Ол заманның оқушысы

Қазір мектепте қазақ әдебиеті қалай оқытылатынын білмедік. Біздің оқушы кезімізде қатты мән берілді. Ұстаздарымыз халықтың үстінен төніп тұрған, анығында тұмшалап алған орыс тілінің өктемдігінен қорғанар қалқан осы екенін сезінген шығар. Тілі мен әдебиетін мықтап білген ұлан қазақ екенін ешқашан естен шығармас деп ойласа, олары жүз пайыз дұрыс шықты.

Әдебиет Қара Ертіс пен Қыран Ертіс сияқты қос салалы. Бірі – проза, екіншісі – поэзия. Ал тауға теңесек: төбесі, қырқасы, жотасы, биігі және шыңы болмақ. Қазақ поэзиясының шыңы – Абай өлеңдері, прозасының шыңы – Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" романы. Содан болар, әдебиет сабағында Абай өлеңдері тұрмақ, "Абай жолының" жекелеген үзінділерін жаттатқан.

Сыныпта Абайдың бір-бір өлеңін жатқа айту тапсырылғанда бізге "Күз" бұйырған:

Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,
Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан.
Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма,
Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан?

"Абай жолынан" жаттау үшін үзінділерді бөліп бергенде тағы күзгі көрініс тап болған:

"Күз келді. Үш күннен бері сілбілеген ақ жауын айықпай тұр. Жайлаудан қайтып, Шыңғыс асып, қыстау-қыстау үстінде аз ғана аял етіп, пішен шапқызып болған ел енді күзекке беттеп келе жатқан".

Жүз бірдеңе жылдан соң осындай күзде Абайдың, оның ар жағындағы Құнанбайдың ізі қалған өңірді аралауға шықтық. Екінші рет жолымыздың түскені. Бірінші жолы Қарауыл мен Курчатовқа тоқсаныншы жылдар басында сайланған ба, сайланбақ па президент сапарын жазуға келгенбіз.

Бұл жолы "Семей" телеарнасының директоры Хасен Молдабаев серік болды. Оның әкесі қазақ әдебиетінің бір білгірі екенін кеш білдік. Болмаса Хасенді қалдырып, әкесі Советханды ертіп алғандай екенбіз. Хош.

Өңірдің әр тұсын көрген сайын көкіректен өлең саулайды. Абайдың өлеңдері. Мұғалімдеріміздің жаттатқаны. Ол заманның оқушысы болған да бақыт екен.


Оқи отырыңыз: Бағаласаң, сәукелені бағала!


Тұманға дейін таныс

Жүз жиырма жылда бәрі өзгерді. Орта өзгерді. Бөгет жарылғанда алқапты басып кеткен сел сияқты сұрапыл болған орыс басқыншылығының кейінгі отыз жылда беті қайтты. Қылығын Абай айна-қатесіз сипаттаған қазақ атамекенде қалды. Тәуелсіз мемлекет құрды. Өзгермегені – биліктегілерінің "болыс болдым, мінеки" дейтін мінезі болар.

Тұрмыс өзгерді. Табиғат өзгерді. Тұрмыс дамығанымен, табиғат жұтаң тартты. Іргедегі ядролық погигонның кесірі көп тиді. Бірақ, қар мен мұз, боран мен жауын, дауыл мен тұман, аптап пен аңызақ, құстардың келуі мен қайтуы, құрақтың желкілдеуі мен қурауы сияқты құбылыстар ретімен жүріп жатыр.

Абай елін бетке алғанымызда Семейден бастап төңіректі тұман басты. Абай суреттегендей. Сол жақ төбе баурайындағы Күшікбай бұлағын да, оң жақ төбе үстіндегі ескерткішін де табиғат пердесі тұмшалап тұр. Үш күннен кейін кері қайтқанымызда бұлақтан су ішіп, бет шайғанбыз.

Күшікбай бұлағының үстіндегі төбеден қарағанда. Автордың фотосы

Әуезовтің қаламының арқасында батырдың аты қайта жаңғырған. Жазушы оны "Абай жолында" емес, көлемі шағын "Қорғансыздың күні" әңгімесінде келтірген:

"Күшікбай батыр... ерте күннен жортуылға атта­нып, уақтың көп батырларының арасында бұ­ғанасы қатпағанына қарамай, талай қиын-қыстау сәтте ақыл тауып, қажымас қай­рат, ерен ерлік көрсеткен. ...Батырдың көп мұратына жете алмай, жас күнінде қуаты қайнап, долданып өлгендігінен моласы тұрған биіктің ба­уыры­нан боран, ызғар айықпайтын болған екен..."

