Тікелей эфир

"Жартылай кітапхана, жартылай мұражай". Қазақ мектебінің ұлттық моделі қандай болуы тиіс?

Елордадағы №90 гимназияның директоры Аяжан Ахметжан өз алдына 3 жылда ұлттық мектеп жасау миссиясын қойған.

Әлемде фин мектебі, жапон мектебі сынды ұлттық мектеп моделінің үлгілері бар. Ал қазақ ұлттық мектебінің моделі қандай болуы керек? Ұлттық мектепте қандай ұстаздар сабақ өтуі тиіс? Бұл сұрақтарды біз елордадағы Қайым Мұхамедханов атындағы №90 гимназияның директоры Аятжан Ахметжанға қойдық. Ол басқарып отырған білім ордасы ұлттық мектеп құру идеясымен жұмыс істеп келеді. 

Аятжан Ахметжанұлы. Фото: kazbilim.kz

– Аятжан мырза, Сіз басқарып отырған мектепті Білім және ғылым министрлігінің ұлттық мектеп жобасы деп айтатындар бар.

– Бұл – министрліктің емес, менің өзімнің жобам. Ұлттық мектеп жасау – менің директорлық қызметке келгендегі миссиям. Ұлттық мектеп жасау туралы бұған дейін де біраз айтылып, мәселе көтеріліп жүрген болар. Бірақ, бизнестің еркіндігін тастап, мемлекеттік қызметтің құрсауына түсуімдегі, жоғары табыстан бас тартып, төмен жалақыға келісудегі жалғыз мақсатым – осы жеке миссиямды орындау. 

– Қазақтың ұлттық мектебі қандай болуы тиіс?

–  Бізде дәл қазір қазақтың шынайы ұлттық мектебі қалыптасқан жоқ. Әлемде фин мектебі, жапон мектебі деген сияқты ұлттық мектептердің модельдері бар. Жұрт солардан көшіруге тырысады. Мысалы, Финляндияның білім реформасы туралы көп айтылады. Кеңес кезеңі мектептерінің өзінің қалыбы, бренді болды. Алайда, Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болса да, қазақ мектебінің шынайы бет-бейнесін жасай алмадық. "Қазақ мектебі былай болу керек, әлемдік нарықта ол мынадай дүниемен ерекшеленуі керек, оқу, тәрбие процесі, мазмұны мынадай болуы керек" деп ешкім айта алмайды. Оны қалыптастыра алмадық.  

Нақтырақ айтқанда, жаһандық бәсекеге қабілетті, өз ұлттық болмысын сақтаған, мемлекетке, ұлтына пайдалы ұрпақ тәрбиелейтін білім ошағын қалыптастыру – менің негізгі арманым және миссиям. Сол үшін де осы қызметке келдім және бұл миссияны орындауға өзіме үш жыл уақыт бердім.

Осы үш жыл ішінде ұлттық модельді қалыптастыра алмасам, бұдан кейін білім саласында ешкімді сынамаймын. "Өзім істей алмасам, жұртты сынамауым керек" деген принципті ұстанамын. Қазір бұл мектепке келгеміне 1 жыл 2 айдан асты. Біршама жұмыс атқарылды, бірақ істеген жұмысымыздан істейтін жұмысымыз әлі көптеу.


Оқи отырыңыз: Мектепте физика, химия, биологияның сағаты неге азайды және оның ҰБТ нәтижесіне кері әсері бар ма?


Атқарылған жұмыстан бастап әңгімелесеңіз...

– Ең алдымен ұлттық мектептің ортасын қалыптастыруды мақсат еттік. Ол үшін мектеп ішінде эстетикалық тәрбие беретін мазмұн жасақтағымыз келді. Осы мақсатта  "Ұрпақтар сабақтастығы" деген жоба жасадық. Жобаның басы "Қасиетті Қазақстан" бөлімінен, яғни Қазақстанның қасиетті жерлерінен басталады. Сосын "Ұлы даланың ұлы тұлғалары", "Ұлттық тәрбие және Ұлы даланың жеті қыры" бағыттарындағы жұмыстар бар.

Мектебіміз Қайым Мұхамедхановтың атында болғандықтан, оның болмысын бүкіл оқушыға жеткізетіндей деңгейде жұмыс істеуіміз керек. Өйткені, мектепке тұлғаның есімі жайдан-жай берілмейді ғой. Ұрпаққа сол тұлғаның деңгейіндегі тәрбие, өнегесін сіңіру қажет.

Қайым Мұхамедханов кім? Ол – алаштанушы, ол – абайтанушы, ол – әуезовтанушы. Демек, ұлттық мектепті одан бөлек қалыптастыру мүмкін емес. Оның үстіне мектептің алғашқы директоры Ербол Іргебай да – қайымтанушы. Сол бағытты ашу үшін "Ұрпақтар сабақтастығы" деген үлкен жобаның аясында Абай кітапханасы мен Мағжан дәрісханасын аштық. Абай – қазақ идеологиясының тұғыры.  Ал Мағжан – ұлттық педагогикада алғаш рет кітап жазған адам. Сондықтан ұлттық мектеп жасаймын деп жүрген адамға Мағжанды айналып өту мүмкін емес. Алаш тарих кабинеті, Мұхтар мәжіліс залы, Қайым мұражайы, Ербол қазақ тілі кабинеті, Шоқыр спорт залы бар үлкен кешенді қалыптастырып, Тұлғалар дәлізі, Тарих баспалдағы деген 12 бөлімнен тұратын мектептің ішкі бейнесін жасадық.

Мектептің әр баспалдағы, әр дәлізі сөйлеп тұруы керек, олар балаларға эстетикалық тәрбие беруі тиіс.


Оқи отырыңыз: "Алтын белгі", "Алтын алқаның" сатылуы – марапат құны қалмағанының белгісі ме?


Оның сыртында домбыра кабинеті, STEM лабораториялық-техникалық кабинеті және тілдер кабинеті деген сияқты әртүрлі жаңа, заман талабына сай дүниелерді де жасадық. Яғни, біз ұлттық болмыстағы жаһандық бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру мақсатында жұмыс істеп жатырмыз.

Мысалы, спортты алайық. Қазақтың тұңғыш спортшыларын да назардан тыс қалдырмадық. Әр тұлғаның болмысына, өміріне қатысты Qazaqstan ұлттық арнасының қорындағы және басқа арналардың қорындағы ең үздік деген деректі фильмдерді алып, суретінің жанына QR-код ретінде орналастырдық. 

№90 гимназиядағы қазақ тіліндегі алғашқы оқулықтар бұрышы. Фото informburo.kz

Алаш тарих кабинетін жасау барысында қазақтың алғашқы оқулықтарын жазған ғалымдарды да толыққанды көтердік. Сонымен бірге гимназиялық бағыт ретінде алғашқы қазақ баспасөздерін де ұмытпадық. Жалпы, үлкен кешенді жұмыстың біршамасы істеліп жатыр. Бұның сыртында білім сапасын арттыру, білім мазмұнында ұлттық тәрбиелеу процесін қолдану бағытында істеліп жатқан шаруа – бөлек әлем. Әлі де іске асыруды күтіп тұрған идеяларымыз бар. Бірақ, мен істелмеген жұмысты айтқым келмейтін адаммын.

– Ұлттық мектептің ұстазы қандай болуы керек? Жұмысқа алғанда мұғалімнің қай қабілет-қасиетіне ерекше мән бересіз?

– Ұстаздың екі ерекшелігі болуы керек. Бірі – кәсіби білімі. Себебі, біз адамдарға белгілі бір методиканы үйрете алатын шығармыз, ал университет бермеген, мектепте алмаған білімін қалыптастыру мүмкін емес. Өйткені, біз ұстаз тәрбиелемейміз, оқушы тәрбиелейміз. Сондықтан, кәсіби білімі маңызды. Яғни, ол химия мұғалімі ме – химиясын жетік білуі керек.

