Тікелей эфир

Қазақ тілді математикалық сайт іске қосылды

Суретті "Назарбаев зияткерлік мектептерi" ұйымының баспасөз қызметі ұсынды
Суретті "Назарбаев зияткерлік мектептерi" ұйымының баспасөз қызметі ұсынды
Сайтқа бір айда 23 мың белсенді қолданушы тіркелген.

Математикалық сайттың авторы – Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Мұхтар Бегайдаров. Ол сайтты әзірлеуге 2 жыл уақытын жұмсапты. Мұғалімді мұндай қадамға итермелеген себеп – қазақ тіліндегі математикалық электронды материалдардың жетіспеушілігі екен.

Ойлана келе, Мұхтар математика бойынша оқулықтардың электронды нұсқаларын бір веб-параққа жинақтауды қолға алады. Алғашында сайтқа 600-ден астам кітап, бейнелі оқулықтар, ғылыми мақалалар және тақырыптық теориялық материалдар жүктесе, кейін әріптестердің кеңесімен өзге де ресурстармен толықтырады. Қазір сайтта әдістемелік нұсқаулықтан бөлек, қорытынды емтиханға дайындалуға арналған түрлі тест тапсырмалары бар. Сондай-ақ, пән бойынша білімді тексеруге арналған олимпиадалық бөлім де ашылған.


Сайтқа 600-ден астам кітап, видео-оқулықтар, ғылыми мақалалар және тақырыптық теориялық материалдар жүктелген

Сайтқа 600-ден астам кітап, бейнелі оқулықтар, ғылыми мақалалар және тақырыптық теориялық материалдар жүктелген / nismath.org сайтынан скрин


"Мен сайт жасауды 2018 жылы қолға алып, оны "NISmath" деп атадым. Сайтты әзірлеуге маған Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары көмектесті. Қазір сайттың мобильді нұсқасы да бар", – дейді Мұхтар Бегайдаров.

Оқи отырыңыз: "IQ Bala": бүлдіршіндерге қазақ тілін үйрететін жаңа мобильді қосымша

Онлайн платформа өткен жылдан бастап қолданылғанымен, биыл жетілдіріле түскен. Соның нәтижесінде, биылғы бір ай ішінде сайтқа 23 мың белсенді қолданушы тіркелген.

"Сайт өте қолжетімді және заманауи білім беру бағдарламасына бейімделген. Қажетті ресурстар тегін. Қазір оқушыларға сабақ үйретуде бұл сайттың қосалқы қосымшаларын пайдаланамын", – дейді Жазира Балаби, Түркістан облысындағы ауыл мектебінің мұғалімі.

Мұхтардың авторлық жобасы Педагогикалық идеялар фестивалінің "Шеберлік палитрасы" бөлімінде таратуға және тәжірибеде қолдануға лайық үздік идея деп танылған.

Математикалық сайтқа мына сілтеме арқылы өтуге болады.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары