Еңбекақы калькуляторы. Мектеп мұғалімдері мен балабақша тәрбиешілерінің айлығы қанша?
БҒМ онлайн калькуляторды іске қосқаннан бері 6 миллионға жуық адам өз еңбекақысын есептеген.2020 жылдан бері педагог мамандар онлайн калькулятормен еңбекақысын өздері есептеп жүр. Енді бұл сервисті балабақша қызметкерлері де пайдалана алады.
Калькулятор облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі жалпы білім беретін мектептер мен мемлекеттік балабақша қызметкерлерінің жалақысын есептеуге арналған. zp.fvr.kz сайтында арнайы форманы толтырған соң автоматты түрде нақты жалақы сомасы шығады. Сосын оны pdf форматта сақтап алуға болады.
Оқи отырыңыз: Мұғалім енді еңбекақысын өзі есептеп, кем төленген ақшаны өндіріп ала алады. Шағын нұсқаулық
Мектеп қызметкерлеріне арналған калькулятор
Бұл онлайн калькулятор мұғалімдерге ғана арналмаған. Мектептің басқа да қызметкерлері – мұғалім, кітапханашы, бухгалтер, вахтер, тәрбиеші, гардеробшы, аула тазалаушы, іс жүргізуші, дефектолог (логопед), мектеп директоры мен орынбасарлары, меңгерушілер, жабдықтау инженері, дене шынықтыру бойынша инструктор, лаборант, музыкалық жетекші, қосымша білім беру бойынша педагог, педагог психолог, аудармашы, плотник, бастауыш әскери дайындық оқытушы-ұйымдастырушы, жұмысшылар, хатшы, слесарь-сантехник, әлеуметтік педагог, тәлімгер, күзетші, хореограф, ғимаратты тазалаушы, электрмонтер жалақысын есептей алады.
Мектеп қызметкерлері келесі мәліметтерді толтыруы тиіс:
- жыл мен ай;
- қызметі;
- білімі;
- санаты;
- жұмыс өтілі;
- ауылдық жерде жұмыс істейтінін/істемейтінін;
- ставка саны;
- дәрежесі;
- үстемеақы туралы мәліметтер;
- сағаттары;
- сынып жетекшілік;
- кәсіподақ пен партия жарналарын төлесе, зейнеткер, жеке табыс салығын төлеуден босатылса оны да көрсету керек.
Оқи отырыңыз: 2021-2023 жылдары мұғалім жалақысы қалай өседі? Қосымша ақы мөлшері қандай?
Балабақша қызметкерлеріне арналған калькулятор
Балабақша қызметкерлері – тәрбиеші және оның көмекшісі, балабақша меңгерушісі, медбике, әдіскер, ағылшын тілі, қазақ тілі және орыс тілі мұғалімдері, тифлопедагог-мұғалім.
Балабақша қызметкерлері толтыруы керек:
- жыл мен ай;
- қызметі;
- білімі;
- санаты;
- жұмыс өтілі;
- ауылдық жерде жұмыс істейтінін/істемейтінін;
- ставка саны;
- үстемеақы туралы мәліметтер;
- кәсіподақ пен партия жарналарын төлесе, зейнеткер, жеке табыс салығын төлеуден босатылса оны да көрсету керек.
Кем ақшаны өндіріп алу
Ешкім сіздің заңды алатын жалақыңызды, еңбек демалысы төлемін, сауықтыру жәрдемақысын есептеп бермейді. Бұл – мектеп бухгалтерінің жұмысы. Ал сайт құқық бұзушылықтарды ескере отырып, әр педагог еңбекақысын өзі есептей алу үшін іске қосылған. Видео нұсқаулықпен осы жерден танысуға болады.
Алып жүрген жалақыңыз бен онлайн калькулятор есебі бір-біріне сәйкес келмесе қағазды шығарып, бухгалтерге айлығыңызды қайта санатып алыңыз. Еңбек кодексіне сәйкес, бухгалтер сізге ай сайынғы еңбекақыңыз бен ондағы төлемдер, аударымдар жайлы анықтама беруге міндетті.
Кем ақшаны өндіріп алу үшін алдымен мектеп әкімшілігіне барып мәселені шешіп көріңіз. Еш нәтиже болмаса, кәсіподақ төрағасына арыз жазасыз. Содан кейін аудандық, қалалық, облыстық кәсіподаққа арыздануға болады.
Еңбек қатынастары бойынша туындаған сұрақтар бойынша облыстық, аумақтық кәсіподақ ұйымдары мен білім бөлімдерінің өкілдеріне хабарласыңыз.
Оқи отырыңыз: Мұғалім құқығын қорғауға кім жауапты? Министр түсіндірмесі
Telegram чат
Онлайн-калькуляторлы жеке компания әзірлеген. Білім және ғылым министрілігің өтінішімен оны мектеп және балабақша қызметкерлері тегін пайдалана алады. Ал Telegram мессенджеріндегі чаттар онлайн-калькуляторға қатысты сұрақтарды талқылауға арналған. Мектеп және балабақша қызметкерлеріне арналған Telegram-чатқа қосылып, қазақ не орыс тілінде жалақыны есептеу және құқығының бұзылуы туралы сұрақ қойып, жауап алады.
Чат әкімшілері бір сұрақты қайта-қайта қоймай, өткен хабарламаларды оқуға кеңес береді. Сондай-ақ, мәселені шешу үшін мұғалімдерге аты-жөнін, өзі жұмыс істейтін мектеп пен облыс, аудан, ауыл атауын жазуды сұрайды. Чатта мұғалімдер мен чат әкімшілеріненін басқа осы салаға жауапты мамандар отырады.
Білім және ғылым министрлігі, кәсіподақтар, Сапаны қамтамасыз ету комитеті және білім беру сапасын қамтамасыз ету департаменттері, білім беру басқармалары ұстаздар құқығын қорғауға дайын екенін айтып отыр. Алайда мұғалімдер шағымдары жасырын болатындықтан мәселені шешу қиынға түседі.