Тікелей эфир

Биыл балалардың кітап оқуын қолдау жылы. Оның аясында қандай шаралар өткізіледі?

Елімізде 11 мыңға тарта кітапхана жұмыс істейді. Оның 4 мыңға жуығы Мәдениет және спорт министрлігіне қарайды.

Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешовтың айтуынша, министрлік 2021 жылды – Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы деп жариялады. Бұл – министрлік тарапынан Президент тапсырмасын орындау мақсатында жасалып жатқан жұмыс. Оның аясында биыл елордада Балалар мен жасөспірімдерге арналған республикалық кітапхананы ашу мәселесі заңнамалық және қаржылық тұрғыда пысықталады.

"Елімізде 11 мыңға жуық кітапхана жұмыс істейді. Оның 4 мыңға жуығы Мәдениет және спорт министрлігіне қарайды. Сондай-ақ, үшеуі республикалық мәртебеге ие. Олар – Алматыдағы Ұлттық кітапхана, елордадағы Ұлттық академиялық кітапхана және Зағип жандарға арналған республикалық кітапхана.  300-ге жуығы – балалар мен жасөспірімдерге арналған кітапханалар", – деді Нұрғиса Дәуешов.


Оқи отырыңыз: "Балаларды кітап оқуға баулу өте маңызды". Асхат Аймағамбетовтың ата-аналарға хаты


Мәдениет және спорт министрлігі биыл "Қазақстанның оқырман ұрпағы – 2021" жалпыұлттық акциясын өткізуді ұсынып отыр. Акция мақсаты – шығармашылық интеллигенция өкілдерін, мемлекет және қоғам қайраткерлерін, қазақстандық мәдениет пен спорт жұлдыздарын, жастар ұйымдары мен қоғам қайраткерлерін тарта отырып, балалар мен жасөспірімдердің кітап оқу белсенділігі мен мәдениетін арттыруға бағытталған түрлі шаралар өткізу, балалар мен жасөспірімдер арасында кітап оқу мәртебесін көтеру және отбасылық кітап оқу дәстүрін қолдау.

Акция аясында кітап оқу марафоны, челлендж, флешмоб, book dating жазғы лагері, дөңгелек үстел, театрландырылған қойылым, кітапханаларға кітап сыйға тарту және өзге де шаралар ұйымдастыру ұсынылып отыр.

Қазақстан кітапханаларының жиынтық электрондық каталогы іске қосылады

Кітапханалар жүйесі мен қызметінің заманауи үлгілерін ұйымдастыру ісі қолға алынады. Яғни оқырмандардың кітап оқуына мүмкіндігінше жағдай жасалады. Бұл ретте Алматы қаласында, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарының аумағында жаңа коворкинг орталықтарын ашу жоспарланған. Дәуешов баяндағандай, 2018 жылмен салыстырғанда коворкинг орталықтардың жұмыстары 2,5 есеге артқан. Қазіргі таңда республика бойынша ресми ашылған коворкинг орталықтар саны 401-ге жетіп отыр. 

Ол дәстүрлі кітапхана қызметімен қатар, Ұлттық электрондық кітапхана жұмысы жетілдіріліп жатқанына тоқталды.

"Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 2 қарашада "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы заңына қол қойды. Бұл заңға электрондық кітапхана бойынша бірқатар өзгеріс пен толықтыру енгізілді. Бүгінде министрлік заң аясында Қазақстан кітапханаларының жиынтық электрондық каталогын іске қосу бойынша жұмыстарды жүргізіп жатыр", – деп түсіндірді вице-министр.


Оқи отырыңыз: Кітапханашы еңбекақысы артады. Президенттің кітап оқуға құштарлықты арттыру тапсырмасы қалай орындалуда?


Сондай-ақ, биллинг жүйесі арқылы оқырмандарға еліміздің кітапханаларының электрон қорын қолжетімді ету үшін жұмыстар жасалады. Елімізде Бірыңғай электрондық оқырман билетін қолданысқа енгізудің нормативтік тәртібі айқындалып жатыр. 

"Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханадағы электрондық кітапхананың қорында 60 мыңға жуық материал сақталған. Бұл жоба бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Елімізде 200 мыңнан аса оқырман электронды кітапханалардың қызметіне жүгініп отыр", – деді Нұрғиса Дәуешов.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы 22 қазанда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысында балалар мен жасөспірімдер арасындағы оқу мәселесінің маңыздылығын атап өткен болатын.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары