Қадалған жердегі қан
Қазақта "қадалған жерінен қан алған" деген қанатты сөз бар. Өткенде әкімдік күзетшісі белінен қаусырып, сыртқа шығарып тастайтын телевизия тілшісі сияқтыларға арналған. Неге екенін, сол тілші туралы жүздеген адам, оның ішінде құрметті министрге дейін пікір білдіргенде ешкімнің аузына осы теңеу түспепті.
"Алтын шыққан жерді белден қаз" дейді тағы қазақ. Яғни бір жерде нәтижеге жетеріңді білсең, соны игеруді жалықпай жалғастыра беру керек.
Бір тақырыпты қаузай беру – шығармашылық адамдарына тән. Әдебиет ақсақалы Әбдіжәміл Нұрпейісов алпыс жыл бойы Аралды жазды. Біріншісі үш кітаптан, екіншісі екі кітаптан тұратын бес романы Арал теңізі мен оның айналасындағы адамдарға арналды.
Індетіп жазудың мысалы әлем әдебиетінде жеткілікті. Жорж Сименонның 75 роман, 28 әңгімесі комиссар Мегрэге арналған. Оның қасында Арал туралы бес кітап не, тәйірі. Беріде Борис Акунин (бұл – әдеби бүркеншік есім, жазушының шын аты-жөні Григорий Чхартишвили) Эраст Фандорин туралы отызға тарта роман шығарды.
Ақындар да кем түспейді. Алысқа ұзамайық. Алаштың ең шұрайлы шайырының бірі Жұматай Жақыпбаев "Ләйлә" циклін ондаған жыл жырлаған:
Адам қатар өсірген айламенен,
Айнала ағаш жап-жасыл, айнала емен.
Көлеңкеден шығасың... басталады
Бір фильм "Ләйлә" деген.
Немесе:
Дүние ділі, тілі көп,
Дүрліге жылда той қамдап.
Ләйләнің туған күні деп
Ләйлісе деп ем мейрамдап.
Кейінгі кезде "Махаббат күні" деп әркім әртүрлі күнді айтып жүр. Көрпені өзіне қарай тартқысы келетін шығар. Біздіңше: Махаббат күні – Жұматайдың Ләйләні алғаш көрген күні.
Кезекті салаға келейік. Дунай жағасында туып, одан Сена жағасында танымал болып, фашизмнен қашқанда Гудзон жағасын сағалаған Константин Бранкузи деген мүсінші болған. Ол "Кеңістіктегі құстар" тақырыбымен 1912 жылдан 1940 жылға дейін қаншама нұсқа жасаған десеңізші! Дәл саны 29 екен. Қоладан, сан алуан түсті мәрмәрден, гипстен. Алғаш рет румын аңызындағы сиқырлы құсты мүсіндемек болған. Ары қарай сол құс туралы қиялын дамыта берген. Әр жолы қолынан "Кеңістіктегі құстардың" ғажайып мүсіні шыға берген. Циклдің ішіндегі бір жұмыс 2005 жылы Нью-Йорктегі аукционда 27,4 миллион долларға сатылған.
Бір тақырыпты тереңдете беру ең көп кездесетін сала – кино, оның ішінде анимация. Жалғыз мысалмен шектелейік. Атақты "Қап, бәлем!" ("Ну, погоди!") алғаш 1969 жылы түсірілген. Содан сериалға айналып кете берді. Кеңес Одағы заманында 16 сериясы шыққан. Беріде Ресей мен Украина киногерлері ортақ сандыққа тағы 4 серия салыпты.
Тағы қай салада бір тақырып белден қазылады? Немесе шығармашылық тұлға қадалған жерінен қан алады? Бейнелеу өнері! Мұның мысалы өзімізде баршылық. Негізгі әңгімеміз сол туралы. Мынаның бәрі әңгіменің әлқиссасы еді...
