Жергілікті жұрт су айдыны Арал теңізінің күйін кешейін деп жатыр дейді. Фосфор шөккен көл тартылса, экологиялық апаттың ауқымын елестетудің өзі қорқынышты дейді ел. Қазір Билікөлге бірнеше кәсіпкер билігін жүргізіп, құйылар судың арнасын ауыстырып жіберген, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпарат агенттігі. 

Билікөл тартылып кете ме деп 12 елдімекендегі жұрт алаңдайды. Тонналаған фосфор тұнған көл жиектен жарты шақырым шегінген. Бұл – бір жылдағы құбылыс. 

"Су бір километрге дейін тартылып кетті. Көп халықтың малы өлді. (Себебін) ешқандай ветеринарлар анықтай алмайды. Барып, астында уланған фосфорды ішеді, фосфордан кейін уланып, бірнеше күннен кейін, бір аптадан соң сиырлар өлді. Бұқараның бұлай деуі бекер емес. Билікөлге құятын Аса өзені «Сұлтан» каналымен төмендегі Ақкөлге тура тартылыпты. Бұрын Билікөлге тасталып, толған соң табиғи сай жағалап кететін су осылайша қолдан бұра тартылған", – дейді "Билікөл" шаруа қожалығының басшысы Қадірқұл Мыспаев. 

"Билікөлге су құйылмайтын болса, Асаның суы құйылмайтын болса, баяғы Аралдың кебін киеді. Бүкіл тұзы ұшып, көлдің түбіндегі фосфор ұшады да, сол фосфордың зиянын көреді", – дейді Арабастау ауылының тұрғыны Жаңабек Садықов. 

Сегіз мың гектар аумақты алып жатқан айдын көлден маңайдағы мыңдаған жұрт балық аулап күн көреді. Жүзге жуық шаруашылық егістігін суарады. 

Ал Шу-Талас бассейн инспекциясы мәселе бақылауда екенін айтады. Тек өз бетінше дамбы қазған жеке кәсіпкерді сотқа беріп, дамбыны бұзу үшін сот шешімін күтіп отыр. Ал су мөлшерін реттеу үшін Сұлтан каналы қазылған. 

"Тартылып кетпейді. Билікөл ешқашан тартылмайды. Бұл сезонный + Егер су көп болатын болса табиғи арнамен аққанға не жетсін. Бірақ ондай су болмай жатыр ғой. Сұлтан каналын істейтін болсақ, онда келген суды екі жаққа тиімді бөлеміз", – дейді су қорын мемлекеттік бақылау және қорғау мекемесінің бөлім басшысы Нұрболат Рахымбердиев. 

Алайда жұрт биліктің бүйрегі Билікөлге емес, Ақкөлге бұрып тұр деп санайды. Табиғи арнаны бұзудың артында зор зауал бар деп есептейді. Сондықтан Билікөлге экология министрі келіп бағасын бергенін қалайды.