Қазақстанда "Zhas Project" жобасына қатысуға өтініш қабылдау басталды. Жобаға 18-34 жас аралығындағы уақытша жұмыспен қамтылмаған NEET санатындағы жастар қатыса алады.

"Zhas Project" қатысушылары өз аймағындағы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған тиімді бастамаларды жүзеге асырып, көшбасшылық қабілетін де дамыта алады. Жастар әлеуметтік және кәсіби бағдарлау бойынша жаңа білім мен дағдыға ие болады. Бизнес құру және жүргізу бойынша кәсіби менторлық қолдау ала алады. Жоба жеңімпаздарының әрқайсысына әлеуметтік бастамаларды іске асыру үшін 1 миллион теңгеге дейін шағын грант бөлінеді. Болашақта 280 жоба іске асырылады. Жобалар жергілікті қоғамдастықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталуы тиіс. Жобаны қатысушылар 4 айдан аспайтын мерзімде іске асыруы тиіс.

Өтініштер 24 сәуір сағат 23.59-ға дейін қабылданады. Әр өңір бойынша жобаны басқаратын және өтініш қабылдайтын ҮЕҰ-мен байланыс мәліметтері cisc.kz сайтында, Zhas Project бөлімшесінде көрсетілген.

25 сәуір мен 14 мамыр аралығында өтінімдер іріктеліп, 15 мамырда конкурс нәтижелері шығарылады.

Конкурсқа 18  бен 34 жас аралығындағы  Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Өтінім беруші өңірдің аумағында тұрақты немесе уақытша тіркелуге тиіс және уақытша тұрақсыз жастар мәртебесінде болуға тиіс. Конкурсқа әр жас бір ғана әлеуметтік жоба ұсына алады. Сондай-ақ, 2023 жылы жобаға қатысып, шағын грант алған жастар конкурсқа қатыспайды.