Екіншісі – ұлттық болмысы. Ол қазақ жанын қаншалықты түсінеді? Әр сабағында балаларға қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін қаншалықты сіңіре алады? Бұл миссияның негізі Мағжан Жұмабаевтың бір ауыз сөзінде түйінделген: "Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға (қазақ жанына) үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады".

Ұлттық мектеп дегенді көп жұрт дұрыс түсінбейді. Мысалы, біреу мектепке тоғызқұмалақ немесе қазақ күресін енгізіп, "біз ұлттық мектепке айналдық" дейді. Жоқ, ұлттық мектеп бір элементтен ғана жасалмайды. Ұлттық мектеп тәрбие мен мазмұннан тұтас кешен қалыптасқанда ғана болады.

Біз ұрпақты ұлттық бағытта тәрбиелейміз десек, өзіміз сол бағытта жүруіміз керек. Оқушы біздің айтқанымызды емес, істегенімізді істейді. Бірақ біздің қоғамдағы ең үлкен мәселе – кадр мәселесі. Кадр мәселесінде әлі күрмеулі дүние көп.

– Білім министрі кадр тапшылығын жою үшін жақын саладағы мамандарды қайта даярлаудан өткізіп, мұғалімдікке тартуға болатынын айтқан. Сіз бұған қалай қарайсыз? 

– Ол – жаңалық емес, бұрыннан бар тәжірибе. Бұл жерде бәрі директордың ниетіне байланысты. Егер директордың ниеті сапалы маман табу болса, бұл мәселеге мен қуана келісемін. Неге? Төрт жылдан бұрынғы кезеңді еске алайық. Химия мұғалімі мамандығына ҰБТ-дан 60-70 балл жинаған түлектер түсе алса, химия ғылымы мамандығына 100 балдан жоғары жинағандар ғана түсті. Енді жақсы оқыған, ҰБТ-дан 100 балдан жоғары жинаған бала мектепке келуді қалап тұрса, неге жұмысқа алмасқа? Басқа салада жүрген сапалы кадр педагогикаға ауысамын десе, неге алмасқа? Оны қуана алуға болады. Өйткені, базалық білімі бар адамды методикаға тәрбиелеп алу қиын емес.

Ал директор басқа салада жұмыс таппай немесе мүлде оқымай не оқуды сырттай бітіріп алып, педагог боламын деген адамды жұмысқа алса – бұл өкінішті нәрсе. 

– Сіз басқарып отырған гимназияда ата-ана комитеті жоқ екен. Оқушылардың ата-анасымен қалай байланыс жасайсыздар?

– Менің көзқарасымда мектепте қалыптасқан дәстүрлі ата-аналар комитеті – ата-аналар мен директордың немесе мектеп әкімшілігінің арасындағы делдал. Ал мен делдалдық керек емес деп ойлаймын. Қазір XXI ғасыр. Ашық қоғам. Әлеуметтік желілер, түрлі мессенджерлер бар. Әр ата-ананың мектеп әкімшілігімен тікелей байланыс жасауға мүмкіндігі бар. Ал дәл осындай мүмкіндік бар уақытта ортаға делдал салудың қажеті қанша?

Оның үстіне тікелей айтылмаған сөз адамнан адамға тараған кезде өзгеріп кетуі мүмкін. Ата-аналар жиналысын жасаған кезде де оларға есігім кез келген уақытта ашық екенін айтып жүремін. Менде "Мына уақытта ғана қабылдаймын" деген қатып қалған ереже жоқ. Екіншіден, әлеуметтік желіде, мессенджерлерде 24/7 режимінде сұрағыңызды қоя беріңіз. Иә, дәл сол мезетте жауап бермейтін шығармын. Бірақ, 24 сағаттан кешіктірген кезім болған емес. 