Беріде молаға кесене қойылды. Бұлақ басындағы төбеге шығып, қарсыдағы Күшікбай батыр ескерткіші мен аймақты түгел объективке сыйдырып, суретке түсірдік. Бірақ, бұл барар емес, қайтар жолғы тұман сейілгендегі көрініс еді.

Бұлақтың суы азайған, Әуезов сипаттайтын қорықтар (ол кезде шабындықты қоритын, содан қорық атанған) азған. Тек тұманы баяғыдай. "Дымқылданып жерді басып тұр".


Оқи отырыңыз: Тақырыпқа тереңдеген таланттар


Тағы да тай жарысқан

Абай өлең арнап кеткеннен бері қазақ қоғамы өзгергенімен, малы өзгермеген. Бір тұста тұман сейіліп, екі қапталдағы Үлкен Орда мен Кіші Орда таулары көрінгенде бөктерімен үйір-үйір жылқы ойнақтап барады екен.

"Еңлік пен Кебектің соңғы мекені Орданың үлкен тауында болған" десті кешкілік біз сұқбат құрған Аптар мен Құсыман. Жолаушылар көру, ғашықтар тәу ету үшін ыңғайлы болсын деп, атты кісі шыға алмас қияңда қалғанын емес, жолға жақын Кіші Орданың үңгірін белгілей салған сияқты. "Осыдан жаз шықсын, негізгі үңгірді табармыз" дескен екі дос.

Бұл екеуінің де Абайға қатысы бар. Бірі тікелей, бірі жанама. Тікелейі – Құсыман Бердешов. Арғы атасы Тәкежан – Тәңірберді. Абайдың ағасы. Әкірам Кәкітайұлы Ысқақовтың естелігінде:

"Абайдың ауруға ұшырағанын естіп туған ағасы Тәңірберді есіктен кіре аңырап жылап келді. "Бір анадан төртеу туып едік, екі ініден айырылып едім, енді мен сенің де артыңда қалатын болдым ба", – деп еңіреді" деген жолдар бар.

Жанамасы – Аптар. Солтыбайдың Ысқағының тұқымы. Тағы Әкірамның естелігіне жүгінсек:

"Абай Әбіштің сүйегін алып келуге үш кісі жіберді. Оның бірі өз қолынан қойып келген Майқан төре, екіншісі орысша тілге жүйрік, Оспан болыс болғанда жағымды би болып жандаралдан оқалы шекпен киген, түсі сары, көзі көк, мұрты едірейген, байқамаған кісі орыс деп қаларлықтай түрі бар Бөкенші Солтабайдың Ысқағы. Үшіншісі жанған оттан қайтпайтын, жаудан қорқып таймайтын, алған бетінен бұрылмайтын Жуантаяқ Байту баласы Тәнеке. Үшеуі үш атты салт мініп, үш атты жетекке алып, жол азығын бөктеріп Алматыға жөнеледі".

Демек, бұл да тегін атаның ұрпағы емес. Және бір дерекке қарағанда "Қозы Көрпеш – Баян сұлуды" жырлаған Жанаққа Құнанбай мен Солтабай жақсы ат пен жібек шапан сыйлаған екен. Ендеше Солтабай, Ысқақтардың шөпшек, шөбересі Аптардың үйінде апталап болмаса да, неге екі күн аунап-қунап жатпасқа?! Жанақ бола алмасақ та, жаман-жақсы Қайнар атымыз бар дегендей.

Аптар мен Құсыман бізді құрдас етіп, Қарауылдағы екі күнде қаншама әңгіме айтты десеңізші. Соның бірі – Еңлік пен Кебекке қатысты. Келер жазда біз келмекке, олар қос ғашық паналаған үңгірді тауып, көрсетпекке уағдаластық. Бұл тақырыпты сонда қопара жазармыз.

Келесі күні Аптар өзі бастап тау аралатты. Жылқылы ауылды көрсетпек еді. Оған дейін төрт-бес тіркемелі вагон, қуатты автомашина мен басқа техника толы дала қосынан өттік. Ресми рұқсаты бар алтын іздеушілер екен. Сөздің асыл қоры тұнған аймақта металдың асыл қоры неге болмасын.

Жылқышылар тамашалату үшін бүкіл малды қуып әкелді. Мотоциклмен бағады. Дронмен бақылайды. Абайдан бері заман қалай өзгерген?! Тек мал баяғыдай: "жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан".

"Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан". Автордың фотосы

Оқи отырыңыз: Тіршілік тігіндісіндегі Талапты


Қайта қазылған қабір

Күздің тұманы мен қара суығына қарамастан Жидебайға келуші көп. Біз барғанда үш автобус тұрды. Семейден оқушылар әкеліпті. Ал соңымыздағы жеңіл автокөліктерден ел астанасының азаматтары түсіп жатты.

Жидебай ғана емес, Қоңыр әулие үңгірінде осы көрініс. Онда тіпті, келушілер салқын ауа, суық тұманға қарамай дәрет алып жатты. Микроавтобустың нөмірінен шымкенттікі екенін көрдік. Ізімізді ала келген павлодарлықтар үңгірдің суына бір түсіп шығуға бекініпті.

Үңгірді бірнеше жыл бұрын Абай ауданын басқарған Тұрсынғазы Мүсәпірбеков жөндеткен. Тау етегінен үңгір аузына дейін көтерілетін, кірген тұсынан сонау түбіндегі көлге жеткізетін ағаш баспалдақтар жасатқан. Жарық тартқан. Тұрақты электр желісін жеткізген. Ішінде жүру қауіпсіз. Алау жағып кіретіндерден қалған төбе мен қабырғадағы жүздеген жылғы күйені тазалатқан.

Мәдениет және спорт министрлігіне айтып, Жидебайдағы музейге күрделі жөндеу жасатыпты жарықтық. Музейге қарсы беттен кәсіпкерлер салып, заңдаспай қалған үш қапталды ғимаратты сот арқылы аудан меншігі еткен. "Рухани жаңғыру" деген науқан кезінде Абай тәлімін беретін орталық болып бірнеше ай дүбірлепті. Бірақ, қазір тым-тырыс.

Жидебайды қоныс ету Абайдың ойында болмаған. Малды інісі Оспанның қыстауы еді. Әкірам Ысқақов бұл жәйтті былай жазып кеткен, біз сәл ықшамдадық:

"Оспанның артында екі жесірі қалады. Әмеңгерлік жолмен әуелгі таңдау Тәкежанға беріледі. Оның ықыласы Еркежанға ауады. Еркежан үлкен қайнағасына пейіл бермегендіктен де, Тәкежан екінші жесірге үйленеді".

Еркежанның басында одан кейін біраз дау болған. Ақыры Оспаннан өзіне тиесілі мал-мүлікті тастап, ұлын ғана алып төркініне қайтпақ болады.  

"Егер Абай өз басының тәуекелімен арашаға түспегенде, жалғыз Ырғызбай тұқымын емес, бүкіл тобықтыны Қалқаман – Мамыр, Еңлік – Кебек, Қодар – Қамқа, Айғаным – Халиолла, Әмір – Үмітей оқиғасының зауалы мен наласы, табасы күтіп тұрғаны анық еді. Өзге-өзге, бұл бүкіл қазақты ауызына қаратып, Төбе би болып жүрген Абай үшін сүйекке басылған таңба болар еді. Сол күннен бастап Абай Жидебайда тұрақтап қалды".

Бұл да Әкірамның естелігінен.

Таяқ тастам жердегі Оспан мен Абайдың зиратына тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында қос мұнаралы кешен салынған. Ортасында амфитеатр бар. Ішіндегі музей құлыптаулы. Амфитеатрдың төбесін металмен күмбездепті. Бірақ, әлі шыныланбаған. Осыны күн қуатын жинайтын арнайы шынымен қаптаса, кешен өзін жарықпен қамтамасыз етер еді, әрі іші де жылынар еді дедік.

Абайды жайлаудан Ақшоқыға апарып жерлемек болған. Сүйегін пәуескеге салып шыққан. 45 шақырымдық жолдың ортасында молда қаралы елді тоқтатады. Абай көңілі жүдегенімен, денесі жүдемей өмірден өткен. Үшінші тәулік түнделетіп жүр. Молда енді арбаның тау-тасқа соққанына сүйектің шыдамайтынын айтыпты. Ағайын ақылдасып Жидебайға, Оспанның қасына қоюды ұйғарған. Ақшоқыны тоқтатып, мына жақтан қабір қазуға кісі аттандырған. Төрт аттың ортасына ағаш керме қойып, денені соған салып әкеліпті. Пәуеске музей алдында. Ағаш керме сақталмаған.

Абай мен інісі Оспанның қасына кейін құрқұдықтан шығарып Шәкерімді жерлеген. Беріде оның ұлы, мұрасын жинаушы Ақатты қойыпты. Төрт тұлғаның мәңгілік мекені тай шаптырымды алып жатқан кешенге айналған. Ресми түрде "Абай мен Шәкерім кешені".