Оқи отырыңыз: Тіршілік тігіндісіндегі Талапты
Жеңілмеген жанның бейнесі
Суретші Еркін Қайшыбек Нарынқолдың тұнық табиғаты аясында өсті. Ауылдағыдан Алматыдағы атақты 12-қазақ орта мектебіне ауысу – ол кезде институтқа түскенмен тең. Оны да місе тұтпай, ақыры Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы республикалық спорт мектебінде оқыды. Бірақ, түптің-түбінде суретші болды.
Бәрібір спорттың шежіресінде аты қалды. Жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионы. Республикалық спартакиаданың күміс жүлдегері. Бапкер Анатолий Жарковтың қол астында Шәміл Серіковпен бірге жаттыққан. Жасөспірімдер мен ересектерден тұратын құрама команданың жаттығу жиынында Жақсылық Үшкемпіровпен қатар күресетін.
Ақыры Абай атындағы ҚазПИ-дің көркем сурет-графика факультетін бітіріп, өнер бағытын қалады. Аспирантураны тәмамдап, "Живопись" кафедрасына аға оқытушы болды. Ол студенттерге сурет салуды күреске түскен сияқты деп түсіндіретін.
– Керілген кенеп – күрес кілемі. Салғаның ойдағыдай шықса, жеңген спортшыдай боласың, – дейді Еркін Базарғалиұлы. – Жүлделі орын алғандай рахаттанасың. Ал ойыңдағыдай болмаса, тағы салуға талаптанасың. Спортта жеңіліп қалсаң, келесі жарысқа дұрыстап дайындаласың ғой. Сол сияқты.
Суретші сөзінің басты кейіпкері етіп қазақ "күш атасы" атаған Қажымұқанды таңдады. Үлкен портретінен бастап, оның түрлі жағдайдағы, түрлі жылдардағы бейнелерін салды. Жеке көрмесін Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығына арнады.
– Атамыз күрескен кезден кино мен фотоматериалдар өте аз. Сондықтан ол кісінің әрбір оқиғасын жеке картина етіп салдым, – дейді суретші. – Кейін Қажымұқан туралы кітап жазылса, иллюстрация ретінде пайдалануға болады. Мектепте, үйірмелерде палуан туралы сабақ өткізсе, көрнекі құралға керек. Мысалы: "Қажымұқанның Оңтүстік Америкада болған кезін қараңдар" немесе "Парсы мемлекетінде осылай күрескен", әйтпесе "міне, Ыстамбұлдан түйемен шығып, қажылыққа бара жатқаны" деп айтып отырғанға жақсы.
Ол он екі жыл бойы палуанның бейнесін салуда. Нәтижесі – 14 картина. Үлкен портретте Қажекең қолын айқастырып, бұлшық еттерін ойнатып тұр. Кеудесі жалаң, өз күшіне сенімді. Белінде қайыстан жасалып, күміспен әшекейленген жалпақ белбеу, басында ұлттық тақия.
Келесі картинаның фонында сол заманға сәйкес көрерменге лық толы цирк аренасы дәлдікпен берілген. Енді бір туындысы Қажымұқанның Сауд Арабиясына қажылыққа сапарын сипаттайды. Палуан ыстық күн, шөл далада, түйе үстінде келеді. Меккеден кейін Жидда қаласында өтетін жарыста күрескені тағы бір тақырып. Қажымұқанның жапонның атақты палуанын қалай жеңгені келесі сюжетті картинада бейнеленген.
Топтаманы егде тартқан палуан бейнесі түйіндеп тұр. Күрес кілемінде әлемдегі ешбір қарсыластан жеңілмеген, бірақ өмірінің соңына қарай өз елінің өктем де өркөкірек жүйесін жыға алмаған палуанның күйініші бар соңғы картинада.
Оқи отырыңыз: Тал мен Талдыкөл
Барлығы он бес бақсы
Белгілі суретші Мәлік Қайдаров Сыр бойында дүниеге келді. Бұл – жыр мен сарынның, толғау мен аңыздың өңірі. Қобыздың атасы Қорқыт осында ғұмыр кешкен.
Мәлік Мәскеудегі Суриков атындағы мемлекеттік көркем сурет институтында оқыды. Сонда Третьяков галареясы мен Ленин атындағы кітапханадан шықпайтын.
– Мәскеуде "Декоративное искусство" журналының 1986 жылғы 6-нөмірінде "Елу төртінші жылы қазақтың соңғы бақсысы дүниеден озды" деп жазды. Соны оқыдым, – дейді Мәлік Уайысұлы. – Сонда бақсы керемет құбылыстарды, адам таң қаларлық нәрселерді жасайды деп жазды. Әлгі мақала ойымнан шықпады. Ақыры "Бақсының бата беруі" картинасын салдым.
Картина қазақтың этнографиясын көз алдыға әкеледі. Басқа итті есіктен жолатпаған қазақ тазыға кеңшілік жасайтын. Оны тоңып қалады деп үйде ұстаған. Қыздың алқасы мен сырғасы жаңа ғана шебердің қолынан шыққандай. Сәукеленің сәндігі бөлек әңгіме.
Тақиясының төбесінде дөңгелек әшекей тастағы таңбалардағы күн басты адамды еске салады. Бақсының тылсым әлеммен ұдайы байланыста болатыны аңғарылмақ. Қазіргіше антенна ғой.
Қасиетті қара қобыздың ар жағында асатаяқ сүйеулі. Ол қобызға көмекші музыкалық құрал болған. Одан жоғары дауылпаз ілінген. Бұл музыкалық аспаптың бетіндегі үш қатар таңбаны Мәлік Уайысұлы былай түсіндірген:
– Төменгі, ортаңғы және жоғарғы үш әлем. Төменгі топтағылар жылан сияқты, жаман нәрселерді жасайды. Ортаңғы әлемде адамдар. Жоғарғы әлемдегі – құстар.
Келесі картинада екі бақсы бейнеленген. Киімдері әртүрлі. Бірнеше ондаған түсті. Шашақ, қоңырау, бақсыға тән алпыншақ-салпыншақ ұмыт қалмаған. Екеуі де қимыл үстінде. Сюжетті картинаны қарағанда құлаққа дүңкілдеген дауылпаз үні мен көмейден шығатын бақсы сарыны жетіп тұрады.
Тағы бір суретте түйеден түскен бақсы халыққа ойынын бастамақшы. Қобыз өркешке ілінген қоржында. Ұзамай сарын салмақ. Дайын болыңыздар дейтіндей. Сарын алдында дауылпазды ұрғылап, алапат дабыл туғызып тұр. Тура осы сәті біз бірнеше жыл жолдас болған Молдағұл Нарымбетов марқұмды еске салды. Ол бақсы-суретші туралы үш жыл бұрын осы сайттағы алғашқы мақаламыздың бірінде жазып кеткенбіз.
Мәлік әзірге "Бақсы" деген сериясының бес картинасын салыпты. Жалпы санын 15-ке жеткізгісі келеді.
– Бұлар керемет өнер жасаған. Адам емдеген, – дейді Мәлік Уайысұлы. – Айталық, шалықтап ауырады ғой. Соны кәдімгідей мылтықпен атқызады. Сонда атқан оқты қағып алады екен. "Міне" деп алақанын ашады. Сөйтіп шошытады. Шошыған адам өмірге жаңадан келген сияқты ауруынан жазылып кетеді.
Бақсы туралы материалы көптігін Қайдаровтың әрбір әңгімесі аңғартады. Соның бәрін қылқалам арқылы жеткізбек. Он бес картинада он бес түрлі көрініс тұрмақ.
– Шалдардың айтуынша, біздің тұқымда бақсылық өнер болған. Өте қиын ауруларды емдейтін қасиет қонған, – дейді суретші. – Бала кезімнен суретке ықыласым ауғаны, беріде бақсыларды салуға көшкенім ата-бабаларымнан қонған шығар.
