Әлемде белсенді және табысты жүзеге асырылып жатқан корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік (ESG) туралы жиі айтылып жүр. Компаниялар өз қаржысын бизнесін дамытуға ғана емес, білім беру, медицина, ғылым, экология секілді маңызды салаларға инвестиция жасай отырып, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге үлес қосады.
Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік IT-компаниялар үшін де өте маңызды. Жаңа технологиялар қарыштап дамыған заманда IT-компаниялар экономикада шешуші рөл атқарады әрі қоғамға оң ықпал етеді. Қазақстанда да адамдардың өмірін жақсартуға, әлеуметтік және экологиялық мәселелерді шешуге үлес қосатын компаниялар қатары артып келеді.
ESG деген не?
ESG – қоршаған орта, әлеуметтік жауапкершілік және басқару дегенді білдіреді. Компаниялар әлеуметтік жауапкершілікке назар аудару арқылы өз беделін арттырып қана қоймай, серіктестері мен клиенттерін жақсы жобаларға қатысуға шақырады әрі қарапайым адамдардың өмірін өзгертуге атсалысады.
Әлеуметтік жауапкершілік компанияның өз еркінде, оны ешкім міндеттей алмайды. Десе де ESG тәжірибесін енгізген компаниялардың қоғамда бағасы артып, инвесторларға тартымды бола түседі әрі еңбек өнімділігі жоғарылайды.
Зерттеулерге сүйенсек, тұтынушылардың 77%-ы ESG жобалары бар компанияларға көбірек жүгінеді. Ал инвесторлардың 73%-ына компанияларда әлеуметтік жобалардың болуы өте маңызды, яғни бұл олардың инвестициялық шешімдеріне тікелей әсер етеді.
Қазақстанда да адамдардың өмірін жақсартуға, әлеуметтік және экологиялық мәселелерді шешуге үлес қосатын IT-компаниялар аз емес. Бүгін біз солардың бірқатарын таныстырамыз.
Startup Orda, Tech Orda және гранттық бағдарлама
Қазақстанда IT саласында әлеуметтік жобалар жасап жүрген компаниялар туралы айтқанда ең алдымен Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркі ойға келеді. Astana Hub өте көп жобаларды қолдайды. Соның бірегейі – Startup Orda деп аталатын аймақтық стартап-инкубаторлар желісі. 2022 жылы ашылған бағдарлама қатысушыларына тәлімгерлік, оқыту ғана емес, таңдалған стартаптарға қаржылық қолдау көрсетілді.
Сондай-ақ, Astana Hub экономикадағы өндірістік секторларды жақсарту үшін ғылыми-зерттеу институттары, университеттер, ғылыми және инженерлік зертханалар мен кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастықты ынталандыру мақсатында гранттық бағдарламалар ұсынады. Олардың арасында өндірістік сектор ғана емес, халықтың әлеуметтік осал топтарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған инклюзивті инновациялардың арнайы консорциумдары бар. Гранттың ең көп сомасы 1 миллион теңгені құрайды. Басым бағыттар – жасанды интеллектіні дамыту, су ресурстарын ұтымды пайдалану, энергетика және машина жасау, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және т.б.
Astana Hub жекеменшік мектептерде IT мамандарын даярлауға арналған Tech Orda атты қаржыландыру бағдарламасын іске асырып келеді. Қаржыландыру сомасы – бір студентке 600 мың теңгеге дейін. Бұл бағдарлама Қазақстанның барлық аймағында ІТ-мектептердің ашылуына әрі білікті мамандар даярлауға ықпал етеді.
Оқи отырыңыз: Әлеуметтік жобаларға 1 млн теңге грант беріледі. Кімдер қатыса алады?
Supernovas, Begin_it, Spark Lab
Қазақстанда әлеуметтік жобаларға баса назар аударатын компаниялардың бірі – inDrive. Көлік және қалалық қызмет көрсетуге арналған жаһандық платформа жобалары ауыл тұрғындарын да қамтиды.
Supernovas – шағын елді мекендердің балаларына арналған коммерциялық емес жоба. Компания футбол алаңдарын жалға алып, балаларға арналған тегін жаттығулар өткізеді. Бапкерлерді іріктеп, футбол алаңдарын толығымен жабдықтап, балалардың футбол ойнауына жағдай жасайды. Балалардың спортқа деген махаббатын арттыруды көздейтін бұл жоба Қазақстанның 10 ауылы мен елді мекенінде жүзеге асырылып жатыр.