Ұлттық баспасөздер картасы. Фото: informburo.kz

– Әлеуметтік желідегі соңғы жазбаларыңыздан 50 шақты адамға мектепке кітап сыйлау өтінішімен хат жазып, әзірге тек 3 адамнан ғана жауап алғаныңызды оқыдым. Мектеп кітапханасында неге заманауи әдебиеттер жоқ?

– Бұл да – директордың құзіретіндегі шаруа. Егер директор кітапхананы жасақтап аламын десе, артығымен жасақтай алады. Егер менің мақсатым – тек қана кітапхананы жасақтау болса, онда мен жасақтап біттім. Заманауи әдебиет те, әлем әдебиетінің қазақ тіліндегі аудармалары да, "Ұлттық аударма бюросы" аударған 100 оқулық та, "Мазмұндама" қоры аударған кітаптар да, National Geografic қоры аударып жатқан заманауи әдебиеттердің, классикалық қазақ әдебиеттерінің электронды нұсқасы, кітабы, тіпті дыбысталған нұсқасы да бар. Бірақ, менің ойымдағы мектепте жай кітапхана болмауы керек.

Менің көзқарасымда мектеп – жартылай музей, жартылай кітапхана болуы керек. Бала мектепке сұр қабырға, төрт кереге, бор мен ақ тақтаны елестетіп емес, музейде, кітапханада жүргендей әсермен қуана келуі керек.

Мысалы, бізде ХХ ғасырдағы қазақ астаналары мен ұлттық баспасөздерге арналған бұрыш бар. Мұғалімдер ұлттық баспасөз туралы сабағын сол жерде өткізе алады. Неге бала кабинетте қамалып отыруы керек? Оқушылар тұтас мектепте қалаған жерінде сабақ оқи алса, жақсы емес пе? Кітапханада заманауи коворкинг орталық жасадық. Бүкіл оқушы, мұғалімдер аяқ киімін шешіп, үйде жүргендей кіріп, сонда жинақталған ұлттық кино, ұлттық классикалық әдебиеттерді пайдалана алады. Оқытушыларға мұндайда "Малдас құрып алып, сабақ өтіңдер" деймін. 40 оқушы еркін сыяды. Мүмкіндік бар. 

Ертең ұлттық мектептің тәрбие процесі ақсап жатса, білім сапасы басқа мектептермен бәсекелесе алмаса, олимпиада, ғылыми жобалардан нәтиже болмаса, бұл – мақтанатын дүние емес. Ол кезде "ұлттық мектеп" деп жалтыратып қойғаннан пайда жоқ. Сондықтан ол тұтас кешен болуы керек. 


Оқи отырыңыз: Мектепте оқу ұзақтығын арттыру туралы ұстаздар, оқушылар және ата-аналар не ойлайды?


– Жеке меншік мектептердің саны көбейді. Мемлекеттік мектептердегі білім сапасына көңілі толмайтын ата-аналар баласын жеке мектептерге ауыстырып жатыр. Білім саласы бизнеске айналғаны қаншалықты дұрыс? 

– Қазір тегін жекеменшік мектептер көп. Олар неге тегін? Өйткені, мемлекет жан басында қаржыландыру жүйесін енгізді. Сізде бес оқушы білім алса, бес оқушының, жиырма оқушы оқыса, жиырма оқушының қаражатын береді. Ол жақсы. Бірақ, жекеменшік мектепке қатысты мені алаңдататын жай басқа.

Қазір мемлекет кәсіпкерлік нысандарды тексеруге мораторий жариялаған. Жекеменшік мектептер де кәсіпкерлік нысанға жатады. Оны да белгілі бір деңгейде тексере алмайды. Ал ол жердегі нақты білім мен тәрбие процесі қалай жүріп жатыр? Шетелдіктер ашып алған жекеменшік мектептер не үйретіп жатыр? Белгілі бір діни топтар ашып алған жекеменшік мектептер жоқ па? Мемлекет осы дүниені ойлануы керек. Мен соған алаңдаймын.


Оқи отырыңыз: Мұғалімді ата-ана сыйламаса, бала дұрыс білім алмайды


 

Серіктестер жаңалықтары