалистік болашақ құрылысы арқылы арылу ұсынылды. Адамдарға тағдырына көніп, үлкен социалистік құрылыста еңбек ету ұсынылды. Ол кезде жер аударылған корейлердің таңдауы болған жоқ, тірі қалу ұмытуды талап етті. Алайда жылдар өте келе және ұрпақ ауысқанда, жағдай өзгергенде корейлердің жер аударылуы мен олардың Орта Азияға келуі туралы естелік әлі де жадымыздан өшкен жоқ. Ол қазіргі кезде де айрықша назар аударуды талап етеді.
Оқи отырыңыз: Сталинизм салқыны. Қазақстанға жер аударылған поляк отбасылардың оқиғасы
Қазақстан – зерде кеңістігі ме?
Қазіргі Қазақстан – тарихи жарақат пен зерде кеңістігі. Тарихи жарақаттар туралы ұжымдық жады физикалық кеңістікте мемориал түрінде өмір сүреді, мысалы, 1937-1938 жылдардың қысында қаза тапқан корей переселендеріне арналған мемориал, мұражайлар түрінде өмір сүреді. Бұрын лагерь болған жерде орналасқан АЛЖИР – Отанын сатқандардың әйелдерінің Ақмола лагері тұтқындарына арналған мұражай немесе Қарлаг мұражайы түрінде тіршілік етеді. Бірақ ұжымдық жады одан басқа қоғамның саналы және санасыз өмірінде де бар, кейде ол әлеуметтік дискуссия, талқылау немесе көркемдік жұмыс арқылы сыртқа шығады.
Алғаш рет "ұжымдық жады" терминін өткен ғасырдың 1920 жылдары француз әлеуметтанушысы Морис Хальбвакс сипаттады. Хальбвакс әлеуметтік тәсілді белгілі бір топ үшін ортақ өткен тарих туралы естелікке әсер ететін қоғам ішіндегі шектерді, жеке естеліктер мен белгілі жағдайдағы жеке тәжірибені қабылдауды өзгерте алатын әлеуметтік шектерді талдау және зерттеу мақсатында қолданды. Адамдар қоғам ішінде өмір сүреді және "есте сақтайды". Хальбвакстың айтуы бойынша, адам белгілі бір оқиға туралы өзінің жеке естеліктерін әлеуметтік жадыға байланысты өзгерте алады.
1980 жылдары батыстағы академиялық топтарда "естелік бумы" болды, ол француз әлеуметтанушысының ұжымдық жады туралы зертеулерін қайтадан өзекті етті. Мәдени әлеуметтанудан әдебиеттануға дейінгі әртүрлі академиялық саладағы ғалымдар "ұжымдық жады" ұғымын дамытып, сынап, жоққа шығара бастады. Ең радикал позиция неміс тарихшысы Райнхарт Козелликтікі болды, ол ұжымдық жады концепциясын терістеп, адам тек өз басынан кешкенді ғана есте сақтай алады деді. Сол уақытта, 1980 жылдары әлеуметтік ғылымдармен айналысқан ғалымдар мен зерттеушілер пайда болды, олар белгілі бір топтардың ұжымдық жадын зерттей бастады, яғни есте сақтау мен елестету, символдар мен символдық заттардың қоғамдастық құрудағы рөлін зерттеді. Жак Лаканның әлеуметтік елестету мен символдық заттары, Бенедикт Андерсонның ойдағы қоғамдастықтары мен белгілі бір топқа тән және есте сақтау практикасында, салт жораларда, хикаяларда және символдарда көрсетілген орта жады ретіндегі ұжымдық жады концепцияларының бәрі топтар мен олардың шектерін құруды тек физикалық кеңістікте емес, ойда, символдық кеңістікте де қарастырады. Қоғамдастықтар, ұлттар шекаралары тек олардың тұрып жатқан аумағының шегін ғана белгілеп қоймай, өзіне қоғамдастықтың құрылу не пайда болу тарихын, кез келген елдің, қаланың не қауымның негізінде жатқан аңыздар мен мифтерді, ортақ жеңістер мен өткен тарихтағы жеңілістерді, бастан кешкен апаттар мен жасырғысы келетін қылмыстарды қосатын ойдағы символдық өрісті де белгілейді. Топтар мен қоғамдастықтарды байланыстыратын ойдағы немесе тарихи құбылыстар мен оқиғаларды да белгілейді.