Өңір жастарына арналған көшбасшылық Begin_it жобасы балалар үйлерінің, мектеп-интернаттардың және ауылдық мектептердің дарынды балаларын анықтауға, сондай-ақ олардың жаңа технологиялар саласында мансап құруына көмектесуге бағытталған әлеуметтік-білім беруді көздейді. Іріктелген қатысушылар бағдарламалау негіздері бойынша бір жыл бойы қашықтан тегін білім алады. Балалар көпшілік алдында сөйлеуді үйренеді. Оған қоса Алматы тауларында апталық оқу лагеріне қатысады. Кәсіби мамандардың қолдауымен жасаған әлеуметтік жобаларын қорғайды. Үздік қатысушылар білім гранттары мен бағалы сыйлықтарға ие болады.
Spark Lab – Алматы университеттерінің студенттерін Қазақстандағы әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге бағытталған жобаларда жұмыс істеу үшін біріктіретін inDrive жобалау және білім беру зертханасы. Студенттер сәтті жүзеге асырылған SparkLab IT жобалары қатарында "Мусору.нет", GreenVision, "Метеодрон", inRoad, пластикті қайта өңдеу шағын орталығын құру, мұнай төгілуін спутниктік бақылау жобалары бар.
OneLab
One Technologies IT-компаниясы білім беру жобасы аясында OneLab атты тегін оқу және тағылымдамадан өту бағдарламасын ұсынады. Іріктелген қатысушылар тегін білім алып қана қоймай, ақы төленетін тағылымдамадан өтіп, жоба әзірлеп, сертификатқа ие болады. Ең үздіктері компанияға жұмысқа тұрады. Жобаға 3-4 курс студенттері, сондай-ақ IT университеттердің магистранттары қатыса алады және тағылымдама төрт бағытының бірін таңдай алады.
Solve for Tomorrow және Smart School
Samsung Electronics компаниясы ғылым мен техниканың көмегімен айналасына көмектескісі келетін жас стартап иелеріне арналған Solve for Tomorrow республикалық конкурсын үш жылдан бері өткізіп келеді. Бұл байқауға 13 пен 18 жас аралығындағы орта мектеп оқушылары қатысады. Бұл әлеуметтік жоба әлемнің 23 елінде бар. Қатысушылар бағдарламаға енгеннен кейін қоғам алдында тұрған қиындықтар мен тәуекелдерді еңсеру үшін инновациялық шешімдерді әзірлеп, алты ай бойы стартаптарымен жұмыс істейді. Олардың міндеті – ғылым, технология, инженерия және математика (STEM) көмегімен өзекті әлеуметтік мәселенің шешімін табу. 2023 жылы 1600-ден астам оқушы қатысуға өтініш білдірді. Финалға жолдама алған жеңімпаздар мен жүлдегерлер қомақты ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Samsung Innovation Campus – 2017 жылы іске қосылған жоба. Мұнда әртүрлі жастағы мектеп оқушылары мен студенттер мобильді қосымшаларды әзірлеу, Big Data-мен жұмыс істеу немесе жасанды интеллект, машиналық оқыту курсы сияқты заманауи IT дағдыларын тегін меңгереді. Емтихан ретінде ұйымдастырылатын хакатонда қатысушылар 24 сағат ішінде жобаларын әзірлеп шығады. Оған дейін олар шақырылған қонақтардың дәрісі мен баяндамаларын тыңдап, білім алады. Осы бағдарлама аясында болашақ бағдарламашыларға арналған тегін жазғы курстар ұйымдастырылады.
Samsung компаниясының әлеуметтік жобаларының бірі – Smart School атты смарт сыныптарды жабдықтау. Мұндай смарт сыныптарда балалар жалпы білім беретін пәндерді ғана емес, бейнелеу өнері, шахмат, робототехника, LEGO құрастыру секілді сабақтарды өтіп, шығармашылық тұрғыдан дамиды. Ауруханаларда жабықталған арнайы бөлмелерде жас емделушілер емделе жүріп білім алады.