Иә, бүгінде арамызда бақсы жоқ болғанымен, олардың қандай болғанын жеткізетін суретші барына шүкірлік.
Оқи отырыңыз: Маржан – табиғи түзіліс
Даланың дара дауысы
Танымал әнші Қайрат Байбосынов бала кезінде суретші болуға талпынған. Кейін үкілі домбыраға бет бұрып, сурет салуды тастап кетті. Бірақ, орнына баласы Мұхтар қылқалам шебері болды. Қазақтың "ат тұяғын тай басар" деген қанатты сөзі қапысыз дәл келген!
2011 жылы ел астанасындағы Қазақ Ұлттық өнер университетінде көркем өнер факультеті ашылып, білікті ұстаздар жиналды. Мұхтар "Кескіндеме және мүсін" кафедрасының оқытушысы міндетіне кірісті. Он жылдан соң осы кафедраның меңгерушісі болды.
Өзі бірнеше жылдан бері сюжетті портреттер тобын салып жүр. Ол өнердің келесі саласы әнге арналған. Әлі ешкім әншілердің тұтас бейнесін салып шыққан жоқ. Жекелеген суретшілер Күләш Байсейітованы, Роза Бағланованы, Ермек Серкебаевты, Әлібек Дінішевті салғанымен, қазаққа әнімен танылған қаншама тұлғаның портреті жоқ. Мұхтар олқылықтың орнын толтырмақ.
– Серияны бастап қойдым. Бірнеше полотно бітті. Кейбірі әлі шикілеу, – дейді Мұхтар Қайратұлы. – Әкеммен көп ақылдастым. Ол кісі "Жаяу Мұса былай болған" дейді. Естайдың домбырасы, бет-әлпеті қандай, бәрін суреттеп береді.
Әнші әке кеңесінен басқа көркем және деректі кітаптарды қарады. Архивтердегі тарихи фотоларды зерттеді. Салған әндерін тыңдады. Өмір сүрген аймақтарын аралады. Осылайша тынбай жүріп, Ақан сері, Біржан сал, Естай, Әсет, Дина, Майра, Кенен мен Нартай және басқалардың образдарын сюжетті портрет етіп халқына ұсынды.
Оның туындылары арасында әкесі Қайрат Байбосыновтың келбеті бар. Сахнаны көрсетпейді. Сюжетті портреттің бергі жақтағы тазы мен аңшы әнші репертуарынан хабардар етеді. Арғы жақта Бурабай мен мұндалайды. Картинаның өзі осылайша ән салып тұр.
Әкесі Қайрат тақыр жерден шыға салып танымал болмағанын келесі туындысы байқатады. Мұнда сырнайын ұстаған Шашубай тұр. Атақты жырау ар жағындағы домбыралы жігітпен айтысқа түскен. Үшінші планда биші қыздар. Қазақ өнерінің өркені өскен жиырмасыншы ғасырдың қырқыншы жылдарын суретші қапысыз бейнелепті. Бұл да – сюжетке толы туынды.
Енді Сәкен Сейфуллин мен Кәкімбек Салықов өлең жазған, Жақсыкелді Сейілов ән шығарған және оны әкесі шырқаған жезкиік тақырыбына қылқалам арқылы келді. Қазақ мұндайды "тегіне тартқан" дейді.
Мұхтардың арғы аталары жоғарыда аты аталған тұлғалар сияқты Сарыарқаның төсінде өмір сүрген. Бұл жыл сайын жаз айларын Жаңаарқа өңірінде өткізетін. Сонда дөңгелеген даланың апшысын қуырып, аңыздап бара жатқан киіктерге сүйсінген. "Жезкиік" сөзінің құлағында мың рет жатталуының сыры осындай.
Ал әке өзінен өгейсіп қалған өнердің ұлына қонғанына риза шығар. Қобызды, домбыралы, сырнайлы қаншама әншінің әруағы риза болып жатқаны өз алдына!
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.