Автор мен Хасен Советханұлы "Абай мен Шәкерім кешенінің" алдында

Ақатты қойшы, әкесінің алдына түсе қоймас. Малды да әлді болған Оспанға обал сияқты. Артыңда мал емес, аталы сөз қаларына жақсы мысал екен. Кешенді аралап жүріп іштей күбірледік:

Бұл өмірдің қызығы махаббатпен,
Көрге кірсең үлгілі жақсы атақпен.

Абайдың жақсы атағына ешкімнің таласы жоқ. Бір ғасырдан астам уақыт бойы.


Оқи отырыңыз: Тал мен Талдыкөл


Қурайлы даладағы Құнанбай

Қайтар жолда Ақшоқыға соқтық. Жаңа ғимарат салыпты. Құнанбай музейі. Алыстан көз тартады. Жидебайдағы Абай салғызған тоқал тамды осы заманға бейімдеп жөндеген болса, мынау жаңа ғимарат. Ішінде қонақ қонатын екі бөлме, асхана бар. Бірақ, су кіргізілмеген, тағы басқа ауы мен бауы түгенделмей қалған. Өзіміздің құрылыс салу тәсіліміз осындай ғой.

Ақшоқыдағы Құнанбай музейі. Автордың фотосы

Етектен қарасаң ар жағындағы төбеден Құнанбай шыға келетіндей. "Абай жолында" суреттелген:

"Күз аспаны күңгірт, бұлыңғыр. Ауада дымқыл сыз бар... Маңайда қызарып солған қурайлар көп көрінеді. Бүрінен айырылған тобылғы да қуқыл реңді. Ұзарып сарғайған селеу мен бозғыл көде, жусан – бәрі де жел лебінен қалтырайды. Аттылардың қалың ортасында Құнанбай келеді".

Алда-жалда музейдің алдына Құнанбайдың ескерткішін қою ұйғарылып, шешімді бізге қабылдатса, осылай істетер едік. Оған қайда? Әйтпесе: "Құнанбай сойыл соғарды, қол қимылды, тізе мен ызғарды керек қылған жер болса, бұл қауымның іркілетін бірі жоқ. Шоқтай жиын – мықты топ". Жазған ғой, Әуезов!

Десек те, Құнанбайға оңай болмаған. Құнанбай болу қиын екен. Бабасы туралы Құсыман тың дерек айтқан. Тақырып біздің тегімізді сұраудан басталды.

– Тарбағатай жақтан болсаң, қыржы руынан шығарсың? – деді.

– Жоқ. Бірақ, әжеміз Баубек қыржы, шешеміз Айдос қыржы. Ол елге жиен боламыз, – дедік.

– Онда нағашың Ырғызбай әулие менің бабамды емдегенін білесің бе? – деп тақымдады Құсыман.

– Естуіміз бар.

– Ал неше рет емдеген?

– Бір рет шығар...

– Жоқ, екі рет. Екіншісінде Құнанбай бабамның кеудесіне найза кірген. Қабағы сол жолы зақымданған. Барымтаны қуып барғанда болыпты. Қасындағы отыз жігіт қан ішке түспесін деп жараның аузын кезекпен сорып, киіз күйдіріп басып отырған. Осылайша қыржы Ырғызбай әулиеге апарған, – деді Құсыман.

Құнанбайдың шөпшегі Құсыман Бердешов. Автордың фотосы

Музей үйін салғаннан басқа Құнанбай қорымын жөндеген екен. Сыртын сол заманғы тәсілдің ізімен тастан қоршатқан. Әрбір қабірге мәрмәр құлпытас қойған. Құнанбайдан басқа інісі Жақып, балалары Ысқақ пен Тәкежан, Ысқақтың ұлы Кәкітай, қызы, немересі және басқа үрім-бұтағы жерленген.

Аттанарда Абайдың Ақшоқының қыстағында жұмбақтап жазған өлеңі еске түскен:

Алла мықты жаратқан сегіз батыр,
Баяғыдан соғысып әлі жатыр.

Иә, қыс пен жаз, күн мен түн, тақ пен жұп, жақсылық пен жамандық жеңісе алмай келеді. Алғашқы үш майданда жеңіс те, жеңіліс те болмасы белгілі. Соңғысында кім білген? Барша жұрт Абайдың сөзін түйсінгенде жақсылық үстем шығар ма еді...