Дәрігерге қалай онлайн жазылуға болады? Шағын нұсқаулық
eGov пен Damumed-тен бөлек, кей емханалардың сайтында дәрігерге онлайн жазылу қызметі қолжетімді.Емханада ұзын-сонар кезекке тұрмастан дәрігердің қабылдауына онлайн немесе телефон арқылы жазылуға болады. Бұл электронды қызмет түрінің енгізілгеніне бірнеше жыл болғанына қарамастан, әліге дейін оның жолын білмейтіндер көп. Осы орайда Informburo.kz дәрігерге онлайн жазылу тәсілдерін түсіндіреді.
№1. Емханаға онлайн тіркелу
eGov порталында авторизациядан өткен соң бас бетте "Денсаулық сақтау" айдарындағы "Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға бекіту" қызметіне өту керек.
- "Онлайн сұратым" батырмасын басқан соң жаңа бет шығады. Емханаға өзіңізді де, балаңызды да онлайн тіркей аласыз. Аймақты, медициналық ұйымды таңдап, тіркелу себебін көрсетесіз. Сіздің учаскелік дәрігеріңіз болатын медицина қызметкерін таңдайсыз. Мекенжайыңызды жазып, сұраныс жібересіз;
- Өтінімді толтырып, ЭЦҚ қол қоясыз;
- Жеке кабинетке емханаға тіркелгені не болмаса дәлелді бас тарту хабарлама келеді.
Ескерту. Емхананы басқа мекенжайға көшкенде не тіркелген медициналық ұйымды өзгерткісі келген кезде жылына бір рет ауыстыруға болады. Егер тұрғылықты жеріңіз бен емхана екі аймақта болса онлайн тіркелгенде бұл қызмет көрсетілмеуі мүмкін. Олай болса емхананың тіркеу бөліміне барып тіркеліңіз.
№2. eGov порталы
eGov порталы арқылы дәрігер қабылдауына жазылу үшін:
- Порталда авторизациядан өтіп, "Дәрігер қабылдауына жазылу" бөлімінде "Онлайн сұратым" батырмасын басыңыз;
- Өтінімді өзіңіз үшін не балаңыз үшін толтыруға болады. Қабылдау күнін уақытын, қызмет түрі мен дәрігерді таңдап, "бұдан әрі" батырмасын басасыз;
- Жеке кабинеттегі "Қызметтерді алу тарихы" бөліміне электронды өтінім статусы түрінде 30 минут ішінде хабарлама келеді;
- Емханаға өзіңіз белгілеген уақытта барыңыз.
Бұл қызметті алу үшін ЭЦҚ талап етілмейді. Алайда тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымға тіркелмесеңіз бұл қызмет көрсетілмейді.
Оқи отырыңыз: Баланы емханаға қалай тіркеуге болады? Ата-анаға арналған нұсқаулық
№3. eGov mobile қосымшасы
eGov mobile қосымшасы арқылы жазылу үшін ЭЦҚ қажет. Ал ЭЦҚ алу үшін биометриялық сәйкестендіруден өтіп, жеке басыңызды растауыңыз керек. Қызметтер бөлімінен "Денсаулық сақтауды", одан кейін "Дәрігер қабылдауына жазылу" батырмасын басасыз. Қабылдау күнін уақытын, қызмет түрі мен дәрігерді таңдап өтінім жібересіз. Он минут ішінде жауап келеді.
№4. Damumed сайты
Дәрігер қабылдауына жазылу үшін ең алдымен Damumed сайтында мәліметтеріңізді толтырып тіркелу керек. Телефон нөміріңізге келген кодты енгізіп, электронды поштаңызды жазасыз. Одан кейін өзіңіз құрған логин мен құпиясөзді енгізіп сайтқа кіресіз.
- Бас бетте "Қабылдауға жазылу" деген бөлімге кіріп, жазу түрін таңдайсыз;
- Күнді, уақытты таңдап, емханаға келу себебін жазасыз. Үйде отырып дәрігерге қараламын десеңіз "онлайн консультация" белгісін белгілеп, "жазылу" батырмасын басасыз;
- Жеке кабинетте "Хабарландыру" бөліміне дәрігерге жазылғаныңыз жөнінде хабарлама келеді.
Жазбалар бөліміне кіріп "Әрекеттер" батырмасында талонды басып шығаруға, QR-кодты көрсетуге және "болдырмау себебін" көрсетіп, жазылудан бас тартуға болады.
№5. Damumed қосымшасы
Ең алдымен қосымшаға тіркелесіз. Damumed сайтында тіркелсеңіз логин мен құпиясөзді енгізіңіз.
- Бас бетте "Қабылдауға жазылу" бөліміне кіріп, кімге жазылатыныңызды таңдайсыз. Сіздің және дәрігердің мәліметтері экранға шығады;
- Күн мен уақытты таңдап, дәрігерге қаралу себебін жазасыз. Мұнда да "Онлайн консультация" белгісін таңдауға болады;
- Жазылу батырмасын басқан соң экранда қабылдау күні мен уақыты көрсетілген хабарлама пайда болады;
- Қосымшаның төменгі жағындағы "Басқа" айдарында "Хабарламалар" бөліміне жазба құрылғаны жөнінде хат келеді;
- "Жазбалар" айдарына кіріп талонды қарауға, QR-кодты көрсетуге және "болдырмау себебін" көрсетіп, жазылудан бас тартуға болады.
Оқи отырыңыз: Еліміздегі тегін медициналық тексеру. Ақысыз емделудің жолы қандай?
№6. Вакцина алуға жазылу
Вакцинаға жазылу үшін ЭЦҚ талап етілмейді, емханаға тіркелген жеріне қарамайды.
- Порталда авторизациядан өтіп, "Вакцинаға жазылу" бөліміне кіріп "Онлайн сұратым" батырмасын басыңыз;
- Қызметті өзіңізге не балаңызға алуға болады. Аймақ пен вакцина алғыңыз келетін медициналық ұйымды таңдап, сұрау жібересіз,
- Жеке кабинеке өтінімнің мәртебесі жөнінде хабарлама келеді;
- Вакцинаның екінші компонентін алу туралы хабарлама телефон нөміріңізге келеді;
- Вакцинацияның екі компонентін де алсаңыз вакцина паспортын eGov mobile мобильдік қосымшасынан "Цифрлық құжаттар" сервисінен жүктей аласыз.
Бұл қызмет eGov mobile қосымшасында да қолжетімді. Қосымшаның төмен жағында "Қызметтер" бөлімі – Денсаулық сақтау – Вакцинаға жазылу. Өзіңіз тұратын аймақ пен ондағы медициналық ұйымды таңдап, "қызметті алу" батырмасын басасыз.