Мидағы қан айналымының бұзылуы жасушалардың өлуіне немесе тамырлардың жарылуына әкеледі. Бұл медицина тілінде инсульт аталады. Инсульт алған адамды тезірек ауруханаға жатқызып емдемесе, науқас көз жұмуы мүмкін.

"Қазақстанда жыл сайын шамамен 49 мың инсульт тіркеледі. Олардың ішінде 5 мың адам инсульт алған алғашқы 10 күнде көз жұмады. Тағы 5 мыңы бір айдың ішінде қайтыс болады. Одан бөлек, инсульт алғандардың 80 пайызы сал болып қалады", – дейді Medsupport.kz қауымдастығының мамандары.

Инсульт белгілері қандай?

Инсульт жас талғамайды. Кез келген адам кез келген жерде инсульт алуы мүмкін. Сондықтан оның белгілерін біліп жүрген жөн.

Негізгі белгілері: 

  • сөйле, жыми, күл дегенде анық сөйлей алмау не ежелеп, міңгірлеп сөйлеу;
  • жымиғанда бет-аузы қисайғаны байқалады;
  • тісіңді ақсит дегенде бір жағы семіп, тісін дұрыс ақсита алмау;
  • қолын көтеруді сұрағанда бір қолын дұрыс көтере алмайды.

Осы белгілердің бірін байқасаңыз шұғыл 103 нөміріне хабарласып, жедел жәрдем шақырыңыз. Инсульт алған адамды ары кеткенде 4,5 сағат ішінде аурхуханаға жеткізіп, көмек беру қажет.


Оқи отырыңыз: Нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев: "Мүгедек ететін аурулар ішінде инсульт бірінші орында тұр"


Медицина қаншалықты дамыса да, инсульт адам өлім мен мүгедектіктің негізгі себебінің бірі болып қалып отыр. Жыл сайын әлемде миллиондаған адамдар инсульттан зардап шегеді. 

"Жүрекшелері бүлкілдейтін (фибрилляция) науқастар инсульттің алдын алу үшін үнемі қан ұюға қарсы дәрілерді ішу қажет. Бұрындар қанның ұю көрсеткіштерін үнемі бақылауды қажет етеін варфарин тағайындалса, қазіргі уақытта үнемі зертханалық бақылауды қажет етпейтін, жаңа ішке қабылдайтын антикоагулянттар әзірленіп, медициналық тәжірибеде кеңінен қолданылып жатыр", – деді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Консультациялық-диагностикалық орталығының меңгерушісі, кардиолог дәрігер Гузель Исхакбаева.

Қалай инсульттің алдын алуға болады?

30 жастан асқан әр адам жыл сайын медициналық тексерістен өтіп тұруы қажет. Дәрігерге уақытында қаралсаңыз инсульттің ғана емес, басқа да ауруларды анықтап, ерте бастан емделе аласыз.

Инсульттің алдын алуға болады. Ол үшін кез келген емханаға барып, келесідей тексерістен өтіп тұрыңыз:

  • Қан қысымы деңгейін үнемі қадағалап отыру;
  • Қандағы глюкоза мөлшерін үнемі қадағалап отыру;
  • Қандағы холестерин мен оның түйіршіктерін үнемі қадағалап отыру;
  • Тамырларды УЗИ\УЗДГ зерттеу.

Инсульттің маңызды қауіп факторларының бірі – артериялық гипертония, яғни қан қысымының жоғары болуы. Артериялық гипертонияны емдеу үшін міндетті түрде өмір сүру салтын өзгертіп, гипертензияға қарсы дәрі-дәрмектерді үнемі қабылдау керек. Емдеудің бірінші кезеңінде систолалық қан қысымы деңгейіне 140-қа түсіру  керек.


Оқи отырыңыз: Инфаркт пен инсульт көбейді: Қан қысымын қалай өлшеген дұрыс?


Қан қысымы жоғары адамдарға ұсынылатын диета:

  • қаныққан май қышқылдарын аз тұтыну;
  • тәулігіне тұз мөлшерін 5 грамнан асырмау;
  • күніне 30-45 грамм дәнді дақылдар тұтыну;
  • күніне 400 грамдай көкөніс пен жеміс жеу;
  • ет көлемін аптасына 350-500 г дейін азайту;
  • аптасына кемінде 1-2 рет тағамға балық қосу;
  • күніне 30 г дейін жаңғақ жеу;
  • тамақтану рационынан тәтті сусындар мен құрамында қант бар шырындарды алып тастау керек. 

Дене салмағын бақылауда ұстау қажет. Физикалық белсенділік те маңызды. Темекі шегуден бас тартып, пассивті темекі шегуден де аулақ болу керек.