Алматы облысында бес адам оққа ұшып көз жұмды. Олардың ішінде 52 жастағы Нұрболат Сейітқұловтың отбасы бар – әкесі, анасы және баласы, деп хабарлады 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

11 қаңтар күні көз жұмған ерлі-зайыпты және олардың 15 жастағы жалғыз қызының жерлеу рәсімі өтті. Жақындары оқтың көп атылғаны сонша, мүрдені тану қиынға соққанын айтады.

"Мәйітханаға барғанымда қызды жартылай ғана көріп таныдым. Басының бір жақ бөлігі жоқ деуге болады", – дейді марқұмдардың туысы.


Оқи отырыңыз:


Елдегі тәртіпсіздік кезінде көз жұмған бір отбасының мүшелері қонақта болған. 8 қаңтар күні кешкі сағат 9 болмай үйлеріне қайтқан.

Сондай-ақ, Талдықорғандағы Өтенай ауылының тұрғыны Лаура Нұрғалиева бүйрегі мен аяғына оқ тиіп аман қалған. Ал бір көлікте отырған жолдасы мен көршісі оқтан көз жұмған. Әйел 7 қаңтар күні сағат 19.30 кезінде туысының үйіне бармақ болғандарын айтады.

"Бұрылып қарағанымда жұлдыздар ұшып келе жатқандай болды. Келе жатқанын көріп жатып үлгердім", – деді Лаура Нұрғалиева.

Еске салсақ, 7 қаңтар күні 31 арна тілшілері Талдықорғандағы тергеу изоляторына барар жолда көлік ішінде 2 адамның мүрдесі жатқанын хабарлаған болатын. Сол көлікте осы Лаура Нұрғалиева, жолдасы және көршісі болған.

Бастапқыда блокбекеттер Талдықорғанның кіре беріс жеріне қойылған болатын. Енді олар қала ішіндегі көшелерге де қойылды. Әскерилер көліктерді тоқтатып, әр адамның құжатын тексеріп жатыр. Мұндай шараның қашанға дейін жалғасатыны белгісіз.

Айта кетсек, Алматыда қақтығыста қаза тапқан екі баланың ата-анасы сұхбат беріп, көлігіне 20 оқ тигенін айтқан болатын.