Оқи отырыңыз: IT мамандығын игерудің үш артықшылығы қандай? Сала маманынан пайдалы кеңестер
ICT Competition
Huawei компаниясы жыл сайын Huawei ICT Competition халықаралық білім беру байқауын өткізеді. Мақсаты – әлемнің түкпір-түкпірінен шыққан талантты студенттерді қолдау, сондай-ақ АКТ саласындағы білім беру, ғылыми және қолданбалы қызметті ынталандыру. Қазақстанда ICT Competition байқауының іріктеу кезеңіне 2 мыңнан астам студент қатысты. Олар Network track, Cloud track және Computing track атты үш бағыт бойынша бақ сынады. Бұл бағдарлама студенттерге білім алуға, инновациялар ойлап табуға және еліміздің өсуі мен өркендеуіне үлес қосуға мүмкіндік береді. Huawei ICT Competition байқауына қатысушылар өз дағдыларын көрсетуге, пікірлес адамдармен қарым-қатынас жасауға және соңғы технологиялық жетістіктерден хабардар болуға мүмкіндік алады.
Connect-ED
Lenovo компаниясы Connect-ED және TECHNODOM компанияларымен бірлесе ескі жабдықтарды жинап алу жобасын іске қосты. Акция мақсаты – ерекше білім беру қажеттіліктері бар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған мектеп оқушыларын компьютерлермен және басқа да жабдықтармен қамтамасыз ету арқылы цифрлық алшақтықты жою. Бағдарлама халық арасында айналмалы экономика және электронды құрылғыларды экологиялық таза қайта өңдеу қағидаттарын насихаттауға бағытталған. Жоба аясында 1000-нан астам оқушы ноутбукқа ие болды. Табысталған әр техника білім мен дамудың кілтіне айналып, мұқтаж адамдарға жаңа мүмкіндіктер ашады.
HeForShe
Citix компаниясы 2023 жылы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен күресетін халықаралық HeForShe жобасында БҰҰ-ның ресми серіктесі болды. Осылайша серіктестік аясында 2023 жылы 8 наурызға орай Алматы мен Астанада өзінің смартбордтарында HeForShe виджетін іске қосты. Осы жоба аясында цифрлық өнер арқылы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары бастан кешкен оқиғаларын баяндайтын "Есіктің артында" жобасына қолдау білдірді.
Жаңа Jerry смартбордында жедел жәрдем, полиция немесе өрт сөндіру бөлімін шақыруға арналған SOS түймесін басқан кезде бейнежазба жазыла бастайды. Shark гаджеттері орнатылған таксилерде де SOS түймесі пайда болады. Оны басқан кезде полицияға сигнал беріледі, ал гаджет экранында жолаушыға қауіп төніп тұрғанын көрсететін ескерту жанады.
Оқи отырыңыз: Мықты табыс табатын IT маман болу үшін не істеу керек? Бағдарламашымен сұхбат
Freedom Camp және Teach for Qazaqstan
FHC әртүрлі жастағы балалар мен ЖОО студенттерін ақшаны дұрыс қолдануға және қаржылық мақсаттарға жетуге үйретуді көздейтін Freedom Camp жобасын іске асырып келеді. Ал Freedom Academy миссиясы – адамдардың инвестициялау және өз әл-ауқатын арттыру дағдыларын меңгеруіне көмектесу арқылы қоғамды дамыту. Сондай-ақ, FHC Арал теңізін қалпына келтіріп, сақтап қалу үшін маңызды қадамдар жасады. Маңғыстау облысында тұщы су тапшылығы мәселесін шешу экологиялық жобасын қолға алды. Компания Астана және Алматы қалаларында пластик пен қалайы құтыларды қабылдайтын фандоматтар орнату жөніндегі жобаны іске асырады.
FHC мектеп мұғалімдерін қайта даярлап, мамандар тапшы аймақтарға жіберуді көздейтін Teach for All жаһандық бастамасының бөлігі – Teach for Qazaqstan білім беру қорына демеушілік көрсетеді. IQanat мектебінің жаңа кампусын салды. Компания шахмат спортын насихаттауға зор үлес қосып келеді.
Ал Freedom Shapagat корпоративтік қоры білім беру, спорт және гуманитарлық көмекті қолдауға бағытталған жобаларды қаржыландырды.
Қайырымдылық, волонтерлық, экологиялық және әлеуметтік жобалар, тұтынушылардың құқығын қорғау корпоративті әлеуметтік жауапкершілік формалары саналады. Осылайша компаниялар табыс тауып қана қоймай, қоғамға пайдасын тигізуді көздейді.
Қазақстанда IT-компаниялар да өз қызметіне әлеуметтік жауапкершілікті белсенді түрде енгізіп жатыр. Мұндай жобалар қоғамға, қоршаған ортаға және компаниялардың өздеріне пайдалы. IT-технологиядарды әлеуметтік жауапкершілікпен үйлестіру қоғамның өркендеуіне үлес қосады.