Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың айтуынша, оқушылардың аралас форматқа (дәстүрлі және қашқытан оқу) ауысуына байланысты мектеп формасын сатып алудың қажеті жоқ.

"Кейбір оқушы мектепке барып оқыса, интернатта жатып оқитын оқушылар да бар. Тамақтандыру, тасымалдау жұмыстарына байланысты тиісті шешімдер қаулыда жазылған. Осы бойынша әр өңірдегі жағдай ескеріледі. Оқушыларға биыл мектеп формасын кию талап етілмейді. Оқушылар өзіне ыңғайлы, таза, ұқыпты киім кисе болады", – деді ол.

Оқушының ауырып қалуы немесе науқас адамдармен қарым-қатынаста болуы сияқты ерекше жағдайларда ата-ананың өтініші негізінде оқушылардың үйден оқу мүмкіндігі бар. Мұндай аралас оқу форматына көшкен кезде санитарлық талаптар сақталуы керек.

"Білім басқармалары, білім бөлімдері және оқу орындарының басшылары мектепте санитарлық талаптардың қатаң сақталуына көңіл бөледі. Сондай-ақ, білім беру процесіне қатысушылардың бәрі жеке бас гигиенасын сақтау бойынша санитарлық талаптарды қатаң сақтауы тиіс", – деді вице-министр.

Бұл ретте ата-аналар тарапынан қолдау қажет. Оқушылардың жас ерекшеліктері, физиологиялық, психикалық дамуы ескеріліп, ата-аналар балаларына жеке гигиена, санитарлық талаптарды сақтау бойынша үнемі айтып отырғаны абзал.


Оқи отырыңыз: Биыл балалардың кітап оқуын қолдау жылы. Оның аясында қандай шаралар өткізіледі?


Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, 1 наурыздан бастап 1-5 сыныптар арасындағы осыған дейін кезекші сыныпта білім алған оқушылар аралас форматта оқуға көшірілді. Бұл – жалпы білім беретін мектептердегі 1-5 сыныптар және халықаралық мектептердегі 1-7 сыныптар.

Өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайларға байланысты дәстүрлі немесе қашықтан оқытатын пәндерді әр білім мекемесі өздігінше дербес анықтауға құқылы.

Сонымен қатар, Білім және ғылым министрлігі негізгі пәндерді оқушылардың мектепке келуімен штаттық режимде оқытып, көркем еңбек, музыка пәндерін қашықтан оқу форматында жалғастыруды ұсынып отыр. Осы бойынша тиісті әдістемелік ұстанымдар жасалып, білім мекемелеріне жеткізілді. Әр білім мекемесі осы оқу жылына бекітілген оқыту жоспарына байланысты өз жоспарларымен оқытуды бастады. 


Оқи отырыңыз: "Балаларды кітап оқуға баулу өте маңызды". Асхат Аймағамбетовтың ата-аналарға хаты


 

 

 

Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова қазіргі уақытта жоғары оқу орындарында білім сапасын арттыру мәселесі бойынша біраз шаралар қабылданып жатқанын айтты.

"Цифрландыруға қатысты да шаралар қолға алынып жатыр. Қазіргі жағдайда ең бастысы – оқу процесін ұйымдастыру үшін цифрландыру қажет. Оқу үрдісімен қатар, академиялық адалдықты қалыптастыру бойынша да тиісті шаралар қабылдануда. Барлық қабылданып жатқан шаралар жоғары білім саласын тиісті деңгейге жоғарылатады деп ойлаймыз", – дейді ол.

Ол студенттердің қашан дәстүрлі оқу режімінде оқитынын құзіретті органдар шешетінін айтты. Бәрі де эпидемиологиялық жағдайға байланысты.

"Білім және ғылым министрлігі де, жоғары оқу орындары да дәстүрлі режімде оқуға дайын", – дейді Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.