Мектеп оқушыларының білім алуына арналған 10 мобильді қосымша
Бұл топтамадағы қосымшалардың басым бөлігі өз қызметтерін тегін ұсынады.Биылғы оқу жылы дәстүрлі форматта басталғанымен, онлайн оқудың элементтері сақталып қалды. Соған орай, Информбюро мектеп оқушыларының білім алуына қажетті үздік мобильді қосымшаларды топтап шықты.
№1. Kitap және Audiokitap
"Қазақстанның ашық кітапханасы" аталатын бұл жоба 5 мыңнан астам кітапты оқуға және тыңдауға мүмкіндік береді. кітапхана қорында 500-ден аса автордың туындылары жинақталған. Онлайн жоба ұлттық әдебиет пен отандық ғылымды насихаттауды мақсат етеді. Алайда, электронды кітаптарды жүктеп алуға мүмкіндік жоқ, тек платформаның өзінде оқуға болады. Аудиокітаптың ерекшелігі – кітаптарды автордың өзі немесе кәсіби диктор оқыған.
Мобильді қосымшаларды AppStore немесе Google Play арқылы тегін жүктеуге болады.
№2. IQ Bala
Бұл мобильді қосымша телефон ойыны арқылы қазақ тілін меңгеріп, тіпті, латын таңбаларын тануға да мүмкіндік береді. Қосымша мәзірі латын қарпімен жазылған. Осы арқылы жоба авторлары балалардың көзін қазірден бастап латын таңбаларына үйрете беруді көздеп отыр. Айтуынша, бұл тәсіл болашақта бүлдіршіндердің жаңа әліппені тез үйренуіне көмектеседі. Мобильді қосымша түгелдей кішкентай баланың дауысымен дыбысталған аудио арқылы жұмыс істейді.
Мобильді ойын жаттығулары 2-10 жас аралығындағы балаларға арналған. Десе де, IQ Bala арқылы кез-келген жастағы өзге ұлт өкілдері де қазақ тіліндегі күнделікті тұрмыста қолданылатын сөздерді үйрене алады. Жоба авторы – Алмас Топеев.
IQ Bala қосымшасын ойынын App Store және Play Market арқылы тегін жүктеуге болады.
Оқи отырыңыз: Айбек Қуатбай, Bugin холдингінің директоры: Daryn.online платформасын биыл 1 500 мектеп қолданады
№3. Soyle.kz
Қосымша арқылы қысқа уақыт ішінде әдеби және ауызекі сөйлеу тілдерін жетік меңгеруге болады. Курс қазақ тілінде оңай сөйлесуді, оқуды, сөздерді дұрыс айтуды және сөйлемдерді дұрыс құруды үйретеді. Курстың екі нұсқасы бар:
- ағылшын тілінде;
- латын графикасында.
Soyle.kz-тің ерекшелігі де сол, бұған дейін қазақша тек орыс тілді қолданушылар үйреніп, оқи алатын болса, биылғы жылдан бастап онлайн-курста берілетін материалдар шетелде тұрып жатқан этникалық қазақтар мен ағылшын тілді шетелдіктер үшін де қолжетімді болмақ.
Жобаның балаларға арналған нұсқасы BalaSoyle деп аталады. Қосымшаны жүктеу арқылы ата-аналар өз балаларына қазақ тілін ойын формасы арқылы үйрете алады. Bala.soyle.kz порталын бүгінгі таңда 1,5 мың адам пайдаланып отыр. Қосмшада балалардың қазақ тілін дұрыс сөйлеу, оның сөздік қорын кеңейту және қоршаған ортаны танып білу секілді қажетті білім көздері табылады.
№4. Жеті қазына
Қазақстан туралы қол жетімді энцеклопедиялық ресурс. Энциклопедия моделінде жасалған қосымша 7 бөлімнен тұрады:
- Сандардың қасиетті мағыналары;
- Салт-дәстүрлер;
- Ұлттық мұра;
- Халық даналығы;
- Ұлттық шығармашылық;
- Тайқазан;
- Ұлы дала ғажайыптары.
Қосымшаны Android және iOS платформаларында жүктеп алуға болады.
Оқи отырыңыз: IQ Bala: бүлдіршіндерге қазақ тілін үйрететін жаңа мобильді қосымша
№5. Кім білгіш?
Бұл – мобильді қосымша түрінде ұсынылған интеллектуалды ойын. Оның базасында түрлі тақырыптағы 35 мыңнан астам сұрақ бар. "Кім білгіш?" қосымшасы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде әзірленген.
