Жалға алынған баспана ақысының жартысын төлеу тетігі 1 мамырда іске қосылады
Отбасының әрбір мүшесіне шаққанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылар үймен қамтамасыз етіледі.Баспананы жалдау ақысы мен мемлекеттен бөлінетін қаражат аударылатын жалдаушылардың шоттары үшінші тұлғалардың өндіріп алуынан, тыйым салуынан және өзге де шектеулерден қорғалады, деп мәлімдеді ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев.
"Табысы төмен, үй кезегінде тұрған жандарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесін жедел шешу мақсатында министрлік пәтерлерді жеке тұрғын үй қорынан жалдау ақысын субсидиялау тетігін пысықтауда. Сол арқылы көп балалы отбасылар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар, отбасының әрбір мүшесіне шаққанда табысы 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен (36 018 теңге) төмен отбасылар үймен қамтамасыз етіледі", – деді Еркебұлан Дауылбаев.
Вице-министрдің айтуынша, бұл қолдау шаралары қысқа мерзімде 70 мыңға жуық кезекте тұрған адамның баспана жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Оқи отырыңыз: Досаев тұрғын үй сертификатын тағы 500 мың теңгеге арттыруды ұсынды
"Бүгінгі таңда төлемдерді тағайындау ережелері бекітілді. Бұл тетік ағымдағы жылдың 1 мамырынан іске қосылады", – деп қосты вице-министр.
Сондай-ақ, ол баспананы жалдау ақысы мен мемлекеттен бөлінетін қаражат аударылатын жалдаушылардың шоттары үшінші тұлғалардың өндіріп алуларынан, тыйым салуларынан және өзге де шектеулерінен қорғалатынын атап өтті.
Еске салсақ, адамды құтқару кезінде қаза тапқан азаматтардың отбасына бір жылдан кешіктірмей үй беру ұсынылғаны туралы хабарлаған едік. Қандай да бір санатқа жататынына қарамастан, тұрғын үйге мұқтаж кез келген ҚР азаматы есепке тұра алады.