Ашық НҚА порталында белгілі бір санаттағы студенттердің жатақханада тұру шығыстарын өтеу туралы қаулы жобасы жарияланды. 

Мемлекет келесі санаттағы азаматтардың колледжде және ЖОО-да оқу кезеңінде жатақханаларда тұрғаны үшін жылына 29 АЕК-тен (2023 жылы – 100 050 теңге) аспайтын шығыстарын өтейді:

  • жетім балаларды және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анасын жоғалтқан немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар қатарындағы азаматтар;
  • мүгедектігі бар адамдар, бала кезінен мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалар;

Оқи отырыңыз: 2023 жылы студент қалай 115 мың теңге стипендия ала алады? Шәкіртақы түрлеріне шолу


Қазіргі уақытта қазақстандық жоғары оқу орындарында халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 168 150 студент оқиды:

  • бала кезінен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан студенттер, мүгедектігі бар адамдар – 1 772;
  • Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген адамдар – 157;
  • 18 жастан асқан І және ІІ топтағы мүгедек адамдар – 891;
  • бала кезінен мүгедектігі бар адамдар және 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар – 776;
  • жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студенттер – 2769;
  • ауыл жастары арасынан келген студенттер – 109 204;
  • ҚР азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ студенттер – 5340;
  • төрт және одан да көп кәмелетке толмаған бала тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан – 29 390;
  • толық емес отбасылардан шыққан (мәртебесі кемінде үш жыл) – 17 851.

"Осыған байланысты ЖОО жатақханаларында тұруға арналған шығыстарға жылына 29 АЕК мөлшерінде ішінара өтемақы жүргізу ұсынылады. Өз кезегінде, республикалық бюджетке бір мезгілде жүктемені болдырмау үшін осы тапсырманы кезең-кезеңімен іске асыру орынды деп санаймыз", – делінген жоба мәтінінде.


Оқи отырыңыз: Жастарға арналған ипотека, несие, грант, оқу, стипендия және сыйлықтарға шолу


Бірінші кезеңде мемлекеттік әлеуметтік көмекке неғұрлым мұқтаж студенттерге, сондай-ақ жекелеген студенттерге олардың әлеуметтік қорғалмау дәрежесіне қарай тұру шығындары субсидияланады:

  • жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студенттер – 2 769;
  • мүгедектігі бар адамдар, бала кезінен мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалар – 1 667 адам;

Мұндай жағдайда үш жылдық бюджетке қосымша қажеттілік шамамен 1,1 млрд теңгені құрайды:

  • 2023 жылы қыркүйек айынан бастап – 177,5 млн теңге;
  • 2024 жылы – 463,7 млн теңге;
  • 2025 жылы – 479,9 млн теңге.

Құжат жобасын ашық талқылауға 26 сәуірге дейін уақыт берілген.