Ұжымдық жады туралы көптеген зерттеу оның бірнеше түрін тапты – мәдени жады, коммуникативтік жады, "ресми жады" және "халықтық жады", соңғысы бүгінгі күннің саяси мақсаттарына жету үшін белгілі бір тарихи оқиғалар туралы ұжымдық естелікті құрал етіп пайдаланғысы келген ресми не мемлекеттік саясатқа қарсы тұрады. Мемлекеттік қылмыстар, жаппай құрбандарға әкелген шиеленістер, кейбір тарихи оқиғалар қазіргі кезде бүкіл қоғамның алдына этика мәселесін қояды. Неміс тарихшысы, мәдениеттанушы және жадыны зерттеуші Алейда Ассман өткен шақтағы жарақатпен жұмыс істеудегі алғашқы мәселелердің бірі ретінде "Есте сақтау керек пе, жоқ ұмыту керек пе?" деген сұрақты атайды. Азаматтық соғыстарды, жаппай қырғынды, мемлекеттік қылмыстарды есте сақтау керек пе, жоқ ұмыту керек пе? Ассманның айтуы бойынша, мұндай оқиғалармен айналысудың бірнеше тәсілі бар – диалогтық ұмыту; диалогтық есте сақтау – ешқашан ұмытпау үшін есте сақтау, төзу үшін есте сақтау1 . Ұмытуды жақтаушылар азаматтық соғыстан кейінгі жағдайда естеліктер шағыстыруға алып келеді, ал ұмыту екі жақты татуластырып, олардың қосылуына негіз болады деп айтады. Алейда Ассман басқа адамдардың да сөзін келтіреді, мысалы, Ханна Арендт "Тоталитаризмнің қайнар көзі" кітабында тоталитарлық мемлекет есебіндегі "жамандықтың абсолют формасының" пайда болуына жауап ретінде адам құқығын қорғау есебіндегі этикалық мотивациясы бар жадының қажеттілігі туралы жазды2 . Арендттің айтуынша, жаппай зомбылық ғасырынан мұра болып қалған травма өзінен-өзі жойылмайды, керісінше, ол тарих ретроспективалық назарымызды талап етеді: дәуіріміз жүктеген ауыртпалықты саналы түрде қабылдауымыз керек. Этикалық мотивация бар жады өткен тарихта болған жамандық, ауру, зомбылық, өлім туралы білімді сақтайды. Құрбандар мен қылмыстар туралы естелік өткеннен "арылудың" емдік тиімділігі және болашақ бірлесу мен адам құқықтары сақталуының шарты бола алатын этикалық борыш үшін, яғни ешқашан ұмытпау үшін есте сақтау үшін керек.
Ұжымдық және жеке жады бойынша зерттеулер тағы бір сұрақ қояды: "Кім есте сақтайды?" Колумбия университетінің салыстырмалы әдебиет профессоры Марианна Хирш 1990 жылдардың басында Холокостта тірі қалған балалардың "естеліктерін" талдау жұмысымен байланысты академиялық әдебиетке "постжады" ұғымын енгізді.
"Постжады" "кейінгі" ұрпаққа тән, тарихи жарақатты басынан кешірген, ауыр ұжымдық тәжірибеден өткен ұрпақтың балаларына тән, ол тәжірибені балалар ата-аналары мен атаәжелерінен "естіп, есте сақтаған". "Постжады" тек естеліктер мен хикаялар арқылы ғана берілмейді, сонымен бірге отбасында айтылмаған нәрселер арқылы, әдеттер мен жүріс-тұрыс, қауіпке деген реакция арқылы беріледі. Хирш "естелікті иемдену" туралы айтты, жарақат тәжірибесі мен естеліктер постұрпаққа өте эмоциялық түрде жеткізілді, сондықтан санаға терең сіңіп, сол ұрпақтың өзінің естеліктеріне айналды. Естеліктің отбасы ішінде берілуі "постжадының" негізгі аспектілерінің бірі. Адамның отбасы мүшелерімен эмоциялық және рухани байланысы тығыз әрі терең болғандықтан ол өзінің жататын тобының естеліктерінің кей бөлігін өзінікіндей иемденеді. Негізінде, Қазақстандағы естелік кеңістігі – постжады кеңістігі, ата-аналары, әжелері мен аталары айтып берген отбасылық хикаялар, отбасының Қазақстанда пайда болуы туралы хикаялар, ал олар көбінесе күшпен жер аудару, мүлкін тәркілеу, мемлекеттік репрессиямен байланысты.
"Постжады" концепциясы немістің мысыртанушы ғалымы Ян Ассман жазған коммуникативтік жадымен байланысты. Коммуникативтік жады – ұрпақтар мен адамдардың қарымқатынасынан шығып, ауыздан-ауызға берілетін естеліктер, ол кеңістіктік жақындық және тұрақты қарым-қатынас кезінде пайда болады. Оның 80-100 жыл немесе үш-төрт ұрпақ ауысу дегендей шектеуі бар, оның мәдениетте немесе одан кең есте сақтау практикасында, салт-жораларда негізі не фундаменті жоқ, ұрпақ ауысқанда ондай естелік ұмытылады. Ян мен Алейда Ассмандар одан басқа мәдени жады деген ұғымды енгізді, оның негізі мәдениетте жатыр. Мәдени жадының кеңістігі маңызды нүктелермен, тарихи кезеңдермен және өткеннің тағдыршешті оқиғаларымен қоршалған. Ал олар туралы естелік жазу, мәтін, салт-жора, монументтер сияқты мәдени формацияларда және институттық коммуникацияда, есте сақтау практикасында, коммеморацияда сақталған1 . Мәдени жады үшін жазу, кітаптар, мәтіндер өте маңызды. Ассман мәдени жадыны Гегельдің "рухтың еркін өмірі" деп атаған затының азат болуы және адамды кішкентай топтың бөлігі жасайтын сәйкестіктен арылуға негіз деп санайды, одан арылғанда адамның үлкен адамзат қоғамдастығына кіруге мүмкіндігі туады. Есте сақтаудың бұл утопиялық түрі, Ассманның тұжырымы бойынша, адамның бір сәйкестік пен топқа немесе қоғамдастыққа қатыстылығы үшін басқа топқа не қоғамдастыққа жасалған жамандық пен зомбылығы туралы естеліктің пайда болуына әкеледі, сол "басқа жақтың" бастан кешкен қайғысы туралы естелік, "бізден" қайғы-қасірет тартқандар туралы естелік, әмбебап және бүкіл адамзатқа ортақ құндылықтар үшін есте сақтау. Егер ұжымдық жады саяси мақсатта құралға айналып, жеке тұлғаны шектесе, мәдени жады аморфты, көне және ерікті, ол саяси ұрандарға сене бермейді, бірақ оның утопиялық қасиеті бар. Ол шектеусіз болашақ пен ұлттық шекарадан азат адамзат мұратына бағытталған.
Оқи отырыңыз: Қазақ КСР Ғылым академиясы тарихы немесе Орталық комитетке жазылған бір хаттың оқиғасы
Ұмытудан кейінгі естелік
Қазақстандағы жады (естелік) – ұмытудан, амалсыз ұмыту мен жасанды ұмытудан қайтарып алынған кеңістік. Сталиндік режим қылмыстарымен бірге жүрген үнсіздік, халықтар мен этникалық топтардың көшірілуі жөнінде қоғамдық дискуссияға жол берілмеуі және мемлекеттік цензура, мемлекеттік репрессияны қайта саралау, ГУЛАГ пен Қарлаг құрбандары, ұжымдастыру мен индустрияландыру саясаты тудырған адам құрбандары – мемлекеттің осындай саясаты көп жыл бойы ұмытуға, есімдерді, тұлғаларды, тағдырларды жоюға бағытталған болатын. Этикалық мотивациясы бар жады бізден есімдерді қайтаруды, хикаяларды қайта құруды, адамдар мен тағдырларды есте сақтауды талап етеді, ұмытпас үшін есте сақтауды, есте сақтау арқылы сол оқиғалардың себептерін түсініп, олардың қайталанбауына жағдай жасау үшін есте сақтауды талап етеді. Үнсіздік пен ұмытудан кейінгі есте сақтау – активизм формасы, саяси пікір, тарихты және болашақты өзгерту мақсатындағы заттар мен құбылыстарды тарих континуумынан тартып алудың беньяминдік талпынысы. Қазақстанда естелікпен, өткеннің зақымын қайта түсіну мен олардан арылу бағытында қолға алатын жұмыс көп, зерттеушілер, тарихшылар, суретшілер және жазушылардың әрекеті әртүрлі нәрседе көрінген мемлекеттік террор кезеңі туралы әлеуметтік және мәдени есте сақтау практикасына платформа жасайды.
