Жас мамандар жетіспейді. Мектеп кітапханасының мәселелері қандай?
Орталық директоры мектеп кітапханашыларының "қартайып" бара жатқанын да жасырмады.Мектеп кітапханашыларына қатысты бес өзекті мәселе қордаланып отыр, деп мәлімдеді Оқу-ағарту министрлігінің аппарат жиналысында "Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы" ШЖҚ РМК директоры Елдос Нұрланов.
"Бүгінгі таңда мектеп кітапханашыларының жалақысы сын көтермейтіні белгілі. Педагог мәртебесінің артуы жағдайында кітапханашылардың да бұл мәселеге ілесуі заңды. Бізге бұл мәселені шешу қажет. Қазір оны министрдің тапсырмасымен республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханамен, қаржыгерлермен бірге қарастырып жатырмыз", – деді Елдос Нұрланов.
Оқи отырыңыз: "Жартылай кітапхана, жартылай мұражай". Қазақ мектебінің ұлттық моделі қандай болуы тиіс?
Сонымен қатар орталық директоры соңғы бес жылда мектеп кітапханашыларына арналған тегін курс кемде-кем болғанын атап өтті. Соған байланысты кітапханашылар "Өрлеу" респбуликалық біліктілікті арттыру орталығымен бірге республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхананың аясында үш жылда бір рет өкізілетін тегін курстарға зәру екенін жеткізді.
"Тағы бір мәселе – мектеп кітапханашыларының жұмысын автоматтандыруға қатысты. Жеті-сегіз автоматтандырылған жүйе бар. Десе де, олардың арасында байланыс, интеграция жоқ. Басым бөлігі ақысыз негізде қолданылғандықтан, сүйемелдеуі жоқ. Цифрландыру аясында ақпараттық талдау орталығымен бірге осы мәселені қарастырып жатырмыз. Мәселе шешімін тапса, оқулықтарға тапсырыс беру, оларды таңдау мәселесі де шешімін табатын болады", – деді ол.
Оқи отырыңыз: Қазақстан мектептерінің 16 пайызында кітапхана жоқ
Орталық директоры мектеп кітапханашыларының "қартайып" бара жатқанын да жасырмады. Айтуынша, бүгінгі таңда арнайы білімі бар мамандардың кітапханаға келуі азайған. Директордың презентациясына сүйенсек, қазір мектеп кітапханасында жұмыс істейтін мамандардың 38,5 пайызы – 50 жастан үлкен кісілер. Ал 30 жасқа дейінгі кітапханашылардың үлесі 10,7 пайызды құрайды. Бұл мәселені шешу үшін "Кітапхана ісі" мамандығы бойынша бакалавриант және магистратура оқуға арналған гранттар санын көбейту ұсынылады.
Елдос Нұрланов баяндамасында кітапханашылардың тиісті нормаларға сәйкес жарақтандырылуы туралы да айтты. 2022 жылдың 7 маусымында нормативтер бекітілгенін айтып, олардың орындалуы мектеп кітапханаларының дамуына септігін тигізетінін атап өтті.