түрлі анимациялық әдістер мен дыбыстық жүйе негізінде дайындалған, сан алуан тақырыптағы сұрақтарды қамтитын интеллектуалды викториналық ойын. Ойынның негізгі бөлімдері: ғылым, Қазақстан табиғаты, ХХ ғасыр, ХХІ ғасыр, денсаулық, спорт, Қазақстан тарихы, ҰБТ және шартарап тақырыптарынан тұрады.
Мобильді ойын іOS пен Android платформаларында қолжетімді.
№6. Аbai.institute порталының қосымшасы
Абай шығармаларын ұялы телефон арқылы оқуға, көруге және тыңдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Қазақстан жайлы әртүрлі форматтағы ақпарат беру мүмкіндігі де қосылған.
Abai.institute порталының интерфейсі 6 тілде (орыс, ағылшын, түрік, неміс, француз, парсы тілдері) берілген. Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдегі қандастар, Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері, шетел азаматтарының қолдануына арналған.
Оқи отырыңыз: Қазақ тілді математикалық сайт іске қосылды
№7. Balatili
Вalatili қосымшасы қазақ тілін оқып, дамытқысы келетін, үш жастан асқан балаларға, сонымен қатар бала тәрбиесі мен оқытуды жүзеге асырушы тәрбиешілер мен мұғалімдерге, ата- аналарға арналады. Сайт интуитивті іздеу жүйесі мен ыңғайлы навигация жүйесі бар онлайн платформа негізінде жұмыс істейді.
Сайтта дыбыс пен әріп, сөз, сөз тіркесі, сөйлем, мәтін, тұрақты сөз тіркестеріне қатысты дидактикалық оқу материалдары, сонымен бірге балалардың тілдік, жазу және көркем жазу, оқу дағдыларын қалыптастыру мақсатындағы оқыту материалдары қамтылады.
Балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқуға арналған көркем мәтіндер, соның ішінде қызықты әңгімелер, тақырыптық өлеңдер, интерактивке негізделіп жасалған жаңылтпаштар, жұмбақтар мен мақал-мәтелдер топтастырылады.
Мобильді қосымшаны AppStore немесе Google Play арқылы тегін жүктеуге болады.
№8. Zhanuar 4D
Жобаның мақсаты – баланың зейінін аулап, ой-өрісі мен шығармашылығын дамыту. Стартаперлердің айтуынша, күнделікті қара-ала кітаптардың бетін парақтау, қазіргі заман баласын тез жалықтырады, ал AR технологияларының көмегімен кейіпкерлерге жан бітіп, баламен тілдесіп, материалдың күрделі жақтарын түсіндіріп, түп-негізін анықтауға көмек көрсетіледі. Augmented Reality (бейнекөріністі 3D графика арқылы шынайылыққа өткізу) тәсілдемесі арқылы әлдеқайда қызық әрі түсінікті.
Оқи отырыңыз: "Қазақтарда тіл меңгеру қабілеті жақсы". Алғашқы ағылшынша-қазақша pocket book авторы
№9. Oyan мобильді кітапханасы
Бұл – қазақ тілін үйренуге көмектесетін қосымша. Oyan мобильді кітапханасында тек кітап оқып қана қоймай, күрделі тіркестердің түсіндірмесін қарауға, орыс тіліндегі аудармасын білуге болады. Қосымшаның мақсаты – қазақ тілін үйренушілерге қазақ әдебиетін толықтай түсініп оқуға көмектесу.
Қосымшаның басты ерекшелігі – әдеби шығармалардағы күрделі сөз тіркестерінің мағынасын түсіндіріп, оны орыс тіліне аударуында. Кітап оқып отырғанда өзіңізге бейтаныс сөз кезіксе, сол сөздің үстінен ұзақ басу арқылы, түсіндірмесін немесе аудармасын оқуға болады. Егер ол көңіліңізден шықпаса, өз нұсқаңызды ұсына аласыз.
№10. Photomath камера-калькуляторы
Есептің тапсырмасын осы бағдарлама арқылы суретке түсірсеңіз, шығарылу жолы мен есептің жауабы дайын болады. Есептің тапсырмасын пернетақта арқылы да енгізіп, шығарылу жолын көруге болады.
Мобильді қосымшаны AppStore немесе Google Play арқылы тегін жүктеуге болады.