Қазақстанға бала кезінде келгендердің депортация туралы естеліктерін жинаған кезде, жазып алынған естеліктерді оқыған кезде адамның есінде жақсы сәттерді сақтайтынына, өлім мен ауру туралы естеліктері жылы шәй және пойыз терезесінен көрінетін әдемі көрініспен бірге жүретініне таңғаласың. Балалық сана өзін-өзі қорғап, ол төзе алмайтын тәжірибені "ығыстырып шығарады". Бірақ көшудің қиындығы мен адамдардың бастан кешкен қасіреті туралы айтудың мүмкін болмауы тек психологиялық аппараттың қорғаныс механизмдеріне ғана байланысты емес. Ол кездегі әлеуметтік тәртіп қайтыс болғандарды жоқтап, қайғыруға тыйым салды. Тірі қалудың шарты тыныш жүру болды, тірі қалу үшін режимнің логикасына, социалистік идеалға бағытталған утопияның логикасына көну керек болды. Тастап кеткен үйді, жоғалып кеткен жақындарыңды артта қалдыру, ұмыту және көзқарасын, ерікжігерін, ойын ілгері, жаңа әлемді құруға қарай бұру ұсынылды.
Ғалым, жазушы және суретші Светлана Бойм жиырмасыншы ғасыр утопиядан басталып, ностальгиямен бітті деп жазды. Ілгері қозғалуға бағынышты утопияның сананың ішінде ностальгияға, жоғалтқанды жоқтауға орын болған жоқ.
Бойм ностальгияны жоқ болған немесе ешқашан болмаған үйді сағыну деп сипаттаған. Ол ностальгия – "жоғалту мен қуылу сезімі, сонымен бірге өзіңнің қиялыңмен жұптасу" деп айтты. Ностальгия ылғи екіжақты: өткен кез және қазіргі күн, осы жер және ана жер, арман және шындық. Бойм реставрациялық ностальгияны жоғалтқан үйді тарихи түрде қайта салу талпынысы ретінде түсіндіріп, реставрациялық және рефлективтік ностальгия концепциясын қосты. Рефлективтік ностальгия уайымға ерекше көңіл аударады да, үйге қайтуды ұмытады. Рефлективтік ностальгия "адамдардың уайымы мен қатыстылығының белгісіздігін мекендейді және қазіргі кездің қайшылықтарынан қашпайды". Бұл – қаза болған уақыт сезімі, өткен және қазір жоқ немесе ешқашан болмаған нәрсені сағыну. Бұл уақыт шегінен шыққан қаза сезімі, ол сезім көбінесе қаза болған нәрседен шынайы болады.
Ностальгия, қаза болған заттарды кейінге қалдырылған жоқтау – үнсіздік кезеңінен, ұмыту кезеңінен кейін қажетті практика. Өнер ескі жарақаттарды ашу, ауру сезгіш нүктелерге қайту, құрбандарды жоқтау үшін қоғамға керек емдік құрал болуы мүмкін. Мұндағы қызық мәселе жады медиумы ретіндегі фотографиямен жұмыс істеу. 40-жылдардың соңында дүниеге келген фотограф Виктор Анның 90-жылдары бастаған "Деревня уходящая" (Жоғалып бара жатқан ауыл) атты фотография топтамасы бар. Виктор кеңес кезінде және Кеңес Одағының ыдырауынан кейін Өзбекстандағы корей ұжымшарларының өмірін газет үшін жиі түсіретін. Ол кезде ауылдар мен ұжымшарлардағы өмір күрт өзгере бастады. 1990 жылдары қала өмірінің дамуы және адамдардың жаппай ауылдан қалаға көшуі біртіндеп ауылдарды тастауға әкеліп, тұрғындардың тұрмыс салтын өзгертті. Үйлердің ерекше орналасуы, отбасылық салтжоралар, кеңес корейлерінің бірінші ұрпағы әкелген тағам дайындау әдістері – уақыт өте мұның барлығы өзгерді. Әрі Ан өзгерістер метафизикасын түсіріп алды; оның жұмысы – өзі жататын Орта Азия корейлерінің заттары мен салттарын, адамдарды сипаттайтын этнографтың жұмысына ұқсайды. Бұл туыстық сезім оның жұмыстарын лирикамен толтырады, оның камерасының объективіне қосымша линза қосады, ностальгия мен жоғалтылған немесе қаза болған физикалық немесе рухани, бұрын үй болған орынға деген ностальгия линзасын қосады. Ан көбінесе ақ-қара түсті суреттермен жұмыс істейді, ақ-қара гамма өткеннің елшісі, ол шындық пен суреттелген көріністердің арасындағы қашықтықты ұлғайтады және сол арқылы осында және осында емес нәрсені, несі шын, несі өтірік екенін көрсетеді. Оның "Ескі клуб", "Жоғалып кеткен корей технологиялары" атты жұмыстарында мезеттік қаза сезімінен терең уайым сезіледі. Осы үйге деген ностальгия сезімі, ол үйдің қасиеттерін олар жиһаз, тұмарлар, дәстүрлі тағамдар арқылы сақтап қалғысы келді, бірақ прогресс тарихты ілгері тартады, сонда фотография жай дәуірдің құжаты ғана болмай, ұмытуға қарсы күрестің құралы болады. Өткіншіні мәңгі жасай алатын меланхолия.
