Халықаралық білім олимпиадасы жеңімпазы мен жүлдегерлері қанша сыйақы алады?
Олимпиада жүлдегерлерімен қатар, оларды жаттықтырған педагогтерге де қолдау көрсетіледі.Дарынды балаларды қолдау үшін Білім және ғылым министрлігі заңнамаға енгізілетін түзетулерді дайындады. Олар халықаралық пән олимпиадаларының жүлдегерлеріне жоғары оқу орындарына ҰБТ-сыз, яғни конкурстан тыс негізде білім алу үшін гранттар беруді көздейді.
"Біз халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері және оларды даярлаған педагог-жаттықтырушыларға да біржолғы ақшалай сыйақы төлеуді қарастырдық. Алтын медаль иегерлеріне – 1 500 АЕК, күміс медаль – 1 000 АЕК, қола медаль – 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы тағайындау жоспарланып отыр", – деді білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова.
Еске салсақ, Маңғыстау және Түркістан облыстарына баратын үздік ұстаздарға әлеуметтік қолдау көрсетілетіні туралы хабарлаған едік.