"Жұмысқа самокатпен келемін". Мектеп директорының қызметі қалай өзгеріп жатыр?
Директор қоғамда қатып қалған көзқарас бар екенін айтады.Мектеп директорының қызметі көшбасшы, менеджерге икемделіп келе жатыр, дейді Алматы қаласы №81 мектеп-гимназиясының директоры Нұрғали Тұрымбетов. Директор бұл туралы "Білімді ұлт: білімге ұмтылу, еңбексүйгіштік және патриотизм" атты форумда айтты.
"Қазір біздің қызметіміз көшбасшы, менеджер болуға икемделіп келеді. Мен жұмысқа самокатпен келіп-кетіп жүремін. Аялдамадан тұрсам, бір ата-ана "Қара, мынау біздің директор ғой" деп жатыр. Сонда директор самокатпен жүрмеуі керек пе? Бізде сондай шаблон қалып қалған. Міндетті түрде әдемі көлік болуы керек. Міндетті түрде галстук болуы керек деген секілді. Қоғамда сондай көзқарас бар. Неге соны өзгертпеске?", – дейді директор.
Оқи отырыңыз: Аймағамбетов: Жұмыс ауыстырған мектеп директорларының қызметкерлерін ертіп әкетуіне тыйым салу керек
Сонымен қатар Нұрғали Тұрымбетов қызметтегі негізгі қағидаты ашықтық екенін айтты.
"Әлеуметтік желідегі жұмысты жандандырып жатырмыз. Өзімнің күнделікті жұмысқа келіп-кеткенім мен шәкірттермен әңгімелескенімді инстаграмға хикаяға салып отырамын. Ол не үшін керек? Ата-аналар мен ұстаздар мектептегі жаңалықтарды біліп отыруы үшін. Қызметтегі негізгі қағидат – ашықтық. Ата-аналар мектептің ішінде не бар, оқушылар асханадана қалай тамақтанып жатқанын білмейді. Кейде осының салдарынан білім басқармасына, министрлікке жазып жатады. Сол үшін тікелей эфир жасап, бүкіл мектепті көрсетіп шықтым", – дейді директор.
Оқи отырыңыз: "Мектеп директорлары үндемей қалуға бейім". Бала құқығын кім және қалай қорғап жатыр?