Әйгілі венгер-француз фотографы Брассаи өзінің "Фотография күшіндегі Пруст" кітабында фотография сәтті тоқтату, оны мәңгіліктің ұқсастығында мәңгі-бақи бекіту мақсатында ұзақтық легінен жұлып алу ғасырлық тілегінен туылды деп жазды. Өткен сәтті ұстап алу, уақытқа қарсы күресті жеңу, ол сәтті және жоқ болатынның бәрін есте сақтап қалу – фотографияның мақсаты. Фотограф Брассаи фильмді емес, суретті көреді, кадрды орын тапқан өзгерістердің, өткен дәуірдің, қартаюдың куәлігі ретінде түсінеді. Вальтер Беньямин фотографияны тарихтың табиғатын сипаттайтын сурет ретінде түсінеді: "Өткеннің апаты мен өлгенді оятып, сынғанды қайта құра алатын таңғажайып сәтті тоқтату тілегі арасындағы заматты ұстап қалып тұрған сурет". Бірақ Жаннатта дауыл басталды, ол қанатында періштелер де тоқтата алмайтын қаталдықты әкелді. Дауыл тоқтамай болашаққа қарай бара жатыр, онда шаруасы жоқ, бірақ оның жолындағы сынықтың бәрі жоғары көтерілуде. Ол дауылдың аты – прогресс". Фотография – өзгеріс құжаты, үздіксіздікті қиратушы, ол күресіп жатқан екі күштің шайқасын көрсете алады, әлі де назар аударуды талап еткен артта қалған өткен мен тоқтаусыз, даусыз келе жатқан болашақ.
Эссенің басында келтірілген естеліктерді қарағандылық фотограф Валерий Калиев "Жоқтау: Жады территориясы" көрмесі үшін жинады. Валерий жұмысына баяндаушылардың фотопортреттері мен олардың хикаяларының аудиожазбасын қосты. Фотографиялар топтамасы өздерінің балалық шақ, депортация, Қазақстандағы алғашқы жылдары туралы баяндаған адамдардың дауысымен толықтырылады. Фотограф сол арқылы кішкентай ғана адам тағдырларын қалпына келтіреді, естерінде сақтап қалып баяндай алатын адамдарға мүмкіндік береді, сондықтан осы кішігірім адами хикаялар қоғамдағы үлкен трагедия туралы естелікті сақтайды.
Зорлап міндеттелген ұмыту кезеңінен кейінгі есте сақтау – сыни позиция, ерік-жігердің әрекеті, әлеуметтік және мәдени мәні бар әрекет. Артқа қарай қарау мұнда тіпті моральдық-этикалық сипаттағы ишара: кінәсіз қайғы-қасірет тартқандарды, әділетсіз айыпталғандарды, жүйе мен режимнің құрбаны болғандарды ұмытпау үшін есте сақтау; ал интеллектуалдық ишара – режимнің логикасын, идеологиясын, саясатының себебі мен салдарын түсіну үшін есте сақтау. Бұл жағдайда артқа қайырылу – болашақ үшін жасалған таңдау, болашақ бізден жамандыққа деген сыни сезімталдықты, өткен ғасырда көп болған қылмыстарды, жан ауруын, жан жарасы мен жамандықты қайта түсініп, олардан арылуды талап етеді.
"Жадыңнан өшпес" жинағы "Сорос-Қазақстан" қорының қолдауымен Open Mind жобасы аясында орыс тілінде жарық көріп, кейін қазақ тіліне аударылды. Монография редакторлары: Жұлдызбек Әбілғожин, Михаил Акулов, Александра Цай, қазақ тіліне аударғандар: Әнуар Дүйсенбинов және Жұлдыз Әбділда. Сондай-ақ, жоба аясында қуғын-сүргін тақырыбы бойынша әзірленген виртуалды көрмемен осы сілтеме арқылы өтіп танысуға болады.